Ұжымдық үндеу немесе петиция туралы заң не дейді?

0
1447

Биыл сәуір айынан бастап Қазақстанда петиция туралы заң күшіне енді. Былтыр 2 қазанда Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға қол қойып, онлайн петициялар институтын заңмен бекіткен болатын. Заң аясында петиция институты ресми түрде реттеледі. Соның арқасында қазақстандықтардың ресми петиция беруге заңды құқығы болады. Азаматтар арнайы интернет-портал арқылы петиция жібере алады. Бұл заң петиция мәні не екенін, оған қанша қол жинап, назарға алынуы үшін қалай қол қойып, беру керектігін анықтайды.

ПЕТИЦИЯ БЕРУГЕ БОЛМАЙТЫН САЛАЛАР

Қоғамда үлкен резонанс, қызу пікірталас тудырған петиция институты – Қазақстанда президенттік реформалар аясында демократиялық даму, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту үшін қажет қадамдардың бірі. Бүгінде қазақстандықтар қоғамдық маңызды тақырыптарды талқылауға және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді атсалысуда. Соның бір көрінісі осы петиция заңына қатысты сан алуан пікірлердің туындауы. Соңғы жылдары қоғамда дәйектілік пен қауіпсіздікке кепілдік бермейтін интернет алаңдарда түрлі мәселелер бойынша петиция беру белең алған. Сондықтан заң арқылы белгіленген нақты ережелердің болуы бұл маңызды құралды анағұрлым тиімді және ретімен қолдануға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірі бойынша петиция нысаны бола алмайтын мәселелер тізімі өте ұзын. Адам құқықтарын бұзатын, конституциялық құрылымға, еліміздің аумақтық бүтіндігіне және Қазақстанның тәуелсіздігіне қатысты мәселелер бойынша петиция берілмейді. Сонымен бірге, Президент жеті жыл мерзімге бір рет сайланатындығы туралы ережені өзгерту жөнінде петиция беруге болмайтыны бөлек жазылған. Одан басқа, петиция мемлекеттік символдар мен мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты берілмейтіні көрсетілген. Соған қоса үкімет немесе парламент, президент істері бойынша лауазымды тұлғаларды тағайындау немесе алып тастау туралы да петиция беруге болмайды. Бұл норма туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров пікір білдірді.

Заңда мұның бәрі жоқ деп нақты жазылған. Ол жерде петиция беруге болмайтын салалар тізімінде президентке, парламенттің екі палатасына және үкіметке қатысты петиция бар. Бұл бағытта тіпті референдумдар жүргізілмеуі керек, – деді ол.

Петиция бірнеше деңгейге бөлінеді, әрбірі үшін өзінің шарттары бар. Мәселе республикалық деңгейде қаралу үшін 50 мыңнан кем емес қол жинау керек. Басқа жағдайда бұл нақты бір қаладағы елді мекенге байланысты болады. Мысалы, егер петиция астаналық мәслихат құзіретіне қатысты болса, Астана халқының 2 пайызынан кем емес, яғни 28 740 адамнан кем емес қол жинау керек. Ал, егер мәселе қала әкіміне қатысты болса, бар болғаны 1 пайыз жеткілікті. Егер қала халқы 50 мыңнан астам болса, 5 000-нан аспайтын қол керек. Егер халық 50 мыңнан аз болса, 10 пайыздан кем емес қол керек. Егер барлық шарттар сақталған болса, онда петицияны қараудан бас тартуға құқысы жоқ.

Петицияны E-petition үндеулер қабылдаудың бірыңғай сервисі арқылы беруге болады. Жұмысы мен интерфейсі бойынша ол E-otinish өтінімдер қабылдау сервисіне ұқсас, алдымен өтінім жазып, ол жерде аты-жөні мен телефон нөмірін, ЖСН және тұратын мекен-жайын толтыруы керек. Құжатқа қосымша туу туралы куәлікті қоса береді. Әрі қарай петицияны сипаттап, керек болған жағдайда файлдарды қоса тіркейді. Егер петиция модерациядан өтсе, онда оны жабық түрде сілтеме бойынша сайтта жариялайды. Петициялар 50 дауыс жинағаннан кейін барып қана бұқаралық сипатқа ие болады.

Петиция институты қазақстандық шенеуніктердің жаңашылдығы емес. Мұндай заңдар түрлі елдерде сәтті жұмыс істеуде. Ұлыбританияда әрбір түскен өтінімді қарайтын петиция жөніндегі бөлек комитет бар. 10 мың қол бар петиция үкімет деңгейінде қаралады, ал егер 100 мыңнан астам қол жинаса мәселе Парламент депутаттарының қарауына жіберіледі. Талқылау барысында петиция бұрын болған болса қайтарылады, бұл ретте Ұлыбританияда ресми «тыйым салынған» үндеулер жоқ. Үкіметтің барлық жауаптары және отырыс видеосы адамдар петицияға қол қойған сайтта жарияланады. Петицияны азаматтар мен мемлекеттің ресми қарым-қатынас жасау әдісі ретінде қолданатын тағы бір ел – Украина. Мұнда 2015 жылдан бастап-ақ 25 мыңнан көп қол жинаған петицияларды президент қарауы керек. Басқа жағдайда жұмыс реті Қазақстанмен ұқсас: қол саны елді мекендегі халықтың санына қарай өзгереді. Егер елді мекенде 1 млн-нан көп адам тұрса, кем дегенде мың қол жинау керек. Украинаның петиция туралы заңында сонымен қатар петиция тақырыбы бойынша шектеулер бар, бірақ олар Қазақстанға қарағанда әлдеқайда аз. Петиция елдің аумақтық бүтіндігіне қауіп төндірмеуге, зорлық пен зұлымдықты насихаттамауға, адамдар бостандығы мен құқығын бұзбауға тиіс.

Қазақстандықтар 10 мыңдаған дауыстар жинаған петицияларды іске қосты. Мәселен, отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңды қабылдау петициясына 150 мың адам қол қойған. Тағы бір 172 мың адам Қ.Бишімбаевтың заңсыз алған мүлкін тәркілеу туралы петицияға қол қойған. Алайда, бұрын билік петицияға қол қойғандардың деректерін тексеру мүмкін болмағандықтан оны қараудан бас тартатын. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өзінің отставкаға кету туралы петициясына пікір білдіре келе қол қойғандардың көбі боттар деп мәлімдеді. Отбасылық зорлық-зомбылық туралы петиция да қабылданбады, себебі оны жаңа заң күшіне енгенге дейін жариялады.

Енді қазақстандықтардың жеке петицияларын көтеруге заңды құқығы бар. Себебі, жаппай акциялар мен пикеттер бойынша келісім алудың барлық қиындықтарына қарамастан петиция қоғамдық пікір білдірудің және билікке талап қоюдың тиімді жалғыз тәсілі болып табылады. Заңда «петиция» ұғымына анықтама беріледі, петиция беру мен қарау тәртібі бекітіледі. Құжатта петицияны Қазақстан азаматтары арнайы интернет-портал арқылы беру керектігі туралы айтылған. Уәкілетті орган белгіленген заңдағы шарттарға петицияның сәйкестігін анықтайды. Құжатқа сәйкес петиция басқару формасын, әкімшілік аумақ құрылымын және республика шекарасын өзгерту, әділ сот, амнистия, ұлттық қауіпсіздік бойынша берілмейді. «Тыйым салынған» тақырыптар тізімі «Референдум туралы» заңдағы, конституциялық және қылмыстық құқық негізінде қалыптасады. Соған байланысты бірқатар заң актілері, соның ішін де ҚР Әкімшілік рәсімшілдік-процессуалдық кодексіне (ӘРПК) өзгеріс енгізілді.

Петиция дегеніміз – мемлекеттік органға, жергілікті өкілетті және атқарушы органға электронды құжат түрінде беріліп, осы кодексте белгіленген тәртіпте қаралатын ұжымдық үндеу, пікір немесе ұсыныс. ӘРПК-де «Петиция» деген 12-1 жаңа тарау пайда болды. Сол тарауда петицияға 50 адамнан кем емес адам қол қойғанда уәкілетті орган 20 күн ішінде петиция жоғарыда айтылған шарттарға сәйкес келе ме деп тексереді. Егер петиция талаптарға сәйкес келмесе уәкілетті орган петицияны қайтарып, оны берген адамға немесе оның өкіліне мұны айтады. Егер петиция белгіленген талаптарға сәйкес келсе, онда ол интернет ресурста еркін түрде орналастырылады, оған Қазақстан азаматтары қосыла алады.

Азаматтардың петицияға жеке куәлігін алып, электронды қолтаңбаның көмегімен немесе жазбаша түрде интернет-ресурстар арқылы қосылуына болады. Петицияға құжат интернет-ресурсқа еркін қолжетімділікпен орналастырылған күннен бастап 6 ай ішінде қосылуға болады. Егер петиция қолдау таппаса, ол иесіне 6 ай ішінде қайтарылады. Ал, қолдауға ие болған петиция жергілікті уәкілетті органға жолданады. Бұл туралы сайтта жазылады. Петиция тіркелген күннен бастапқы уақыт ішінде қаралады. Орталық мемлекеттік орган 40 жұмыс күннен көп емес уақытта қарайды. Жергілікті атқарушы орган 20 күннен асырмай қарайды. Орталық мемлекеттік орган, сонымен қатар жергілікті өкілдікті және атқарушы орган петицияны қарау барысында мәселеге орай оқиға орнына қажеттілік болса баруына болады.

Орталық мемлекеттік орган петицияға келіп түскен түсініктемелерді, сондай-ақ петиция тақырыбы бойынша экономикалық, әлеуметтанушылық, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдауға міндетті. Егер петицияның мәні Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етсе, халықаралық тәжірибені зерделеу және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуі қажет.

ПЕТИЦИЯДА КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ

Елімізде маусымда Мәдениет және ақпарат министрлігіне ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға толық тыйым салу туралы өтініш келіп түскен. Бұл туралы пікір білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Конституция нормаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Қазақстан кемсітуге қарсы саясатты жүзеге асырады. Ол саясат негізінде қоғамда конституциялық кепілдік, жанжал тудырмау және толеранттылықтың сақталуын қамтамасыз ету міндеттелген. Қоғамдағы осындай маңызды петицияны талқылауға көптеген қазақстандықтар қатысып, көтерілген мәселелер бойынша пікірлер екіге жарылды.

«Жұмыс тобына қоғамның түрлі топтарының арасынан 45 адам кірді. Атап айтқанда, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, сарапшылар мен барлық мүдделі тараптар қатысты. Осылайша, қоғамның үлкен бөлігі мәселені талқылауға белсенді араласты. Жұмыс тобының екі отырысын және ауқымды сараптамалық талқылаулар өткізу кезінде өтініш бойынша келіп түскен ескертулер талданып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұлттық және халықаралық нормативтік құқықтық актілерге салыстырмалы талдау жасалды. Петицияда көтерілген мәселелерді реттеудің халықаралық тәжірибесі зерделенді. Жетекші ұлттық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және сарапшылармен кеңес өткізілді. Петиция тақырыбы бойынша халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар ұсынған пікірлер, ұсыныстар мен дәлелдер, зерттеу материалдары мен үндеулердің барлығы назарға алынды. Дегенмен, бұл жұмыс петиция бойынша түпкілікті шешім қабылдауға жеткіліксіз. Зерттеулер мен талқылаулар қазіргі уақытта бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды жалғастырып, мәселені жан-жақты зерттеп, оны реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу керектігін көрсетті. Бұл уақыт алады», – деді Аида Ғалымқызы.

Бүгінде аталған министрліктіктің ұстанымы – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан петицияны ішінара қолдау. Балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың өсуі аясында «Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды, оның ішінде дәстүрлі емес қатынастарды насихаттау мен культ жасаудан қорғау» талабы өзекті әрі қажет.

Қазіргі таңда петиция институты қай бағытта жылжып бара жатқаны анық көрінеді. Бір жағынан оны азаматтар үшін анағұрлым қолжетімсіз ету үшін рәсімдерді күрделендіру жұмыстары жүргізіледі. Екінші жағынан халықты қолдайтынын көрсету үшін Үкімет оны қолдануды жиілетеді. Алайда, түпнұсқа демократиялық институт құру туралы жақсы ниет жамандыққа ұласып кеткендей.

Петиция қоғамдағы өзгерістерге халықтың қарсылығын білдірудің мәдениетті түрі. Соңғы кездері ең бір өзекті деген мәселелер бойынша көпшіліктің үнін, ойын жеткізудің бір құралы ретінде оны пайдалану деңгейі артты. Мәселен, биыл 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түнде Қазақстанда уақыт бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты. Содан үш ай өткенде, яғни 7 маусымда уақытты қайта қалпына келтіру бойынша петиция беріліп, оған 50 мың адам қол қойды. Шілде айында петицияны бұқаралық талдау жүргізілді. Осы тамыз айында Сауда және интеграция министрлігі осы петицияға байланысты соңғы шешімін айтты. Олардың жауабында жаңа уақыт белдеуіне халықаралық ғылыми зерттеулер негізінде көшкеніміз, бұл уақыт адамдардың денсаулығына кері әсер етпейтіні дәлелдермен келтірілді.

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараты бойынша қазіргі таңда петиция берудің екі нұсқасы бар. Бірі – жоғарыда айтқан epetition.kz сайты арқылы электронды түрі болса, екіншісі әкімшілік органға барып беретін қағаз нұсқасы. Электронды түрдегі петиция 20 жұмыс күн ішінде қаралады. Бүгінде электронды петициялар қоғамдық саясат пен коммуникация құралы, азаматтарды сайлау аралық кезеңдегі қоғамдық саясатқа тартатын құралға айналды. Петиция арқылы белгілі бір мәселені шешуде қоғамдық пікірдің билікке әсер етуінің нәтижесі соншалықты маңызды емес, бастысы қоғамда диалог орнату, ортақ мәселе біріктірген азаматтар топтары арасындағы байланыс маңызды. Бұл саяси сауаттылықты және жалпы саяси белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Электронды петициялар жұмысының негізгі нәтижесі – белсенді, сауатты азаматтық қоғам құруға жәрдемдесу.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекетті халықтың басқаруы туралы әңгіме ешқашан болмайды да. Алайда, мемлекет халықтың пікіріне үнемі құлақ асуы керек. Мәселе, қоғаммен кері байланыс орнату бойынша туындайды. Бұған анағұрлым сауатты, дұрыс әрекет етсе қол жеткізуге болады. Сондықтан петиция да, сайлау да, әлеуметтік мәселелер де билікті қайта бөлуге бағытталмаған, қайта ол қазіргі биліктің күшін арттыра түседі.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here