Салтанат Байқошқарова: «Жаһандану заманының талабы да, деңгейі де өзгерді»

0
3074

Экстракорпоралды (ЭКҰ), яғни денеден тыс ұрықтандыру әдісін Қазақстанға, тіпті Орта Азияға алғаш рет алып келген биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова бір балаға зар болған талай отбасыға бала сүю бақытын сыйлады. Қажырлы еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Салтанат Берденқызы төмендегі сұхбатында студенттік жылдарын, ұстаздарын еске алып, күрделі салаға қалай келгенін айтты.

«ТАМЫРДАН ҚАН АЛСА, МЕН ТАЛЫП ҚАЛАТЫНМЫН»

– Салтанат Берденқызы, ең алдымен Сіздің осындай биіктерден көрінуіңізге мұрындық болған ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Білікті маман ретінде ерен еңбегімен есімде ерек қалған ұстаздарымның бірі – академик, ғалым Қазис Тәшенов. Ол кісі өте білімді әрі интеллигент еді. Физиология институтының директоры болды. Мен сол кісіні өзіме үлгі тұттым. Биология факультетінің Адам және жануарлар физиологиясы кафедрасын тамамдағанмын. Алғашқы екі жылда жалпы білім беріледі де, үшінші курстан бастап маман даярлау курстары жүргізіледі. Кафедраны орыс тілінде аяқтадым. Сол уақыттағы физиология институтында түрлі жан-жануарларға жасалатын ота, тәжірибелерді ұстазыммен бірге атқардым. Ол кісі білімділігімен ғана емес, адами қасиеттерімен де маман болып қалыптасуыма көп септігін тигізді. Кандидаттық, докторлық қорғағанымда қатысып, әрдайым қолдап жүретін. Сонда ұстазым: «Докторлықты сен қорғамағанда кім қорғайды? Сен алмағанда кім алады?» – деп шабыттандырып, арқаландырып қоятын. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, Қазис Тәшенов, өкінішке қарай, екі жыл бұрын өмірден озды. Асылы, ғалым, елге ұстаз боларлық жандар сол кісідей болса екен дер едім.    

Дара ұстазымның тағы бірі – Қайырбек Рымжанов. Ол кісі де үлкен ғалым, биология ғылымының докторы, академик, профессор. Кейіннен кандидаттық және докторлық диссертацияма ғылыми жетекші болды. Ол кісі де өз ісінің шебері әрі рухани құндылықтарымен қатар, бірнеше тілді (француз, неміс, т.б.) өз ана тіліндей білетін. Кезінде Германия, Франция университеттерінде дәріс оқып, сабақ берген. Ұстазым жан-жақтылығымен ерекшеленетін. Мәселен, ол Кеңес Одағының бокстан спорт шебері еді.

Одан кейінгі білім жолында биік шыңдарға шығуыма септігін тигізген ұстазымның бірі – биология ғылымының докторы, академик, профессор, Адам физиологиясы кафедрасының меңгерушісі болған Қабдырахман Дүйсенбіұлы. Ол кісі сабырлы да байсалды, көркем мінезді болатын. Ілімін шәкірттерге сіңімді болсын деп, асықпай, аптықпай түсіндіре, жеткізе білетін.

Үлкен ғалым – Төлеген Мәсенұлы да ұлағатты ұстаздарымның бірі. Көңілі баладай таза. Содан да шығар, студенттердің қитұрқы бұзақылықтарын байқамағандай кейіп танытып, дәрісін санамызға барынша жеткізуге тырысатын.

Жоғарыда атап өткен тұлғалар биология, адам физиологиясы салаларына өздеріне тән әдістемелерін ұсына отырып, шәкірттерінің маман болып қалыптасуына қосқан үлестері ұшан-теңіз. Ғылыми жетістіктерінің өзі бір төбе. Мінеки, осындай сегіз қырлы, бір сырлы ағаларымыздан тәлім-тәрбие, білім алғаным үшін қуанамын әрі мақтан тұтамын.  

Ерекше атап өткім келетін ұстазым – ойы терең, керемет ғалым, аса мәдениетті, өзінің ерекше аристократтық келбетімен қатар, нағыз қазақ қызының кейпімен үйлескен Майя Хаджеддинқызы Шигаева. Ол биология ғылымының докторы, профессор, биология факультетінің деканы еді. Біз, қыздар, сол кісіге ұқсағымыз келетін. Ол кісі боянбайтын, табиғи сұлулығымен шашын желкесіне түйіп, бірқалыпты болып дүниеден өтті. Не деген керемет адам еді, мен де сол кісіге ұқсап, үнемі бірқалыпты, шашымды желкеме түйіп жүремін.

– Студент кезіңізде кім болуды, қандай биіктерді бағындыруды армандадыңыз? Бүгінде сол арман-мақсатыңызға жеттіңіз бе?

– Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, оқуға түстім. Сонда менің көкейімде студенттік өмір адам ғұмырының ең жарқын шағы болып елестейтін. Құдды бір студенттік өмір аяқтала салысымен үлкен өмір зуылдап өтіп, зейнеттен бір-ақ шығатындай боп көрінетін. Сол үшін де студенттік шақ бітпесе екен деп тілейтінмін. Биология факультетінде бес жыл емес, жеті жыл оқыдым. Себебі, сол шақта қолым сынып, академиялық үзіліс алып, бір жылдай жұмыс істедім. Кейін тұрмыс құрып, бедеулік дертіне тап болып, ота жасатып, тағы бір жыл академиялық үзіліс алдым. Жас күнімізде сондай бір сынақтар болды. Жастық желікпен студенттік өмір бітпесе екен деп қанша тілесем де, жанымның түкпірінде тығылып жатқан үлкен арман болды, ол – медицина ғылымы еді. Жыл сайын медицина факультетіне ауыссам ба екен деп толғанып жүретінмін. Әу баста медицинаға бармаған себебім – өзіндік бір үрей болды. Яғни, қаннан қорқатын фобиям бар еді. Тамырдан қан алса, талып қалатынмын. Тіс дәрігеріне барсам да, сондай күй кешетінмін. Қанша жерден дәрігер болғым келсе де, қорқақтық жеңетін. Анам сол себепті медицинаға баруыма қарсы болды. Медициналық оқуға түсіп, сосын талып жатсам, оқудан шығып кететінімді ескертті.

Сол кездері әкем атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің қызы, Ұлттық ғылым академиясының президенті Асқар Қонаевтың жұбайы, тарих ғылымының докторы, профессор Ләйлә Әуезовамен өте жақын араласатын. Яғни, Қонаевтар отбасымен жақсы қарым-қатынаста болдық. Әкем анам екеуміздің Ләйлә Мұхтарқызымен ақылдасуымызды жөн санады. Ол кезде Жамбыл облысындағы Қордай ауданының тұрғыны едік, оқуды бітіре салысымен анам екеуміз Алматыға келдік. Ләйлә апай бізді жылы қарсы алып, менің тамырымды басқандай, шын мәнінде нені жақсы көретінімді сұрады. Мен медицина ғылымын айттым. Ал, қандай пәндерді жақсы көретінімді сұрағанда, өзіме ұнайтын математика, органикалық химия, биология пәндерін атадым. Сонда Ләйлә апайдың бір білгені болар, математикаға түсуімді құптамады. Медицинаға түсуімді құп көрген соң, өзімнің қорқынышымды айтып едім, ол сәл ойланыңқырап отырып медицинаның анасы, негізі – биология факультетіне түсуіме кеңес берді. Ғылымның сандаған тармақтарын зерттеп, түрлі жұмбақтары ашылатынын айтқан соң, мен осылайша болашақтың алғашқы адымын аттадым. Қарашаңырақ – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетіне медалист ретінде химия пәнінен бір ғана емтихан тапсырып, оқуға түстім. Университетті қызыл дипломмен бітіріп шықтым.  

«БЕДЕУЛІКПЕН КҮРЕСІП ЖҮРІП ЖЕТІ ЖЫЛДАН КЕЙІН БАЛАЛЫ БОЛДЫМ»

Салтанат Берденқызы, мінез-құлқыңыз қандай?

– Мінез-құлқыма келсем, жылдам адаммын. Жылдам шешім қабылдаймын. Өзім байсалды болғаныммен, өмірде «ертең» дегенді ұнатпаймын. Бүгін істелуі керек жұмысты сол күні бітіріп тастауға тырысамын. Қайын атам «Ертең деген ешқашан келмейді» деп ескертетін. Біреу айтып үлгергенше, мен жасап үлгеремін.

– Алған іліміңізді жүзеге асыру жолында қандай қызметтер атқардыңыз?

– Сол кездерде әкем «Басқару қызметіне барасың ба? Біздің жолды қуасың ба?» дегенінде, мен келісім бердім. Сонымен, бір жарым жыл кәсіподақтың орталық органында нұсқаушы болып қызмет атқардым. Туабітті қасиет болса керек, көшбасшылық қабілеттерім арқылы комсомол комитетін басқардым. Ол жерде де көптеген жұмыстар атқарылды. Сосын балалы болып, декретке шықтым. Ол кезде декреттің уақыты бір жарым жыл болғандықтан, жұмысқа қайта шығуым керек болды. Бірақ, менің жұмысқа қайта баруға құлқым болмады. Себебі, ол жерде мен өзіме ешқандай бір мағына көре алмадым. Жұмысқа барасың, құжаттарды ақтарып тексересің, ақыры одан түк те өзгермейді.

Содан соң медицинаға барғым келетінін жолдасыма айтып, онымен ақылдастым. Ол қалалық денсаулық басқармасына барып, вакансия қарады. «Неке және отбасы» деген емханада биохимик лаборантының вакансиясы бар екен. Сол жердің дәм-тұзы тартып, қызметке орналастым. Ол жерге мені Құдай айдап барса керек, өйткені өзім бедеулікпен күресіп жүріп жеті жылдан соң балалы болдым. Себебі сол – бойжеткен шағымда аяқтан суық өтіп, денсаулығыма әсері болғанынан.

Неке және отбасы – бедеулікпен айналысатын орталық. Сол жердегі лабораторияда түрлі тәжірибелер өткіздім. Қолдан ұрықтандыру, донор ұрығы, күйеу ұрығы, т.с.с. зерттеулерден өткізіп, ізденіс жасадым. Осылайша, ұрықтандыру саласына қарай бет бұрдым. Ол кездегі әдістермен бедеулік мәселесін шешу мүмкін емес еді.

«БҰРЫН МЕДИЦИНА АНА БАҚЫТЫНА ЖЕТУГЕ БЕДЕУЛІКТІҢ 85-90 ПАЙЫЗЫНДА КӨМЕКТЕСЕ АЛМАЙТЫН»

– Еліміздің медицина саласына қосқан елеулі үлесіңіз баршаға мәлім. Сіздің студент кезіңіздегі медицина мен қазіргі медицинаның арасы қаншалықты қашық?

– 1980 жылдар мен қазіргі кездің арасы 40 жыл. Демек, жер мен көктей. Барлық салада да. Ал, менің салам тіпті дамымаған болатын. Экстракорпоралды ұрықтандыру дамуы үшін уақыт қажет болды. Оны зерттеп, озық технологияларды қолдану үшін де аз уақыт кетпеді. Осы әдіспен соңғы 26 жылда Қазақстанда 25 мыңнан астам бала өмірге келді. Міне, бұл биология мен медицина ғылымының үлкен жетістігі. Ол кездерде бедеулікті емдеу үшін айлап, жылдап ауруханада жатса, қазір қысқа уақытта балалы болуға болады. Бұрын қабыну процесін ауруханаға жатқызып, бір немесе бірнеше ай емдесе, қазір үй жағдайында үш күн, әрі кетсе жеті-он күн емдейді. Ол кезде қит етсе болды, ауруханаға жатуға тура келетін, ал бүгінде тек шұғыл жағдайда ғана барады.

Қазір медицина күннен-күнге қарыштап дамып бара жатыр. Мәселен, жасанды интеллект, бағдарламалық технологиялар және бар. Кезінде мен ашқан эмбриология лабораториясында қарапайым ғана екі микроскоп, бір ламинар, бір инкубатор, бір центрифугамен шектелетін. Соның өзінде ана жатырына бала біту бақытына себепші болдым. Өз ісімді жақсы көргендіктен де шығар, әрбір майда-шүйдеге дейін мән беріп, бәрін түбегейлі зерттеп, зерделеуге ден қойдым. Қарапайым лабораторияның өзінен бір демде тоғыз айдан кейін нәтиже болып, бала өмірге келді. 1995 жылдың қазан айында лабораторияны аштым, келесі жылы 31 шілдеде алғашқы қазақстандық бала дүние есігін ашты. Өз ісіңді шебер білсең қарапайым технологияның өзімен де нәтижеге жетуге болатынын дәлелдедім.

Ол кездегі медицина ана бақытына жетуге бедеуліктің 85-90 пайызында көмектесе алмайтын. Сол себепті осы экстракорпоралды ұрықтандыруды ашу ойыма келді. Бүгінде эмбриология ғылымы тіптен дамып кетті. Бүкіл аппаратура IT-технологиямен үйлескен.

Қазіргі эмбриология – космостық, техникалық эмбриология. Түлектер биологтың білімі мен дипломын алып қана қоймай, сонымен қатар дарынды, өз ісін сүйген маман болуы, IT-технологияларын білуі және ағылшын тілін жетік меңгерген болуы қажет. Қазір де «Болашақ» бағдарламасымен бітірген азаматтарды қызметке алып жатырмын. Ал, ғылым дамуына үлес қосып жатқан биологтардың 50 пайыздан астамы біздің ҚазҰУ-дан шыққан. Қазіргі жаһандану заманының талабы да, деңгейі де өзгерді.

– Жыл сайын университетімізге көптеген шәкірттер оқуға түсіп, маман болып шығып жатады. Университетіміздің қадірлі түлегі ретінде оларға айтар тілек-пікіріңіз қандай?

– Қарашаңырақ білім ордасының студенттері қай кезде де талапты әрі талантты. Университетіміздің оқу-ғылыми базасы бар деп мақтанып айта аламыз. Өйткені, жылда бакалаврлық практикасын атқарып жүрген шәкірттеріміз, ғылым магистранттары, PһD докторанттары бар. Соларды біздің салаға қарай бейімдеп, ғылыми жұмысына көмектесеміз. Көп нәрсені үйреніп, игереді. Ең таланттыларын таңдап, өзімізде қалдыруға тырысамыз. Біз де студент болдық. Жасыратыны жоқ, бізде де түрлі кемшілік болды. Бірақ, ең бастысы, бізде ата-анамыздан үйренген талпыныс, білім, еңбекқорлық болды. Мен еліміздің ертеңін жарқын қыла түсер, ғылымда тың жаңалыққа жетер жастар өсіп келе жатқанына сенемін.

Салтанат Берденқызы, ашық әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

(Сұхбатты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі ұсынды)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here