Десанттық-шабуылдау әскерлерінде парамедиктер сертификатталды

0
316

Медициналық құрамға жатпайтын әскери қызметшілер тактикалық медицина элементтерімен қоса алғашқы шұғыл көмек көрсету дағдыларын оқыту курсынан өтті. Сабақтар ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының тәжірибелі оқытушы-нұсқаушыларының басшылығымен өткізілді. 

Дәріс және практикалық сабақтар барысында болашақ парамедиктер жараланған адамның жағдайын тұрақтандыруды, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуді, қан кетуді тоқтатуды, сынықтың күрделі түрлерін анықтауды үйренді.

Оқу курсы 30 сағатқа арналған. Оған адам анатомиясын, жарақаттардың жіктелуін және шұғыл көмек көрсетудің қажетті әдістерін зерделеу кіреді. Оқу материалының 80%-ы интерактивті тренажерлар мен манекендерді қолдану арқылы тәжірибеде оқытылғаны назар аудартады. Тәлім алушылардың іс-әрекеттерінің реті мен дұрыстығын арнайы бағдарлама қадағалады.

– Десанттық-шабуылдау әскерлерінде парамедиктерді даярлау өткен жылдың наурыз айында басталған болатын. Осы уақыт ішінде әскери медицина орталығы мен әскери бөлімдерде 150-ге жуық маман даярладық. Әр курс аяқталған сайын бағдарлама жетілдіріледі, өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бүгін келісімшарт бойынша 30 әскери қызметші дайындықты аяқтады, ал келесі аптада 35-ші десанттық-шабуылдау бригадасының базасында көшпелі курс басталады. 20 әскери қызметші оқудан өтеді, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің медициналық қызмет бастығы, медициналық қызмет подполковнигі Назым Әшімов. 

Статистикаға сүйенсек, ұрыс іс-қимылы кезінде жараланғандардың шамамен 70%-ы көп қан кетуден қаза табады. Алғашқы шұғыл көмек көрсету тәсілдерін меңгеру ұрыс жағдайында өмірді сақтап қалу үшін мүмкіндік. Сондықтан әрбір әскери қызметші өзіне-өзі және бір-біріне көмек көрсету дағдыларын меңгеруі тиіс. 

Әскери медицина орталығында парамедиктерді даярлау курсын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілеріне ғана өткізбейді. Өткен жылы мекеменің профессорлық-оқытушылық құрамы мен нұсқаушылары Қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың мыңға жуық әскери қызметшісін дайындады. 

Биыл Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының әскери даярлау бөлімінің бастығы медициналық қызмет подполковнигі Бағдат Халмұратовтың айтуынша, тұрақты орналасу орындарына көшпелі курстар есебінен әскери қызметшілерді даярлауды 20%-ға арттыру жоспарлануда. 

Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар компьютерлік тестілеуден өтіп, іс жүзінде емтихан тапсырады. Оларға үш жыл бойы жарамды сертификаттар беріледі. Бұл құжат алған дағдыларды тек қызмет өткеру кезінде ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде бейбіт тұрғындарға көмек көрсету үшін де қолдануға мүмкіндік береді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here