Тарихи сәт! Михаил Шайдоров – Олимпиада ойындарының чемпионы

0
399

14 ақпанда Италиядағы XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында жүлдегерлер анықталды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров өзінің еркін бағдарламасында рекордтық 198.64 ұпай жинап, алтын медальді жеңіп алды. Жарыс барысында отандасымыз бірінші мәрте бес рет төрттік секіру элементін сәтті орындай алды.

32 жыл күткен тарихи жүлде

Турнирдің қорытындысы (барлығы 24 қатысушы):

  • 1-орын. Михаил Шайдоров (Қазақстан) – 291.58 ұпай;
  • 2-орын. Юма Кагияма (Жапония) – 280.06 ұпай;
  • 3-орын. Шун Сато (Жапония) – 274.90 ұпай.

Осылайша, ел тарихында алғаш рет қысқы Олимпиадада бір спорт түрінен екі жүлде бұйырды. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылы Сочи Олимпиадасында марқұм Денис Тен қола жүлде алған еді.

Айта кетейік, Италияда өткен Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадан кейін 5-орында тұрды. Алайда, еркін бағдарламада керемет өнер көрсетіп, барлық қарсыласын артта қалдырып, алтын медаль жеңіп алды. Бұл жүлде Қазақстан үшін тәуелсіздік жылдарындағы қысқы Олимпиададағы екінші алтын медаль болып тұр. Бұған дейін алғашқы алтынды Владимир Смирнов 1994 жылы Лиллехаммер Олимпиадасында 50 шақырымдық жарыста жеңіп алған-ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты Олимипиада чемпионы атануымен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады.

Президент атлеттің отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленуін тарихи маңызы зор жетістік ретінде атап өтті.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі, жеңіске деген ерік-жігері үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы барша спорт сүйер қауым мен ел азаматтары спортшының айтулы жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға, тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді. Президент Олимпиада чемпионына толайым табыс пен жеңіс тіледі, – делінген хабарламада.

Сыйақы, пәтер, көліктер: Олимпиада чемпионын қандай сый-сияпат күтіп тұр?

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа Олимпиада ойындарындағы жеңісі үшін сыйақы беріледі. Оның мөлшерін ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен. Соған сәйкес, Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшыларға 250 мың доллар сыйақы қарастырылған. Қазіргі бағам бойынша 21 жастағы спортшы алатын сыйақы шамамен 124 млн теңгені құрайды.

«Forbes» журналының дерегі бойынша, Қазақстан ең жоғары сыйақы тағайындайтын елдердің қатарына кіреді. Мәселен, Италияда алтын медаль үшін шамамен 213 000 доллар көлемінде төлем қарастырылған, Кипрде – 177 000 доллар, Болгарияда – 151 000 доллар, Литвада – 133 000 доллар, Косовода – 130 000 доллар және Эстонияда 118 000 доллар төленеді.

Одан бөлек, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген спортшыға су жаңа көлік сыйлайтынын мәлімдеді. Михаил Шайдоров еркін бағдарламада Димаштың әнін таңдап, сонымен өнер көрсеткен болатын.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында спортшының табандылығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтіп, бұл жетістік – күллі Қазақстан үшін зор мақтаныш екенін жеткізді.

Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Арсен Томский Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Александровичке Audi Q8 қымбат көлік сыйлады.

«Мен Audi Q8 көлігін чемпионның әкесіне тарту етемін. Бір кездері ол ұлының арманы үшін өз көлігін сатты. Бүгін сол арман алтынға айналды. Енді бұл көлік – ортақ ризашылығымыздың символы болсын», – деп жазды кәсіпкер.

Ал, қазақстандық «Ulutau Group» құрылыс компаниясы жас спортшыға Астана қаласында үш бөлмелі пәтер сыйға беретінін хабарлады.

«Менің Ресейге түк қатысым жоқ, бұл – маған деген құрметсіздік»

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров кейбір БАҚ-та оның «шығу тегі ресейлік» деп жазылуына қатысты пікір білдірді.

2024 жылдың соңында Гран-при кезеңіндегі сәтті өнерінен кейін кейбір басылымдар Михаил Шайдоровты «ресейлік спортшы» деп атап кеткен. Миланда өткен Олимпиадада алтын жүлде алғаннан кейін де осындай ақпараттар қайта тараған. Осыған байланысты спортшы былтыр қаңтарда Sport+ арнасындағы «Тікелей әңгіме» бағдарламасында өз позициясын нақты білдірген.

«Мен Алматыда дүниеге келдім. Сонда өстім және қазір де сол қалада тұрамын. Уақытымның басым бөлігін Қазақстанда, өзімнің сүйікті қаламда өткіземін. Алайда, мәнерлеп сырғанауды мен «Рамстор» сауда орталығындағы мұз айдынында бастадым. Сол жерде көптеген спортшы, соның ішінде Денис Тен де жаттыққан. Ресейде де көп уақыт болып, оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Бірақ, соңғы уақытта қиындықтар туып, қазір көбіне Алматыда жаттығып жүрмін. Мені ресейлік спортшы деп атап жүргендерді де көрдім. Алайда, мұны маған деген құрметсіздік деп есептеймін», – деді Алматының тумасы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here