Жақып Ақбаев – 150: Алаштың арда туған бір арысы ұмыт қала ма?

0
212
Дисклеймер: Бұл сурет жасанды интеллект көмегімен салынған. Жасаған Айнұр Қайратбекқызы. Тарихи суреттер мен сипаттамаларына негізделген. Яғни, деректі фотосурет емес.

Жақып Ақбаев 1876 жылы Семей өңіріне қарасты Қарқаралы уезінің №3 ауылының Тәңіректес деген жерінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Арғын тайпасы, Қаңлы руынан.

Алғашқы білімін ауылда алып, кейін Омбы және Томск гимназиясында оқыған. Білімге жастай құштарлығы оны Санкт-Петербург университетіне заң факультетіне оқуға түседі. Университетті алтын медальмен бітіріп, қазақ халқының тұңғыш магистрі деген ғылыми жоғарғы атаққа ие болады. ЖОО-да оқып жүрген кезінде білімнің әр саласын меңгеруге талаптанады. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» тақырыбын қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда тереңірек жалғастырып, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің баспасөзінде жариялады.

Жақып Ақбаев оқуын 1903 жылы бітіріп еліне келген соң, келісіммен Омбы қаласында сот палатасында палата хатшысы, бітістіруші судья қызметтерін атқарады. 1905 жылы 15 қарашадағы патша манифесін жария еткен жиында Ақбаев сөз сөйлеп, патша үкімітіне қарсылығын ашық білдіреді. Осы әрекеттері үшін 1906 жылы алғаш рет тұтқынға алынып, Семей түрмесіне қамалады. Одан 1908 жылы әуелі Омбы, кейін Жетісу облысының Қапал қаласына жер аударылып абақтыға жабылады. Осы кезден бастап Жақып Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргін және тепкі көріп, абақты мен айдаудан көз ашпады. Бұл жайлы «Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедиясында» /Бас ред. Ж. Тойбаева – Алматы: «Қазақ энциклопедия», 2017. – 28 бет) айтылған. Қоныс аударушыларға қазақтардың жер бермейтіндігін, осы жер үшін өлуге де дайын екендігін айтып, тәуелсіздік пен қарулы көтеріліс сияқты саясы мәселені тұнғыш рет ашық талап еткен Жақып Ақбаев болатын.

Жақып Ақбаев 1910 жылғы ақпаннан 1912 жылғы ақпанға дейін Троицк қаласында айдауда болды. Бұл қайраткердің «Айқап» журналындағы мақалаларының жазылған мерзіміне сәйкес келеді, аталған басылымның редакциясы сол Троицкіде болатын. Жақып Ақбаевтың бүркеншік аттары әлі күнге дейін белгісіз, анықталған да жоқ. Бұл туралы «Жеті жарғы» баспасынан 1996 жылы шыққан заң ғылымының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Алаш ардагері» атты кітабында біршама деректер келтірілген.

Ақбаев 1914 жылы өзін Омбы сот палатасына қызметке қабылдауға өтініш береді. Алайда оның өтініші «саяси сенімсіздігі», «патшаға тіл тигізгендігі» және басқа да «қылмыстары» үшін қабылданбайды. Бұған қарамастан Ж. Ақбаев езілген жерлестерінің мүддесін қорғап, адвокаттық практикамен айналыса бастады. 1915-1916 жылдары патша үкіметіне қарсы келгені үшін тағы да түрмеге жабылады да Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылдың басында түрмеден босатылады. Кейін ол Алаш қозғалысына белсене араласады.

1917 жылғы шілде айында Жалпықазақ съезінде депутатыққа сайланып, желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшесі болады. Ақбаев құқық жөніндегі маман ретінде Алаш автономиясының құқықтық негіздерін қалады және оның жергілікті басқару органдарын белгіледі. Оның кеңесімен және қатысуымен ежелгі қазақ жерлерінің басым бөлігі Алашорда автономиясына енгізілді. Сондай-ақ Ж. Ақбаев бұл кезеңде тұрақты әскер құру идеясын да ұсынады.

Азамат соғысы жылдары, атап айтқанда 1919 жылы қаңтарда Колчак агенттері Ақбаевты қолға түсіріп тұтқынға алып, айып тағады. Бұл туралы «Алаш ісі 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары». 2-томында (Құраст.: М. Қойгелдиев, З.Б. Мырзатаева, Р.М. Мирзакулова. Алматы: «LEM» баспасы, 2023. – 219 бет): «… за попытку к свержению диктатуры Колчака. Он приговорен к расстрелу, но расстрел оставлен без исполнения» деп келетін деректер бар. Бұл кезде Ж. Ақбаевты пролетариялық мемлекет тарапынан ауыр сынақтар мен қуғындар күтіп тұр еді. Кеңес өкіметі орнаған соң Семей ақ казактардан азат етілгеннен кейін Жақып Ақбаев облыстық заң мекемелері құрылысына жігерлі түрде араласады.

1920 жылғы қыркүйектен бастап Семей губревкомының әділет бөліміне басшылық қызметке келді. Ақбаевтың қатысуымен губерниялық сот тергеу учаскелері құрылады. Сол жылы Ақбаев Семей кеңестік халық сотының мүшесі қызметін атқарды. 1921-1922 жыдары ағарту бөлімінде жұмыс істейді, қазақтың ауыз әдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссиясының төрағасы болды. Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде және Семейде әр түрлі қызметтер атқарды.

1925 жылдың наурызында Губком мен Губматком Губ. соттың конструкторлық тексеру бөлімінің меңгерушісі және запастағы судья міндетін атқару үшін Губ. ішкі істер органына жіберіледі. Денсаулығына байланысты 1927 жылы қазан айында қазақ халқының тарихын зерттеу және ауа райы жайлы оңтүстікте тұру үшін Қызылорда қаласына барады. Онда да большевиктердің «құрыш қолы» оны алқымынан қатты кысады. Сол уақытта Жақып Ақбаев бірер жыл жұмыссыз жүреді. Тек 1928 жылы көп қиындықпен Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болып орналасады. Әбден шаршаған ол саяси айыптаулардан аулақ болу үшін қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданындағы Новотроицкое селосына (қазіргі Төлеби ауылы) кетеді. Бірақ, Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты сталиндік зобалаңға түсіп, науқастығына қарамай 1930 жылы тамыз айында тұтқынға қамалып, бес жыл мерзімге Воронеж облысына жер аударылады. Солтүстіктін салқын климатына жағдайы келмеген Жақып Ақбаевтың түрмеде отырғанда және айдауда жүргенінде-ақ денсаулығы тіптен нашарлап кетеді. Айдаудағы адамның өлім халіне жеткенін байқаған түрмешілер рақымшылық білдіріп, Жақып Ақбаевтің берген өтініші бойынша түрмеден Алматыға 1934 жылы емделуге рұқсатын береді. Бұл жөнінде «Алаш ісі 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдарының» 2-томында (Құраст.: М.Қойгелдиев, З.Б. Мырзатаева, Р.М. Мирзакулова. Алматы: «LEM» баспасы, 2023. – 506 бет): «Об освобождении из под стражи по состоянию здоровья от 29 августа 1931 г.» деген деректер бар. Жақып Ақбаев осы шешімге сай емделу үшін Алматыға келеді. Қалаға келген соң біраз уақыт өткеннен кейін қайраткер Ақбаев ауруынан 1934 жылы 4 шілдеде кайтыс болды. Ақын Дәулеткерей Кәпұлы «Соңғы Алаш» атты өленінде:

«…Көкбөрілік киемен тартып туған қанына,
Данам қайда бұл күнде дақ түсірмес арына.
Алаш жұрты жиылып, Тәңіріне тәубе айтты,
Ұлы Мағжан жұртында тірі Алаштың барына», – деп жырлаған («Жарар» порталы, 20.05.2022).

Жақып Ақбаевтың өміріндегі қиындықтар оның рухын сындырмады. Өйткені, оның өмірі күреске толы мағыналы өмір еді. Ол өз заманының озық ойлы, білімді, батыл тұлғалардың бірі болған. Сонымен қатар, ол Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері ретінде де белгілі. Оның идеялары бүгінгі күні де өзекті, себебі құқықтық мемлекет құру, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері қай ғасырда да манызды.

Шара БОЗДАҚОВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here