Қазақ спорт журналистикасы Сейдахмет Бердіқұловтан бастау алады, десе артық болмас. Себебі, журналист жазушы ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарындағы спорт тақырыбына тұрақты әрі тереңдей қалам тербеген алғашқы сала маманы. Сейдахмет Бердіқұлов спорттық жарыстарды мерзімді баспасөз беттерінде репортаж жасау стилін қалыптастырды. Репортажды тек қана телеарна мен радиода ғана емес, асқан шеберлікпен басылым беттерінде де жариялауға болатынын дәлелдеді.
Қазақ спорт журналистикасы өзге саламен салыстырғанда кенде қалып келе жатқаны рас. Дегенмен, тұрақты даму үстінде. Себебі, шамамен жиырма жыл бұрын қазақ тілінде спорттық жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды тұрақты көрсететін телеарналар саусақпен санарлық қана болды. Ал, бүгінде ұлттық спорт пен әлемдік бәсекелерді жиі таразылап, тікелей репортаж жасайтын «ҚазСпорт» атты салалық телеарна жұмыс істейді. Оған қосымша, оқырманға сапалы ақпарат пен сараптаманы тұрақты ұсынатын сайттар да жауыннан кейінгі саңырау құлақтай көбейіп келеді. Әрине, ақпарат саласы көш ілгері дамып кеткен батыстық басылымдармен иық тірестіре алмас. Алайда, спорт сүйер қауым қазақ тілінде сапалы ақпарат таба алатын жағдайға жетті.
Еліміздегі салалық телеарнаның бірі – ҚазСпорт тек спорт сүйер қауымға арналған. Кеше ғана қабырғасы қаланған арна қазақ спорт журналистикасының бір жыртығына жамау болып отыр. Үкіметтің тікелей қаржыландыруы арқылы жұмыс істейтін арна бүгінде әлемдік айқастар мен ұлттық жарыстардан тікелей көрсетілім жасауға қабілетті. Оған қоса, комментаторлар тізімі де ұлғайып, сапасы артып келеді. Әлімжан Асқар, Асхат Сағынай, Есей Жеңіс, Ермұхамед Мәулен сынды шебер комментаторлар көрермен қауымның көңілін таба білді. Олимпиадалар мен әлем чемпионаттары назардан тыс қалмайтын кезеңге жетті.
Бүгінде мерзімді басылымдар да заманның талабына сай газеттің бір бетін спорт тақырыбына арнауды дәстүрге айналдырды. Сейдахмет Бердіқұлов бастап кеткен жолмен рептортаж жасап, жаңалықты дер кезінде бере алмай келеді. Дегенмен, сапалы сараптамалық мақалалар жиі жарияланып тұрады. Айта кетсек, «Айқын», «Түркістан», «Қазақ үні», «Жас Қазақ», «Егемен Қазақстан» газеттері бастаған басылымдарымыздың барлығы дерлік спорт саласын назардан тыс қалдырмайды.
Қазақ тіліндегі спорт жаңалықтары мен сараптамалар заман талабына сай бағыт алып барады. Яғни, ақпаратты жылдам әрі жалпыға қолжетімді таратудың ең тиімді жолы – сайттар. Ғаламтордағы басылымдар газет пен телеарнадан гөрі жылдам ақпарат беру арқылы сұранысы артып барады. Мысалы, «Аламан», «КазВести», «СпутникНюс», «СпортПресс», «Спорт», «Аладоп» сынды сайттар мен порталдар оқырманды тұрақты әрі жылдам ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр.
Дегенмен де қазақ спорт журналистикасының кемшіліктері де кем емес. Біріншіден, әлі күнге дейін қазақ ақпарат агенттігі Ресейлік басылымдарға тәуелді. Яғни, ақпараттар мен сараптамалық мақалалар орыс тіліндегі басылымдардан алынады. Нәтижесінде, оқырмандар мен көрермендер әлемдік спортқа орыс басылымдарының көзқарасымен қарап отыр. Кез-келген ақпарат бұрмаланбау үшін тікелей аударма жасаудың дұрыс әрі қажет екендігі соңғы жылдары жиі айтылып жүр.
Екіншіден, қазақ журналистикасында әлі күнге дейін салалық бағыт дұрыс жолға қойылмай келеді. Себебі, әлеуметтік салаға қалам тербеп жүрген тілшілер экономиканы да, спортты да, медицинаны да жаза береді. Бұл журналист мақаласының сапасына сын келтіреді.
Жалпы, қазақ спорт журналистикасы тұрақты даму, жетілу үстінде. Дегенмен, батыстың алып басылымдары, телеарналарымен иық тірестіре алатын деңгейге жету үшін жүйелі жұмыстар жасалу керек. Яғни, салалық журналистика сапаны арттырады.
Шұғыла Рымжан,
11 А сынып оқушысы









