Сенаторлар Жоғарғы Сот басшылығымен бірқатар мәселені талқылады

0
491

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Жоғарғы Соттың басшылығымен кездесті. Онда судьялар корпусының біліктілігі мен сот төрелігін іске асырудың сапасын арттырудағы өзекті мәселелерді талқылады.

Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин отырысты аша келіп, бұл кездесудің мақсаты – алдағы кезеңдегі сот жүйесін реформалау аясында шешуді талап ететін жоспарлар мен проблемаларды талқылау екенін атап өтті.

«Біз сот реформасының алдағы кезеңі аясында сот құрылысы және сот ісін жүргізу туралы заңнамаға енгізілген жаңалықтарды, сондай-ақ сот жүйесін одан әрі жетілдіруге байланысты мәселелерді талқылауға дайынбыз. Сенат барлық деңгейдегі соттарға жәрдемдесуге, оның ішінде заң жобаларын әзірлеуде қол ұшын беруге дайын», – деді сенатор Лукин.

Отырыс барысында Сенат осы бағытта жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді. Қыркүйек айында Палата жанынан сот жүйесін реформалау жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оның мүшелері сот төрелігі жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар дайындады.

Отырысқа қатысушылар қылмыстық процестегі тараптардың тартысы мен тең құқығын дамыту, өрескел қателіктері үшін судьяларды жазалаудың бұлтартпастығын қамтамасыз ету, мерзімінен бұрын шартты түрде босату институтын жаңғырту, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жұмсақ және басқалармен алмастыру мәселелерін талқылады.

Парламентшілерге елордалық соттың фронт-кеңсесінің жұмысы да таныстырылды, сот отырысы залдары бойынша экскурсия жасалды, сондай-ақ оқу орталығының қызметі көрсетілді.

Отырысқа Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев, ЖС Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мен Астана қаласы сотының төрағалары Нұрсерік Шәріпов пен Ақан Жұмағұлов қатысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here