Виртуалды әлемнің тұтқыны болмайық

0
181
Фото: adyrna.kz

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» бүгінгі технология адамзаттың өмір сүру салтын түбегейлі өзгертті. Бір ғана смартфон арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі оқиғадан хабар алып, мыңдаған шақырымдағы адаммен тілдесуге мүмкіндік туды. Ақпараттың ағыны бұрын-соңды болмаған қарқынға ие болды. Осындай мүмкіндіктердің өзегінде әлеуметтік желілер тұр. Олар бүгінгі қоғамның ажырамас бөлігіне айналып, адамдардың ойлау жүйесіне, қарым-қатынасына, тіпті өмір сүру дағдысына ықпал ететін қуатты құралға айналды. Сондықтан әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын таразылау – уақыт талабы.

Бүгінде «Facebook», «Instagram», «ВКонтакте», «Тік ток » және өзге де әлеуметтік платформалар миллиондаған адамның күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналды. Көпшілік таңын әлеуметтік желіден бастап, кешін сонда аяқтайды. Уақытын ғана емес, күш-жігері мен қаржысын да виртуалды кеңістікке арнап жүргендер аз емес. Әлеуметтік желілердің ықпалы жекелеген адамдардан асып, тұтас қоғам мен мемлекеттердің ақпараттық саясатына әсер ететін деңгейге жетті. Кейбір мемлекеттердің әлемдік әлеуметтік желілердің қызметіне шектеу қоюы да осы ықпалдың қаншалықты күшті екенін аңғартады. Әлеуметтік желінің пайдалы тұстары да жетерлік. Ол арқылы адам әлемдегі жаңалықтарды жедел біледі, білімін толықтырады, қызығушылығына сай кітап, музыка, фильм немесе танымдық материал табады. Кәсіпкерлер өз бизнесін дамытып, қайырымдылық ұйымдары игі бастамаларын көпшілікке жеткізеді. Білімді жастар тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық құндылықтарды насихаттайды. Қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюі де әлеуметтік желінің оң мүмкіндіктерінің бірі.

Қазіргі таңда әлеуметтік медиа табыс көзіне де айналды. Контент өндіру, жарнама, цифрлық маркетинг, онлайн қызмет көрсету арқылы мыңдаған адам кәсібін жүргізіп отыр. Әсіресе, «Instagram» жастар арасында ең танымал платформалардың біріне айналып, шығармашылықты, кәсіпкерлікті және ақпарат таратуды қатар дамытуға мүмкіндік беруде. Журналистер де оқиға орнынан жедел ақпарат таратып, қоғаммен тікелей байланыс орната алады.

Алайда виртуалды әлемнің көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Кейбір жастар әлеуметтік желіні өмірдің өзінен жоғары қойып, шынайы қарым-қатынастан алыстап барады. Лайк пен жазылушы саны өмірдегі жетістіктің өлшеміне айналғандай әсер қалдырады. Кейде жалған ақпараттың таралуы, кибербуллинг, интернет алаяқтық, тәуелділік сияқты мәселелер қоғам үшін үлкен қауіпке айналып отыр. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік желідегі қысым мен психологиялық күйзелістің салдары ауыр жағдайларға әкелетін оқиғалар да кездеседі.

Сондықтан әлеуметтік желіге кірер алдында әр адам өзіне бір ғана сұрақ қойғаны жөн: «Мен мұнда қандай мақсатпен келдім?» Егер мақсат білім алу, тәжірибе бөлісу, кәсіпті дамыту немесе пайдалы ақпарат тарату болса, онда әлеуметтік желі үлкен мүмкіндікке айналады. Ал уақытты бос өткізуге, өзгенің өмірімен ғана өмір сүруге дағдылансақ, оның пайдасынан зияны басым болуы мүмкін. Бүгінде мемлекет басшылары, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен журналистер де әлеуметтік желілерді халықпен ашық байланыс орнатудың тиімді алаңы ретінде пайдаланып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев те маңызды қоғамдық мәселелер бойынша өз ұстанымын әлеуметтік платформалар арқылы жариялап, қоғаммен кері байланысты нығайтуға көңіл бөліп келеді. Бұл  әлеуметтік желінің дұрыс қолданылғандағы тиімділігінің бір көрінісі.Қазақ халқында «Бес саусақ бірдей емес» деген нақыл бар. Әлеуметтік желі де дәл сондай: оны қалай пайдалану әр адамның өз таңдауына байланысты. Біреу үшін ол білім мен мүмкіндіктің алаңы, енді біреу үшін  уақытты ысырап ететін виртуалды кеңістік. Технология адамға қызмет етуі керек, адам технологияның тұтқынына айналмауы тиіс. Ендеше, жалған әлемнің жетегінде кетпей, әлеуметтік желіні саналы түрде пайдаланып, уақытты пайдалы іске жұмсай білсек, оның игілігін де, жемісін де көретініміз анық.

Шұғыла Рымжан, Алматы қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here