Өзбекстан мемлекеті тәуелсіздікті өзімізбен қатар алды. Тарихи бастауымыз да етене жақын. Бұған тілдің, тарихтың, мәдениеттің, дәстүрлер мен менталитеттің ұқсастығы және Өзбекстан жерінде Сейітқұл әулие, Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, т.б. жерленген ата-бабаларымыз да кепіл.
Үстіміздегі жылдың 16-18 мамыр күндері Әйтеке би бабамыздың 380 жылдық мерейтойы бабамызға топырақ бұйырған киелі өлке Өзбекстан Республикасының Навои облысына қарасты Нұрата ауданында кеңінен аталып өтті.
Әйтеке би халқымыздың бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ, қарақалпақ жұрты «Синесоф буа» («жаны пәк жан») атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы боп келеді.
Сонымен, 15 мамыр күні Ақтөбе қаласынан жиырма адам тойға баруға жолға шықтық. Пойызбен Шымкент қаласына келіп, жеңіл көлікпен шекараға жеттік. Ташкентке жетіп, таңғы асымызды ішіп, Самарқан қаласы арқылы Сырдария (Гүлстан), Жизақ, Самарқан облыстары арқылы Навои облысының үстінен өтіп, кешкісін сағат алтыдан өте Навои қаласына келдік. Жолай Жалаңтөс батырдың бейтінің басына арнайы тоқтап, Құран бағыштап, зиярат жасадық. Содан Навои қаласындағы «Hobiz» қонақүйіне аялдадық.
Ербол Еркебай ініміз бастаған «Сейітқұл әулие, Әйтеке би» қоғамдық қоры алыстан келген қонақтарға осы қаладағы «Ақсарай» мейрамханасында қонақасы берді.
Жалпы, Навои облысы бойынша 60 қазақ мектебі, педагогикалық институтында қазақ тілінде 10 факультет, облыс бойынша 3 қазақ газеттері бар екен.
Таңертеңгісін Нұрата қаласында орналасқан Сейітқұл әулие және Әйтеке би махпарасына (бейіт) барып Құран бағыштап, мешітін, музейін көрсетті. Аталмыш шараның құрметті қонағы болуға шақырылған Ақтөбе облысының ардагер ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары да бабамызға тағзым етті.
Түскі асты Навои қалалық әкімшілігі ұйымдастырыпты. 500-дей адам жиналған. Сол күні қалалық «Фархад» мәдениет сарайында екі елдің өнер жұлдыздарының қатысуымен «Достық сазы» атты ән кеші өтті. Концертке Қызылорда облыстық филармониясының әртістері, әншілер Наркенже Серікбаева мен Ернар Айдар қатысты. Кешкілік қонағасын өзбек ағайындар ұйымдастырып, дайындапты.
Әйтеке би кешенінде өткен осынау халықаралық мәдени шараға Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Бакирұлы Атамқұлов бастаған делегация мүшелері, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Навои облысының әкімі, Нұрата ауданының әкімі, «Төле би», «Қазыбек би», «Жалаңтөс батыр» қоғамдық қорларының төрағалары, Түркістан облыстық «Өзбек» қоғамдық қорының төрағасы және басқа аймақтардан келген қонақтар қатысты.
Бір сөзбен айтқанда, баба рухының разылығына берілген Ас ұйымшылдықпен өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қарақалпақстан мен Өзбекстанда тұратын қазақтардың лек-легімен келуі ұлтымыздың ынтымағы мен бірлігінің, бабаға деген шынайы ыстық ықыласын танытып, халқымыздың «халқымнан айналайын» деген бір ауыз жылы сөзінің қадір-қасиеті мен мән-мағынасының соншалықты терең екендігін тағы бір рет ұғындырды.
Айтулы шараның жоғары деңгейде өтуіне достық қолын созып, зор үлесін қосқан Навои облыстық әкімшілігіне және бауырлас өзбек халқына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Еліміз, халқымыз, жұртымыз аман болсын, екі бауырлас халықтың достығы мен ынтымағы нығайып, арта берсін!
Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Ақтөбе қалалық Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің оқытушысы,
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ақтөбе облысының бас биі