Жетекші саланың жүгі ауыр: Ауыл шаруашылығы министрлігі 300 млрд теңгеден астам қаржыны қайда жұмсайды?

0
2002
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Биылдан бастап мал шаруашылығы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы жаңа қозғаушы күшке айналады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Алайда, бүгінгі жағдай саладағы мемлекеттік қолдау шараларының әлі де жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі 300 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған мал шаруашылығын дамытудың жаңа кешенді жоспарын әзірледі. Бұл жоспарды жүзеге асырудың басты мақсаты – өндірістің бүкіл тізбегі бойынша қолжетімді әрі арзан несиелік ресурстармен қамтамасыз ету. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін аграрлық реформаның тиімділігіне, мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспарына және маман тапшылығына тоқталады.

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕЛЕРДІ ЕНГІЗУ САЛАНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫН АРТТЫРА АЛА МА?

«Мал шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі салалардың бірі. Ол ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 39 пайызын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімі 3,8 триллион теңгеге жетті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,3 триллион теңгені құраған болатын. Дегенмен, жалпы өнім жыл сайын 2-3 пайыз көлемінде өсіп отырғанымен, қазіргі қарқын саланың нақты әлеуетін толық көрсетпейді әрі оның дамуына сапалы серпін бере алмай отыр», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Вице-министрдің айтуынша, саладағы көрсеткіштердің өсуі өндіріс тиімділігін арттырудың, заманауи технологияларды кеңінен енгізудің және ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсартудың аса қажет екенін аңғартады.

«Осыған байланысты өндіріс көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Ең алдымен, бүгінгі күні мал шаруашылығындағы өнімділік деңгейі әлемдік стандарттардан едәуір төмен екенін атап өткен жөн. Саладағы қазіргі жағдай қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіз екенін көрсетеді. Атап айтқанда, жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының болмауы салдарынан бұл салаға инвестиция тарту мүмкіндігі де шектеулі болып отыр», – деді Аманғали Бисенбайұлы.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, өндірістік көрсеткіштерді арттыруға және тұтастай агроөнеркәсіп кешенінің теңгерімді дамуына бағытталған.

Жоспарда мынадай негізгі бағыттар бойынша шаралар қарастырылған:

  • жылдық 5-6 пайызбен жеңілдетілген несиелеу жүйесін енгізу;
  • асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және саланы ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету;
  • жемшөп базасын нығайту және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту;
  • мал шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру;
  • заманауи технологияларды енгізу;
  • өнімді өткізу мәселелерін шешу және мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын кеңейту.

«Қолжетімді, жеңілдетілген әрі қайтарымды несиелерді енгізу саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз қалайды. Осы мақсатта жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жоғары өнімді мал басын сатып алуға арналған ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр. Бағдарламаның бастапқы кезеңінде жеңілдетілген қаржыландыру ірі қара мен ұсақ малды сатып алуды қамтиды. Бұл шараны жүзеге асыру мал басын жаңартуды жеделдетіп, саланың генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде.

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТ

«Келесі басым бағыт – жайылымдық алқаптарды ұтымды игеру арқылы көшпелі (отарлы) мал шаруашылығын дамыту. Жемшөп қорын тиімді басқару өнімнің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын да қамтамасыз етеді. Осы мақсатта көшпелі мал шаруашылығын дамытуға арналған бірыңғай несиелік өнімді іске қосу ұсынылып отыр. Бұл құрал жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталады: жайылымдарды суландыру, мобильді вагон-үйлер сатып алу және соған байланысты өзге де шығындарды қаржыландыру қарастырылады», – деп атап өтті Аманғали Бердалин.

Сонымен қатар, жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу көзделген. Бұл тетік өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап бордақылау алаңдары мен құс фабрикалары үшін енгізілген.

«Ұсынылып отырған несиелік өнімдерді тиімді жүзеге асыру және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қаржыландыру арналарын аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы кеңейту көзделуде. Осы бағытта Үкімет қаулысында тиісті өзгертулер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Барлық аталған несиелік өнімдерді «Даму» қоры арқылы кепілдік жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, бұл механизм өсімдік шаруашылығында қолданылатын тәжірибеге ұқсас», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Аманғали Бердалин мал шаруашылығы өнімділігін арттыру негізгі мақсат болып қала беретінін атап өтті. Осыған байланысты мал шаруашылығын көбейтудің заманауи, жоғары тиімді әдістерін қолдауды күшейту шаралары қабылданады.

«Атап айтқанда, жасанды ұрықтандыру шараларын ынталандыру кеңейтілмек. Сондай-ақ, мал басының құрылымын мақсатты түрде қалыптастыруға мүмкіндік беретін біржынысты тұқымдық материалды пайдалану қарастырылуда. Бұл технологияның қолданылуы отандық жоғары өнімді аналық мал санын арттыруға жол ашады», – деп есептейді Аманғали Бисенбайұлы.

Сонымен қатар, ірі қара малдың эмбриондық көбеюіне арналған мамандандырылған зертхана құру көзделуде. Бұл технология жоғары өнімді мал өндіру процесін айтарлықтай жеделдетеді және үй малының генетикалық әлеуетін арттырады. Тауарлық малдың көбеюі ішінара тұқымды бұқаларды еркін шағылысу жағдайында пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.

МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, саланы дамыту тұрақты кадрлық базасыз мүмкін емес. Тиімді мал шаруашылығы үшін генетика, ветеринария, жем өндіру және мал басын басқару салаларында заманауи білім мен дағдыға ие, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізе білетін, өнімділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алатын мамандар қажет.

«Қазіргі кезде кәсіби бағдарлау саласында да мәселелер бар. Бұл жүйе жеткілікті деңгейде дамымағандықтан жастардың салалық мамандықтарға қызығушылығы төмендеп, кадр тапшылығы туындауда. Мысалы, Ресей Федерациясында өткен жылдан бастап мектептерде агрокластар енгізіліп, оқушыларға агросекторда тәжірибе жинауға мүмкіндік беріледі. Мұндай кластардың түлектері жоғары оқу орындарына түсерде гранттарға басымдық алады. Осы тәжірибені ескере отырып, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы орта білім беру ұйымдарында университеттер, жұмыс берушілер және колледждермен бірлесіп, пилоттық режимде ауыл шаруашылық мамандықтарға ерте кәсіби бағдар беретін кластар ұйымдастырылады», – деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, «Мал шаруашылығы» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын квоталау мәселесін енгізіп, студенттердің үш жыл бойы ауыл шаруашылық кәсіпорнында жұмыс істеуін қамтамасыз ету қарастырылуда. Жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да күшейтіледі, олардың материалдық-техникалық базасы есепке алынады. Бұл тек теориялық білім алуға ғана емес, практикалық дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Білім беру бағдарламалары оқу-өндірістік объектілерде, зертханалар мен клиникаларда негізгі практикалық дағдыларды меңгеруді қамтуы тиіс.

Әлеуметтік жағдайлар бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, елу бес жасқа жеткен шопандар мен малшылардың арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Осы мақсатта министрліктің тиісті бұйрығына қажетті толықтырулар енгізу ұсынылмақ.

«Тағы да бір көп айтылған өзекті мәселе – ветеринарлық қызмет.
«Мал шаруашылығын тиімді дамытудағы маңызды факторлардың бірі – ветеринарлық қызметті күшейту, ол үшін мамандардың лайықты жалақысын белгілеу және кәсіби өсіміне жағдай жасау қажет. Қазіргі кезде санитардың жалақысы 112 мың теңгеден, ветеринарлық фельдшердің жалақысы 130 мың теңгеден, ал ветеринар дәрігердің жалақысы 180 мың теңгеден басталады. Бір ветеринарлық дәрігерге нормативтік жүктеме – 1 750 шартты бас, ал норма – 750 шартты бас», – деп атап өтті Аманғали Бердалин.

ЕТ ЭКСПОРТЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТА МА?

Келесі маңызды бағыт – импортталатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық әлеуетті кеңейту.

«Осы мақсатта Мемлекеттік кірістер комитетімен ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы өзара әрекеттестік күшейтіледі. Ветеринарлық зертханаларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2024 жылы Үкіметтің резерві есебінен 3,8 млрд теңгеге 9 бірлік жоғары тиімді сұйықтық хроматографы сатып алынды. Сонымен қатар, мемлекеттік ветеринарлық зертханаларды жабдықтау бойынша Үкімет резерві есебінен 54 бірлік құрал-жабдықты жалпы сомасы 5,5 млрд теңгеге жеткізу жұмыстары жүргізілуде», – деді Аманғали Бисенбайұлы.

Экспорттық нарықты кеңейту аясында жыл сайын жануарлардың трансшекаралық аурулары бойынша қолданыстағы мәртебелерді растау қажет.

2025 жылы 16 ветеринарлық сертификат келісіліп, қол қойылды, бұл мал шаруашылығы өнімдерін Еуропалық одақ, Ұлыбритания, Ирак, Иран, АҚШ, Канада, Вьетнам, Парсы шығанағы елдері және басқа бағыттарға экспорттауға мүмкіндік береді.

Осы жылы Қытайға құс еті, салқындатылған ет, ірі қара мен ұсақ мал етін экспорттау; Еуропалық одаққа – жылқы еті және аквакультура өнімдері; Пәкістанға – ірі қара, ұсақ мал және құс етін экспорттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, басқа елдерге де экспорт көзделген.

«Жергілікті жерлерде ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ветстанциялар, ветпункттер және мал қорымдарын салуды кеңейту және жаңғырту қажет. Жалпы трансферттер аясында 2026-2027 жылдары осы мақсатқа 66,2 млрд теңге бөлінді», – деді Аманғали Бердалин.

Министрлік бруцеллез, құтыру, туберкулез, сібір жарасы сияқты аурулармен күрес стратегиясын жетілдіруге арналған халықаралық сарапшылар қатысқан жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, күрес шаралары қайта қаралады.

«Сонымен қатар, Қазақстанда мал шаруашылығы ақпараттық жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде, оны ЕАЭО ақпараттық жүйелерімен интеграциялау қарастырылған. Осы шаралар арқылы 2031 жылға қарай ірі қара мал санын 12 млн басқа, ұсақ мал санын 28 млн басқа жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ет өндірісі 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға, ұйымдастырылған шаруашылықтардағы сүт өндірісі 1,4 млн-нан 2,1 млн тоннаға өседі және ет экспорты екі есеге артады», – деп хабарлады вице-министр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жуырда Қазақстанда мал сатып алуға арналған жеңілдетілген несие беру тетігі іске қосылады. Дегенмен, бұл елдегі мал шаруашылығын дамытудың жалғыз құралы болмайды. Жоспарға сәйкес, 2031 жылға қарай ірі қара мал саны 12 миллион басқа, ал ұсақ мал саны 28 миллион басқа дейін жеткізіледі. Ет өндірісі 1,8 миллион тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, ет экспорты екі есеге артпақ.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here