Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері қайта тексеріледі

0
1126

Халықаралық антидопинг  агенттігі (WADA) 2016 жылғы Олимпиада (5-21 тамыз, Рио-де-Жанейро, Бразилия) чемпиондары мен жүлдегерлерінің мұздатылған допинг-сынамалары қайта тексере бастағанын ресми түрде жариялады.

ЖЕТІ СПОРТШЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ТЕКСЕРІЛЕДІ

«Диагностиканың» бірінші кезеңінің «құрбандары» халықаралық аренада өнер көрсетуді жалғастырып жатқан спортшылар болады. Бұл олардың Париждегі Олимпиадаға қатысуына жол бермеу үшін қажет. Өйткені, қайта тексеруді талдау арқылы таза спортшылар анықталады.

Қазір Қазақстанда шілдеге дейін қайта тексерілетін барлығы жеті спортшы бар. Екі боксшы, екі палуан, екі ауыр атлет және бір дзюдошының мұздатылған допинг-сынамалары қайта тексеріле бастайды. Оның ішінде Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов те қайта тексеріледі.

Қазіргі спортшылар:

  • Данияр Елеусінов (бокс) – алтын медаль;
  • Елдос Сметов (дзюдо) – күміс медаль;
  • Карина Горичева (ауыр атлетика) – қола медаль;
  • Денис Ұланов (ауыр атлетика) – қола медаль;
  • Эльмира Сыздықова (күрес) – қола медаль;
  • Екатерина Ларионова (күрес) – қола медаль;
  • Иван Дычко (бокс) – қола медаль.

ЕКІНШІ КЕЗЕҢДЕ
ОН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТШЫНЫҢ
НӘТИЖЕСІ ҚАРАЛАДЫ

 Осыдан кейін Халықаралық антидопинг агенттігі мұздатылған допинг-сынамаларын қайта тексерудің екінші кезеңіне үлкен спортта мансабын аяқтаған спортшылар  жатады. Сегіз жыл бұрын Бразилияда жетістікке жеткен 10 қазақстандық спортшы саналады. Оның ішінде Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де бар. Одан бөлек, бұл тізімде күміс жүлдегерлер Жазира Жаппарқұл, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Гүзел Манюрова, Отгонцэцэг Галбадрах және қола жүлдегерлер Фархад Харки, Ольга Рыпакова, Александр Зайчиков, Дариға Шәкімованың да нәтижесі қайта қаралады.

Мансабын аяқтаған спортшылар:

  • Дмитрий Баландин (жүзу) – алтын медаль;
  • Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика) – күміс медаль;
  • Василий Левит (бокс) – күміс медаль;
  • Әділбек Ниязымбетов (бокс) – күміс медаль;
  • Гүзел Манюрова (күрес) – күміс медаль;
  • Отгонцэцэг Галбадрах (дзюдо) – қола медаль;
  • Фархад Харки (ауыр атлетика) – қола медаль;
  • Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) – қола медаль;
  • Александр Зайчиков (ауыр атлетика) – қола медаль;
  • Дариға Шәкімова (бокс) – қола медаль.

2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының алдында Қазақстан қайта тексеру нәтижесінде 2008 және 2012 жылдардағы ойындарда жеңіп алған ауыр атлетикадан бес алтын медалінен айырылды. Олар – Илья Ильин (екі рет), Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зүлфия Чиншанло.

Бұдан ертерек, 2021 жылы 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Ниджат Рахимов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстардан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Ол «2016 жылы зәр талдауын алмастырды» деп айыпталды. Айыпталған ауыр атлеттердің ешқайсысы ақталмағандарын ескерсек, онда ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасында алған жалғыз алтын медальді де қайтарып беретінімізге еш күдіктенген жоқпыз. Енді сол күдігіміз расқа айналды. Спорттық арбитраж соты (CAS) қазақстандық спортшыны зәрінің төрт үлгісін ауыстырғаны үшін кінәлі деп таныды. Ниджат Рахимовтың 2016 жылдың 15 наурызынан 2021 жылдың 18 қаңтарына дейінгі спорттағы барлық нәтижесі жойылды. Яғни, 30 жастағы спортшы Рио Олимпиадасының алтын медалінен айырылды және сегіз жылға спорттан шеттетілді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, ауыр атлетикадағы даудың басы допингтен басталған еді. Енді тағы да Халықаралық антидопинг агенттігі мұздатылған допинг-сынамаларын қайта тексеруді бастайды. Мүмкін таза чемпиондарды анықтау үшін бұл дұрыс та шығар.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here