Қазақстан мен Корея архивистері арасында ынтымақтастық орнатылды

0
1095

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде «Ашық қоғамға – ашық архив» атты архившілердің халықаралық Конгресі аясында Қазақстандағы корей халқы өкілдерінің тарихын сипаттайтын архивтік деректер негізінде ұйымдастырылған құжаттар көрмесі өтті.

Биыл Сталин мен Молотов қол қойған «Қиыр Шығыстың шекаралық аймақтарынан корейлік тұрғындарды көшіру туралы» 1937 жылдың 21 тамызында шыққан қаулысының негізінде корей халқы өкілдерінің Қазақстан аумағына күштеп көшіріліп келгендеріне 85 жыл толып отыр.

Бүгінгі көрменің экспозициялары осы тарихи оқиғаны жан-жақты ашып көрсету мақсатында  ұйымдастырылды. Атап айтқанда, көрмеге қойылған түпнұсқалық архив құжаттарында күштеп көшіріліп әкелінген корейліктерді бұрынғы Қызыл-Орда, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналастыру, ондағы корейліктердің төмен тұрғыдағы тұрмыстық жағдайы, Корей музыкалық драма театрының тарихы, корейлік жазушылардың өмірі мен шығармашылық қызметі және т. б. тарих беттері көрініс тапқан.

Құжаттар көрмесіне Корей Республикасының Ұлттық архивінің өкілдері қатысты. Корей архившілері назарларына ұсынылған тарихи деректермен танысып, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Кездесу барысында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай екі елдің бас архивтері арасында өзара ынтымақтастық келісімін орнатуға шақырды. Болашақта қазақстандық және корейлік архившілерінің арасында шығармашылық қатынасты орнатып, Қазақстандағы корей диаспорасының тарихын жан-жақты зерттеуге, сонымен қатар архив ісін дамыту саласы бойынша да іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде әңгіме қозғалды.

Сонымен қатар осы құжаттар көрмесіне Корея Республикасының азаматы, КИМЭП университетінің магистранты Джон Мин У келіп, тарихи деректермен танысып, болашақта өз елін қазақ халқының тарихы және мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтатынын білдірді.

Сондай-ақ аталмыш құжаттар көрмесіне «Ашық қоғамға – ашық архив» атты архившілердің халықаралық Конгресіне Польша, Иордания, Өзбекстан және т. б. мемлекеттерден келген қонақтар да қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here