Өңір өркендеуінің тірегі – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

0
172

Жоғары білім – қоғам дамуына серпін беретін стратегиялық күш. Ал, университет – білім, ғылым, инновация және адами капитал тоғысатын институционалдық орта.

Осы жауапты миссияны басты бағдар еткен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті білім мен ғылымның озық үлгілерін өңір дамуының нақты қажеттіліктерімен ұштастырып келеді. Университеттің негізгі мақсаты – ел игілігіне қызмет ететін білікті мамандар даярлау, ғылыми-инновациялық ортаны күшейту және білім алушыларға сапалы әрі қолжетімді білім беру.

Бүгінде оқу орны жастардың шығармашылық, зияткерлік және кәсіби әлеуетін ашатын заманауи білім беру кеңістігін қалыптастырып, Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне жүйелі үлес қосып отыр.

Мамандығым – болашағым: жаңа білім беру бағдарламалары

Қазіргі жаһандану жағдайында білім беру бағдарламаларын үнемі жаңарту – уақыт талабы ғана емес, жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі көрсеткіш. Жетісу университетінде жаңа бағдарламаларды әзірлеу және қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру еңбек нарығының сұранысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін және елдік басымдықтарды кешенді талдаудан басталады.

Осы талдау нәтижесінде білім мазмұны жаңартылып, оқу үдерісіне заманауи құзыреттер енгізілуде. Барлық білім беру бағдарламаларына «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Жасанды интеллект негіздері», «Инклюзивті білім беру ортасы», «Зерттеулер, даму және инновациялар», «Педагогикалық зерттеулер» сияқты пәндердің енгізілуі студенттердің жан-жақты дамуына және еңбек нарығында еркін бейімделуіне мүмкіндік береді.

«Дүниежүзілік банк» жобасы аясында педагогикалық бағыттағы 18 білім беру бағдарламасы кеңейтілді. Кәсіби стандарттар талаптарына сәйкес Жоғары білім берудің бірыңғай платформасындағы педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының 100 пайызы жаңартылды. Сонымен қатар, университет жанындағы Марке политехникалық университетінің филиалында Foundation бағдарламасы, экономика, ақпараттық технологиялар (IT) және экологиялық қауіпсіздік бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде.

Цифрландыру және жасанды интеллект – оқу үдерісіндегі жаңа сапа

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет», – деп атап өткен еді. Осы стратегиялық міндетке сай Жетісу университеті білім беру жүйесін цифрландыруды, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуді және цифрлық құзыреттерді дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде айқындады.

«Жасанды интеллект» туралы заңның қабылдануы университеттер үшін тек құқықтық міндет емес, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жауапкершілік кезеңін білдіреді. Бұл заң жоғары оқу орындарының ішкі процестеріне, академиялық адалдыққа, деректер қауіпсіздігіне, білім беру бағдарламаларына және ғылыми зерттеу мәдениетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, жасанды интеллектіні оқу үдерісінің қосымша құралы ретінде ғана емес, жауапкершілік талаптары айқын технологиялық экожүйе ретінде қарастырған жөн.

Студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында барлық мамандықтардың білім беру бағдарламаларына жұмыс берушілермен келісілген жасанды интеллектіні тиімді қолдану негіздері енгізілді. Университет Ұлттық «AISana» жобасына қатысып, оның қорытындысы бойынша зәкірлік жоғары оқу орны ретінде танылды және ең белсенді он қатысушының қатарына енді.

2025/2026 оқу жылынан бастап оқу үдерісіне 6B06105 – «Жасанды интеллект инженериясы» білім беру бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлауға, өңірдің цифрлық әлеуетін күшейтуге және еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына үлес қосуға бағытталған.

Қазіргі уақытта оқу үдерісіне 5 жасанды интеллект агенті әзірленіп, сәтті енгізілді. «Aurora» жүйесі – жасанды интеллектке негізделген дауыс көмекшісі және ым-ишараны тану жүйесі; ол табиғи сөйлеуді танып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін сурдотілге аударма жасайды. «ZU Connect» чат-боты талапкерлер мен Telegram пайдаланушыларына университетке түсу мәселелері бойынша тәулік бойы ақпарат береді. «Smart Zhetysu» цифрлық платформасының көмекшісі университеттің оқу, әлеуметтік және ғылыми қызметіне қатысты сұрақтарға үш тілде жауап беріп, эдвайзер мен куратор функцияларын атқарады. «Мультимедиа» платформасы бейнеконтент жасауды автоматтандырып, суреттерді генерациялаудан бастап дайын бейнеролик қалыптастыруға дейінгі кезеңдерді қамтиды.

«AI Game Studio» платформасы компьютерлік ойындарды әзірлеудің негізгі кезеңдерін автоматтандырады. Ол концепттерді, кейіпкерлер мен локацияларды генерациялаудан бастап ойын кодын жасау мен тестілеуге дейінгі үдерісті қамтиды.

Университет базасындағы Huawei академиясында студенттер заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тәжірибе жүзінде меңгереді. Академияда профессор-оқытушылар құрамы да кәсіби және цифрлық біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.

Жуырда Астанада өткен Халықаралық экологиялық саммит аясындағы көрмеде еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдары өз жетістіктерін таныстырды. Бұл алаңда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жасыл технологиялар мен тұрақты даму бағытындағы жобаларын ұсынып, ғылыми әлеуетін айқын көрсетті. Көрмені аралаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет жобаларының ғылыми және практикалық маңызына жоғары баға берді.

Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған көрмеде университет ректоры Ермек Бөрібаев білім ордасы ғалымдарының экологиялық бағытта әзірлеген ғылыми нәтижелері мен өнімдерін екі бағыт бойынша таныстырды.

Бірінші бағыт – жасыл экономика және қалдықсыз технологиялар: Green Zhetysu University.

Бірінші жоба – in vitro көбейту және қалемшелеу арқылы Жетісу Алатауының Сиверс алмасы, Недзвецкий алмасы, Іле жимолосы, Іле итмұрыны секілді сирек және эндем түрлерінің генетикалық бірдей көшеттерін алу.

Екінші жоба – қара сарбаз шыбыны дернәсілдері арқылы тамақ қалдықтарын толық қайта өңдеу технологиясы. Бұл технология ресурсты үнемді пайдалана отырып, отандық жоғары ақуызды өнімдер алуға мүмкіндік береді: жас және кептірілген дернәсілдер, май, зоогумус.

Үшінші жоба – өсімдіктер селекциясында геномдық іріктеу (Genomic Selection, GS) және жеделдетілген селекция (Speed Breeding, SB) сияқты заманауи биотехнологияларды қолдану. Бұл әдіс қазақстандық бидайдың генетикалық ақпаратын цифрландырудағы маңызды қадам болып отыр.

Екінші бағыт – ақылды және экологиялық кампустар құруға арналған «Университеттің Smart экожүйесі».

Университетте «Smart Zhetysu» цифрлық платформасы әзірленіп, жоғары білім берудің бірыңғай платформасымен (ЕПВО) интеграцияланған. Платформа негізгі бизнес-процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инклюзивті ортаны қолдауға, берілген сценарийлер мен оқу материалдары аясында дауыстық сүйемелдеуге және оқытуға арналған AI-DOS дауыстық көмекшісі әзірленді.

Көрмеде университетте іске асырылып жатқан стартап-жобалардың прототиптері де таныстырылды. Олардың қатарында электр көлігі үлгілері – кішкентай питбайк, электровелосипед, флагмандық электробайк, жүк мотоциклі және мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасына арналған қондырма бар. Сондай-ақ, гранулалар мен пластикалық қалдықтардан жіп шығаруға арналған портативті үстел үсті экструдер құрылғысы, компьютерлік көру және түнгі көру камерасы арқылы аумақтарды бақылауға арналған «Safe-Guard» автономды ұшқышсыз ұшу аппараты ұсынылды.

Ұсынылған технологиялар мен прототиптердің барлығына патент пен авторлық куәлік алынған.

Жетісу университеті халықаралық UI GreenMetric World University Rankings рейтингінде жоғары нәтижеге қол жеткізді: жоғары оқу орны әлем бойынша 721-орынды, Қазақстан жоғары оқу орындары арасында 7-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш университеттің экологиялық тұрақтылық бағытындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесін көрсетеді.

Астана қаласында инновациялық идеяларды қолдау, тың жобаларды дамыту және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында өткен «Инновациялық. Тұрақтылық. Болашақ» хакатонында университет студенттері тағы да жоғары нәтиже көрсетті. Дене шынықтыру және өнер, гуманитарлық факультетінің студенттері Данияр Әділбекұлы, Асқар Рахым, Рана Қабылай жүлделі І орынды иеленіп, оқу орнының мерейін үстем етті.

Студент жастардың осындай ірі алаңдарда өздерін танытуы – олардың кәсіби сенімін арттырып қана қоймай, елдің инновациялық болашағына қосылған маңызды үлес.

Ғылым – жоғары білім беру жүйесінің өзегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 10 сәуірде өткен ғалымдармен кездесу барысында: «Ғылым мен білім бірге жүруі тиіс – университеттер тек маман даярлаумен емес, ғылыми зерттеумен де айналысуы керек», – деген еді. Қазіргі жаһандану дәуірінде университет миссиясы кәсіби маман даярлаумен шектелмейді; ол жаңа білім өндіруге, ғылыми нәтижені қоғам мен экономика қажетіне бағыттауға тиіс.

Бұл бағытта университеттердің ғылыми әлеуеті, зерттеу инфрақұрылымы және кадрлық мүмкіндіктері маңызды стратегиялық факторға айналды. Университет – ғылыми идея туып, тәжірибеге жол табатын ерекше орта. Осы мақсатта Жетісу университеті жаңа үлгідегі зертханалар құрып, ғылым нәтижелерін қоғамға жеткізу тетіктерін жолға қойып отыр. Оқытушы-ғалымдар әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер бағыты бойынша – 22, өмір және денсаулық туралы ғылым бойынша – 3, экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану бойынша – 4, жаратылыстану ғылымдары бойынша – 2, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы бойынша – 2, энергия, озық материалдар және көлік бойынша – 1 ғылыми жоба мен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Орындалып жатқан жобалар аясында «Аксиологиялық зерттеулер және медиатехнологиялар», «Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу», «Құқық, экожүйелер және тұрақты дамуды зерттеу», «Пәнаралық әлеуметтік зерттеулер», «Мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беруді педагогикалық сүйемелдеу» ресурстық орталығы және «Өсімдіктерді микроклонды көбейту» зертханасы ашылды. Бұдан бөлек, Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Институт экология, молекулалық генетика және геномика, биотехнология, өсімдіктерді микроклонды көбейту зертханаларынан тұрады. Сонымен қатар өсімдіктерді өсіруге арналған жылыжай бар.

Университеттегі ғылымның дамуына жас зерттеушілердің қосатын үлесі ерекше. Олар жаңа идеяларға ашық, заманауи технологияларды тез меңгереді және креативті шешімдер ұсына алады. «Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер», – деп Президент атап өткендей, ғылымның жаңа буынын қолдау – университеттің маңызды міндеті. Осы мақсатта жыл сайын университетішілік «Jas ǵalym» жобалар байқауы өткізіледі. 2025 жылы жалпы сомасы 16 млн теңгені қамтитын 8 жоба орындалса, келер жылы 19 млн теңгеге 15 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Студенттік ғылымды дамыту бағытында студенттердің ғылыми қоғамдары мен Жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс істейді. Факультеттер бойынша «Медиатор», «Бизнес және коммуникация», «Future Coders», «Квант», «Молодой программист», «Образование и искусственный интеллект», «Huawei ICT Academies», «Биологиялық мониторинг», «Географ-зерттеуші», «Эко-Клуб», «Жас агроном», «Сапа үйірмесі», «Жас құтқарушы», «Химик» сынды 20-ға жуық ғылыми үйірме бар.

Университеттің ғылыми дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – диссертациялық кеңестердің құрылуы. Бұл кеңестер жоғары оқу орнының өз ғылыми кадрларын даярлауына, жас зерттеушілердің кәсіби өсуіне және университеттің ғылыми мәртебесін арттыруға тікелей ықпал етеді. Осы мақсатта Жетісу университетінде 8D015 – Жаратылыстану пәндері, 8D017 – Тілдер және әдебиет, 8D013 – Пәндік мамандандырылмаған педагогтерді даярлау бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер құрылған. Бүгінде аталған кеңестерде оқытушылар диссертацияларын қорғап, PhD дәрежесіне ие болуда.

Халықаралық ынтымақтастық және ғылыми интеграция

Бүгінде білім шекара талғамайды. Университеттердің әлемдегі озық жоғары оқу орындарымен және ғылыми қауымдастықпен байланысы неғұрлым күшті болса, жаңа бағыттар, заманауи әдістемелер және тәжірибе алмасу мүмкіндіктері соғұрлым кеңейеді. Қазіргі таңда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 80-нен астам ЖОО-мен серіктестік орнатқан. Жыл сайын республикалық бюджет есебінен алыс және жақын шетелдерден 10-нан астам ғалым-профессор келіп, білім алушыларға дәріс оқиды, профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе бөліседі және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Олардың қатарында Швейцариядағы Цюрих университеті, Италиядағы Марке политехникалық университеті мен Камерино университеті, Түркиядағы Чукурова университеті, Словакиядағы Жилина университеті, Қытайдағы Шаньдун университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар. Сонымен қатар, Жетісу университеті есебінен шетелдік 13 ғалым-сарапшы оқытушылық қызметке тартылып, университеттің академиялық әрі ғылыми әлеуетін арттырды.

Білім ордасы шетелдік студенттер үшін қолайлы білім алу және нетворкинг ортасын дамытып келеді. Қазіргі таңда 70-тен астам шетелдік студент Жетісу университетінде түрлі мамандықтар бойынша білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Сонымен бірге, 30-ға жуық жетісулық студент Түркия, Италия, Польша, Малайзия және Оңтүстік Корея елдерінің беделді университеттерінде білім алып жатыр.

Enactus Zhetysu – болашақ көшбасшылар мектебі

Enactus – жастардың әлеуметтік кәсіпкерлік пен инновацияға негізделген жаһандық бағдарламасы. Ол студенттердің бизнес-идеяларын нақты әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағыттап, олардың көшбасшылық, командалық жұмыс және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасында құрылған Enactus Zhetysu командасы 2022 жылы жұмысын бастады. Содан бері команда университет студенттерін әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларды әзірлеуге және іске асыруға жүйелі түрде тартып келеді.

Enactus жобаларына қатысушы студенттер теориялық білімді нақты тәжірибемен ұштастырып, командалық жұмыс, жауапкершілік және кәсіпкерлік ойлау дағдыларын қатар дамытады. Бұл алаң жастардың еңбек нарығына ерте бейімделуіне мүмкіндік береді.

Биыл Алматы қаласында өткен Enactus Kazakhstan ұлттық кубогында жастардың кәсіпкерлік стартаптары мен инновациялық жобалары ұсынылды. Байқау барысында тіршілік үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, таза қала мен ауыл, экологияны қорғау, жер құнарлылығын арттыру, жасанды интеллектіні енгізу, агродрондарды қолдану және әлеуметтік бизнес бағытындағы жобалар сарапқа салынды.

Еліміздің жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары қатысқан бұл додада «World Cup» лигасында Enactus Zhetysu командасы төртінші орынды иеленді, ал «Early Stage» лигасында университеттің EnactusZhansugurov College командасы чемпион атанды.

Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде қорғауға жолдама алған EnactusZhansugurov College командасы келесі жобаларды ұсынды:

  • Су ресурстарын интеллектуалды басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі автономды экологиялық жүйе – «Basqan»;
  • Жануарлардың денсаулығын жақсартуға және өнімділігін арттыруға бағытталған табиғи ингредиенттерден жасалған жем – «Asyl jem».

Бұған дейін де І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті студенттерінен құралған Enactus Zhetysu және EnactusZhansugurov College командалары жеңімпаз атанып, Қазақстанда алғаш рет өткен ENACTUS Студенттік кәсіпкерліктің әлемдік кубогында ел намысын қорғаған болатын.

Жетісу университеті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, оны заманауи білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған білім ордасы. Академиялық жаңару, цифрландыру, ғылымды дамыту, халықаралық әріптестік және студенттердің әлеуетін қолдау университеттің тұрақты дамуы мен жаңа биіктерге ұмтылуына жол ашады.

Университеттің басты ұстанымы – заң мен тәртіп

Қоғамда заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті елімізде жүзеге асырылып жатқан 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Университет қабырғасында өткізілген кездесулер, қоғамдық дәрістер, акциялар мен интеллектуалдық жобалар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға және әділетті қоғам құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және кітап оқу арқылы рухани дамуына ықпал ету мақсатында университет қабырғасында арнайы кітап бұрышы ашылды. Онда құқық саласына арналған оқулықтар мен кодекстер, сондай-ақ жастардың дүниетанымын кеңейтетін көркем және тарихи әдебиеттер жинақталған. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы шығармаларынан бастап, Дінмұхамед Қонаев, Кемел Тоқаев, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев еңбектері бар. Бұл бастама жастардың құқықтық сауатымен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға бағытталған.

Білім ордасында ұйымдастырылған маңызды кездесулердің бірі – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Талдықорған қаласындағы құқық қорғау органдарының басшылары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастары қатысқан «Заң мен тәртіп – Конституция үстемдігінің негізі» атты шара болды. Кездесу барысында құқықтық мемлекет қалыптастырудағы заңның рөлі мен жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігі кеңінен талқыланды.

Университетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департаменті, прокуратура органдары және университет ұжымының қатысуымен кеңейтілген кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторингі агенттігі Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдерінің қатысуымен студенттерге арналған тағылымды кездесу өтті. Шара барысында қаржылық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық, интернет алаяқтықтарынан қорғану жолдары және киберқауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде маңызды кеңестер берілді. Бұл кездесу жастардың заманауи қауіп-қатерлерге қарсы құқықтық әрі цифрлық иммунитетін қалыптастыруға ықпал етті.

Жетісу университеті теориялық біліммен шектелмей, студенттердің тәжірибелік құқықтық сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Соның айқын дәлелі – Талдықорған қаласы прокуратурасының аға прокуроры, университет түлегі Дана Сәрсенбаймен өткен тағылымды кездесу. «Заң мен тәртіп – еркін болашақ кепілі» тақырыбындағы дәрісте ол прокурор қызметінің ерекшеліктері, әділдік қағидаттары және қоғам алдындағы жауапкершілік туралы айтып, жастарға мотивация берді. Университет түлегінің кәсіби жетістігі студенттер үшін жарқын үлгі болды.

Университетте өткізілген халыққа тегін заң кеңесін беру акциясы да әлеуметтік маңызы зор бастамалардың бірі болды. Жетісу облысы Әділет департаменті бірлесіп ұйымдастырған шара барысында азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, тұрғындардың заңдық сауатын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бастама университеттің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсетті.

Студенттердің құқықтық білімін заманауи форматта жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған «ZańTime» интеллектуалдық ойыны ерекше қызығушылық тудырды. Интерактивті ойын арқылы жастар құқықтық нормаларды өмірлік жағдайларда қолдануды үйреніп, заңға деген құрметін арттырды. Мұндай жобалар білім алушылардың шығармашылық ойлауын дамытып қана қоймай, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралына айналуда.

Сондай-ақ, прокуратура қызметкерлері мен полиция департаментінің кинология мамандарының қатысуымен өткен кездесулер студенттердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырды. Қызметтік иттердің қылмыстың алдын алу, есірткі заттарын анықтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі туралы жан-жақты мәлімет беріліп, студенттер құқық қорғау жүйесінің практикалық қырларымен танысты.

Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті – сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұштастырған, заңға құрмет пен әділеттілік қағидаттарын басты құндылық ретінде ұстанатын білім ордасы. Университетте жүзеге асырылып жатқан ауқымды іс-шаралар жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары белсенді азамат қалыптастыруға негіз болуда.

Таза Қазақстан – жарқын болашақ кепілі

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялау және оны келер ұрпаққа аман жеткізу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ерекше атап өткен болатын. Бұл бастама бүгінде еліміздің барлық өңірінде кең қолдау тауып, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қозғалысқа айналды.

Осы орайда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұжымы мен студенттері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына белсене қатысып келеді. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған түрлі шаралар арқылы жастар өңірдің жасыл желегін көбейтуге өз үлестерін қосты. Студенттердің белсенділігі олардың табиғатқа жанашыр көзқарасын және қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бастамалар университет қызметкерлері тарапынан да кең қолдау тапты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арнайы эко-челлендж ұйымдастырды. Акция барысында факультет декандары, оқытушылар, құрылымдық бөлім басшылары мен қызметкерлері жеке автокөліктен бас тартып, жұмысқа велосипедпен келді. Бұл бастама экологиялық таза көлік түрлерін насихаттаумен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да оң ықпал етті.

Мұндай игі шаралар университет жастарының экологиялық санасын арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтыруға, жасыл әрі таза қала қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті сапалы білім беретін оқу орны ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті дәріптейтін белсенді орталыққа айналып отыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бастамалар – табиғатты қорғау мен келешек ұрпаққа таза орта қалдыру жолындағы нақты істердің айқын көрінісі.

Осылайша, Жетісу университетінің бүгінгі даму бағыты білім сапасын арттырумен шектелмей, ғылымды, цифрлық технологияны, әлеуметтік жауапкершілікті, құқықтық мәдениетті және экологиялық сананы бір арнаға тоғыстырады. Бұл – өңірдің тұрақты дамуына қызмет ететін, болашаққа бағдарланған университет моделінің нақты көрінісі.

Қали ҚАМБАРОВ,
ақпарат саласының үздігі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here