Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің рәміздерін ерекше құрметтейді және олардың қоғамдағы маңызын жоғары бағалайды.
– Бүгінде Қазақстан бойынша мешіттерде өткізілетін уағыз-насихат жұмыстарында Отанды сүю, мемлекетке адал қызмет ету, ел бірлігін сақтау, заң талаптарын құрметтеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау мәселелері тұрақты түрде түсіндіріліп келеді. Сонымен қатар, мұсылман бауырлас азаматтардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, туған жерге сүйіспеншілікті арттыру бағытындағы рухани-тәрбиелік жұмыстарға ерекше мән беріледі, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев.
Атырау өңіріндегі мешіттерде ҚР Мемлекеттік Туы ілінген. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті хабарлағандай, діни бірлестіктердің өз қалаулары бойынша ҚР Мемлекеттік Туды ғибадат үйлеріне ілулеріне еш кедергі жоқ.
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі
ұлттық орталығының бас директоры
Атырау қаласы









