1,4 млрд халықты асырау оңай ма?

0
3143

1958 жылы Қытай коммунистік партиясы «үлкен серпіліс» саясатын мықтап қолға алды. Белгіленген жоспарға сәйкес, бес жылдың ішінде Қытай Халық Республикасының экономикасы 3 есеге, соның ішінде өнеркәсіп өндірісі 6 есеге, ал ауыл шаруашылығы 2,5 есеге артуы тиіс болды. Басты мақсат – КСРО мен АҚШ экономикасына жету, содан кейін басып озу! Осылайша алдына үлкен мақсаттар мен жаңа міндеттер жүктеген Қытай коммунистік партиясы «үлкен серпілісті» бастап та кеткен еді.

60-жылдардың өзінде Қытайдың халқы 600 миллионнан асып кеткен еді. Ал сол халықты асырау басты мәселеге айналды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе төңірегіндегі түйіткілдің түйінін тарқату үшін ең алдымен дәнді дақылдардың қауіпті жауы саналатын тышқан, ара, шыбын және торғайлардан құтылу керектігін алға тартты. Қытай ғалымдарының есептеуінше, торғайлар 35 миллион адамға азық болатын бидайды жейді екен. Осыған байланысты егін алқаптарына торғайларды қондырмаған ел аз уақыттың ішінде олардың көзін құртып тынды.

Расында да, келесі жылы егістік алқаптарында егін бітік шықты. Қытай халқы бұрын-соңды болмаған мол өнім алды. Алайда медальдің екі жағы болатыны іспетті бір жылдан кейін алқаптардан күріш көрінбей кетті. Сөйтсе, бидайдың жауы саналған сол торғайлар күріш алқаптарындағы зиянкестерді де шұқып жейтін болса керек. Отандық ғалымдардың өрескел қателігінен үш жыл қатарынан Қытайды ашаршылық жайлады. Соның салдарынан 15 миллион халық ашаршылықтың құрбанына айналды. Содан бері Қытай Халық Республикасы ауыл шаруашылығын сынақ алаңына айналдырған емес. Кез келген реформаны бастамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» болған.

60-жылдары Қытай Халық Республикасы ауыл шаруашылық саласында екі бағытқа баса мән берді. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру, шаруа қожалығы мен ауыл адамдарын қолдау. Бұл – бір. Екіншіден, ауылдың инфрақұрылымын құру әрі дамыту.

Өткен ғасырдың ортасында он қытайдың сегізі ауылда тұрды. Бірақ, оларға қалаға қоныстануға рұқсат берілгенде ауылдан қалаға ағылғандардың санында шек болмады. Соның салдарынан диқандардың қатары тым азайып кетті. Ауыл шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған Қытай коммунистік партиясына бұл жығылғанға жұдырық болды. Содан ел билігі шаруа адамдары үшін салықты алып тастады.

1983 жылы Қытайда ауыл шаруашылығын дамыту банкі құрылды. Аталған банк несие берумен қатар, өтпей жатқан бидайды сатып алып, оны сақтаумен, азық-түлік бағасын реттеумен, тыңайтқыштардың шығынын өтеумен де айналысты. Жаңа өндіріс түрлеріне ауысқандарды ынталандырып отырды. Қытай коммунистік партиясы бастапқыда-ақ бұл банктің шығыннан басқа кірісі болмайтынын жақсы түсінді. Десе де, ауылды қолдау үшін осындай қадамға барды.

Иә, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтынын» ескерсек, ауыл шаруашылығын дамытуда Қытай коммунистік партиясының қателік жіберген тұстары да болды. Дегенмен, кез-келген қателіктен сабақ алуды білетін ел ауыл шаруашылығын өзге елдерге қарағанда қарқынды дамыта алды. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері Қытай өзінің халқын толықтай асырай алатын елге айналды. Енді қараңыз, 1982 жылы Қытай халқының саны 1 миллиардтық көрсеткішке жетті. Ал, осыншама халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Қытай коммунистік партиясының ауыл шаруашылығын дамытудан басқа амалы қалмады.

Рас, агроөндірісті қолдау үшін дамыған инфрақұрылым қажет. Ал, аспан асты елі бұл іспен өткен ғасырдың ортасынан бері тұрақты айналысып келеді.

Бүгінгі күні ең шалғайда жатқан ауылдың өзіне асфальт төселіп, электр энергиясы тартылған. Жылына 10-12 мың шаршы шақырым жол салынады (Қытай жер көлемі жөнінен Ресей мен Канададан кейінгі үшінші ел екенін ұмытпаңыз, – ред.). 2007 жылы 32 миллион шаруа ауыз суға қол жеткізді. 2008 жылы бұл бағыттағы шығын көлемі 50 миллиард долларға жеткен екен.

Жері үлкен болғанымен әлем халқының 18,6 пайызы осы елде шоғырланғанын ұмытпау керек. Сондықтан да, ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуда Қытай коммунистік партиясының алдынан тағы бір мәселе шықты. Біздің көрші елде игерілмеген жері қалмады. Айталық, игерілмеген жер 1997 жылы 130 миллион гектар болса, 2008 жылы 120 миллион гектар ғана қалды. Тағы да аштық қауіпі төнді. Бұл кезде ғалымдар көмекке келді.

Бидай, күрішті көптеп егетін ел 2008 жылдан бері түрлі аурулар мен қолайсыз ауа-райына төзімді жануарлар тұқымын көптеп өсіре бастады. Оған жұмсалған қаржы 3,5 миллиард долларды құрады. Бүгінде Қытай Халық Республикасы генетикалық-модифицикалық ағзаны зерттеп, оны қолданысқа енгізді.

Иә, Қытай коммунистік партиясы аштық пен ашқұрсақтылық мәселесін табанды түрде шеше білді. Шығыстағы көршіміздің халқы 1 миллиард 400 миллионға жетіп қалды. Жыл сайын халқы мыңдап емес, миллиондап өсетін көрші ел мұның да шешімін табатынына күмән жоқ. Өйткені, аспан асты елі күтуді, ойлауды, шешуді баяғыда-ақ үйренген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қытай Халық Республикасында 1,4 миллиард халық тұрады, яғни әлем халқының 18,6 пайызы осы елде шоғырланған. Дегенмен, әлем халқының 17,9 пайызы тұратын Үндістандағыдай өлместің күнін көріп отырған қытайды кездестірмейсіз. Керісінше «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» қытайлық менталитет әлем экономикасын тығырыққа тіреген дағдарыс жағдайында да өз есептерінен жаңылмай, байсалдылықпен ел игілігін еселей білді. Қытай коммунистік партиясының сәтті жүргізген реформалары мен дер кезінде жүзеге асырған бағдарламалары ел экономикасын АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шығарды. Дұрыс экономикалық саясат ұлт экономикасының да тұрақты өсімін қамтамасыз ете алды. Соның нәтижесінде Қытай билігінің алмаған асуы мен бағындырмаған биігі кемде-кем.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here