Мемлекет учаскелік полиция инспекторының беделін қалай көтереді?

0
4123
Қазақстанның әр аймағында «Жұртқа жақын полиция» қағидатымен жаңа учаскелік полиция пункттері ашылып жатыр

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елдің ішкi iстер органдарында 6,5 мыңға жуық учаскелік полиция инспекторы еңбек етеді. Алайда, белгіленген нормативтер бойынша бір учаскелік полиция инспекторы қалаларда 2 300 тұрғынға, ауылдық жерлерде 1 800 тұрғынға қызмет көрсетуі тиіс. Демек, осы талапқа сай келу үшін елімізге тағы 3 мыңнан астам учаскелік полиция инспекторы керек. Сондықтан қазір олар шамадан тыс көп тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр. Ал, кадр тапшылығы олардың жұмыс сапасына да кері әсер етеді. Осы мәселелерді басшылыққа алған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев учаскелік полиция инспекторларының қызметін реформалау және құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы олардың өкілеттіктерін кеңейту жөнінде тапсырма берді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанына тоқталады.

Жыл басында учаскелік инспектордың жалақысы – 30 пайызға, ал көмекшісінің жалақысы – 7 пайызға артты

УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР ӨЗ БЕДЕЛІН
ӨЗІ ҒАНА КӨТЕРЕДІ

Түрлі қылмыстың алдын алып, қоғам тыныштығын сақтау учаскелік полиция инспекторларына жүктелген зор міндет. Өйткені, олар құқық қорғау құрылымдарының басқа қызметкерлеріне қарағанда халықпен жиі байланысқа түседі. Олар – жергілікті тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты жандар. Тіпті, кейбір ауылдарда құқық қорғау органдарының жалғыз өкілі.

Осы тұста бұл жұмыстың ауырлығын да айта кеткен жөн. Ал, жүйеленбеген жұмыс күнінде қатерге басын тігіп, аз жалақыға кім жүйкесін жұқартқысы келеді? Демек, бұл қызметке құмартып келетіндердің аз болуы сондықтан. Соның салдарынан аталған сала кадр тапшылығына тап болып отыр. Оған жоғарыдағы көңіл көншітпейтін статистика дәлел.

Енді қайтпек керек? Қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Содан учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыру мәселесін осыдан екі жыл бұрын Президенттің өзі көтерді. Айталық, Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында учаскелік полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейтумен қатар, оларға тиісті жағдай жасауды да тапсырды.

«Елімізде «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Араға екі ай салып Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осы тақырыпты қайта қозғады.

«Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қастарынан табылуы қажет. Отандастарымыздың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзінің жаны бар. Өйткені, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне заң аясында барлық жағдай жасалғанымен, учаскелік инспектор өз беделін өзі ғана көтеретінін ешқашан жадынан шығармауға тиіс.

ТҰРҒЫНДАР ТЫНЫШТЫҒЫНА
ЖАУАПТЫ ЖАНДАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІН
КӨТЕРЕТІН ЖАҢА РЕФОРМА

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдың жазында осы қызметтің жұмысын реттейтін заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлар өздеріне сеніп тапсырылған аумақтарда құқық бұзушылықтар жасауға ықпал етуі мүмкін себептер мен жағдайлар анықталған болса, оларды жою бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы өз бетінше ұсыныстар беруге құқылы. Яғни, енді олар орын алған жағдай бойынша басшылықтың бұрыштамасын алу үшін бұрынғыдай полиция бөлімшелеріне барып уақыт жоғалтпайды. Демек, олар бюрократиялық рәсімдерге бас қатырмай, тікелей міндеттерін орындау үшін өз учаскелерінде алаңсыз жұмыс істей алады. Сонымен қатар, оларға темекі өнімдерін сату және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде бейуақытта жүргені үшін әкімшілік санкциялар салу құқығы берілді.

Тағы бір жағымды жаңалық. Енді учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жеңілдету үшін қастарына көмекшілер беріледі. Мұндай қызметкерлерді қабылдау шарасы өткен жылы басталып кетті. Мәселен, Ақмола облысында Заң қолданысқа енгізілген уақыттан бастап бір жарым ай ішінде елуден астам көмекші жұмысқа алынған екен.

ҚР Ішкі істер министрлігі аталған полиция бөлімшелері жұмысының тиімділігін және олардың қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға бағытталған басқа да ұсыныстар дайындады. Мәселен, учаскелік полиция қызметкері лауазымында қызмет етудің ең төменгі мерзімін – бес жыл деп белгілеу ұсынылды. Өйткені, өз учаскесін және оның тұрғындарын жақсы білетін, осы аумақта тұратын азаматтар сенетін тәжірибелі қызметкер ғана олардың қауіпсіздік мәселелерін тиімді шеше алады.

Әрине, учаскелік полиция қызметкерінің мәртебесін көтеру тұрғысынан алғанда материалдық ынталандыру, яғни жалақыны көтеру, әлеуметтік пакетті кеңейту артықтық етпейді. Жыл басында учаскелік инспектордың жалақысы 30 пайызға, ал көмекшілерінің жалақысы 7 пайызға өсті. Соңғы екі жыл ішінде олар жалдамалы пәтерлерде тұратын болса, өтемақы төлеу сынды жеңілдіктерді пайдалана алады. Енді бұл қағида олардың көмекшілеріне де қолданылмақ.

Полиция бөлімшелерінің жұмыс жағдайын жақсарту бойынша шаралар да қабылданды. Елдің қалалары мен ауылдарында учаскелік полиция пункттері салынып жатыр. Сала мамандарына арналған қызметтік тұрғын үйлер іргелес орналасқан. Осылайша, талай дүниенің түйіні шешіледі. Біріншіден, күн тәртібінен тұрғын үй мәселесі алынады. Екіншіден, учаскелік полиция қызметкері тұрғындарға әрдайым қолжетімді болады. Үшіншіден, тәртіп сақшылары жұмыс пен үй арасында жолға кететін уақыт пен ақшаны үнемдейді.

Үлкен қалаларда, әсіресе мегаполистерде жергілікті билікпен және құрылыс салушылармен бірлесіп, тұрғындар саны екі мың және одан да көп әрбір жаңа тұрғын үй кешеніндегі үйлердің бірінің бірінші қабатында учаскелік полиция пунктін орналастыруға болатын үй-жай бөлінуі туралы мәселе пысықталып жатыр. Көп қабатты үйлердің астында көбіне дүкендер, сұлулық салондары, пошта бөлімшелері орналасады. Алайда, жаңа қоныстанушылардың, олардың балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болса керек. Сондықтан кейбір жерлерде қазірдің өзінде мұндай пунктер ашыла бастады.

УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР
БОЙЫНША ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

ҚР ІІМ учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру ережелерін әзірледі. Құжат бойынша лауазымға тағайындалған сәттен бастап бір ай ішінде учаскелік инспектор өзінің әкімшілік учаскесін (пәтерлер мен аулаларды) аралап, алынған ақпаратты әкімшілік учаскенің электрондық паспортына енгізуі тиіс.

Учаскелік инспекторлардың азаматтарды қабылдауы учаскелік полиция пунктінде сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін жүзеге асырылып, жұмыс күні ішінде азаматтарды онлайн-қабылдауды өткізуге міндеттеледі.

Учаскелік полиция инспекторы мен оның көмекшісінің жұмыс уақытының ұзақтығы ҚР Ішкі істер органдарында қызмет өткеру туралы ережеге сәйкес белгіленеді, бірақ еңбек заңнамасында белгіленген сегіз сағаттан аспайды.

Қажет болған жағдайда олар белгіленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері қызметтік міндеттерін орындауға тартылуы мүмкін.

Учаскелік полиция инспекторының міндетіне мыналар кіреді:

  • Рецидивті, тұрмыстық, алкоголь қылмысы сияқты құқық бұзушылықтарының алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау;
  • ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған адамдарға қатысты құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы;
  • сеніп тапсырылған әкімшілік учаскеде оның ерекшеліктерімен танысу, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату, азаматтарға көмек көрсету және құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу арқылы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету;
  • заңнамада белгіленген құзыреті шегінде әкімшілік іс жүргізу;
  • денсаулық сақтау органдарына, ұйымдар мен кәсіпорындарға сұраулар салу;
  • әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргізу барысында сараптама тағайындау туралы қаулы шығару;
  • полицияның кешенді күштерінің нарядтарымен өзара әрекеттестік жасау. Қажет болған жағдайда ол олармен аулаларды, үйлердің кіреберістерін, сондай-ақ қоғамда жат қылық жасайтын адамдар жүруі мүмкін басқа да жерлерді аралайды.

Бұдан бөлек, учаскелік инспектор:

  • құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды белгілеп, оларды жоюға бағытталған шараларды қабылдайды;
  • жеке және заңды тұлғаларға құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар, ұсыныстар енгізеді;
  • тұлғалардың алкогольдік ішімдіктерді тұтынуына сараптама жүргізеді;
  • азаматтық қару иелерінің өздеріне тиесілі қару мен оның патрондарын сақтау жөніндегі белгіленген талаптарды сақтауын бақылау мәселесі бойынша азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі бөлімшемен өзара іс-қимыл жасайды;
  • жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу кезеңінде полиция органдары жүргізген тексерістерді қоспағанда, жеке пайдаланымында атыс қаруы бар жеке адамдарды тұрғылықты орны бойынша жылына бір рет, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлінісінің қызметкерінің тапсырмасы бойынша қаруды сатып алуға, сақтауға және алып жүруге рұқсатты алуға үміткер адамдарға тексерісті жүзеге асырады;
  • ІІО қызметкерлерінің қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактілерін және іс-әрекеттерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдаланады;
  • жергілікті халықты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуға тартады;
  • тұрғындарға әкімшілік учаскедегі құқықтық тәртіптің жай-күйін хабарлап, оның қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру мақсатында кемінде үш айда бір рет халықпен есептік кездесулер және басқа да бірқатар іс-шаралар өткізеді.

Учаскелік инспектор жұмысының нәтижелері төменгі үш критерий бойынша бағаланады:

  • халықтың сенім деңгейі (халықпен есептік кездесудің қорытындысы бойынша бағалау, азаматтардың өтініштерін қарау);
  • қауіпсіздік (құқық бұзушылықтардың, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында профилактикалық есепте тұрған адамдардың жасаған құқық бұзушылықтарының динамикасы);
  • жұмыс тиімділігі (қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау).

Учаскелік инспектор қызметінде ұзақ уақыт (бес жұмыс күнінен астам) болмаған кезде (бос орын, демалыс, науқастану, іссапар) оның учаскесіне қалалық, аудандық орган бастығының (оның міндетін атқарушы адамның) бұйрығына сәйкес іргелес әкімшілік учаскенің учаскелік инспекторы қызмет көрсететіні белгіленген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекеттік органдар қабылдаған осы және басқа да шаралар өз жемісін береді деп үміттенеміз. Бірақ, мұнда көп нәрсе өзімізге – азаматтарға да тікелей байланысты. Учаскелік инспекторлардан өздеріне жүктелген міндеттердің орындалуын талап етуден бұрын «басы ауырмастың қасында, балтырың сыздамасын» демей, полиция қызметкерлерін олардың көмегі керек кезде ғана іздемей, олармен бірлесе қарекет етуіміз керек. Осылайша, учаскелік полиция инспекторы мен тұрғындар арасында кері байланыс орнағанда ғана жұмыс жемісті болады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here