Ғылымға бетбұрыс жасау – ардың ісі

0
1362

Ғылым – ұлттың рухани дүниетанымы мен көзқарасын қалыптастыратын азық. Кез келген мемлекеттің өркениеттік дамуын болжағыңыз келсе, сол елдің ғылыми әлеуетін таразылау қажет. Ғалымдар ел мен жерді дүниежүзінің елдеріне танытатын, әлемде қазақ атты ұлттың барын мойындататын ақыл-ойы ұшқыр жандар деп білеміз. Өйткені, олар өздерінің ғылыми жаңалықтары мен озық ойлы жобалары арқылы адамзаттың ғылыми-техникалық дамуын ілгерілете алады. Ғалым болу – екінің бірі жол тарта беретін емес, қасиетті де кедергілерге толы даңғыл жол.

Осы уақытқа дейін елімізде ғылым мен білімге мемлекеттік тұрғыда мейлінше назар аударылып келеді. Дегенмен, Президент өз мәлімдемесінде: «Ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр» деп, ғылымды жандандыруға деген ынтасын білдірді.

12 сәуір – Ғылым күніне орай ұйымдастырылған Президент төрағалығымен өткен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы ғылымды дамыту жолында жаңашылдыққа толы идеяларды айтып, нақты қадамдарға көшуге ірі тапсырмалар жүктеді.

Өткен жылы Президент Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына арналған сессияда Академияның мәртебесін көтеру, оған мемлекеттік мәртебе беру және бюджет есебінен қаржыландыруды ұсынған болатын. Ол қазіргі қоғамдағы мақтангершілік тұрғыда ғылыми атаққа ие болғысы келетін, алайда, бұл жолды келешекте жалғастырмай, мемлекет қаржысын шығынға ұшырататын азаматтарды сынға алғаны ақиқат. Сонымен бірге, ғылымға шынайы берілген азаматтарға ғана қолдау білдіретіндігін алға тартқан еді.

Міне, биыл да осы ұлттық кеңестің алқалы жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуы жолында Ғылым академиясына мол үміт пен сенім артты. Нәтижесінде, ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделеді деп сенім білдірді. Осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді оңтайландырады, болашақ күндерде Қазақ даласынан Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан бабаларымыздай нағыз ғалымдардың ізінен ерген жас өрендердің алға шығатынына үміт артты.

Бүгінгі жылдам заманауи өзгерістерге орай ғалымдардың рөлі арта бермекші. Мемлекет басшысы біздің ғалымдардың әлеуметтік жағынан болса да, қай тұрғыдан болса да жағдайын жасауға дайын екендігін жеткізді, тіпті бірнеше шешімдерді қабылдап, тапсырмалар да үлестірді. Енді осы талаптар мен бетбұрыстарды тиімді пайдаланып, біздің ғалымдар қауымы да адал іске белсенді кірісуі қажет. Президентіміз ғылыми жобаларды орындауда да адалдық танытуды өтінді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ғылымда тек ғылымға жанашыр, еңбекқор, ғылымға жан-тәнімен саналы ғұмырын арнауға дайын азаматтардың жүруін қолдайтынын айқын жеткізді.

Өз басымды Мемлекет басшысының бұл саланы дамытудағы бастамалары мен көтерген проблемалары көңілімді серпілтіп тастады. Тарих ғылымында да әлі күнге дейін пікір-таласты мәселелерді туғызатын тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың ақтаңдақ беттері жоқ емес. Бұл өзекті тақырыптарды зерттеп, ақиқатына ұмтылу, әрине, ғылымға деген ниеті мен ары таза ғалымдардың айналысар ісі. Біздің Қазақ елінің алға қарай нық басып, жаңа ел болып, халықаралық аренаға ғылыми тұрғыдан көрсете білу – тек таланттының қолынан келетін іс. Сол себепті де, шынайы ғалымдар салған қасиетті жолды қастерлеп, қадір-қасиетін тереңінен ұғына білгеніміз жөн. 

Ақнұр ОРАЛОВА,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының докторанты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here