Қақаған аяздағы жылы үй, ағып тұрған ыстық су – осы жайлылықтың артында табиғи газ тұр. Сондықтан, Қазақстандағы газдандыру мәселесі тек техникалық міндет қана емес, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық бағытқа айналды. Алайда, кең байтақ жері бар еліміздің әрбір өңірін көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету мүмкін бе? Еліміздегі газдандыру мәселесі қалай? Осы сұраққа ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті жауап іздеп көрген еді.
ГАЗДАНДЫРУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?
Қазақстан табиғи газ қоры мол елдердің қатарында. Ірі кен орындарының негізгі бөлігі елдің батысында – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған.
Алайда, елдің орталық және солтүстік өңірлері ұзақ жылдар бойы газ желілерінен тыс қалып келді. Соның салдарынан халық көмір, мазут немесе электр энергиясын пайдалануға мәжбүр болды. Бұл, әсіресе, экологияға кері әсерін тигізіп, ауаның ластануына әкеліп соқты.
Дәл осы себепті газдандыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Ол бүгінде тек экономикалық жоба ретінде ғана емес, халықтың өмір сапасын арттырудың маңызды құралы ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2025 жылғы 21 маусымдағы қаулысымен 2025-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжатта саланың дамуын айқындайтын негізгі бағыттар мен басты сын-қатерлер ретінде тауарлық газдың ресурс базасын кеңейту, газ-мотор отынын дамыту, көмір химиясын ілгерілету, сондай-ақ тауарлық газға баға қалыптастыру жүйесін реформалау атап көрсетілген.
ЖЕТІСТІКТЕР ДЕ ЖЕТЕРЛІК
Соңғы жылдары Қазақстан газдандыру бағытында елеулі жетістіктерге жетті. Олардың ең ірісі – «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры, ол батыс өңірлеріндегі табиғи газды елдің орталық бөліктеріне жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл жоба арқылы Астана, Қарағанды облысы және орталық Қазақстанның бірқатар елді мекендері газбен қамтылды. Оған қоса, елдің оңтүстігі мен батысында газ желілері қарқынды түрде кеңейіп келеді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде 13 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізе алды. 2026 жылдың соңында Қазақстандағы газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетіп, былтырғы жылдың басындағы 62,4%-бен салыстырғанда жоғарылаған. Өткен жылы 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіліп, 354 мың тұрғынның тұрмысы жақсарған.
Бас қалаға баса назар аударылып отыр. Бүгінде қаладағы шамамен 290 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізген. 2026-2027 жылдары көгілдір отын елорда маңындағы елді мекендерге де жүргізіліп, тағы 26 мың адамның тұрмысы жақсармақ.
Газды жеткізу көлемін арттыру үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші жолының бірінші кезеңін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жылдың соңына дейін жобаның негізгі бөлігі жылына 10 млрд текше метр газ өткізуге қабілетті желісі аяқталмақ. Екінші кезеңде компрессорлық станциялар салынады, бұл магистральдің өткізу мүмкіндігін жылына 15 млрд текше метрге арттыруға мүмкіндік береді.
Бір қарағанда, бұл үлкен жетістік. Дегенмен, ел аумағын толық газбен қамту мәселесіне келгенде жағдай күрделене түседі.
БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ЕЛДІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ
Қазақстан – әлем бойынша аумағы ең үлкен тоғызыншы ел. Елді мекендер арасындағы алыс қашықтықтар газ құбырларының «жауы» десе де болады. Бұл көгілдір отынды тартуды қымбатқа әрі қиынға соқтырады. Кей өңірлерде ауылдар бір-бірінен ат шаптырым жерде орналасқандықтан, аз ғана елді мекенді газбен қамту үшін магистраль құбырын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін.
Негізі, мемлекет алдында газ инфрақұрылымын қай жерде салу экономикалық тұрғыдан тиімді, ал қай жерде балама шешімдерді қолданған дұрыс екенін анықтайтын күрделі міндет тұр.
Павлодар облысын газдандыру мәселесі ұзақ жылдар бойы талқыланып келеді. Кеңес дәуірінде павлодарлық үйлерге газ тартылған болатын. Екі жыл бұрын Қазақстандағы «Катэк» институты облыстың газдандыру схемасын жасады. Дегенмен, жобаның нақты жүзеге асу мерзімі мен толық құны әлі анықталған жоқ.
Бұдан бөлек, көгілдір отынды қайдан алады? Қазақстанның өз газы бола ма, әлде Ресейден жеткізілетін газ ба? 2024 жылғы маусымда Санкт-Петербургтегі баспасөз кездесуінде Ресей президенті Қазақстанға жаңа маршруттарды салудан гөрі газды Ресейден алу арзанға түсетінін атап өткен болатын. Өйткені, жаңа желілер құны миллиардтаған долларға жетуі мүмкін. Павлодар облысы да Солтүстік Қазақстан облысының жағдайымен ұқсас: экономикалық тұрғыдан газды Ресейден жеткізу тиімді. Еске сала кетсек, Қостанай облысы Ресей газымен 1956 жылдан бері үздіксіз қамтамасыз етіліп келеді әрі ешқандай қиындық туындаған емес. Дегенмен, маңызды мәселе бар: Ресей газын Қазақстанға қандай бағамен жеткізеді? Әрине, Еуропаға қарағанда арзанырақ болуы мүмкін, бірақ Қазақстанның ішкі газымен салыстырғанда қымбатқа түседі. Елді толық газдандыру тек инженерлік жұмыс емес, қаржылық тұрғыдан да күрделі міндет.
КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ КЕЛЕШЕГІ
Алдағы жылдары Қазақстан газ инфрақұрылымын дамытуда қарқынды жұмысын жалғастырады. Болжам бойынша, елдегі газ тұтыну көлемі 2025 жылғы 21,2 млрд текше метрден 2028 жылға қарай 32,4 млрд текше метрге дейін артпақ.
Бұған елдің оңтүстігінде жаңа бу-газ электр станцияларын іске қосу, мұнай-газ химиясы мен ауыр өнеркәсіп салаларын дамыту, сондай-ақ өңірлерді жедел газдандыру ықпал етпек.
Сонымен қатар, Қазақстан энергетикалық жүйені дамытуда табиғи газ, электр энергиясы және жаңартылатын энергия көздерін үйлестіру арқылы теңгерімді қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Газдандыру тек құбыр тарту емес. Бұл экономика, технология және халық қажеттіліктерін үйлестіретін мәселе. Басты міндет – әр үйге газ жеткізу ғана емес, ел энергетикасын ең тиімді әрі тұрақты жолмен дамыту.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Көгілдір отын – көзге көрінбейтін, алайда көпке жылулық сыйлайтын дүние. Әр тартылған құбыр – ауыл мен қаланы, солтүстік пен оңтүстік арасындағы өңірлерді жалғап тұрған көпір. Қазақстанды толық газдандыру – қиын жұмыс. Сонда да халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында осы саладағы жұмыс жалғаса бермек.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН












