Қазақтан шыққан тұңғыш агроном

0
2423

Кез келген қайраткерге баға бергенде, біз алдымен оның өскен ортасына, заманына және тәрбие алған идеялық арналарына назар аударып, өзіне дейінгілерге қарағанда қандай жаңалыққа ұмтылғанын ескеруіміз керек. XX ғасырдың басында бодандықтың бұғауындағы бейқам халықты өркениеттің өріне сүйреген көсемдердің көзге шалынар басты қасиеті – олардың қай-қайсысы болмасын жан-жақты, «сегіз қырлы, бір сырлы» болғандығы. Саяси күрескер, жалынды патриот, әрі ғалым, әрі киелі өнер иесі және өз мамандығының білгірі болуы – халқымыздың маңдайына біткен осы үркердей шоқ жұлдыздардың несібесі. Солардың бірі Сатылған Сабатаев туралы бірер сөз қозғасақ.

Сатылған Сабатаев – 1874 жылы 24 мамырда Жетісу облысына қарасты Верный уезіндегі Үлкен Алматы болысының жетінші ауылында дүниеге келген ұлт қайраткері, Алаш қозғалысына қатысушы, жоғары білімді агроном және тіл маманы.

Ата-анасынан ерте айырылған Сатылған Сабатаев 1895 жылы Верныйдағы ұлдар гимназиясына оқуға түседі. Гимназияда оның тілдерге қабілеті айқын көрініп, ол жерде грек, латын, неміс, француз, орыс тілдерін меңгереді. Гимназияны бітіргеннен кейін ол білім іздеп Ресейге аттанады. 1898 жылы Мәскеудегі Лазаревский атындағы шығыс тілдер институтын бітіріп шығады. 1915 жылы Петровско-Разумовский атындағы академияны аяқтайды. Сол жылдары Мәскеу университеті жанындағы жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойларының мәжілісіне қатысады. «Қазақтардың сот ісін жүргізуі», «Торғай облысы Қостанай уезі соты қазақтарының ақсақалдар және арағайындық соты» деген тақырыптарда баяндама жасап, жұрт назарына ілігеді. Ол Абайдың «Жаз», Міржақып Дулатовтың «Мұң» атты өлеңдерін қара сөзбен аударып, көрнекті шығыстанушы А.Н. Веселовскийдің құрметіне шығарылған «Әл-шархият» жинағына (Мәскеу, 1914) енгізеді.

1899 жылдан 1901 жылға дейін екі жыл Жетісу облысы Пішпек уездік басқармасының аудармашысы болып қызмет істейді. 1901 жылы Жаркентке ауысып, 1906 жылға дейін Жаркент уездік басқармасының аудармашысы болады. Қосымша Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінде еңбек етеді.

Сатылған Сабатаевтың мамандығы мен оның мүмкіндігін ескерген соң, сол кездегі Жетісу облыстық басшылығы 1906 жылы оны Егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасына қызметке ауыстырады. Екі жыл сол мекемеде жұмыс істейді. Ол 1907-1908 жылдары жаппай көші-қонның куәсі болады. Бұл мәселе қазақтарды жайылым жерсіз қалдырып қана қоймай, оларды өз жерінде азшылыққа, жалдамалы жұмысшыға айналдыру қаупін тудырғанын сезген Сатылған Сабатаев жер саласында болып жатқан процестерге әсер ету үшін кәсіби қызметін тоқтатып, арнайы білім алуды ұйғарады. Мәскеу ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1915 жылы бітіреді. Сөйтіп, ол қазақтан шыққан тұңғыш агроном және екі жоғары білімі бар санаулы қазақтың бірі болады. 1916-1917 жылдары Лепсі уезінің ауыл шаруашылығы мекемесінде қызмет атқарды.

Патша үкіметі құлағаннан кейін Сатылған Сабатаев Алаш қозғалысына белсене араласады. Ол ұлттың бұғаудан құтылуын армандап, сол сәттің туғанына сенеді. Сондықтан өзінің бар күш-жігерін Алашорда үкіметін құруға жұмсайды. Сатылған Сабатаевтың бұл еңбегі оның ел арасындағы беделін арттырады. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметіне мүше болып қабылданады.

Сатылған Сабатаев 1918 жылы қаңтарда Верный қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының екінші съезіне қатысады. Содан бастап автономия құру, милиция жасақтау жұмыстарымен айналысады. Дегенмен, олардың Верныйдағы іс-қимылынан қауіптенген қызылдар 1918 жылы 9 наурызда О. Әлжанов, Ы. Жайнақов, С. Сабатаев сияқты Алаш қайраткерлерін тұтқынға алады.

Алаш қозғалысының қайраткері Мырзахан Төлебаев 1918 жылы 26 наурыз күні Верныйда өткен Жетісу мұсылман солдаттары мен жұмысшыларының жиналысында большевиктердің тұтқынындағы жергілікті Алашорда қайраткерлері – О. Әлжанов, Ы. Жайнақов пен С. Сабатаевты сотқа дейін облыстық мұсылман ұйымдарының кепілдігімен босату жөнінде сөз сөйлеген. Содан Сатылған Сабатаев 17 сәуірде түрмеден босатылып, Семейге кетеді. Семейге барған соң тағы да Алаш үкіметінің жұмыстарын атқарады.

1918 жылы 10-31 тамыз күндері Алашорданың Лепсі уезінде Жетісу облысы қазақтарының съезі өтеді. Съезде Сатылған Сабатаев облыстық комитеттің мүшесі болып сайланады. Семейде бірінші Алаш әскери полкын жасақтау ісіне қатысады. Сол жылы 1 қарашада Алашорда кеңесі Сібір үкіметінен оның ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болуына рұқсат алады.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сатылған Сабатаев Қарқаралыда өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүреді. «1921 жылдың көктемінде Қарқаралы алдымен қызылдар, содан кейін ақтар, артынан қарулы бандылардың қолында болғанда, ол қаланы тастап кетеді. Бұл 1921 жылы 15 сәуірде Қарқаралы ауданының Ботақара деген жерінде болған. Оны далада Қытайға қарай кетіп бара жатқан ақтарды қуған қызыл әскер күтіп алды. Одан жауап алынады. Сатылған Сабатаев заңға сәйкес жауап алуды талап еткені үшін сол жерде өлтірілді. Алаш қайраткері небәрі 47 жаста дүниеден өтті. Бүгінде оның нақты жерленген жері жоқ. Болжам айтуға негіз бола алатын үш географиялық аймақ бар. Олар: Ботақара баурайындағы қазақ даласы, Ботақараның өзі және Қарқаралыдағы мұсылман зираты. Соңғы нұсқасы өзге нұсқаларға қарағанда шындыққа жанасады. Өйткені, Сатылған Сабатаев Қарқаралы аудандық атқару комитетінің мемлекеттік қызметкері болған. Оның үстіне Қарқаралыда отбасы болуы да мүмкін. Әйелінің аты Таңым (Таня). Ұлт қайраткерінің артынан ұрпақ қалмаған сияқты», – деп жазады белгілі зерттеуші, музейтанушы Марат Әбдеш өзінің «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында.

Қорыта келгенде, өткеннің тәжірибесін бойға дарыту, озық өнегелі рухани мұраны жалғастыру арқылы ұрпақтар сабақтастығының тарихи үрдісі жүріп отырады. Мұндай үрдіссіз қоғамның өркениетті елдер деңгейіне жетуі мүмкін емес.

Әрине, өскелең ұрпақтың тарихты ұмытпай, одан сабақ алғаны керек. Себебі, тарихтың өткенінен тәлім алу, шындықты танып білу жаңа қателіктерден, тарихтың соқпағында адасудан сақтандырады. Ол тарихтың өткені, бүгіні және болашағымен тікелей байланысты.

Фарида РАШИТ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
«Филология және әлем тілдері» факультетінің
1-курс студенті

Ғылыми жетекші –
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here