Қазақ даласының алғашқы ұстазы

0
4059
Фото: egemen.kz | 2020 жылы Қостанай қаласының орталығында ашылған Ыбырай Алтынсарин ескерткіші.

Халықтың болашағы – білімді ұрпақ. Ал, сол білімнің негізін қалап, елдің ертеңіне жол ашқан тұлғалардың орны әрқашан ерекше. Қазақ халқының тарихында сондай дара тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин.

Ыбырай Алтынсарин – қазақтың ұлы ағартушысы, педагогі, жазушысы, этнографы және қоғам қайраткері. Ол бүкіл саналы ғұмырын халықты білімге шақыруға, мектеп ашуға, балаларды оқытуға және жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге арнады. Оның еңбегі қазақ даласында жаңа бағыттағы білім беру жүйесінің қалыптасуына үлкен жол ашты.

Ұлы ұстаздың мол мұрасы бүгін де өз маңызын жоғалтпай, ұрпаққа рухани азық болып келеді.

Білімге бастар алғашқы қадам

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылғы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасы Балғожа бидің қолында өсіп, тәрбиеленеді. Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан Ыбырайдың атасы Балғожа би өз заманының беделді, елге сыйлы адамдарының бірі болған.

Балғожа би немересінің білімді азамат болып өсуін армандады. Сол себепті оны Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне алдын ала жаздырып қояды. Атасының ойы – Ыбырайдың оқып, ел басқару ісіне араласатын қызметкер болуы еді.

1850 жылы бұл мектеп ашылып, оған қабылданған қазақ балаларының бірі Ыбырай болды. Ол оқуын ерекше ынтамен оқып, білімге деген құштарлығын ерте танытты. Мектеп қабырғасында орыс және әлем әдебиетімен танысып, көптеген ғалымдар мен ағартушылардың еңбектерін оқыды.

1857 жылы оқуын «өте жақсы» деген бағамен аяқтап, 1859 жылдың тамызына дейін туған елінде тілмаштық қызмет атқарды.

Елге келгеннен кейін Ыбырай қазақ қоғамының жағдайын тереңірек таныды. Осы кезеңде ол Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын араласты. Ғалым оған өзінің бай кітапханасын пайдалануға мүмкіндік берді.

Ыбырай сол кітапханадан көптеген кітап оқып, білімін толықтырды. Орыс және дүниежүзі ағартушыларының еңбектерімен танысты. Осы ізденістерінің нәтижесінде ол тек тілмаш болып қалмай, туған халқына пайдалы қызмет етуді өмірлік мақсаты етті.

Ыбырай Алтынсарин қазақ елінің алға басуы үшін ең алдымен білім қажет екенін терең түсінді. Сондықтан, ол өмірінің басты мақсатын мектеп ашу, балаларды оқыту ісіне арнады.

1860 жылы Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алды. Алайда, оқу орны бірден ашыла қойған жоқ. Сол уақыт аралығында ол ауыл арасында жүріп, халыққа сауат ашудың маңызын түсіндірді. Балаларды өз үйінде оқытып, білім берудің алғашқы қадамын бастады.

1864 жылы Торғай қаласында алғашқы қазақ бастауыш мектебі ашылды. Бұл – қазақ тарихындағы үлкен жаңалықтардың бірі еді. Осы қуанышын Ыбырай Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Осы жылы январьдің 8-күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді; бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп білдірген.

Қазақ даласында мектеп ашу оңай болған жоқ. Патша өкіметі тарапынан түрлі кедергілер кездесті. Мектептер аз болды, олардың көбі бекініс орындарында ғана ашылды. Оқушылар саны да көп емес еді. Ал, мектептерге бөлінетін қаражат күнделікті қажеттіліктерді өтеуге ғана жететін. Бірақ, Ыбырай мұндай қиындықтарға мойымады. Ол халықтың қолдауына сүйеніп, ауылдарды аралады. Елге білімнің пайдасын түсіндіріп, қазақ балаларының оқуына жағдай жасауға күш салды.

Ыбырай Алтынсарин сабақтарды қазақ тілінде жүргізіп, балаларға орыс тілін үйретуге және ғылымның негіздерін меңгертуге ерекше көңіл бөлді. Оның басты мақсаты – білімді, адамгершілігі мол, жаңа заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу болды.

Ол мектеп ісін дамытуға, оқыту жүйесін жетілдіруге, оқу құралдарын жасауға көп еңбек етті. Сонымен бірге орыс ағартушыларының еңбектерін зерттеп, қазақ балаларына пайдалы білім берудің жолдарын іздеді.

1879 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысының мектеп инспекторы қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жүрген кезінде оның бастамасымен 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде – Торғай, Ырғыз, Троицк және Ақтөбе қалаларында жаңа мектептер ашылды.

Бұл қазақ даласындағы ағарту ісінің кең өріс алуына үлкен мүмкіндік берді. Ыбырай мектеп санын көбейтіп қана қоймай, оның сапасына да ерекше мән берді. Ол әрбір баланың білім алуына жағдай жасауға тырысты.

1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебін ашу ісін қолға алды. Бұл қазақ даласындағы техникалық білім беретін алғашқы оқу орындарының бірі болды. Ал, 1887 жылы Ырғыз қаласында қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп-интернат ашылды. Бұл қазақ қыздарының білім алуына жол ашқан үлкен қадам еді.

Ыбырай Алтынсарин әйелдердің білім алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлді. Ол қыз баланың да білімді болуға, қоғамнан өз орнын табуға толық құқығы бар екенін түсінді. Сол кезеңде қыздардың оқуы сирек кездесетін құбылыс болғандықтан, бұл өте батыл әрі жаңашыл бастама болды.

1886 жылы қыздарға арналған он орындық училище-интернат алғашқы шәкірттерін қабылдады. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен 1883 жылы Орск қаласында мұғалімдер даярлайтын мектеп ашылды.

Ыбырай ескі діни мектептердегі тек жаттатуға негізделген оқыту әдісіне қарсы болды. Ол балаларға түсінікті, ғылымға негізделген, өмірмен байланысты білім беруді қолдады.

Ол мұғалімнің еңбегін өте жоғары бағалады. Өз еңбектерінде: «Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды», – деп жазды.

Ыбырай үшін ұстаз – баланың жүрегіне білімнің дәнін себетін, оның болашағына бағыт беретін тұлға еді. Сондықтан, ол мұғалімнің біліміне, тәрбиесіне және жауапкершілігіне ерекше мән берді.

Еңбекпен өрілген өнегелі жол

Ыбырай Алтынсарин мектептердің жағдайын жақсартуға, оларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге көп күш жұмсады. Ол балаларды оқыту барысында түсінікті, қызықты әрі өмірге жақын әдістерді қолдануға тырысты.

Ағартушының ойынша, бала білімді қорқынышпен емес, қызығушылықпен үйренуі керек. Сонда ғана алған білімі оның жүрегіне орнығып, өміріне пайдасын тигізеді.

1879 жылы қазақ мектептеріне арналған алғашқы ұлттық оқулық – «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрді. Бұл еңбек қазақ балаларына білім беруге арналған тұңғыш оқу құралдарының бірі болды.

Оқулыққа енген өлеңдер мен әңгімелер арқылы Ыбырай жас ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат етті.

Оның «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі қазақ балаларына білім алуға шақырған үлкен рухани үндеуге айналды. Ақын бұл шығармасында ғылым мен білімге жетудің жолы – үздіксіз оқу мен табанды еңбекте екенін түсіндірді.

Ал, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде білім мен ғылымның қоғам дамуы үшін маңызын көрсетті. Сонымен қатар, «Өзен», «Жаз» өлеңдерінде табиғаттың әсем көріністерін суреттеп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруды мақсат етті.

Еңбекті сүю мен еңбекті қадірлеу – Ыбырай Алтынсарин шығармаларының негізгі тақырыптарының бірі. Бұл идея оның «Әке мен бала», «Атымтай Жомарт», «Таза бұлақ» сияқты әңгімелерінде анық көрініс табады.

Ағартушы жастарды еңбекке тәрбиелеудің өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетінін түсіндірді. Оның пікірінше, еңбекқорлық – адамды алға жетелейтін, биік мақсаттарға жеткізетін басты қасиеттердің бірі.

Ыбырай Алтынсарин үшін білім мен еңбек әрдайым қатар жүрді. Ол оқыған, тәрбиелі, еңбексүйгіш ұрпақ қана елдің болашағын жақсарта алады деп сенді.

Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» үшін орыс жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударды. Олардың қатарында «Қарға мен түлкі», «Екі жолдас», «Бағбан» сияқты туындылар бар.

Ол аударма шығармаларды жай ғана тәржімалау деп қарамай, балалардың тәрбиесіне қызмет ететін маңызды құрал ретінде бағалады. Сондықтан, әр шығарманы жас ұрпаққа берер тәліміне қарай таңдап алды.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының көрнекті ағартушысы, ұлағатты педагогі және қоғам қайраткері. Ол бүкіл өмірін білім беру ісіне арнап, қазақ жастарының сауатты, тәрбиелі болып өсуіне зор үлес қосты.

Оның ашқан мектептері, жазған оқулықтары мен әдеби шығармалары қазақ қоғамының рухани және мәдени дамуына үлкен ықпал етті. Ыбырайдың әрбір еңбегінен халыққа деген сүйіспеншілік, бала тәрбиесіне деген жауапкершілік және білімге деген сенім анық байқалады.

Ұлы педагогтің «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл сөздер әлі күнге дейін жас ұрпақты білімге, ізденуге, еңбек етуге шақырып келеді.

Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы мен еңбектері кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Оның бай мұрасы – қазақ халқының мәдениеті мен білім беру саласының алтын қазынасы.

Бүгінде Қазақстанның көптеген өңірлерінде Ыбырай Алтынсариннің есімі берілген аудандар, ауылдар, білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындары бар.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы – еліміздегі ғылыми-педагогикалық бағыттағы маңызды орталықтардың бірі. Академия 1921 жылы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен құрылып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты ұйым ретінде қызмет атқарады.

Қостанай облысында ұлы ағартушының өмірі мен қызметіне арналған музей жұмыс істейді. Сондай-ақ, Тобыл өзенінің бойында оның қыстауы мен жерленген орны маңында кесене тұрғызылған.

Ыбырай Алтынсарин 1889 жылдың 29 шілдесінде 48 жасында дүниеден өтті. Бірақ, оның халқына жасаған қызметі мен қалдырған мұрасы уақыт өткен сайын қадірі арта түсуде.

Түйін сөз

Ыбырай Алтынсарин – халқына білімнің жолын көрсеткен, ұрпаққа өшпес өнеге қалдырған ұлы ұстаз.

Ол қараңғылықты білімнің сәулесімен сейілтуді мақсат етіп, бар ғұмырын елге қызмет етуге арнады. Ашқан мектептері, жазған оқулықтары мен тәрбиелік мәні зор шығармалары қазақ халқының рухани дамуына үлкен жол ашты.

Ұлы ағартушы жаққан білім шырағы бүгін де сөнген жоқ. Оның еңбектері мен өсиеттері жас ұрпақты оқуға, ізденуге, адал еңбек етуге үндеп келеді. Сондықтан, Ыбырай Алтынсариннің есімі мен мұрасы қазақ халқының тарихында мәңгі сақталып, елдің рухани қазынасы болып қала береді.

Шара БОЗДАҚОВА,
 «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here