Азаттық жолында арпалысып өткен ғұмыр

0
3081
Ыдырыс Мұстамбайұлының тергеудегі соңғы суреті. 1937 ж.

Тәуелсіздік! Осы бір ғана сөзде бүтін бір ұлттың талайлы тағдыры, ондаған жылдарға созылған жанкешті күресі, төгілген қаны мен тарихтың керуен-көшіндегі соқтықпалы ұзақ жолы жатыр. Ал, азаттық жолында жанын берген тұлғалар көп. Өкінішке қарай, түрлі кедергілер салдарынан тарихтан тиісті бағасын ала алмай, жас ұрпақ қана емес, орта буын өкілдері де толық танып-білмей келе жатқан халқымыздың аяулы перзенттері аз емес. Солардың бірі – қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиетші, сыншы-публицист Ыдырыс Мұстамбайұлы. Бүгінге дейін есімі елеусіз, шаң басқан мұрағаттардың сөрелерінде жеке ісі қозғаусыз қалып келген қайраткердің 125 жылдығына орай Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры Досалы Салқынбекпен ашық әңгімелестік.

«СОЛ КЕЗДЕГІ
ТҰРМЫС-ТІРШІЛІКТІҢ
АУЫРЛЫҒЫ ЖАС
ЫДЫРЫСТЫ ЕРТЕ ЕСЕЙТТІ»

Досалы Исаханұлы, халқымыздың тарихында тарихшылар болмаса, басқадай көпшілік қауымға таныс емес тұлғалар көп. Соның бірі Өзіңіз өмір тарихын, ұлт мүддесі жолындағы саяси қызметін зерттеп жүрген қайраткер Ыдырыс Мұстамбайұлы. Сондықтан әңгімемізді қайраткердің шыққан тегі мен өскен ортасынан бастасақ...

– Ыдырыс Мұстамбайұлы 1898 жылы 8 қарашада Семей қаласында дүниеге келді. Әкесі Мұстамбай Жауғашұлы Семей уезіне қарасты Қандығытай болысының қазағы. Руы – Сыбан. Жастайынан жетім қалып, жалшы болып жүрген Мұстамбай Семейдің атақты көпесі Тінібайдың саудагерлеріне жалданып, олардың елден жинаған малдарын айдасады. Жұмысқа мықты, еңбекқор, тілалғыш Мұстамбай Тінібай байдың саудагерлеріне жағымды жұмысшылардың біріне айналып, бірнеше жыл қора тазалайды. Тінібайдың дәулеті шайқалған соң, жұмыстан шығып, Семейде пароходтан жүк түсіруші, қайық айдаушы, Алексеевтің жүн жуатын зауытында жұмысшы сияқты түрлі ауыр бейнетпен тіршілік етеді. Күші азайып, жасы ұлғайған шағында етікші болады.

Анасы Қолан да Алексеевтің жүн жуатын зауытында жұмыс істеген. Сонда жұмыс істеп жүрген кезінде өкпе ауруынан қайтыс болған. Ал, ағасы зауытта ат айдаушы болып еңбек етсе, өзі үй шаруашылығындағы ұсақ шаруаларды атқарған.

Жастайынан қағілез, оқуға зерек болып өскен Ыдырысты әкесі Тінібай мешітіндегі медресеге оқуға берген. Оқуға деген ынтасы зор Ыдырыс одан кейін Семейдегі екі сыныптық орыс-қазақ училищесін үздік бітірген. 1914 жылы өзінің оқуға деген қабілетінің арқасында қазыналық есептен интернатқа қабылданады. Аталған оқу орнында үш жыл оқып, оны аяқтап шығады. Бұл әлемде Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан қиын кезең еді. Ресей империясының соғысқа қатысуы біз сияқты отар елдерге үлкен ауыртпалық әкелді. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі және өз отбасының басындағы ауыр тұрмыстық жағдай жас Ыдырысты ерте есейтіп, жұмысқа ерте араластырды. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы мен Қазан социалистік төңкерісі кезінде ол Семейдегі почта-байланыс қызметкері болатын. Жастайынан кедейшіліктің тауқыметін көп көрген Ыдырыс Мұстамбайұлына ел арасындағы большевиктік үгіт-насихат едәуір әсер етті. 1917 жылдың аяғында Семей қаласында Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ол почта-телеграф қызметкерлері атынан Семей кеңестік депутаттығына ұсынылады. Ал, 1918 жылдың сәуір айында Алаш аудандық (Семей қаласының жаңа Семей-Заречная слободка бөлігін Алаш қайраткерлері «Алаш қаласы» деп атаған) депутаттар кеңесі төрағасының орынбасары және Семей уездік депутаттар кеңесінің төралқа мүшелігіне сайланады. Осылайша, қайраткердің саяси қызмет жолы басталады.

– Әрине, бір сұхбатпен қайраткердің саяси қызмет жолын толық қамти алмаспыз. Сондықтан оның негізгі қызметтеріне тоқталып өтсеңіз…

– Ыдырыс Мұстамбайұлының қайраткерлік жолының екінші бір қыры заңды қадағалаушы прокуратура саласының негізін қалауда айқын көрінді. Жаңадан құрылған республикада заңгерлердің тапшылығына байланысты өзін партиялық, кеңестік жұмыстарда көрсете білген сауатты әрі жауапты қызметкерлерді прокурорлық жұмыстарға тарту барысында 1922 жылы Ыдырыс Мұстамбайұлы Орал губерниясының прокуроры болып тағайындалады. Жаңа үкімет өзінің заңды билігін енді орнатып, заң органдарының жұмысы енді қарқын алып келе жатқан аймақта қашанда алғашқы істі бастау, ұйымдастыру қиынның қиыны екені белгілі жағдай.  Заңгерлік білімі жоқ Ыдырыс Мұстамбайұлы үшін бұған дейін де губерниядағы түрлі жауапты қызметтерді атқару барысында Орал қаласындағы белгілі заңгерлер Бақытжан Қаратаев пен оның інісі Аронмен жақсы таныс, аралас-құралас болуы көп көмегін тигізеді. Ол ағайынды заңгерлерден қажетті ақыл-кеңестер ала отырып, өзінің заң саласындағы білімін шыңдай түсті. Бұл ұлтжанды қайраткерлерді ұлт мүддесі жолындағы асыл армандар мен идеялық мүдделестік тез табыстырған болатын.

Орал губерниялық прокуратурасының құрылу тарихы Ыдырыс Мұстамбайұлының есімімен тығыз байланысты. Ол губерниядағы заңдылықты қадағалайтын прокуратура қызметінің негізін қалап, оның ең алғашқы прокуроры болды. Губерния прокуроры міндетіне кіріскеннен кейін бірінші кезекте қоғамдық-саяси өмірде ерекше орын алатын прокурорлық қадағалаушы орган қызметіне жергілікті ұлттың өкілдерін көптеп тартуды қолға алды. Көп ұзамай-ақ №43 бұйрығымен Бисалиевті өзінің тұрақты орынбасары, Бурабаевты Жымпиты уезіндегі орынбасары, Жанышевты Гурьев уезіндегі орынбарасы етіп бекітті.

Ыдырыс Мұстамбайұлының Орал губерниясындағы қызметі барысында губерниядағы аштықпен күрес бөлімінің төрағасы және Орал губерниясындағы Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің аштықпен күрес ұйымының өкілетті өкілі ретінде өңірдегі аштықпен күрес жүргізуді ұйымдастырудағы ерен еңбегін де айта кеткеніміз жөн. 1923 жылдың желтоқсан айында ол Ақмола губерниясының прокуроры болып бекітіледі. Мұндағы оның қызметі барысындағы назар аударатын жағдай, ол заңды қадағалаушы прокуратура қызметінің жұмысын дұрыс жолға қоюмен қатар, губернияның әлеуметтік-экономикалық жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Өзінің қазақ үкіметі басшыларына жазған есепті баяндамасында «губернияда аштыққа ұшырағандардың саны 220-225 мың адам» деп көрсетіп, губерниядағы көшпелі қазақ халқының аштыққа ұшырауының себептері мен оны алдағы уақытта болдырмау жөнінде нақты ұсыныстарын айтқан болатын. «Биылғы жылы Ақмола уезінде мен көріп отырған аштық қайталанып отыратынына сенімдімін» деумен қатар, осындай жағдайлар қайталанбас үшін мал шаруашылығын ғылыми негізде ұйымдастыруды және біртіндеп қазақ тұрғындарын мемлекеттік қаржыдан отырықшылыққа көшіру жөніндегі шараларды қолға алуға ұсыныс жасайды. Сөйтіп сол кездің өзінде-ақ, тек прокурорлық қызметпен шектеліп қалмай, өзін ұлт қамын жеген ұлт жанашыры ретінде көрсете біледі.

Ыдырыс Мұстамбайұлы

«САЯСИ
ҚАЙРАТКЕР
ГОЛОЩЕКИННІҢ
БІТІСПЕС
ОППОНЕНТІНЕ
АЙНАЛДЫ»

Қазақстандағы голощекиндік билік кезеңіндегі қайраткердің күрес жолына тоқталсаңыз. «Голощекиннің бітіспес оппоненті» деген сөз қайдан шығып жүр?

– Иә, бұл Ыдырыс Мұстамбайұлының саяси қызметін жан-жақты ашатын бел-белесті және ұлт мүддесі жолындағы қажырлы күрес кезеңі еді. 1925 жылы 18 сәуірде болған Қазақ өлкелік РК(б)П-ның алқа мәжілісінде Ақмола губерниясының прокуроры Ыдырыс Мұстамбайұлын Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағалығына тағайындау жөнінде шешім шығарылды. Шын мәнісінде, бұл кезең ол үшін өте бір жауапты кезеңнің бірі болды. Бар болғаны 27 жасында астаналық губерниялық атқару комитетін басқару, енді ғана астана мәртебесіне ие болған қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени қызметін жандандыру ісі және Сырдария губерниясының Түркістан автономиясынан бөлінгеннен кейінгі Қазақ автономиясының құрамына орнықтыру мәселелері оған оңай болмады.

Ыдырыс Мұстамбайұлының өмір жолының жарқын белестерінің бір кезеңі болып табылатын Сырдария губаткомының төрағасы қызметінде бір жылдан сәл ғана аса мерзімде еңбек етті. Бұл жылдары жалпы Қазақстан аймағында билік үшін өзара талас-тартыс, бірін-бірі жікшілдікпен, ұлтшылдықпен айыптау науқаны қызып тұрған кез еді. Оның үстіне Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды қайраткерді осы саяси күрестің бел ортасынан бір-ақ шығарды. Ол губаткомның төрағасы қызметінде алдымен ұлт мүддесін жоғары қойды. Сол үшін күресті. Осынау қасиетті күресті атқарып жүрген қайраткердің қызметтік жолы халқымыз «қужақ» атаған Филипп Голощекинмен түйістірді.

Жалпы, Голощекиннің Қазақ елін басқаруға тағайындалуы кездейсоқ емес. Қазақ аңсаған ұлттық бостандықты тәркі еткен кеңестік билік таптық күрес пен интернационализм ұранын алға тартып, онсыз да отаршылдықтың қамытынан зардап шегіп отырған қазақ қоғамын екіге бөліп, ел ішіндегі дүрбелеңге жол салып берді. Таптық күрес аясында ұлттық құндылықтарға шабуыл жасалды. Пролетариат диктатурасы теориясымен «оқытушы орталыққа» айналған Мәскеу барлық билікті қолына алып, езілген ұлттарға «жарқын социализмнің» болашақ жолын үйретушіге көшті. Қазақ халқының автономиялық дербестігі қағаз жүзінде қалып, негізгі билік тармақтарына орталық өздерінің сенімді өкілдерін тағайындап отырды. Халқымыз үшін осындай аласапыран кезеңдегі ең қатерлісі – ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара алмауының салдары өте ауыр болды. Осы алауыздықты Голощекин Қазақстанға келгеннен кейін ұтымды пайдалануға кірісті. Өзінің пікірін батыл айта алатын және ұлт мүддесін қорғауда ештеңеден тайсалмайтын қайраткерлерді «топшылдықты қоздырушы» немесе «ұлтшыл» деп айыптауды алдымен қолға алды. Содан Ыдырыс Мұстамбайұлы Голощекиннің Қазақстандағы бітіспес қарсыластарының біріне айналды. Әрине, Ыдырыс Мұстамбайұлының кеңестік құрылысты жүргізу барысындағы ұлт мүддесін көздеген батыл ойлары мен қадамдары Голощекинге ұнамағаны белгілі. Сондықтан ол губатком төрағасының іс-әрекетінен кінәрат табуға тырысты. Оның арты ашық түрдегі саяси күреске ұласты.

Ыдырыс Мұстамбайұлы 1926 жылы қараша айында Ялтада демалыста жатқан кезінде бас хатшы Сталиннің атына хат жолдайды. Онда өзін жеке қабылдауға сұраған ол «Біздің партияның ұлттық саясатты жүргізудегі нәтижелері мені қанағаттандырмайды», «Партияның шешімдері іс жүзінде біздің шеткі республикаларда бұрмалануда», «Ұлыдержавалық Ресейдің мыңдаған жылдарға созылған тарихының қалдықтары, бұрынғыдан мирас етіп алған ескі әдеттері әлі де бізді жоғарыдан басып тұр», «Бір жағынан еуропалық басшы қызметкерлер іс жүзіндегі партия саясатының ұлттық революциялық маңызын түсінуден алыс жатыр», «Соңғы жылдары жергілікті коммунистердің орталық ядросының белсенді тобының өсіп-жетілгенін елегісі келмей, олар жергілікті коммунистерге қамқоршы секілді жоғарыдан қарайды немесе олар тарапынан солар ғана коммунизмді орнатушы және солар ғана коммунистік басшылықты қамтамасыз етуші секілді зиянды ағым, өздерінің рөлін асыра бағалау байқалады» деген секілді кесек-кесек мәселелерді көтере отырып, республикамызда қалыптасып отырған келеңсіз жайларды батыл түрде жазады. Ыдырыс Мұстамбайұлын Сталин қабылдаған жоқ. Және хатта көтерілген «Ұлттық аймақтарда социалистік құрылысты өркендетуде ештеңе де істеліп жатқан жоқ» деген сөз оның да шымбайына батқан секілді. 1926 жылы 17 қарашада болған РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің алқа мәжілісінде Ыдырыс Мұстамбайұлының жұмысы жөнінде мәселе қаралып, «Жолдас Мұстамбаевты Сырдария губерниясынан кері шақырып алу, оны пайдалану жөніндегі мәселені ол келгеннен кейін шешу» жөнінде қаулы қабылданады. Яғни, Ыдырыс Мұстамбайұлы еңбек демалысы кезінде оның мәселесі сыртынан қаралып, орнынан алынған.

Осы тұста назар аудара кететін тағы бір мәселе бар. Қазақ өлкелік партия комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумында «Ішкі саяси жағдай туралы» деген тақырыпта негізгі баяндама жасаған Голощекин Ялта қаласында демалыста болған кезінде Ыдырыс Мұстамбайұлының жолдасына жазған «Барлық уақытта жолдас Голощекинге сенуге болмайды, Ежовтың қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың» деген сөзінен мысал келтіріп, қайраткер тұлғаны сынаған. Ыдырыс Мұстамбайұлының осы сөзінде көрегенділік пен үлкен әлеуметтік-саяси мәні бар шындық жатқанын бұдан кейінгі жылдары Қазақстанда орын алған оқиғалардан анық байқауымызға болады. Оның Голощекин мен Ежов сияқтыларға берген сипаттамасы сол кездің өзінде-ақ Қазақстанды және Кеңес Одағын қамтыған қуғын-сүргінді алдын ала болжағандай ойға қалдырады. Ыдырыс Мұстамбайұлы 1926 жылы желтоқсан айында РК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Молотовтың атына жазған хатында да Голощекиннің Қазақстандағы былықтарын ашық көрсеткен.

– Ыдырыс Мұстамбайұлының Голощекинмен айтыс-тартысы бұдан кейінгі жылдары қалай өрбіді және пікір қайшылығы нендей мәселелердің төңірегінде жүрді?

– Күрес бұдан кейінгі жылдары одан әрі күшейе түсті. Кеңестік құрылыстың 20-30 жылдарындағы партиялық және кеңестік ұйымдарда қызмет атқарған қазақ қайраткерлерінің ішінде Ыдырыс Мұстамбайұлының бір ерекшелігі – сол кездің өзінде-ақ Голощекиннің Қазақстанда жеке билігін орнатып, ешкімнің пікірімен санаспастан диктатор болып отырғанын батыл айта білгендігі еді. Қазақстандағы бүкіл билікті бір уысында ұстап отырған Голощекиннің озбырлығын сол тұста ашық түрде айту – көзсіз ерлікке пара-пар болатын. Мәселен, қайраткер тұлға өзіне тағылған орынсыз айыптау мен қуғындаудан, баспасөз бетінде ұйымдастырылған жалалардан тайсалмастан бақылау комиссиясының төрағасы Титовтың сұрақтарына  (тергеу 1928 жылы наурыз айында жүргізілген) берген жауабында Голощекиннің шынайы бет-пердесін айқын ашып: «Егер Өлкеком бюросы 7-8 адамнан тұрады десеңіз, мен түсінем, алайда бұл арифметикалық сандар ғана, ал бүкіл Өлкекомды жалғыз Голощекин басқарып отыр, ол – диктатор» дейді.

«Ыдырыс Мұстамбайұлының Голощекинмен және оның төңірегіндегі жаңдайшаптарымен күресіндегі басты мәселелер неден көрінді» дейтін сұраққа жауап іздер болсақ, ол алдымен жер мәселесінде көрінді. Қайраткер Қазақстанға орыс шаруаларын қоныс аударуға түпкілікті қарсы болды. Партия, кеңес ұйымдарына жергілікті ұлт қызметкерлерін көптеп тартуды табанды түрде талап етті. Қазақстанда асыра сілтеп, жаппай тәркілеуді жүргізуге қарсы пікір айтты. Ұлтаралық қатынастарда кемшіліктердің көп екеніне өзінің алаңдаушылығын білдіріп, ұлы державалық шовинизмнің көріністері айқын түрде күшейіп бара жатқандығын да батыл көтерді.

«ЫДЫРЫС
МҰСТАМБАЙҰЛЫНЫҢ
АЛҒАШҚЫ ЖҰБАЙЫ – ҚАЗАҚТЫҢ
ҚАЙРАТКЕР ҚЫЗЫ
ШАХЗАДА ШОНАНОВА»

Қайраткердің отбасылық жағдайы, туған-туыстары жөнінде не айтар едіңіз

– Ыдырыс Мұстамбайұлының алғашқы жұбайы халқымыздың қайраткер қызы Шахзада Қаратаева (кейінгі тегі Шонанова) екенін біреу білсе, біреу білмес. Ол 1921 жылғы қыркүйек пен 1923 жылғы қараша аралығында Орал губерниясының прокуроры қызметін атқарғанын және осы қызмет барысында белгілі заңгерлер Бақытжан мен Арон Қаратаевтармен жақын танысып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегенін жоғарыда айтып өттім. Осы таныстық пен тығыз қарым-қатынастың, сыйластықтың аяғы туыстыққа ұласып, Ыдырыс Аронның қызы Шахзадаға үйленеді.

Ыдырыс Мұстамбайұлының Орал губерниясындағы қызметі кезеңінде Шахзода Аронқызы да Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші болып қызмет істеген. Екі жас ата-аналарының бата беруімен 1922 жылы шаңырақ құрған. Олар шаңырақ көтергенде кеңестік құрылыстың басты идеологиясы – «тап жауларына қарсы күресті күшейту» науқаны күшіне енген еді. Біріншісі – кеңестік органның жауапты қызметкері, екіншісі – кешегі хан әулетінен шыққан «тап жауының» қызы. Міне, осы ілікті ұтымды пайдаланған Ыдырыс Мұстамбайұлының қарсыластары «өзі жауапты кеңестік қызметте, заң талаптарының орындалуын қадағалайтын органда жұмыс істей отырып, байшылдықпен байланысты, тап жауымен туыстасты» деген секілді айыптауларды оған қарсы боратып, өлкелік комитетке оның үстінен үсті-үстіне арыздар жазады. ОГПУ-дың «қырағы көздері» сол кездегі Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды ұлтжанды қызметкерлердің ізін аңдып, олардың іс-қимылын, идеологиялық күрестегі принципшілдігін жіті қадағалады. «Орал губерниясынан Ақмола губерниясына ауыстырылуының астарында тікелей оның Қаратаевтармен қарым-қатынаста және туыстықта болуы жатты» деген айыптаулардан кейін Шахзода Аронқызымен ажырасуға мәжбүр болған.

Ыдырыс Мұстамбайұлы 1924 жылдың аяғына таман Әнуара Сейфуллинамен шаңырақ көтереді. Бұл отбасынан Роза деген қызы дүниеге келген. Әнуара Сейфуллина Ташкенттегі САГУ-дың дәрігерлік факультетін бітіргеннен кейін дәрігер болып жұмыс істеді. 1933 жылы Ыдырыс Мұстамбайұлы қамауға алынған соң жағдайы нашарлап, өкпе ауруына ұшырайды. Соған қарамастан 1937 жылы «халық жауының» әйелі ретінде сотталады. Түрмеде ауруы асқынып кеткеннен кейін 1939 жылы босатылады. Артынан аурудан қайтыс болады.

Енді қайраткердің туған-туыстарына келетін болсақ, олардың тағдыры да өте аянышты. Ыдырыс Мұстамбайұлы 1933 жылы қаңтар айында қамауға алынып, артынан сотталып кеткеннен кейін оның барлық жақын туыстары жалған саяси айыптаулармен қамауға алынады. Сол жылдың қазан айында өзінің досы Жағыппар Сұлтанбековке жазған хатында өзінің жазықсыз сотталып кеткенін, жағдайының ауыр екенін өкінішпен жаза отырып, Семей қаласында бес айдан бері Нұрпейістің қамауда отырғанын (Нұрпейіс Смағұлұлы – жиен інісі), басқа да туысқандарының істі болғанын баяндап, өзінің туысқандарының неліктен қудаланып жатқанын түсінбейтінін жазған. Желтоқсан айында Жағыппарға жазған келесі бір хатында: «Менің бір туысқанымды 10 жылға соттады, ал Нұрпейіс әлі қамауда отыр. Менің әкем (87 жаста) өткен жылы аштан қайтыс болды, биылғы жылы Семей қаласындағы тағы бір туысқаным аштан өлді. Жақында Алматыда менің қайын ағам Әшім тұтқындалды, әйелім осы уақытқа дейін соның үйінде тұрып келіп еді. Қазір әйелімнің жұмысы да, пәтері де жоқ. Тұтқындалып, сотталған туысқандарымның балалары бастары ауған жағына босып кетті. Кейбіреулері қараусыз қаңғыбастардың қатарына қосылды. Менің туысқандарымның неліктен қуғындалып жатқанын түсінбеймін. Егерде біреу кінәлі болса, тек мен ғана кінәлімін» деп күйіне жазады.

Иә, көріп отырғанымыздай, әкімшіл-әміршіл сталиндік сұрқия саясаттың зардабын бүкіл Ыдырыс Мұстамбайұлының отбасы, туған-туыстары бастарынан кешірді.

«АЛАШ
АРЫСТАРЫНА
АРАША
ТҮСУДІҢ АРТЫ
САЯСИ
ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ
ҰЛАСТЫ»

– Досалы Исаханұлы, Ыдырыс Мұстамбайұлының әдебиет майданындағы еңбектері жөнінде не айтасыз?

– Ыдырыс Мұстамбайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, ірі әдебиет зерттеушісі, сыншы-публицист те болды. Бүкіл өмірін Абай мұраларын зерттеуге арнаған абайтанушы ғалым Төкен Ибрагим ағамыз ұлы ақын мұраларына қатысты берген бір сұхбатында: «1922 жылы «Абай – феодалдардың ұр тоқпағы» деп мақала жазылған. Ол мақала авторының атын ұмытыппын. Есесіне, оған қарсы жазылған мақаланың авторы есімде. Ол – Ыдырыс Мұстамбаев. Абайтануға әлі Әуезов келмеген уақытта, алашордашылардың басына күн туып, сөйлеуге шамасы болмай тұрған шақта Абайды қорғап қалған сол кісі болатын. Жалпы, Мұстамбаев үлкен тұлға», – деп қайраткер тұлғаның әлі де жете бағаланбай келе жатқандығына назар аударады.

Рас, Ыдырыс Мұстамбайұлы саяси тұлға ретінде де, әдебиет майданында өз қолтаңбасын қалдырған әдебиет сыншысы ретінде де үлкен тұлға болды. Ол жастайынан қазақ зиялыларының еңбектерін оқып, санасына құйып өсті. Сондықтан да, Алаш қайраткерлерінің ұлт-азаттық күресіне оның бүйрегі бұрып, тілекші болды. Жалған айыптауларға, қуғындауларға қарамай, Ыдырыс Мұстамбайұлы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары өрістеген қазақ әдеби сынына белсене араласып, терең де мазмұнды «Ұлы ақын – Абай», «Көркем әдебиет туралы», «Біздің таластарымыз», «Сын және баспасөз туралы», «Ақын Абай және пәлсапашыл Ілияс туралы», «Абай», «Философия казахского поэта Абая и ее критика», «Джумабаев и Девяносто» және тағы да басқа көлемді мақалаларын қазақ, орыс тілдерінде «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Советская степ» газеттері мен «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан» журналдарында жариялады. Қазақ әдеби сынының мол мұрасы болып есептелетін Ыдырыс Мұстамбайұлының бұл еңбектерінің дені қазақ әдебиетінің бай мұрасын мансұқтауға тырысқандарға қарсы жазылды.

Ыдырыс Мұстамбайұлының көркем әдебиет, әдеби сын туралы еңбектеріне тоқталғанда, Абай мұраларын қорғап қалудағы сіңірген еңбегін ерекше айтқан жөн. Ұлы Абай мұраларын орыс тілді қауымға алғаш таныстырғандардың бірі болғандығын да айта кетейік.

Қайраткердің өзі кеңестік құрылыс жағында болғанымен, сол бір қиын-қыстау кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы және басқа да Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне жоғары баға берді, оларды оңды-солды айыптаулардан қорғап қалу үшін мақалалар жазды. Алаш қайраткерлеріне араша түсудің арты саяси тұрғыдан қуғындауға, ұлы Абай мұраларын қорғаудың арты «Өңі жасырылған маркстік сын және ұлтшыл ақын Абай шығармаларын, Абай философиясын баспасөз бетінде насихаттаушы» деген айыптауларға ұласты.

Алаш қайраткерлерінің кейбіреулері 1937-1938 жылдары ресми түрде ату жазасына кесілгенімен де, олар сол жылдары атылмағаны, кейіннен түрмеде қайтыс болғаны туралы әңгімелер баспасөз бетінде айтылып қалып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жақын?

– Сұрағыңыздың жаны бар. Бұл сұраққа жауап беру үшін осы уақытқа дейін жабық болып келген Алаш қайраткерлерінің жеке істерімен танысу керек. Сонда көп сұраққа жауап табылады. Мәселен, мен де бұрын «Ыдырыс Мұстамбайұлы ату жазасына кесілгенімен де, кейін түрмеде аурудан қайтыс болды» деп есептеп келдім. Оған менің қайраткердің туысқандарынан алған оның өлімі туралы куәлік қағазы түрткі болды. Онда Семей қалалық азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) мекемесінде 1959 жылы 30 шілдедегі «Өлімі жөніндегі азаматтық хал акті тіркеу» кітабында Ыдырыс Мұстамбайұлының 1943 жылы 12 ақпан күні өкпе қабынуы ауруынан қайтыс болғандығы тіркеліп, анықтама берілгені ап-айқын жазылған. Ыдырыс Мұстамбайұлының жеке ісімен танысу барысында бұл құжаттың қолдан жасалғанын, жалған екенін анықтадым. Яғни, Ыдырыс Мұстамбайұлының туыстары ол ақталғаннан кейін оның тағдыры жөнінде ресми органдарға хат жазып, іздеу салғанда осындай жалған құжаттар дайындалып, туыстарына берілген. Мемлекеттік қауіпсіздік органдары өздерінің қанды қылмыстарын, заңсыз істерін, сотсыз, тергеусіз және есепсіз жүргізген қылмыстарын жасыру мақсатында жазықсыз жазаланған қайраткерлердің құжаттарына да жалған мәліметтер, өзгерістер енгізіп, істі әбден шатастырған. Ыдырыс Мұстамбайұлының туыстарына да беріліп жүрген осындай қолдан жасалған құжат болатын.

«ӨЗІНЕ ТАҒЫЛҒАН
ЖАЛҒАН АЙЫПТАУЛАРДЫҢ
БІРІН ДЕ МОЙНЫНА
АЛМАҒАН ҚАЙРАТКЕР
1937 ЖЫЛЫ 15 ҚАРАШАДА АТУ
ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ»

Қайраткердің жазықсыз жазаланып, қамауға алынғаннан кейінгі тергеу істеріне де тоқталып өтсеңіз…

– 1929 жылдың бас кезінен Қазақстанның барлық аймағында күрделі жағдай қалыптасып, өздерінің саналы ғұмырында халқымыздың азаттығы мен теңдегі, рухани жаңғыруы мен мәдениетінің өсуі жолында күресіп келген А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы сынды тұлғалар тұтқындалды. Алаш қайраткерлерінің артынан олармен мүдделес әрі байланыста болған Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды тұлғалар да қуғын-сүргінге ұшырады.

Ыдырыс Мұстамбайұлы Семей қаласындағы Қазақ геологиялық барлау институтының директоры болып істеп жүрген кезінде 1933 жылы 17 қаңтар күні Мәскеу қаласында ОГПУ тарапынан тұтқындалады. 1933 жылы Қазақстанда контрреволюциялық әрекеттері үшін деген жалған айыппен 500-ге жуық қазақ қайраткері қамауға алынған. Бұл «контрреволюциялық әрекеттердің» астарында Голощекиннің ұжымдастыруды жүргізу жылдары халықтың қолындағы күн-көріс малын тартып алуы, күштеп астық дайындау, күштеп ет дайындау сынды әпербақан, оспадар саясатынан туындаған халықтың наразылық көтерілісі жатты. Ыдырыс Мұстамбайұлы 1933 жылдың 18 ақпанында Алматыдағы ОГПУ-дың қарамағына жіберіледі. Қазақстандық ОГПУ-дың ерекше бөлімінде бес айдай тергелгеннен кейінгі оған тағылған айып – «Қазақстанда кеңес өкіметін құлату және КСРО-дан бөлініп кету мақсатындағы жоғары оқу орындары мен қызыл армия бөлімдерімен байланысқан контрреволюциялық ұйымды және топты құрды». Ол тергеу барысында қолдан ұйымдастырылған «контрреволюциялық ұйымды құрды» деген айыптауды мойындаған жоқ. Жеті айдай ОГПУ-дың абақтысында қамауда жатты. Заңды түрде жүргізілген сот процесі жүргізілмей-ақ оның сыртынан ОГПУ-дың үкімі шығарылып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 11-тармақтарымен айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы тұста назар аудара кететін бір мәселе, Ыдырыс Мұстамбайұлының жаза өтеу мерзімі 1936 жылы тамыздың соңында аяқталып, бостандыққа шығуы тиіс еді. Бірақ, жағдай одан әрі күрделене түсті. Өйткені, бұл кезеңде бүкіл кеңестер елінің үстіне «қара бұлт» үйіріліп, сталиндік жаппай қуғын-сүргін басталып кеткен болатын. 1936 жылы тамыз айында Мәскеуде оңшыл троцкий-зиновьевтік топ бастаған террорлық орталық деп аталатын процесс бойынша айыпталғандардың барлығы атылды.

Міне, осындай аласапыран бассыздық басталып және оған дейін де айыптау қорытындыларында «троцкишіл-оңшыл контрреволюциялармен байланыста болды» деген айыптауларға сүйенген НКВД жендеттеріне бұл таптырмас ілік болып, Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды тұлғаларды өздерінің құрығынан шығармады. Ыдырыс Мұстамбайұлы 1937 жылы 19 шілдеде РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша айыпталып, қамауға алынды. Оған бұрын тағылған айыптаулар қайта тағылумен қатар, «Жаза мерзімін өтеу кезінде контрреволюциялық  ұлтшылдық әрекеттерін тоқтатпады және антисоветтік ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болды» деген ойдан шығарылған тағы бір айыптау қосылды.

Ыдырыс Мұстамбайұлы 1937 жылы 28 шілде күні болған тергеу хаттамасында тергеушінің: «Сіз антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесісіз. Антисоветтік жұмысты белсенді жүргіздіңіз. Осы іс бойынша өзіңізді кінәлімін деп мойындайсыз ба?» деген сұрағына: «Ұлтшыл антисоветтік ұйымның құрамында болған жоқпын, қылмыстық кодекстің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша маған тағылып отырған айыпқа өзімді кінәлімін деп мойындамаймын», – деп қасқайып жауап береді. Осылайша, кеңестік биліктің және оның жендеттері ОГПУ, НКВД сияқты жазалаушы құрылымдардың сұрқия айла тәсілдерімен бұрыннан таныс және олардың халық атын жамылып, халыққа қарсы небір сұмдықтарды істеп жатқандығынан хабардар Ыдырыс Мұстамбайұлы өзіне тағылған жалған саяси айыптаулардың бірін де мойнына алмаған. Қазақстандағы партиялық билікке Голощекин келгеннен бастап қудалауда болған, 1933 жылы жазықсыз сотталған ол 1937 жылы тергеуде де басын иген жоқ. Қайраткер тұлғаның ісін қараған Алматы облыстық УНКВД үштігі 1937 жылы 15 қарашада оны ату жазасына кесті.

«АБАЙ
ОБЛЫСЫНЫҢ
ӘКІМІНЕН
МАРДЫМДЫ
ЖАУАП ТА
БОЛМАДЫ»

Қайраткер тұлғаның азаттық жолындағы арпалысып өткен саяси күрес жолын жік-жіктеп ашып бердіңіз. Десек те, тұлғаға қатысты әлі де болса ашылмай жатқан белгісіз жәйттер бар ма?

– Ыдырыс Мұстамбайұлы Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер алқасының 1959 жылы 9 мамырдағы шешімі бойынша толық ақталған. Солай бола тұра, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құру туралы» Жарлығы шығып, мемлекеттік комиссия құрылғанға дейін тұлғаның Алматы қалалық Полиция департаменті (бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитеті) архивіндегі жеке ісімен танысуға мүмкіндігім болмады. Бізде әлі де сол кеңестік кезеңнен қалған «жариялауға жатпайды», «аса құпия» секілді «ескі ауру» меңдеп алған. Әйтпесе, кеңестік кезең келмеске кеткен бүгінгі уақытта сол уақыттың зардаптарын ашып, халықпен толық таныстыруға, барлығын құпиясыздандыруға, көпшілікке қолжетімді етуге болатын уақыт болды ғой.

Ерекше назар аударатын тағы бір жағдай, Ыдырыс Мұстамбайұлының жеке ісімен танысу барысында байқағаным, жеке істегі кейбір бет сандарының жоқ болуы. Жеке істе архив ісіне жауапты Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің істі бір-біріне (сұрау салып алдыруға байланысты) жолдауы барысында жеке істің кейбір беттерінің аса құпиялығына байланысты істен алынғандығы жөнінде ескерту анықтама қағаздары бар. «Ол қандай құпиялар? Неліктен жеке істен алынды? Және қайда жіберілді, қазіргі уақытта қайда сақтаулы?» деген сұрақтар жауапсыз қалды. Менің бір ойым, тұлғалардың істері әлі толық ашылмаған, олар өздерінде тағы бір құпия архив ашып алған секілді. Сондықтан, менің айтайын дегенім, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық құпиялар толық ашылуы керек. Қайраткерлердің жеке істеріне қатысты жабулы тұрған құпияларды ашатын мезгіл әлдеқашан жетті. «Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі заманда соны істемесек, енді қашан істейміз?» деген сұрақтың көлденеңнен қойылатыны заңды.

Сіздің сұхбатыңыздан байқағаным, Ыдырыс Мұстамбайұлы халқы ардақ тұтатын асыл азаматтардың алдыңғы шоғырынан көрінетін тұлға екен. Осындай ардақты тұлғаларды халықпен таныстыру, ел арасында насихаттау істерінің дұрыс деңгейде жүргізілмей жатуына не себеп?

– Жалпы, тәуелсіз елімізде жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесі ең бірінші кезекте тұруға тиісті. «Ұйықтап жатқан ұлт не жойылып кетеді не құл болып оянады» деген даналардан қалған сөз бар. Сондықтан бүгінгі жастарымыздың бойында оттай лаулаған ұлттық рух, отты намыс болу керек. Ол рух пен намыс қайдан пайда болады? Әрине, оның жолдары көп, соның бір жолы тарихымызда жатыр. Тарихымыздағы соңғы демі қалғанша ұлттық рухы мен намысы сөнбеген тұлғалардың өнеге-үлгі аларлық істері жатыр. Осы тұлғалардың өмір жолы мен саяси күресін бүгінгі ұрпаққа жан-жақты жеткізе алсақ, оларға лайықты құрмет көрсете алсақ, алдымызда тұрған абыройлы істердің бір тамшысын да болса атқарған болар едік. Осы орайда айтарым, мен бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атына, қазіргі Абай облысы әкімінің атына халқымыздың Ыдырыс Мұстамбайұлы секілді ардақты перзентіне лайықты құрмет көрсетіп, Семей қаласында ескерткіш қою, көше, мектеп аттарын беру жөнінде бірнеше рет хат жаздым. Ал, олар тарапынан мардымды жауап та болмады. Сондықтан тұлғаның биылғы 125 жылдығына орай, Ыдырыс Мұстамбайұлының дүниеге келген жері Семей қаласында оның ескерткіші орнатылса, Семей, Орал, Петропавл, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында көшелерге, мектептерге есімі берілсе деген бұрыннан көтеріп келе жатқан ұсынысымды тағы да қайталаймын. Республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылса да артық болмайды. Ұлтын сүюдің үлгісін көрсеткен қайраткердің 125 жылдығы елеусіз қалмаса екен…

– Досалы Исаханұлы, келелі әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here