Заң мен тәртіп: құқық қорғау жүйесіндегі жаңа бетбұрыс

0
231
Фото: atpress.kz. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық банк және байланыс операторларының күшін біріктірген Anti-Fraud орталығының құрылуы күмәнді қаржылық операцияларды жедел анықтап, интернет-алаяқтардың әрекетіне дер кезінде тосқауыл қоюға мүмкіндік беріп отыр.

Заң үстемдігі – әділетті қоғамның берік тұғыры. Азаматтың өмірі мен құқығы қорғалған, қоғамдық тәртіп орныққан мемлекет қана тұрақты дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бүгінгі Қазақстан үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты осы бағыттағы жүйелі реформалардың өзегіне айналып, құқық қорғау саласының жұмысын жаңа мазмұнмен толықтырды.

Қоғамдық тәртіп: алдын алу мен жауапкершілік

Бүгінде елімізде полицияның сервистік моделін қалыптастыру, құқық қорғау жүйесін кешенді цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және қылмыстың алдын алудың тиімді тетіктерін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – құқық бұзушылыққа тек жауап беру емес, оның алдын алып, азаматтардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау.

Полицияның сервистік модельге көшуі, құқық қорғау жүйесін ауқымды цифрландыру, сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған есірткі бизнесіне, лудоманияға және киберқылмысқа қарсы кешенді жоспарлардың іске асырылуы елімізде жаңа құқықтық экожүйенің қалыптасуына серпін берді. Бұл бастамалар қылмыспен күрестің дәстүрлі тәсілдерін жаңа технологиялық шешімдермен ұштастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Соңғы жылдары Қазақстанның құқық қорғау жүйесі түбегейлі жаңғыру кезеңіне қадам басты. Реформалардың негізіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың полиция қызметін қатаң әкімшілік басқару үлгісінен халыққа қызмет көрсетуге негізделген сервистік модельге көшіру жөніндегі тапсырмасы алынды. Бұл өзгерістің басты ерекшелігі полиция қызметінің тиімділігі енді тек ашылған қылмыстардың санымен емес, ең алдымен азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімімен, қоғамдағы қауіпсіздік деңгейімен және халықтың өзін қаншалықты қорғалған сезінуімен бағаланатын болды. Осы мақсатта қабылданған 2024-2028 жылдарға арналған «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы» құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және сервистік полиция қағидаттарын орнықтыруға жол ашты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында полицияға деген халық сенімі 65,3 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығын арттыру, халықпен кері байланысты күшейту және құқықтық реформалардың нақты нәтижесін көрсететін маңызды индикаторлардың бірі болып отыр.

Қылмыс азайып, қауіпсіздік артып келеді

Қоғамдағы құқықтық тәртіптің нақты өлшемі – қылмыс деңгейі. Соңғы бес жылдағы көрсеткіштер Қазақстанда қылмыспен күрестің жаңа тәсілдері өз нәтижесін бере бастағанын аңғартады. Заманауи технологиялардың енгізілуі, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі және профилактикалық жұмыстардың күшеюі құқық бұзушылықтардың едәуір азаюына ықпал етті.

Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылы елімізде 236,6 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелсе, 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 126 мыңға дейін төмендеген. Яғни, бес жыл ішінде жалпы қылмыс деңгейі 46,7 пайызға қысқарды. Бұл құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Ең ауыр қылмыс саналатын адам өлтіру деректері де тұрақты түрде азайып келеді. Егер бес жыл бұрын мұндай 839 қылмыс тіркелсе, бүгінде олардың саны 565-ке дейін қысқарған. Бұл көрсеткіштің 32,6 пайызға төмендеуіне учаскелік полиция инспекторларының алдын алу жұмыстарының күшеюі, қоғамдық орындарға интеллектуалды бейнебақылау жүйелерінің орнатылуы және қауіпсіздік инфрақұрылымының жетілдірілуі оң әсерін тигізді.

Қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтың бірі – ұрлық. Соңғы жылдары бұл бағыттағы ахуал да айтарлықтай жақсарды. 2020 жылғы 66,9 мыңдай ұрлық фактісі бүгінгі күні 31 мыңға жуық жағдайға дейін азайып, көрсеткіш 54,8 пайызға төмендеді. Сарапшылар мұндай өзгерісті «Сергек» бейнебақылау жүйесінің кеңінен қолданылуымен, тұрғын үй кешендеріндегі бұлтты бақылау технологияларының енгізілуімен және цифрлық қауіпсіздік құралдарының тиімділігімен байланыстырады.

Тонау қылмыстары бойынша оң нәтиже байқалады. Соңғы бес жылда олардың саны 75,4 пайызға қысқарып, 6,2 мыңнан 1,5 мыңға дейін төмендеді. Бұған полицияның жаяу патрульдеу қызметінің кеңеюі, тәуекелі жоғары аумақтардың тұрақты бақылауға алынуы және елді мекендердегі көше жарықтандыру жүйесінің жақсаруы ықпал етті. Сол сияқты қарақшылық шабуылдардың саны да айтарлықтай азайып, 451 жағдайдан 158-ге дейін төмендеді. Яғни, бұл санаттағы қылмыс 64,9 пайызға қысқарған. Қылмыстың азаюымен қатар, оның ашылу көрсеткіші де бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аса ауыр қылмыстардың 98 пайызы ашылған. Мұндай нәтижеге криминалистикалық зерттеудің заманауи әдістерін енгізу, бейнебақылау жүйелерін біртұтас цифрлық платформаға біріктіру және тергеу жұмыстарына жасанды интеллект элементтерін кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндік берді.

Цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері құқық қорғау органдарының алдына да жаңа міндеттер жүктеп отыр. Соның бірі – киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы күрес. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыс айтарлықтай күшейіп, 2025 жылы киберқылмыстардың ашылу деңгейі 28,4 пайыздан 38,9 пайызға дейін өсті.

Сонымен қатар, бір жылдың ішінде шетелден жасалған заңсыз қол жеткізу әрекеттері мен алаяқтық сипаттағы 66 миллионнан астам күмәнді қоңыраудың жолы кесілді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Anti-Fraud орталығының құрылуы. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық банк және байланыс операторларының күшін біріктірген бұл құрылым күмәнді қаржылық операцияларды жедел анықтап, интернет-алаяқтардың әрекетіне дер кезінде тосқауыл қоюға мүмкіндік беріп отыр. Бұл цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық ынтымақтастықтың тиімді үлгісіне айналып келеді. Статистика көрсеткен оң өзгерістердің түпкі мәні  сандардың азаюында ғана емес. Ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздікке деген сенімінің артуында, құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық берілген жаңа жүйенің қалыптасуында. Бұл  – құқық қорғау саласындағы реформалардың қоғам сұранысына жауап бере бастағанының айқын көрінісі.

Цифрлық қауіпсіздік – жаңа дәуірдің басты талабы

Қылмыстың сипаты өзгерген сайын онымен күресудің тәсілдері де жаңарып келеді. Егер бұрын құқық қорғау органдары негізінен көшедегі қылмыстардың алдын алуға басымдық берсе, бүгінгі күні қауіптің елеулі бөлігі интернет кеңістігіне ойысты. Сондықтан цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың жаңа бағытына айналып отыр. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарлар аясында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және цифрлық гигиена мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Азаматтарды интернет-алаяқтықтан, жалған ақпараттан және түрлі киберқауіптерден сақтандыру мақсатында республиканың барлық өңірінде кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден гөрі, оның алдын алуға негізделген жаңа саясаттың көрінісі.

Еліміздің есірткіге қарсы саясаты да жаңа кезеңге аяқ басты. Үкіметтің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №1117 қаулысымен бекітілген 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Құжатты іске асыруға 18,2 миллиард теңге қарастырылған.

Жаңа жоспардың ерекшелігі – назардың есірткіні тұтынушылардан гөрі, оны өндіретін және тарататын ұйымдасқан қылмыстық құрылымдарға аударылуы. Ендігі міндет – жасырын есірткі зертханаларын анықтап, олардың қызметін тоқтату, сондай-ақ синтетикалық есірткі өндірісінде қолданылатын прекурсорлардың заңсыз айналымына тосқауыл қою. Бұл ретте заманауи технологиялардың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде есірткіні жарнамалайтын немесе таратуға бағытталған контентті анықтау үшін жасанды интеллект жүйелері енгізіледі.

Құқық қорғау органдарының техникалық әлеуеті де күшейе түседі. Қолжетімі қиын өндірістік және шалғай аумақтарда жасырын есірткі зертханаларын анықтау үшін газталдағыштармен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылмақ. Бұл қылмыскерлердің жаңа әдістеріне технологиялық артықшылықпен жауап беруге мүмкіндік береді.

Мемлекет назар аударып отырған тағы бір өзекті мәселе – құмар ойындарға тәуелділік. 2024 жылдан бастап іске асырылып жатқан Лудоманияға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары – азаматтардың қаржылық және әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Бағдарлама аясында заңсыз ойын бизнесіне қарсы бақылау күшейтіліп, интернет арқылы ұйымдастырылатын астыртын құмар ойындарының жолын кесуге басымдық берілуде. Сонымен бірге қоғамда жауапты ойын мәдениетін қалыптастыру және тәуелділіктің алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға қарай мемлекет букмекерлік кеңселердің белсенді клиенттері санын 42 пайызға қысқартуды стратегиялық мақсат ретінде белгілеп отыр. Бұған қоса, заңсыз онлайн-казинолар мен астыртын ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Ал, құмар ойындарға қатысуына заңмен шектеу қойылған азаматтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі олардың ойын бизнесіне қатысуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – цифрландырудың платформалық моделіне көшу. 2026 жылы Қазақстан отандық QazTech жүйесі негізінде барлық негізгі ақпараттық ресурстарды бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіру кезеңін аяқтауды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде құқық қорғау органдарының деректер базасы өзара ықпалдасып, ақпарат алмасу жеделдейді, ал жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау құралдары қылмыстың алдын алу мен оны ашудың тиімділігін жаңа деңгейге көтереді. Цифрлық технологиялар бүгінгі күні құқық қорғау саласының қосымша құралы ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің стратегиялық тетігіне айналып келеді. Сондықтан құқықтық реформалардың табысы ендігі жерде заңнаманы жетілдірумен ғана емес, инновациялық технологияларды тиімді енгізу және қоғамның цифрлық мәдениетін қалыптастырумен де өлшенетін болады.

Проактивті полиция – қауіпсіз қоғамның жаңа үлгісі

Қазіргі таңда құқық қорғау жүйесіндегі басты өзгерістің бірі – қылмысқа қарсы күрес философиясының жаңаруы. Егер бұрын құқық қорғау органдары көбіне құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет ететін болса, ендігі міндет – қылмыстың туындауына ықпал ететін себептерді дер кезінде анықтап, оның алдын алу. Яғни, Қазақстан біртіндеп «реактивті» басқару үлгісінен «проактивті» қауіпсіздік моделіне көшіп келеді. Бұл тәсілдің басты ерекшелігі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне тек полиция емес, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы билік және қоғам өкілдері бірлесе атсалысады. Осы мақсатта әкімдіктер жанынан қоғамдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын ведомствоаралық жұмыс топтары құрылып, өңірлердегі криминогендік ахуалды тұрақты саралап, алдын алу шараларын үйлестіреді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Жоспарға сәйкес, 2026 жылға дейін еліміздегі барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 100 пайызға жеткізіледі. Сонымен қатар, жекеменшік күзет ұйымдарының бақылау жүйелері Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарымен ықпалдастырылып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі едәуір артады. Құқық қорғау саласын цифрландыру да жаңа сапалық кезеңге өтуде. Қылмыстық істің тіркелуінен бастап сотқа жолдануына дейінгі барлық процесс толықтай электрондық форматқа көшіріледі. Бұл тергеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, құжаттарды қолдан жасау мен дәлелдерді бұрмалау әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

2026 жыл құқық қорғау жүйесінде қолға алынған ұзақ мерзімді реформалардың нәтижесі нақты бағаланатын маңызды кезең ретінде ерекшеленеді. 2026-2028 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары толыққанды іске асырыла бастады. Ал, наурыз айында құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мемлекеттік қызметке үміткерлер үшін электрондық скрининг жүйесі енгізіліп, оның аясында есірткіге тәуелділік пен лудомания белгілерін анықтау тетіктері іске қосылды. Бұл мемлекеттік аппараттың кәсіби әрі моральдық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Өткен маусым айында терроризм тұрғысынан осал нысандардың қауіпсіздік жүйелеріне жүргізілген кешенді тексерулер аяқталды. Нәтижесінде стратегиялық маңызы бар нысандардың қорғалу деңгейі қайта бағаланып, қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Мұндай жұмыстар қазіргі геосаяси жағдайда елдің орнықты қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Экономикалық қауіпсіздік те құқықтық реформалардың ажырамас бөлігіне айналып отыр. Мемлекет 2026 жылдың соңына дейін жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 14,5 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл заңсыз қаржы айналымын қысқартып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың экономикалық негізін әлсіретуге әрі көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан трансұлттық қылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты да жүйелі түрде нығайтып келеді. Осы мақсатта Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар өткізу жоспарланған. Мұндай халықаралық өзара іс-қимыл мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы тәжірибе алмасуын күшейтіп, ортақ қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыруға жол ашады. Қоғам қауіпсіздігі тек көшедегі құқықтық тәртіппен өлшенбейді. Ол әр отбасының тыныштығынан, әр баланың қорғалуынан басталады. Осы ұстанымға сәйкес Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекеттік саясатты дәйекті түрде күшейтіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы адамға қарсы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік едәуір қатаңдатылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Қауіпсіздік ең алдымен әр шаңырақтан басталады. Отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау әлеуметтік мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де маңызды құрамдас бөлігі», – деп атап өтті. Бұл ұстаным қазіргі құқықтық реформалардың негізгі мазмұнын айқындайды. Өйткені, заңның үстемдігі қоғамдық кеңістікте ғана емес, әр отбасының берекесі мен әр азаматтың қауіпсіз өмір сүру құқығын қорғаудан басталады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформалар уақыт талабынан туындаған өзгерістер ғана емес, қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық саясаттың көрінісі. Сервистік полиция моделінің қалыптасуы, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың енгізілуі, қылмыстың алдын алуға негізделген проактивті басқару тәсілдерінің дамуы құқық қорғау қызметінің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады.

Бүгінде қауіпсіздік ұғымы тек көшедегі қоғамдық тәртіппен шектелмейді. Ол киберкеңістіктегі қорғаныстан, экономикалық тұрақтылықтан, отбасы тыныштығынан, балалардың қауіпсіздігінен және азаматтардың мемлекетке деген сенімінен бастау алады. Сондықтан құқық қорғау органдарының қызметі де заман талабына сай өзгеріп, құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден оны алдын ала болжауға және болдырмауға бағытталған жаңа модельге көшуде.

Әрине, құқықтық мемлекет бір ғана заңның күшімен қалыптаспайды. Оның негізі – заңды құрметтейтін қоғам, жауапты азамат және халыққа адал қызмет ететін құқық қорғау жүйесі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың ғана емес, қоғамдық сананың да басты құндылығына айналуы тиіс. Жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық технологиялар құқық қорғау саласының мүмкіндігін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтергенімен, олардың басты мақсаты өзгермейді. Ол әрбір азаматтың өмірі мен құқығын қорғау, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және Қазақстанның қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет ретіндегі дамуын қамтамасыз ету. Демек, бүгін қолға алынған реформалардың нәтижесі ертеңгі күннің қауіпсіздігіне салынған сенімді инвестиция екені сөзсіз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here