Ғылым ордасында халықаралық музейлер күні аталып өтті

0
157

2026 жылғы 18 мамырда Ғылым ордасында Халықаралық музейлер күні мен Халықаралық музейлер кеңесі ұйымының 80 жылдығына арналған «Музейлер кеңістігі: тарих пен болашақ үндестігі» атты мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА, Медеу ауданы әкімдігі өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, музей саласы мамандары, жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік шараның ашылуында «Ғылым ордасы» Бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Д.Баринов сала қызметкерлерін Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, музей ісінің мемлекеттік деңгейдегі маңызына тоқталды. Ол ұлттық мұраны сақтау, тарихи жәдігерлерді жүйелі зерттеу және оларды өскелең ұрпаққа насихаттау ісіндегі музейлердің айрықша рөлін атап өтті.

Салтанатты жиында музей ісін дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар Алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік бағдарлама Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі ансамблінің ән шашуымен басталды. Сонымен қатар келушілер Ғылым ордасы құрамындағы Археология және Қазақстан ғылымының тарихы музейлері, Орталық ғылыми кітапхана ұйымдастырған көрмелермен танысуға мүмкіндік алды. Шара аясында О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің студенттері мен оқытушыларының зергерлік бұйымдары, суретші-реставратор Ә.Н. Рахметовтың «Көнеден қалған асыл мұра» атты авторлық экспозициясы және көне түркі жазуының каллиграф шебері К.А. Тархановтың бірегей туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Қонақтарға арналған табаққа сурет салу және көне түркі жазуы каллиграфиясы бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Бұл қатысушыларға ұлттық өнер мен рухани мұраның қыр-сырын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Айтулы күннің маңызды оқиғаларының бірі – Табиғат музейіндегі жаңартылған «Зоология» залының ресми ашылуы болды. Жаңартылған зал келушілерге табиғат әлемінің алуан түрлілігін және отандық зоология ғылымының құнды жәдігерлерін таныстыруға бағытталған.

Іс-шара музей кеңістігінің мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудегі маңызын айқындап, ғылым мен мәдениеттің өзара үндестігін насихаттауға арналды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here