«Қара алтын» жолындағы қауіп немесе Қазақстан мұнайы тиелетін танкерлерге қауіп қайдан төнді?

0
1856
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Кеше ғана толқыны тыныш көрінген Қара теңіз бүгін күшіне енген. Мұнай тиеуге асыққан танкерлердің жолын енді жел емес, дрондар бөгейтін болды. Новороссийск маңында болған шабуылдар еліміздің «қара алтынын» тасымалдау ісі қауіп пен қатерге толы кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Қазақстан мұнайына қауіп қайдан төніп тұр? Ашық теңізден бе, әлде жабық саясаттан ба? Бүгін осы күрделенген «қара алтын» жолын «Qazaq» газеті тарқатып көрмек.

ҚАРА ТЕҢІЗДЕГІ ТЕЖЕЛІС

Қазақстан мұнайын тиеуге бет алған грек танкері Новороссийск порты маңындағы Қара теңізде дрон шабуылынан зардап шекті.

Грекияның кеме қатынасы министрлігінің мәліметінше, оқиға 14 наурыз күні таңсәріде болған. Шабуыл салдарынан материалдық шығын келтірілгенімен, 24 экипаж мүшесі аман, ал кеменің теңізде еркін қозғалуына кедергі келмеген.

Америкалық «Chevron» мұнай корпорациясы жалдаған «Maran Homer» танкері Грекияның солтүстігіндегі Салоники портынан Қара теңізге бет алып, Қазақстан мұнайын тиеп, одан әрі Ыстамбұлға жол тартпақ болған. Алайда, грек билігі мен кеме операторының деректеріне сүйенсек, танкер мұнаймен толтырылмай тұрып-ақ зымыран немесе дрон соққысына ұшыраған.

Қазақстан Энергетика министрлігі оқиға кезінде танкер бортында қазақстандық мұнай болмағанын, «республиканың экспорттық шикізатына залал келмегенін» растады.

Грекияның теңіз істері министрі Василис Кикилиастың пікірінше, осы жағдайға байланысты Афина кінәлі деп танылған елге арыз-шағым жолдайтынын айтты.

«Грек туымен жүзетін кемелерге де, құрамында грек теңізшілері бар немесе грек компанияларына тиесілі кемелерге де бағытталған шабуылдарды мен орынсыз әрі өте қауіпті деп ойлаймын», – деді ол «ERT» телеарнасына берген пікірінде.

Министр шабуылды АҚШ-тың Иранмен қақтығыстан туындаған тұрақсыздыққа байланысты Ресей мұнайын жеткізу бойынша кейбір санкцияларды уақытша жеңілдетуі деп санайды.

Айта кетейік, бұл Қара теңіз порттарынан Қазақстан мұнайын тасымалдауға жалданған танкерлерге жасалған алғашқы шабуыл емес. 13 қаңтарда дрондар Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына бет алған танкерлерге соққы жасаған еді.

Қазақстанның «Қазмортрансфлот» компаниясына тиесілі, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) еншілес кәсіпорны арқылы жалға алынған «Matilda» танкері шабуыл кезінде КҚК портына бірнеше ондаған шақырым жерде болған. Шабуыл кезінде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. КМГ мәліметінше, танкерге қазақстандық мұнайды тиеу 18 қаңтарға жоспарланған.

Сондай-ақ, тиеуді күтіп тұрған «Delta Harmony» танкеріне де дрон тиген. Өрт тұтанып, кейін жедел сөндірілген. Екі жағдайда да экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Бұл кеме де «Chevron» компаниясы тарапынан жалданған болатын. «Delta Harmony» – Теңіз мұнайын, ал «Matilda» – Қарашығанақ кен орнынан өндірілген мұнайды тасымалдауға тиіс еді.

Дегенмен, Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко мәлімдегендей, Украина ешқашан Қазақстанның экономикасына немесе инфрақұрылымына зиян келтірген емес. Елші Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын үнемі қолдауын жоғары бағалайтынын және Қара теңіз арқылы энергия тасымалының сенімді әрі үздіксіз болуын қамтамасыз етуге ұмтылатындығын атап өтті.

 «Украина Қазақстан нысандарына заңды мақсатпен шабуыл жасаған емес. Жақында «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі грек танкерлерінде болған жағдай дәл осыны көрсетеді. Кемелер толық бақылауда болды, транспондерлері белсенді жұмыс істеді әрі ешқандай зақым келген жоқ», – деді ол.

Виктор Майко атап өткендей, Новороссийск жанында екі ресейлік танкер Украинаның ұзақ қашықтыққа арналған дрондарынан ауыр зақым алған. Ал, грек танкерлеріне тек қысқа қашықтықтағы, әр бұрыштан түсіруге мүмкіндік беретін дрондар шабуыл жасаған. Бұл дрондардың Украинадан емес, Новороссийск су айдындарынан ұшырылғанын көрсетеді.

ІРІ КЕН ОРНЫНДАҒЫ ІРКІЛІС

Наурыз айының басында Қазақстанның ең ірі мұнай кен орны – Теңізде тағы да өрт шықты. Кен орнының операторы «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы тек 2026 жылғы 11 наурызда Теңіз кен орнындағы бір нысанда оқиға орын алғанын ғана растады.

«Зақымданғандар жоқ, компания оқиғаның негізгі себебін анықтауды жалғастыруда», – деп мәлімдеді ТШО.

Осы ретте қазақстандық БАҚ мәліметтері бойынша, жедел түрде жойылған өрт зауыттың үшінші буынға жататын технологиялық қондырғыларының бірінде пайда болған. Бұл соңғы екі айда кен орнында болған алғашқы оқиға емес. 18 қаңтарда сол нысанда екі электр генераторы жанып кеткен еді. ТШО 19 қаңтардан бастап Теңіз және Корольдік кен орындарында мұнай өндіруді тоқтатуға мәжбүр болды. Өндірісті біртіндеп қалпына келтіру бір аптадан кейін ғана басталды.

Үшінші буын зауыты – Теңізде БКЖ-СҚБЖ жобасының (Болашақ кеңейту жобасы – Сағалық қысымды басқару жобасы) негізгі құрамдас бөлігі. Ол жалпы өндірісті жылына 39-40 миллион тоннаға жеткізу үшін мұнай өндіруді жылына 12 миллион тоннаға арттыру мақсатында салынған. Нысандарды іске қосу бірнеше рет кейінге қалдырылды, негізгі іске қосу жұмыстары 2024-2025 жылдарда жүргізілді. Бұл ретте кен орнының операторы БКЖ-СҚБЖ-ны іске асыруға 48 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады.

Сонымен қатар, Теңізде болған апаттар, сондай-ақ Қара теңіздегі оқиғалар Қазақстанда мұнай өндірудің айтарлықтай қысқаруына алып келді. Мәселен, осы жылдың қаңтар айында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда елімізде мұнай мен газ конденсатын жиынтық өндіру күрт төмендеді, яғни шамамен 35%-ға, айына 5,3 млн тоннаға дейін азайды. Бұл Теңіздегі өрттермен КҚК жұмысындағы іркілістерге байланысты болды. Өндірістің азаюы Теңізде (қаңтарда 66%-ға), Қашағанда (33%-ға) және Қарашығанақта (13%-ға) тіркелді, ал өндірудің жалпы жылдық жоспары 96-98 млн тоннаға дейін төмендеді.

Бұл ретте жүк жөнелтушілер экспорттық мұнайдың аз ғана бөлігін КҚК-дан баламалы бағыттарға қайта бағыттай алды. Қаңтар айында олар Атырау – Самара құбырлары арқылы Ресей, Атасу – Алашанькоу арқылы тікелей Қытайға, сондай-ақ Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы небәрі 1,36 млн тонна мұнай жеткізді, бұл қараша айындағы көрсеткіштен шамамен 140 мың тоннаға артық.

Қараша айында қазақстандық экспорттық мұнайдың 80%-ға жуығы жөнелтілетін КҚК теңіз терминалына теңіз дрондары шабуыл жасап, салдарынан жұмыс істеп тұрған сыртқа шығарылған екі айлақ құрылғысының біреуі зақымданды, бұл мұнай құбырының өткізу қабілетін екі есе қысқартты. Тиеу құрылғысы екі айдан кейін ауыстырылып, 25 қаңтарда пайдалануға берілді.

Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдарынан Қазақстан 2025 жылы өндірілген мұнайдың шамамен 3,8 млн тоннасын экспорттай алмағанын хабарлады. Бұл шамамен 28,9 миллион баррель мұнай, 1 тонна –7,5 баррель.

Егер бір баррельді орташа 60 АҚШ доллары бағасымен есептесек, онда қазақстандық мұнай экспорттаушылардың экспорттық мұнай құбырымен проблемалар салдарынан түсімдегі шығындары өткен жылы ғана 1,7 млрд АҚШ долларынан асты.

Өндіру мен экспортты төмендету жер қойнауын пайдаланушыларға ғана емес, салық толық түспейтін мемлекеттік бюджетке де тиімсіз. Алайда, өндірісті қысқарту ОПЕК+ мәмілесі аясындағы Қазақстанның міндеттемелеріне сәйкес келеді. Республикамыздың өндіруге арналған альянс квоталарынан асып кету бойынша өте үлкен берешегі бар. Қаңтар айында елімізде мұнай өндіру тәулігіне 1,569 млн баррельді, ал артық өндірістің өтемақы деңгейі тәулігіне 279 мың баррельді құрауы тиіс еді.

СОҒЫС СЕБЕП БОЛДЫ МА?

Ақпан айында АҚШ әкімшілігі Украина үкіметіне оның өткен жылдың аяғында Қара теңіздегі мұнай терминалына жасаған соққылары АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясына әсер еткенін ескертті.

Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина АҚШ Мемлекеттік департаментінен украиндықтар американдық мүдделерге шабуыл жасаудан бас тартуы керек деген ресми дипломатиялық хабарлама алғанын айтты. Алайда, оның айтуынша, АҚШ Ресеймен соғысып жатқан Украинаға Ресейдің әскери және энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасаудан бас тартуды ұсынған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, ресейлік мұнай да КҚК арқылы тасымалданады. Мысалы, 2024 жылы мұнай құбыры арқылы шамамен 8 млн тонна немесе жүйе бойынша бір жылда айдалатын шикізаттың жалпы көлемінің 13%-ы жөнелтілді. Бұдан басқа Ресейге «КҚК» АҚ акцияларының 31% тиесілі, бұл консорциумның барлық қатысушыларының ішіндегі ең үлкен үлес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Еліміз үшін мұнай – тек шикізат қана емес, стратегиялық маңызы бар ресурс. Бүгінде мемлекет алдында табиғи байлықты қорғау, оны тиімді пайдалану әрі қауіпсіз жеткізу жолдарын қамтамасыз ету секілді маңызды міндет тұр. Осы міндеттер орындалған кезде ғана «қара алтын» тасымалындағы қауіп сейілетін шығар…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here