Жоғары білім алғысы келетін жастарға несие беріледі

0
628

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында ата-ана айына 1-3 АЕК көлемінде қаражат аудару арқылы баласының жоғары оқу орнында білім алуына қаражат жинай алатынын, ал бала білім грантын жеңіп алса, жиналған қаражатты үй алуға жұмсауға болатынын айтты. Бұл туралы Informburo.kz агенттігі жазды.

«Бізге білім алуға қаржы жинақтау жүйесі қажет. Ата-ана баласының сапалы жоғары білім алуы үшін ақша жинауға дағдылануы тиіс. Бұл ретте мемлекет қарап жатпайды, ата-анаға көмектеседі», – деді Саясат Нұрбек.

Министр қазақстандық жастарға жоғары білім алуға барынша кең мүмкіндік беру үшін бірнеше бағыт әзірленгенін хабарлады. Олардың біріншісі – төмен пайызбен несие беру моделі.

«Қазір банктермен келіссөз жүргізіп, төмен пайызбен несие беру моделін жаңғыртып жатырмыз. Несие бар болғаны 2-3 пайызбен беріледі. Бұл – қазіргі нарықта ұсына алатын ең төменгі пайыздық мөлшерлеме. Мемлекет кепіл болып, екінші деңгейлі банктердің серіктестерімен жұмыс істейміз. Осылай грантқа түсе алмаған, бірақ оқығысы келетін жастар білім беру несиесін ала алады. Бұл – америкалық student loan үлгісі, яғни төмен пайызбен немесе мүлде пайызсыз бірнеше жылға берілетін несие. Ол жастарға аяққа тұрып, мемлекетке қаражатты асықпай қайтарып беруіне мүмкіндік береді. Біз оны револьверлік түрде іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деп нақтылады Саясат Нұрбек.

Министрлік ұсынып отырған екінші құрал – сараланған грант моделі. Министрдің айтуынша, қазір ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған түлек пен ең төменгі шектік балл жинаған түлек бірдей грант алады. Яғни, бір бала жоғары балл жинау үшін күні-түні дайындалады, бірақ онымен бірге 50 балл жинаған бала да сондай грантқа түседі.

«Сондықтан біз енді грантты саралай бастаймыз. Яғни, бала ҰБТ-дан жинаған балына, дайындығына қарай салыстырмалы түрде жоғары грант алатын болады. Ол оған шетелде тағылымдамадан өтуге, университеттен қандай да бір қосымша материалдық көмек алуға мүмкіндік береді. Осы шкаланы саралап, механизмді толыққанды қалыптастырғаннан кейін осы жылдан бастап ресми түрде таныстырып, қалай жұмыс істейтінін көрсетеміз. Сонда көбірек адам жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің түсіндіруінше, ҰБТ-дан төмен балл жинап, грантқа ілінбеген бала мемлекеттен 30 пайыз көлемінде көмек ала алады. Қалған 70 пайызын жеңілдетілген несие немесе өзі қаражат жинап жабуына болады.

«Біз есептеп көрдік. Егер отбасы баланың жоғары білім алуы үшін айына 1 АЕК (2023 жылы – 3 450 теңге) қаржы жинап отырса, бала университетке тапсыратын уақытқа дейін мемлекеттік сыйлықақы, білім беру жинақтау жүйесі арқылы 6,5 млн теңге жинай алады екен. Егер айына 2 АЕК салып отырса, баланың университетке тапсыратын уақытына дейін 9 млн теңге жиналады. Бұл елдегі жоғары оқу орындарының 99 пайызында ақылы оқуға жетеді, тіпті артылып қалуы да мүмкін. Ал, 3 АЕК салып отырса, тіпті 12,5 млн теңге жинайды», – деді министр.

Саясат Нұрбек бала грантқа түскен жағдайда жиналған қаражатты үй алуға жұмсауға болатынын айтты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here