Ауыл медицинасы: Халық денсаулығы – ұлт болашағының кепілі

0
1715

Адам өмірінің ең басты байлығы – денсаулық. Ал, халық денсаулығын сақтау – кез келген мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің сапасы елдің жалпы денсаулық деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, соңғы жылдары Қазақстанда ауыл медицинасына ерекше көңіл бөлініп, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар мен ұлттық жобалар қолға алынды. Бүгінде ауыл тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта іске асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шалғай елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын арттыруға тың серпін берді. Бұл өзгерістер шалғай ауылдардағы тұрғындардың да дер кезінде сапалы ем қабылдауына мүмкіндік жасап отыр. Мемлекеттік бағдарламаның игілігі Алматы облысына қарасты Кеген ауданында да айқын көрініс табуда. Аудан халқының денсаулығын қорғау – басты басымдықтардың бірі. Сондықтан, медицина саласында қолға алынған жаңашыл бастамалар мен жоспарлар көп. Осы орайда Алматы облысы Кеген ауданындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңірек білу мақсатында Кеген аудандық ауруханасының басшысы Қуаныш Бөлегенұлымен арнайы сұхбаттасқан едік.

КЕГЕН АУДАНЫНДАҒЫ МЕДИЦИНАНЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСЫ

– Қуаныш Бөлегенұлы, алдымен Кеген ауданындағы медицина саласының қазіргі жағдайы туралы айтып өтсеңіз…

– Бүгінде Кеген ауданында медицина саласы жүйелі түрде дамып келеді. Аудан тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмектен бастап, білікті және мамандандырылған медициналық қызметке дейін барлық негізгі көмек түрлері көрсетіледі. Аудандық аурухана халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет ұсыну бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. Соңғы жылдары медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды. Соның нәтижесінде аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай артып келеді.

– Аудандық аурухана қанша тұрғынға қызмет көрсетеді?

– Біздің медициналық ұйым аудан тұрғындарына толыққанды әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетіп келеді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету орталығы бір мезетте 250 пациентті қабылдауға мүмкіндік береді. Ал, тәуліктік стационарлық бөлімде 120 төсек-орын қарастырылған. Мұнда науқастарға қажетті ем-дом мен бақылау үздіксіз жүргізіледі. Аудандық аурухана тек емдеу мекемесі ғана емес, тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді қызмет көрсететін орталық болып табылады. Сондықтан, мұнда аурудың алдын алу, ерте анықтау және сапалы ем жүргізу бағытында тұрақты жұмыстар атқарылып келеді. Бұл өз кезегінде аудан халқының негізгі медициналық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және тұрғындарға дер кезінде сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік деп айтар едім.

– Қазіргі таңда аудан бойынша кадр тапшылығы байқала ма?

– Жалпы алғанда, ауданның медицина саласында кадрлық әлеует қалыптасқан деп айта аламыз. Қазіргі таңда өңірде 62 дәрігер және 285 орта буын медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Сондықтан, медициналық қызмет көрсету жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні аса қажет мамандар қатарында инфекционист пен ультрадыбыстық зерттеу дәрігері жетіспейді. Бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында жас мамандарды ауданға тарту, оларды әлеуметтік қолдау және кәсіби тұрғыда дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Болашақта бұл мәселе де біртіндеп шешімін табады деп сенеміз.

Жас мамандарды ауылға тарту үшін қандай қолдау көрсетіледі?

– Ауылдық жерлерде медицина саласының тұрақты дамуы ең алдымен білікті мамандарға байланысты екені белгілі. Сондықтан, ауданымызға жұмысқа келген жас дәрігерлерді қолдау – басты назардағы мәселелердің бірі. Мемлекет тарапынан мұндай мамандарға арналған бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, облыс әкімінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №376 қаулысына сәйкес ауылдық елді мекендерге қызметке келген дәрігерлерге республикалық бюджет есебінен 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы ынталандыру төлемі беріледі. Бұл жас мамандар үшін үлкен демеу екені сөзсіз. Сонымен қатар, ауылға жұмысқа келген мамандарға қоныс аударуға арналған жәрдемақы төленеді. Бұдан бөлек, тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие ұсынылады. Осындай нақты қолдау шараларының арқасында ауылдық медицинаға қызығушылық танытып, қызмет етуге ниет білдіретін жас мамандар саны артып келеді. Біз үшін ең бастысы – аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету. Ал, бұл мақсатқа білікті әрі ынталы жас дәрігерлердің келуі арқылы қол жеткіземіз деп сенеміз.

ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА ЖЕТКЕН ЖАҢҒЫРУ

Соңғы уақытта қандай жаңа медициналық құрал-жабдықтар алынды?

– Соңғы жылдары аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде медициналық мекемеміз біртіндеп заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып жатыр. Мәселен, 2025 жылғы жоспарға сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық кешен сатып алынды. Бұл  перинаталдық көмек көрсету сапасын арттыруда аса маңызды медициналық жабдықтардың бірі. Аталған кешен арқылы дәрігерлер жаңа туған сәбилерге, әсіресе денсаулығында қиындықтары бар немесе ерекше бақылауды қажет ететін нәрестелерге дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік алады. Мұндай заманауи құрал-жабдықтардың енгізілуі ана мен бала денсаулығын қорғауға, сондай-ақ аудандық ауруханада көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.

– Шалғай ауылдарға медициналық көмек қалай жеткізіледі?

– Кеген ауданы – аумағы кең, елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан өңір. Сондықтан, аудан тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қазіргі таңда аудан бойынша 34 елді мекеннің 31-і медициналық ұйымдармен қамтылған. Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсететін 1 аудандық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және 17 медициналық пункт жұмыс істейді. Бұл мекемелерде тұрғындарға алғашқы медициналық-санитариялық көмек, дәрігерге дейінгі медициналық қызмет, білікті және мамандандырылған медициналық көмек, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Ал, ауыр немесе күрделі жағдайдағы науқастар аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіліп, оларға қажетті стационарлық әрі шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, төтенше немесе шұғыл жағдайларда облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшерлік бригадалары қызмет көрсетеді. Осының барлығы шалғай ауыл тұрғындарының да уақытылы әрі сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беріп, аудан аумағында денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Жедел жәрдем қызметі аудан бойынша толық қамтылған ба?

– Аудан тұрғындарына жедел медициналық көмекті дер кезінде көрсету мақсатында бұл қызмет жүйелі түрде ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта ауданда жедел жәрдем көмегін көрсету үшін 5 фельдшерлік пост жұмыс істейді. Оның үшеуі Кеген аймағында, ал екеуі Жалаңаш аймағында орналасқан. Сонымен қатар, шақыртулардың төрт санаты бойынша қызмет көрсететін 1 мобильді бригада бар. Оның құрамында екі дәрігер мен екі фельдшер қызмет атқарады. Бұл бригада шұғыл шақыртуларға жедел әрекет етіп, тұрғындарға қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Жалпы, жедел жәрдем қызметі аудан аумағында тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарып, шұғыл жағдайларда жедел әрі тиімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етіп келеді.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Аудан халқын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты жүргізіліп келеді. 2026 жылдың қаңтар айында 5 миллион 664 мың теңгенің, ал ақпан айында 3 миллион 502 мың теңгенің дәрісі қабылданды. Оның ішінде 1 миллион 878 мың теңгенің дәрісі рецепт арқылы босатылды. Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» қосымшасы арқылы 576 рецепт берілді. Бұл жүйе дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету саласында электронды жүйе толық енгізілген. Электронды жүйелер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізуде.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері қандай деңгейде? Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 72,4 жасты құрады. Жалпы алғанда, халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім деңгейі 40 пайызға төмендеді. Жарақаттану кезінде көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған жол картасы аясында да жүйелі жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде жарақаттану көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 0,1 деңгейін құрады. Бұдан бөлек, ұлттық скринингтік бағдарламалар шеңберінде тұрғындардың нысаналы топтары тұрақты түрде медициналық тексерістен өткізіліп келеді. Бұл тексерулер жүрек-қан тамырлары ауруларын, глаукоманы, қант диабетін және үш түрлі онкологиялық ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау және нығайту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.

САЛАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАР

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда қандай жұмыстар атқарылды?

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы Кеген ауданында нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Бүгінде ауданымызда 6 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Күрметі, Жаңаталап, Жылысай және Қарабұлақ ауылдарындағы медициналық пункттер толықтай аяқталып, тұрғындарға қызмет көрсетуге берілді. Ал, Талды ауылындағы медициналық пункт жақын арада ашылады деп күтілуде, ал Жайдақбұлақтағы нысанның құрылысы 2026 жылдың бірінші немесе екінші тоқсанында толық аяқталуы жоспарланған. Сонымен қатар, аудандық аурухананың бірқатар ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған жұқпалы аурулар бөлімі, аурухана асханасы, Ұзынбұлақ пен Шырғанақ дәрігерлік амбулаториялары, Ақтасты медициналық пункті кіреді. Бұл жаңғырту жұмыстары медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартып қана қоймай, пациенттер мен қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

– Алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарларыңыз қандай?

– Біздің басты мақсатымыз – аудан тұрғындарына сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет көрсету. Осы бағытта инфрақұрылымды жаңарту, жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алу, жедел жәрдем көліктерін жаңарту және білікті мамандар тарту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, телемедицина мүмкіндіктерін дамыту арқылы шалғайдағы тұрғындарға да сапалы кеңес беру көзделген. Халықпен кері байланысты күшейту және тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру да негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Барлық осы шаралар – аудан тұрғындарына дер кезінде сапалы көмек көрсетуге, ауруларды ерте анықтап, алдын алуға және медициналық қызмет көрсету деңгейін жаңа белеске көтеруге бағытталған. Біз үшін ең бастысы – әр тұрғынның денсаулығының мықты болуы, себебі қоғамның болашағы – солардың амандығында.

– Қуаныш Бөлегенұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here