Жаңа тұжырымдама ауыл шаруашылығындағы ахуалды жақсарта ала ма?

0
4758
Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені саласында 2030 жылға дейін 1,7 мыңнан астам жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы (UNECE) жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) ауыл шаруашылығының үлесі бойынша Қазақстанның әлем елдері арасында 15-орында тұрғанын жариялады. Әрине, бұл тәуір көрсеткіш. Алайда, жер көлемі бізден 94 есе кішкентай Албанияның өзі 21,3 пайыз көрсеткішпен алдымызға шыққаны ойландырмай қоймайды. ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі бойынша ала шапанды өзбектер де, қаба сақалды тәжіктер де, айыр қалпақты қырғыздар да бізден оқ бойы озық тұр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін отандық ауыл шаруашылығының бүгінгі ахуалына, осы саладағы түйіткілдің түйінін тарқатуға бағытталған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына тоқталады.

ҚАЗАҚ
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНАН
ҚОЛ ҮЗІП
ҚАЛМАДЫ МА?

Әрине, түп-тамыры ауылдан бастау алатын қазақ үшін мұндай сұрақтың қойылуының өзі көп жайды аңғартады. Осы тұста әрбір қазақты алаңдатуы тиіс көкейтесті сұраққа нақты жауап беруден аулақпыз. Сондықтан ауыл мен ауыл шаруашылығына қатысты статистиканы ғана келтірейік. Сөйтіп, сұрақтың жауабын оқырманның өз еншісіне қалдырдық.

Мәймөңкелемей ашығын айтсақ, бұрынғы мен бүгінгі статистика арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Айталық, 1990 жылы Қазақстан халқының 42,6 пайызы ауылдағы ағайындар болса, қазір бұл көрсеткіш 38,2 пайызды құрайды. Осыдан 32 жыл бұрын ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 34 пайыздан асса, соңғы жылдары оның үлесі 6 пайызға да жетпейді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 5,4 пайызды көрсетті. Қазақтың ата кәсібі саналатын мал шаруашылығындағы сандарды да сөйлетейік. Сүреңсіз статистиканы көргенде, еріксіз ерін тістеуге тура келеді. Тоқсаныншы жылдардың басында елімізде тек қой мен ешкінің саны 35,6 млн басты құраса, қазір олардың саны 21 млн бастан аспайды. Сонда айналдырған 32 жылда ауылдағы халық саны 4,4 пайызға, ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 28,6 пайызға, қой мен ешкі 14,7 млн басқа азайды. Расында, ауыл мен қазақ ажырамастай егіз ұғымға айналған еліміз үшін бұл сұмдық статистика.

Жоғарыдағы UNECE мәліметіне қысқаша тоқталайық. Негізі 76 жыл бұрын қаланған ұйым 46 елдегі ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесін жариялады. Барыс жылы бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан көш бастады. Алғашқы ондықтан Тәжікстан, Албания, Қырғызстан, Украина, Армения, Молдова, Солтүстік Македония, Сербия мен Черногория көрінді. Қазақстан 15-орынға жайғасты. Ал, 2020 жылы 11-орында тұрғанымызды ескерсек, бұл көңіл көншітерлік нәтиже емес. Оның үстіне бірінші орында тұрған Өзбекстан мен он бесінші орында тұрған Қазақстан арасында 20,7 пайыз айырмашылық бар.

Иә, тәтті өтіріктен ащы шындық артық. Сондықтан «ауруын жасырған арам өлетінін» ескеріп, ауыл шаруашылығындағы мұндай алаңдатарлық ахуал ашық айтылып, тығырықтан шығудың тиімді жолы қарастырылмаса болмайды.

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені саласында 2030 жылға дейін 1,7 мыңнан астам жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

ШАРУАЛАРДЫҢ
МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРГЕН ПРЕЗИДЕНТ
ҮКІМЕТКЕ ҚАНДАЙ
ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕДІ?

Әлбетте, Жаңа Қазақстанда ауыл шаруашылығына жауапты шенділер де қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұрын жабулы қазан күйінде қалып келген шаруашылықтағы шикіліктер де ашық айтыла бастады. Бұған дейін ауыл шаруашылығына бөлінген қыруар қаржының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткенін де атқамінерлер мойындады. Енді бұрын кеткен кемшіліктерді болдырмау бағытында жұмыстар атқарылуы керек.

Сәуір айының соңында өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Президенттің өзі субсидияға қолы жетпей жүрген қарапайым шаруалардың мәселесін көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет ақшасы талан-таражға түспей, тиімді жұмсалуға тиіс әрі күрделі салаға жауаптылар оны мұқият қадағалауға міндетті.

«Мысалға 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия аламын деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал, қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйіткілді шеше алмай тұр. Әрине, біраз жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек», – деп Үкіметке тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет осындай мәселелерді шешумен жүйелі түрде айналысуға міндетті екенін еске салған Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау мен өткізудің заманауи инфрақұрылымын құруды, өнімнің алқаптан тұтынушыға жеткенге дейінгі жұмыстарды қатаң бақылауды тапсырды. Себебі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұтынушыға делдалсыз жетуі тауар өндірушілер үшін де тиімді.

ЖАҢА
ТҰЖЫРЫМДАМА
ЕЛІМІЗДІҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК
ҚАУІПСІЗДІГІН
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛА МА?

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін екі есе арттыруды, отандық өнімдердің экспортын үш есе ұлғайтуды, барлық азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуді кемінде 90 пайызға жеткізуді, саланың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін орта есеппен 2,5 есе көбейтуді көздейді.

Жаңа тұжырымдама аясында тұқым сатып алуды субсидиялау және тұқым шаруашылықтарын жаңғырту есебінен бидай өнімділігі бір гектарға 20 центнерге дейін арттырылады, суармалы жерлер аумағы 3 млн гектарға, минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейі 40 пайызға жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Сол мақсатта жеңілдетілген лизинг қарастырылады, қолжетімді мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Ғылымның көмегінсіз ауыл шаруашылығы дами алмайтынын уақыт көрсетті. Ғылымға басымдық берген өркениетті елдер қазір ауыл шаруашылығы ғылымы кенжелеп қалған елдерге қарағанда өнімді еселеп алып отырғаны ақиқат. Сондықтан Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында ғылымға да басымдық беріледі. Айталық, жас ғалымдар үшін сала бойынша гранттық қаржыландыру енгізіледі. Соның арқасында аграрлық ғылыми әзірлемелердің үлесі 25,5 пайызға артып, 40 пайызды құрайды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қолға алынған жер ресурстарын басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерінің бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу, пайдаланылмайтын жерлерді анықтау әрі айналымға енгізу, бұл бағыттағы жұмыстардың бәрін автоматтандыру шаралары жалғаса береді.

2030 жылға дейін ішкі нарықты 90 пайызға азық-түлікпен қамтамасыз ету – жаңа тұжырымдамаға жүктелген басты міндет. Тұжырымдаманың соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе, бұл мақсатқа жету қиындық тудырмайды. Себебі, қазірдің өзінде еліміз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін елдердің отыздығына енуге бір табан жақын қалды. Былтыр алғаш рет посткеңестік кеңістегі елдерді артқа тастап, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде 113 елдің арасында 32-орынды иелендік. 2012 жылдан бері «Economist Intelligence Unit» британ зерттеу компаниясы жыл сайын жариялайтын «Global Food Security Index» рейтингінде еліміздің бір жылда бес сатыға көтерілуі жақсылықтың нышаны. Салыстырсақ, аталған рейтингте Ресей 43-орында, Беларусь 55-орында, Әзербайжан 66-орында, Украина 71-орында, Өзбекстан 73-орында тұр.

Алдағы жеті жылда Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында жоғарыдағыдай белгіленген нәтижелерге қол жеткізу көзделеді. Оны қатаң қадағалайтынын Президенттің өзі де анық байқатты. Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев 2,5 жыл бұрынғы Жолдауында Үкіметке жүктеген тапсырманың толық орындалмағанын баса айтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 65 жобаның іс жүзінде 31-і ғана, ет бағытындағы 7 құс фабрикасының тек 3-еуі ғана іске қосылғанын мысалға келтірді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылатынын, бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған мәселелердің шаш етектен екенін тілге тиек етті. Президент сөзінің жаны бар. Неге десеңіз, жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі бойынша жер көлемі жағынан біздің бір ауданмен пара-пар алақандай Арменияның алдымызды орап кеткені, азаттық алған отыз жылдан астам уақытта азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізбей, ауыл шаруашылығын мемлекетті дамытатын салаға айналдыра алмағанымыз «ауылым – алтын бесігім» дейтін қазақты ойландырса керек. Әрине, ештен кеш жақсы. Енді Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы мен Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы ауыл шаруашылығын қайта жандандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бұған дейін орын алған олқылықтардың орнын толтыруға жол ашуы тиіс.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here