Қазақстанның Мемлекеттік Туы – елдің тәуелсіздігін, бірлігін және ортақ құндылықтарын білдіретін қасиетті рәміздердің бірі. Оны құрметтеу – әр азаматтың парызы. Осыған байланысты Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібіне жаңа өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнелерін пайдалану (белгілеу, орналастыру) қағидаларына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жасалды.
Жаңа өзгерістер Мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалардың пайдалану тәртібін нақтылайды. Енді азаматтар мен ұйымдар Туды патриоттық сезімін білдіру, қазақстандық бірегейлікті таныту, сондай-ақ еліміздің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.
Мемлекеттік Туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға да орналастыруға болады. Балконға орнатылған жағдайда Ту 45 градус бұрышпен орналасуы тиіс. Сонымен қатар, оны түрлі салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда пайдалануға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, заң талаптары сақталған жағдайда жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдарының салондарына Мемлекеттік Туды орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен бірге Мемлекеттік Туға қойылатын талаптар да нақтыланды. Оның көлемі қандай болса да, Ту міндетті түрде ұлттық стандартқа сай болуы керек. Белгіленген талаптарды бұзып дайындалған рәмізді пайдалануға болмайды. Мемлекеттік Туды қорлайтын немесе оның қадір-қасиетін төмендететін мақсатта қолдануға жол берілмейді.
Жаңа талаптар Мемлекеттік Туды дұрыс орналастыру мен оның сыртқы жағдайына ерекше мән береді. Атап айтқанда:
- жеке тұрғын үйлерде Ту кемінде үш метр биіктікте орналасуы керек, егер ғимараттың құрылыс ерекшелігі туды тікелей орнатуға мүмкіндік бермесе, оны ауладағы арнайы жалаушаға қоюға болады;
- Ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі қажет;
- тігінен орналастырылған кезде ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы жағында болуы тиіс;
- Мемлекеттік Туды мәдени, спорттық, қоғамдық және басқа да іс-шараларда коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды;
- Тудың матасында оның мағынасы мен қадірін төмендететін жыртылу, кірлену, өңінің кетуі, жамау, тесік, мыжылу сияқты ақаулар болмауы керек.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібін бір жүйеге келтіру және оған деген құрметті арттыру.
Жаңартылған қағидалар азаматтар мен ұйымдарға Мемлекеттік Туды қай жерде және қандай жағдайда пайдалануға болатынын нақты түсіндіреді. Сонымен бірге рәміздің сыртқы көрінісіне, орналасуына және оны қолдануға болмайтын жағдайларға ортақ талаптар белгіленді.
Мемлекеттік Ту – халқымыздың тарихы мен тәуелсіздігінің айқын белгісі. Оны қадірлеу – елге деген құрметтің көрінісі.
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі
Ұлттық орталығының Бас директоры,
Атырау қаласы









