Өнері асқан аспанға,
Білімі тасқан әлемге,
Қанша ғасыр өтсе де
Аңыз болған еліне –
Әл Фараби атаңның,
Атағы кеткен жаһанға!
Сендер соның ұрпағы, – дей отырып, жастарға бағыштап аз-кем тілеулестік жазбамды жолдап отырмын.
Қай заманда да, қай дәуірде де, қай ғасырда да қоғамның қозғаушы күші негізінен жастар болған, бола да бермек. Кез келген мемлекет бүкіл болашағын өз жастарымен байланыстыратыны сөзсіз. Жастарсыз мемлекеттің қалыптасуы да, дамуы да мүмкін емес. Тіпті, ата-бабаларымыздың өзі болашақ ұрпағы мен оның тәуелсіздігі үшін ақтық демдері қалғанша күресіп, осынау ұлан-ғайыр дала мен жер байлығын аманаттап кетті емес пе. Елдің ертеңгі сенімі де, жарқын болашағы да ақыл-парасаты жоғары, сауатты жастардың қолында ғана емес, мойнында екендігін де дәл көрсетіп берді.
Міржақып Дулатов: «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», деп айтқанындай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз әр алуан жаңа бастамаларымен Қазақстанның атын әлемге паш етуде. Әсіресе, тәуелсіздік алған тұстан бергі өткенге ой жүгіртсек, саралап қарасақ, еліміз ғаламат өзгерді. Қалаларымыз заманауи үлгіде әрленген үстіне әрленіп, ғажайып ғимараттар (мектеп, аурухана, балабақша, т.б.) бой көтерді. Қазақ даласында мұндай алапат өзгерістер бұрын-соңды болмаған. Барлық істе жастарымыз жұдырықтай топтасып, ұлттық бірлігімізді нығайтқан үстіне нығайта түсуде! «Тәубе!» делік!
Десек те, соңғы уақытта әлемді билеген ғаламтордың әсері ме, жастарымыз аздап жалқаулана бастаған сыңайлы. Соған орай жастарға:
Абылай хандай айбатты,
Кенен хандай қайратты,
Жәңгір хандай арынды,
Солардың қаны бойыңнан
Жойылып мұз боп кеткен бе?! – дегім келеді. Өскелең ұрпақтың жасық болмай, бабаларымыз секілді рухты болғаны, қайратты болғаны әр қазақ үшін маңызды. Немесе:
Дүниенің тетігі
Еңбек пенен білімде.
Жастарға айтар тілегім
Еңбектеніп, тер төгіп,
Білім алып, жол тауып,
Шарасыз қалған халқыңды
Алып шықшы жөн тауып! – деп, осынау ел басына күн туған қиын, қысылтаң шақтарда жастардың ақылы аса қажеттігін және надандықтың емі – білім, тәкаппарлықтың емі – имандылық екенін баса айтқым келеді. Әйтсе де, жастарымызға мына жаһандану, ғаламдану үрдісінде жойылып кетпей – ұлымызға рухты, қызымызға ғұрыпты болайық деп сөзімді қайырайын.
Нағытай КІШКЕНОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты