Әскери қызметтің абыройын көтеру – еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудың бірден-бір жолы

0
985

Сенат депутаты Нұртөре ЖҮСІП Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатына орай Facebook әлеуметтік желісінде өз ойларын ортаға салды. Онда былай делінген:

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «Түркістан» газетінің бас редакторына берген сұқбатында көптеген маңызды жайттар қамтылған екен. Биылғы жыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы болып жарияланды. Президент  үш жыл ішінде елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру туралы нақты мақсат қойған болатын.

Парламент депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын әзірледі. Оған Мемлекет басшысы қол қойып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрды. Бұл күнде білікті мамандар даярланып, 650 мыңнан астам студент осы сала бойынша білім алып жатыр.

Қазір жасанды интеллектіні қолданбайтын  сала жоқ. Бұл салаға ерекше көңіл бөлінуі  тегін емес.

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, болашақтағы ауқымды істер туралы айтқан еді. Бұл да көңілге үлкен медеу.

Мемлекет басшысы мектеп, аурухана салуға үлес қосқан, халқына көмек көрсеткен, қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлерді арнайы марапаттап келеді. Сұқбатта бұл тараптағы игі істер үлкен әңгіме өзегіне айналған екен. Сонымен бірге кейінгі кезде орын алған оқиғаларға байланысты да ашық әңгіме бопты. Сондай бір үлкен мәселе – әскердегі әлімжеттік пен тосын өлім-жітім. Бұл қазіргі таңда қоғамды толғандырып отырған күрделі мәселе. Президент бұған да тоқталып, өз пікірін білдірген екен. Құрылым басшыларымен өткен жиында армия Отанын қорғайтын азаматтарды тәрбиелеуді басты назарға алу қажеттігін ескертіп, орын алып жатқан олқылықтарды сынға алғанын білеміз.

Әскери қызметтің абыройын көтеру – еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудың бірден-бір жолы.

Сұқбатта жастар мәселесіне де ерекше назар аударылған екен.

Президент қазіргі қазақ жастарының өз пікірі бар, болашағына сенімді, жан-жақты дамуға ұмтылатындығын атап өткен.

«Түркістан» газетіне берілген бұл сұхбаттан ойлы жастардың алары мол.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here