Адам құқығы VS адам саулығы: АҚШ қай жолды таңдайды?

0
4262

Коронавирус жағдайында «ары тартса арба да сынбайтындай, бері тартса өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келу мүмкін емес. Адамның құқығы мен амандығы таразы басында тұр. Бастапқыда демократияны бірінші орынға қоятын Батыс елдері адамның құқығын шектегісі келмеді. Содан демократияның туын жықпай, әр адамға ерік берді. Өкінішке қарай, америкалықтар мен еуропалықтар Уханьнан бастау алған коронавирусқа мән бере қоймады. Қытайда тараған кезекті індет ретінде қарады. Солай алаңсыз жүргенде ауруды асқындырып алды. АҚШ-тағы жағдайға төменде арнайы тоқталамыз. Ал, әлемдегі індетті жұқтырғандардың тең жартысын «Бостандығымды шектеуге жол бермеймін!» деп билікке базына айтқан еуропалықтар құрайды. Атап айтқанда, эпидемия басталғалы Еуропада 1,6 млн адам індетті жұқтырып, 150 мыңнан астам адам өмірімен қоштасты.

Жағдайдың күрделілігіне қарамастан кейбір америкалықтардың карантинге көңілі толмайды. Содан Ақ үй қожайыны Дональд Трампқа сын айтып, мін тағады. Солардың қатарында америкалық миллиардер Илон Маск та бар. Қалтасында 40 млрд АҚШ доллары бар әлемнің ең бай 23-ші адамы неге карантинге қарсы? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін америкалық миллиардердің уәжі мен Вашингтонның карантиндегі саясатына тоқталады.

Сәрсенбі, 29 сәуірде әлемге әйгілі «SpaceX» және «Tesla» компанияларының негізін қалаған кәсіпкер Илон Маск АҚШ-тағы карантинге қатысты мәлімдеме жасады.

33,4 млн оқырманы бар өзінің «Twitter» парақшасында Илон Маск «Адамдарға бостандықты қайтарыңдар!» деп жазды. Оның пікірінше, «америкалықтарды күштеп үйде ұстау, олардың конституциялық құқығын шектейді, бұл – фашистік саясат, демократиялық елге жат қылық».

Миллиардердің пікірінен адамның амандығынан бұрын экономиканың тұралап қалмауы маңызды екенін аңғару қиын емес. Оның үстіне «кедей бай, бай құдай болсам» дейтін уақытта коронавирус Илон Маск сияқты қалталы азаматтардың табысын кемітті, жоспарларының быт-шытын шығарды. Содан олардың адамның бостандығын желеу етіп, биліктен карантинді тоқтатуды талап етуден басқа амалдары да жоқ.

Карантинге байланысты азулы АҚШ-тың экономикасы тұралады.  Соңғы 1,5 айда 30,2 млн адам жұмыссыз қалды. Өкінішке қарай, «екі қолға бір күрек таппай» қалғандардың қатары күн сайын артып келеді. Мәселен, өткен аптада 4,4 млн адам жұмыссыздардың қатарына қосылды. Сөйтіп, табысынан айырылған америкалықтардың мемлекеттік жәрдемақыға өтініш берулері де артты. Бүгінде 1,7 млн америкалық мемлекеттік жәрдемақы алды.

Алты жылда алғаш рет елдің жалпы ішкі өнімі 4,8%-ға құлдырады. Экономикалық сарапшылардың айтуынша, бұл бастамасы ғана, өйткені бірінші тоқсанның ортасында ғана карантин жарияланып, сауда-саттық тоқтады. Ал, екінші тоқсанда америкалық экономиканы тоқырау күтіп тұр. Илон Маск сияқты кәсіпкерлердің «шырылдауы» да сондықтан.

Коронавирус 74 жастағы Дональд Трамптың да түн ұйқысын төрт бөлді. Неге десеңіз, АҚШ-тың 45-ші президенті үшін сын сағаты жақындап келеді. 329 млн халқы бар елде 2020 жылдың 3 қарашасына белгіленген президенттік сайлаудың көрігі қазірден-ақ қыза бастады. Оның қызуына көзге көрінбейтін жау да дем берді. Әйтпесе, Дональд Трамптың екінші мәрте президент болып сайлануына бағдаршамның жасыл түсі жанып-ақ тұрды. Коронавирус 45-ші президенттің жоспарын құртты. Егерде Дональд Трамп коронавирустың бетін бері қарата алмай, ел экономикасын жақын арада шыға алмайтындай тығырыққа тіресе, алты ай ғана уақыт қалған сайлауда 78 жастағы қарсыласы Джо Байденге жол береді. Ал, сынақтан сүрінбей өтсе, сөзсіз сайлауда америкалықтардың қолдауына ие болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамп пен оның командасы оңай шағылатын жаңғақ емес. Илон Маск сияқты миллиардерлердің де айдауына көнбейді. Президент абыройын сақтап қалуға, сөйтіп сайлауда жеңіске жетуге барын салады. Күні кеше пандемияға байланысты экономиканы қолдауға бюджеттен қосымша 500 млрд доллар бөлінді. Оның алдында 2,6 трлн доллар бағытталған еді. Әрине, мықтының аты мықты ғой. Әлемнің бірінші экономикасы саналатын АҚШ-тың бұл тығырықтан да шығар жолды табатынына еш күмән жоқ. Бір өкініштісі, коронавирус жағдайында демократияның құны Вашингтонға тым қымбатқа түсті. Материалдық шығынды есепке алмағанда, адам шығыны орасан зор болды. Қазірдің өзінде АҚШ-та 1,1 млн адам індетті жұқтырып, ХХІ ғасыр індеті 70 мың адамның өмірін қиды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here