Таптаурын түсінікті өзгерткен параспортшы

0
459
Фото: vlast.kz

Паралимпиада чемпионы, Қазақстанның параспорт құрамасының капитаны Зүлфия Ғабидуллина қоғамның параспортқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Оның жетістігі қалыпты жандардың ғана емес, ерекше қажеттілігі бар адамдардың да параспортқа деген сенімін арттыра түсті. Зүлфияның өмір жолы тек спорттағы жеңістер шежіресімен шектеліп қоймайды, қайсар қыздың әр қадамы өмір үшін жүргізілген ұзақ та ауыр күрестің тағылымды тарихы.

БОЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Зүлфия небәрі бес жасында бірінші топтағы мүгедек атанды. Балалық шағын аяқ астынан үзіп кеткен ауыр сезім оның жадында мәңгі сақталған.

«Анамның жұмысы автобус аялдамасының дәл жанында болатын, ал балабақшам жолдың арғы бетінде еді. Ол кезде көп ата-ана балаларын балабақша есігіне дейін шығарып салмайтын. Біз тәрбиешіміз күтіп тұрған жерге қарай жүгіріп жететінбіз. Иә, жай жүрмей, жарыса жүгіретінбіз. Сол сәтте мотоциклдің астына қалай түсіп кеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Бәрі дәл сол оқиғадан басталды», – деп еске алады ол.

Жол апатынан кейін Зүлфияның ұзаққа созылған оңалу кезеңі басталды. Гипс шешілген соң, қол-аяқ пен бұлшықеттерді қайта қимылға келтіру – қалыпты әрі міндетті емнің бір бөлігі болатын. Үнемі дене жаттығуларымен айналыспаса, оның тіпті өздігінен отырып тұруы да мүмкін болмас еді. Алғашында жағдайы біртіндеп жақсарғандай көрінгенімен, жасөспірім шағында дерт қайта асқынып, денсаулығы күрт нашарлай бастады.

Он екі жасқа келгенде сауығу орнына сырқаты асқына бастады. Ал, жиырма жасында соның салдарынан Зүлфияның денесінің көп бөлігі сал болып, өздігінен отыра алмайтын хәлге түсті. Сөйлеуі де анық болмай қалды. Анасы қызына шипа табылар деген үмітпен оны түрлі омыртқа ауруларын емдейтін орталықтарға алып барғанымен, дәрігерлердің емінен айтарлықтай нәтиже шықпады.

Зүлфия кей сәттерде «Бұдан әрі шыдай алмаймын» деп торығатын. Бірақ анасының сол кезде айтқан сөздері оның жадында мәңгі сақталып қалды.

«Қызым, мұндай сөз айтып, менің жанымды ауыртпа. Сенсіз қалай өмір сүретінімді елестете де алмаймын. Бәрі жақсы болады. Сен міндетті түрде жеңесің», – дейтін анасы. Осыны айтқан соң, көз жасын қызына көрсетпеу үшін басқа бөлмеге немесе сыртқа шығып кететін.

1991 жылы Тараз қаласында параспортшылар арасында өткен алғашқы республикалық жарыс Зүлфияның өміріндегі шешуші кезеңге айналды. Сол кезде ол спортпен кәсіби түрде айналысуға біржола бел буды. Әуелде жеңіл атлетикадан бастады, кейін жүзу, тоғызқұмалақ және арбадағы спорттық би түрлерінде де өзін сынап көрді. Қанша қиындық кездессе де, жаттығуын ешқашан үзген емес. Жан дүниесіндегі күйзелісті де өзгеге білдірмеуге тырысатын.

«Мен де тас емеспін. Қазір де жылап алатын, ашуға берілетін кездерім болады. Бірақ оны ешкімге көрсетпеуге тырысамын», – дейді Зүлфия.

Ол жылдары инватакси деген қызмет мүлде жоқ еді. Сондықтан жаттығуға Зүлфия иінтіректі мүгедектер арбасымен өз күшімен қатынайтын. Тек қалың қар жауып, арбасы қарға батып жүре алмай қалған күндері немесе көктайғақта ғана жаттығуды өткізіп алатын. Ал жаңбырлы күндері: «Мен қант емеспін, еріп кетпеймін» деп өзін қайрап, қандай жағдай болса да үйден шығуға жігерленетін.

«Адамның ниеті болмаса, көлігі бола тұра да сылтау табады, – дейді Зүлфия.

1994 жылы Алматыда өткен республикалық жарысқа Тараздан бес параспортшы өз қаражаттарына барып қатысты. Ол кезде Зүлфия үшін ақша басты мәселе емес еді. Спорт оған өмірдің қуанышын сыйлайтын, ал Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген достарымен жүздесу өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін.

Дәл сол жарыста ол бірден жеті алтын жүлде жеңіп алды: үшеуі – жеңіл атлетикадан, төртеуі – жүзуден. Жеңімпаз ретінде оған сегіз метр сиса мата табысталды. Бес жылдан кейін сол мата жаңа туған қызының жөргегін тігуге жарады.

Зүлфияның спорттық жолындағы ең маңызды бетбұрыс 2007 жылы болды. Сол жылы оны болашақ бапкері Саттар Бейсембаев байқап, өз қарамағына алды. Осы кезден бастап оның өмірінде тек жүзу спорты қалды.

2010 жылғы Азия ойындарында Зүлфия сегізінші орын иеленді. Жарыстан кейін көз жасына ерік беріп, бапкерінің жүзіне қарауға ұялғанын жасырмайды. Бірақ жаттығуда қатал әрі талапшыл Саттар Ерғалиұлы сол күні мүлде басқа қырынан көрінді.

«Егер нәтижең бұрынғыдан төмен болғанда ғана өкінуге болар еді. Ал сен, керісінше, өз көрсеткішіңді жақсарттың. Демек, алға жылжып келесің», – деп демеу берген екен бапкер.

ЗҮЛФИЯНЫҢ ЖЕҢІС ЖОЛЫ

2012 жылы Лондонда өткен Паралимпиада ойындарында Зүлфия он екінші орын алды. Бұл жолы да көз жасын тыя алмады. Сол кезде кейбіреулер «оның спорттағы дәурені аяқталды, енді одан нәтиже күтудің қажеті жоқ» деп ашық айта бастады.

Мұндай сөздер жүрегіне ауыр тигенімен, бапкері тағы да жанынан табылды. «Бәрі жақсы болады. Алға жүреміз», – деді ол.

2013 жылдан бастап Зүлфияның жеңіс жолы қайта өрледі. Канадада өткен әлем чемпионатында бір күміс, екі қола медаль иеленді. Артынша Шотландиядағы әлем біріншілігінде тағы екі қола жүлде жеңіп алып, Паралимпиада ойындарының жолдамасын еншіледі.

Бір жарыстан кейін бапкері оның медальмен суретін түсіріп тұрып: «Медальді тістеп көр. Жеңістің дәмін сезін», – дейді.

Зүлфияның жауабы қысқа да нық болды: «Мен тек алтынның дәмін татамын».

Рио-де-Жанейрода Қазақстанның көк байрағы көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран шырқалған сәтте Зүлфия өз жетістігіне емес, елі үшін мақтаныш сезімін бастан кешірді.

«Бір күліп, бір толқып тұрдым. Камера алдында көз жасымды жасыруға тырыстым. Өйткені дәл сол сәтте мені қызым қарап отырғанын білдім. Ол менің жылағанымды көрсе, өзі де жылай бастайды. Сондықтан барынша сабыр сақтауға тырыстым. Бірақ көз жасымды тоқтата алмадым, – деп еске алады ол.

Бүгінде одан «Алтынның дәмі қандай?» деп сұрасаңыз, Зүлфия ешбір әсірелеусіз былай деп жауап берер еді: «Тіспен байқасаң – жай ғана металл. Ал жүрекпен сезінсең – ол маңдай тердің, азаптың, көз жасының және қайсар мінездің дәмі».

Спорттағы жеңістері үшін көрсетілген құрмет те біртіндеп арта түсті. 2014 жылғы Азия ойындарында рекорд орнатқаннан кейін оған автокөлік сыйға тартылды. Ал Рио Паралимпиадасындағы тарихи алтын медальдан кейін жаңа жиһаз алуға сертификат пен туған қаласы Тараздан баспана берілді.

Бұл үйде Зүлфияның қажеттіліктері толық ескеріліп, арнайы жобамен салынды. Арбамен еркін қозғалуға ыңғайлы төрт бөлме, кең асүй, жылжымалы есіктер, үш кең санитарлық бөлме, терең ванна, пандус және табалдырықсыз еден – бәрі де оның жайлылығы үшін жасалған. Алайда Зүлфия үшін ең үлкен сыйлық бұл да емес еді. Ең бастысы – үйдің өзі көптен бері армандаған жерде, «Тараз-Арена» спорт кешенінің дәл жанында орналасқан. Бұрын бассейнге жету үшін бір сағаттай уақыт кетсе, енді жаттығу орнына бірнеше минуттың ішінде-ақ жетеді.

«АДАМ ӨЗ БЕТІНШЕ ӨМІР СҮРУІ КЕРЕК»

Бүгінде Зүлфия жалғыз тұрады. Бұл – оның саналы түрде жасаған таңдауы. Өмірінің мәні мен мақтанышы болған қызы Руфия мектептің жоғары сыныптарында-ақ анасынан бір сөз естіген. «Тұрмысқа шыққан соң бөлек тұрасың», – деген еді Зүлфия.

Оның пайымынша, жас отбасының ата-анамен бірге тұруы екі жақ қанша тырысқанымен, бәрібір тәуелділік қалыптастырады. Ал адам өз бетінше өмір сүргенде ғана ақшаны жоспарлауды, шешім қабылдауды және өз өміріне жауап беруді тезірек үйренеді.

«Жас отбасының жанында жүріп, артық сөз айтып қоямын ба деп өзімді тежегім де келмейді, оларды ренжітіп аламын ба деп алаңдағым да келмейді», – дейді ол.

ҚАЙСАР АНА ТӘРБИЕСІ

Зүлфия Ғабидуллинаның айтуынша, жеке өмірінде де өз бақытына қол жеткізген. Өміріндегі ең қымбат жан – қызы Руфияны ол 34 жасында дүниеге әкелді. Сол кездегі жүктілігі дәрігерлердің өзін таңғалдырған.

«Айналамда үлкен әбігер басталды. Дәрігерлер мені түсік жасатуға көндіргісі келді. «Балаңызды қолыңызға да ұстай алмайсыз. Мұны қол деуге келмейді» деп сендірді олар. Қысым өте күшті болды. Адамдардың ортасында жүргендеймін, бірақ өзімді мүлде жалғыз сезіндім», – деп еске алады ол. Жолдасы ымыра ұсынады. «Қаласаң, бала асырап алайық», – дейді.

Зүлфияның жауабы нық еді: «Бала асырап алуға қарсылығым жоқ. Бірақ өз құрсағымдағы сәбиден ешқашан бас тартпаймын».

Сонда күйеуі: «Ойлануға бір ай уақыт беремін. Таңда: отбасы ма, әлде бала ма?» – деген талап қояды.

Зүлфия бір сәт те кідірген жоқ.

«Мен баламды дүниеге әкелемін», – деген шешімін айтады.

Мерзімінен бір апта бұрын салмағы 3200 грамм болатын сүйкімді қыз дүниеге келді. Сол сәтте қасында анасы болды. Ал күйеуі ол кезде бұлардың өмірінен кетіп қалған еді.

Бұл оның өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болатын. 1999 жыл. Бірде газ жоқ, бірде жарық сөніп қалады. Үйде сексен шақты жаялық жататын, өйткені нәресте жиі кіші дәретке шығатын. Руфия тоғыз айлық болғанда Зүлфияның анасы өмірден өтті. Қызы тынымсыз жылай берді. Жұрт оған: «Сенің қайғың балаңа өтіп жатыр», – дейтін.

Зүлфия өзін қолға алуға тырысқанымен, сәбиінің жылауы басылмады.

Кезекті тексерісте дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеу жасап, қыздың бүйрегі үш айлық сәбидікіндей ғана дамығанын анықтады. Бұрын мұндай диагноз қойылған балаларға мүгедектік берілетін. Сонда дәрігерлер: «Босанба деп ескерткенбіз ғой», – дегенді алға тартады. Ал Зүлфия болса: «Қандай қиындық болса да, қызымды аяғына тұрғызамын», – деп жауап қатады.

Алда ұзақ ем мен екі күрделі ота күтіп тұрды. Зейнетақы күнкөріске де жетпейтін. Сондықтан ол қолынан келгеннің бәрін істеді: тапсырыспен киім тікті, базарда газет сатты. Сол жылдары інісі Ринат пен келіні Баянның қолдауы ерекше болды. Олар Зүлфияны ешқашан жалғыз қалдырған емес.

Көршілері де көмегін аямады. Баласын емізіп жүргенін білген соң, өз қазандарындағы сорпадан бөлісіп тұратын. Қалалық саябақтың директоры Асан Қошмамбетов те жанашырлық танытты. Руфия тәй-тәй басқанда оның тұсауын дәл сол кісі кесті.

Бірақ бәрінен бұрын Зүлфияны өмірге үйреткен – анасының тәрбиесі еді. Ол шектен тыс қамқорлықтың кейде аурудың өзінен де ауыр зардап әкелетінін жақсы біледі.

«Кей ата-аналар сырқат баласын соншалық қорғаштайды, ақыры ол отыз жасқа келсе де мұрнын сүрте алмайтын күйде қалады», – дейді ол.

«МҮГЕДЕКТІК – ӨМІРДІҢ СОҢЫ ЕМЕС»

Зүлфияның анасы қызын ерекше жақсы көріп, еркелететін. Бірақ сонымен бірге үнемі өз бетімен әрекет етуге баулитын.

«Барлығын өзің жаса. Ешкімге жалтақтама. Біреу сені жұқпалы аурудай айналып өтсе, оған бола қамықпа. Бұл – сенің емес, олардың надандығы мен мейірімсіздігінің белгісі. Қандай жағдайда да адам болып қалуға болады. Мүгедектік – өмірдің соңы емес. Өміріңді қалай құрсаң, тағдырың да солай қалыптасады», – дейтін анасы.

Ол өте көңілді, өмірге құштар жан еді. Бір ісі сәтсіз шықса да: «Қойшы, бәрі де өтеді. Диірменге түскен дәннің бәрі ақыры ұн болады», – деп күліп қоятын.

Бүгінде Зүлфия осы сөздердің терең мәнін толық түсінеді. Анасының қайсар мінезі болмағанда, бәлкім, өзі де өмірдің сынағына төтеп бере алмас еді. Руфияға ота жасалғанда Зүлфия кезінде анасының қандай күй кешкенін жан-тәнімен сезінді. Бірақ анасына одан да қиын тиген. Өйткені Зүлфия жол апатына ұшырағанда оның қолында небәрі алты айлық ұлы болған.

Қызын ауруханаға алып кеткенде, анасы баласын жанында тұрған бірінші адамға ұстатып жіберген екен. Бірнеше күн бойы ұлын туыстары алып кеткен шығар деп ойлап, мүлде есіне де алмапты. Кейін жұмысына келгенде әріптестері:

«Қызың қалай?» деп сұрағанда, «Қызым аман қалды. Бірақ ұлымнан айырылып қалдым…» – деп көзіне жас алыпты.

Сол кезде галантерея фабрикасының жүргізушісі: «Сәбиді өзіңіз маған қалдырғансыз ғой. Кейін алып кетемін деген едіңіз», – деген екен.

Сөйтсе, ол кісі күн сайын баланы бөбекжайға апарып, кешке ешкім келмесе, қайтадан өз үйіне алып кетіп жүріпті.

Зүлфия он екі жасқа толғанда ата-анасы ажырасты. Анасы оған ешқашан әкесін жамандаған жоқ.

«Ешкімді кінәлама. Өскен соң бәрін өзің түсінесің», – деді.

Зүлфия бүгінде өзін анасының деңгейіне жете қойған жоқпын деп есептейді. Дегенмен ол тағдырдың талай соққысына төтеп беруді үйренді.

«Талай рет «Әзер жүрсің. Спорттың саған не керегі бар? Қойсаңшы» деген сөздерді естідім. Ал мен әрдайым «Уақыт бәрін көрсетеді» деп қана жауап беретінмін», – дейді ол.

Шынында да, уақыт бәрін өз орнына қойды. Өз жеңісінің шын мәнін Зүлфия енді ғана толық сезіне бастағандай. Бүгінде көшеде жұрт оны танып, суретке түсуді сұрайды. Бұл – бұрынғы өмірінен мүлде бөлек әлем.

Бір кездері арбада отырған Зүлфияны көрген кей ана баласын: «Әрі жүр!» – деп тартып әкететін. Ал бүгінде қоғамның ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерінің де көзқарасы өзгерді. Олар өздеріне сенімді бола түсті. Спорттан кеткендер бұған өкінеді. Ал спорт жолын таңдағандардың ізімен бүгінгі жас паралимпиадашылар батыл қадам басып келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Зүлфиядан адамдар үлкен спортта әлі қанша уақыт қалатынын жиі сұрайды. Тағдырға мойынсұнбаған қайсар спортшы сондайда былай деп жауап береді:

«Бір күні жас ерекшелігіне байланысты ережелер өзгеріп, кәсіби спортпен қоштасуыма тура келсе де, спорт өмірімнен ешқашан кетпейді. Мен бәрібір жарыс жолына шығамын, ардагерлер арасындағы республикалық ашық су жарыстарына қатысамын. Өйткені спорт мен үшін әлдеқашан медаль мен нәтиже ғана емес. Ол – өмір сүрудің, тағдырдың соққысына мойымаудың және ең алдымен өз-өзіме мүмкін еместің де мүмкін екенін дәлелдеудің жолы».

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here