Парламент спикері (Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы) және «Дауыс – әлеуметтік демократия» (Hlas) партиясының жетекшісі 48 жастағы Питер Пеллегрини Словакиядағы президенттік сайлаудың екінші турында 53,12 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Оның сайлануы 59 жастағы Премьер-министр Роберт Фицоның билігін нығайтады, өйткені Питер Пеллегрини Киевтің әскери көмегіне қарсы және Украинадағы соғыста Мәскеуді (Ресей) қолдайды.
Словакия статистика бюросының мәліметі бойынша, сайлаушылардың 1 409 255 дауысын (53,12%) алған Питер Пеллегрини батысшыл кандидат 60 жастағы Иван Корчокты (46,87%) басып озған. Президенттің қарсыласы сайлаушылардың 1 243 709 дауысымен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Роберт Фицо өткен жылдың қазан айында Словакиядағы парламенттік сайлауда төртінші рет жеңіске жетіп, оның сайлануымен елдің сыртқы саясаты ресейшіл бола бастады. Словакияда атқарушы билік Премьер-министрге тиесілі, бірақ Президент қабылданған заңдарға вето қоюға және Конституциялық сотта дауласуға құқылы. Сонымен қатар, Президент Конституциялық соттың судьяларын тағайындайды, бұл Роберт Фицо реформаларына қарсы болған жағдайда маңызды рөл атқаруы мүмкін.