Қазіргі қоғамда жасанды интеллект тек технология саласының жаңалығы емес, білім берудің, ғылымның және еңбек нарығының дамуына тікелей әсер ететін маңызды күшке айналды. Бүгінгі студент ертеңгі маман ретінде тек өз кәсібін жақсы меңгеріп қана қоймай, жаңа цифрлық құралдарды дұрыс қолдана білуі, ақпаратты талдай алуы және өзгермелі ортаға бейімделуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан AI-SANA ұлттық бағдарламасы жоғары білім беру жүйесі үшін ерекше мәнге ие.
AI-SANA бағдарламасы жасанды интеллект саласында білікті кадрлар даярлауға, студенттердің жаңа технологияларға қызығушылығын арттыруға және университеттерде инновациялық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама жастарға жасанды интеллектіні тек дайын құрал ретінде емес, жаңа идеяларды жүзеге асырудың, ғылыми ізденісті тереңдетудің және кәсіби дамудың мүмкіндігі ретінде тануға жол ашады.
Жетісу университеті де осы ұлттық бағдарламаны іске асыруға белсенді қатысып келеді.
Университетте білім алушылардың жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді қолдануына, цифрлық құзыреттерін дамытуына және өз саласына қажетті заманауи дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалуда. AI-SANA аясындағы жұмыстар студенттердің теориялық білімін практикалық әрекетпен ұштастырып, олардың шығармашылық ойлауына, зерттеушілік мәдениетіне және кәсіби сенімділігіне ықпал етеді.
Ерлан Хаймулданов,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы.
Талдықорған қаласы.









