«Baiqa, piramida!»: қаржы пирамидалары қалай құрыққа түсіреді?

0
104
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Бірнеше жыл бұрын қаржы пирамидалары адамдарды жалға алынған кеңселерге немесе қонақүй залдарына жинап, мол табысқа кенелудің «құпиясын» түсіндіретін. Бүгінде заман өзгерді. Енді мұндай заңсыз схемалар кеңседен цифрлық кеңістікке көшті. Олар Telegram-чаттарда, әлеуметтік желілерде, криптовалюта жобалары мен «инвестициялық клубтардың» тасасында жұмыс істейді. Атауы жаңарғанымен, мақсаты бұрынғыдай – адамдардың сеніміне кіріп, қаржысын иемдену. Сондықтан, цифрлық дәуірде қаржы пирамидаларының қандай тәсілдермен жұмыс істейтінін білу бұрынғыдан да маңызды. Ғасырлық тарихы бар «Qazaq» газеті осы тақырыпты тарқатпақ.

Сенімге құрылған схема

Қаржы пирамидалары жаңа технологияларға тез бейімделді. Бұрынғыдай өзін «қаржы пирамидасы» деп таныстырмайды. Оның орнына «инвестициялық клуб», «криптоқауымдастық», «трейдинг командасы», «қаржылық сауаттылық мектебі», «бизнеске қолдау бағдарламасы» немесе «жеке даму клубы» деген атауларды пайдаланады. Мұндай сөздер жобаның заңды әрі сенімді екені туралы әсер қалыптастырып, адамдардың күдігін сейілтуді көздейді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері Қазақстан Республикасында 100-ден астам қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, 230-дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тек 2026 жылдың басынан бері осындай тағы 17 заңсыз схема жойылды. Соған қарамастан, алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін іздеуді тоқтатқан жоқ. Бүгінде олардың басты қаруы – цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер.

Қазіргі қаржы пирамидаларының ерекшелігі – кәсіби әрі заңды жобаға барынша ұқсауы. Ұйымдастырушылар сапалы сайт әзірлейді, танымал брендтердің атауына ұқсас атауларды қолданады, әлеуметтік желілерде жарнама жүргізеді. Кейде табысқа жеткен адамдардың ойдан шығарылған оқиғаларын жариялап, жалған пікірлер мен ақша түскені көрсетілген скриншоттарды таратады.

Осының бәрі қарапайым азаматқа жобаның шынайы әрі сенімді екені туралы әсер қалдырады. Шын мәнінде, оның артында нақты инвестициялық қызмет емес, жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жұмыс істейтін классикалық қаржы пирамидасы тұруы мүмкін.

Сарапшылар қаржы пирамидасының құрбаны тек қаржылық сауаты төмен адамдар ғана болады деген пікірмен келіспейді. Мұндай схемаларға кез келген адам алданып қалуы мүмкін. Бірі қарызынан құтылуды ойласа, енді бірі аз уақыттың ішінде табысын арттыруды қалайды. Алаяқтар адамдардың дәл осы үмітін пайдаланып, мол табысқа қол жеткізуге болады деген жалған сенім қалыптастырады.

Цифрлық дәуірдегі қаржы пирамидасы

Қазіргі қаржы пирамидаларының қалай жұмыс істейтінін құқық қорғау органдары әшкерелеген WornerBros жобасының мысалынан анық көруге болады.

Ұйымдастырушылар азаматтарға қысқа бейнероликтер мен трейлерлерді көргені үшін табыс табуға болатынын айтып, қаражат салуға үгіттеген. Жобаға сенім ұялату үшін оның атауы әлемге әйгілі Warner Bros. киностудиясының атауына әдейі ұқсастырылған. Алайда, бұл жобаның танымал брендке еш қатысы болмаған.

Қатысушыларға құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттер ұсынылып, күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табуға болады деген уәде берілген. Бұдан бөлек, жүйеге жаңа адамдарды тартқан әрбір қатысушыға қосымша сыйақы қарастырылған. Есеп айырысу криптовалюта арқылы жүргізіліп, жоба негізінен WhatsApp топтары, Telegram-чаттар және әлеуметтік желілер арқылы насихатталған.

Бұл мысал алаяқтардың интернет мүмкіндігін өз мүддесіне қалай шебер бейімдегенін көрсетеді. Бүгінде күмәнді жобаны мыңдаған адамға жеткізу үшін кеңсе де, үлкен жиын да қажет емес. Бірнеше Telegram-арна, әлеуметтік желідегі жарнама мен жақсы бейнероликтің өзі жеткілікті.

Неліктен жастар жиі алданады?

Қаржы пирамидаларына жиі алданатындардың бірі – жастар. Бұған тек жас ерекшелігі емес, қазіргі ақпараттық орта да әсер етеді.

Әлеуметтік желілерде сән-салтанатқа толы өмір жиі көрсетіледі. Қымбат көлік, шетелдік демалыс, бренд киім, мейрамханалар мұның бәрі табысқа тез жетуге болады деген түсінік қалыптастырады. Қымбат көлік, шетелдік демалыс, брендтік киім мен сән-салтанатқа толы өмір әлеуметтік желілерде табыстың басты өлшемі ретінде көрсетіледі. Мұндай көріністер кейбір жастарда мол қаржыға аз уақыттың ішінде қол жеткізуге болады деген сенім қалыптастырады.

Кейбір азаматтар мол пайдаға кенелемін деген үмітпен несие алып, күмәнді жобаларға қаржы салады. Бірақ, мұндай шешім көбіне қаржылық шығынға ұрындырады.

Қаржыны қалай қорғауға болады?

Қаржы кеңесшісі Әсел Әуелбекованың пікірінше, күмәнді қаржы жобасын тану – оның атауына емес, жұмыс істеу қағидатына үңілу. Себебі, сенім ұялататын атау таңдау қиын емес. Ал, компанияның нақты қандай қызметтен пайда тауып отырғанын анықтау – оның заңдылығы мен сенімділігін бағалаудың басты өлшемі.

Ақша салмас бұрын компанияның лицензиясын тексерген жөн. Заңды инвестициялық ұйымдар Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AFSA) лицензиясы негізінде жұмыс істейді. Бұған қоса, ұйым туралы интернеттегі ақпаратпен де танысқан дұрыс. Сарапшы компанияның атауын «алаяқтық», «қаржы пирамидасы», «алаяқтар» сияқты сөздермен бірге іздеп көруге кеңес береді. Бұл бұрын осы схемаға тап болған азаматтардың пікірлері мен тәжірибесін көруге мүмкіндік береді.

Күмәнді ұсыныстарды жасанды интеллект құралдары арқылы да анықтауға болады. Ол үшін ұсыныстың немесе хат-хабардың скриншотын жүктеп, онда алаяқтық белгілерінің бар-жоғын талдауға болады. Дегенмен, жасанды интеллекттің қорытындысына ғана сүйеніп шешім қабылдауға болмайды. Кез келген жағдайда компанияның лицензиясы мен заңды мәртебесін ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.

Егер қаражат аударылып қойған болса, ең бастысы – жоғалтқан ақшаны қайтарып аламын деген үмітпен қайта ақша салмау. Көп жағдайда алаяқтар қаражатты шығару үшін комиссия, салық, сақтандыру немесе басқа да төлемдерді өтеу қажет екенін айтып, азаматтарды тағы да қаржы аударуға көндіреді. Сондай-ақ, ақшаны қайтарып береміз деп алдын ала сыйақы сұрайтындарға да сенуге болмайды. Бұл да көп жағдайда алаяқтықтың жалғасы болып шығады.

Осындай жағдайға тап болған азаматтарға барлық хат-хабарды, төлем түбіртектерін және өзге де дәлелдерді сақтап, қажет болған жағдайда оларды нотариаттық тәртіппен рәсімдеп, кейін e-Otinish сервисі арқылы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіну ұсынылады.

Бұдан бөлек, Қаржылық мониторинг агенттігі іске қосқан «Baiqa, piramida!» Telegram-боты арқылы компанияда қаржы пирамидасының белгілері бар-жоғын алдын ала тексеруге болады.

Тобықтай түйін

Қаржы пирамидаларының құрбаны болмаудың ең тиімді жолы – олардың айласына емес, нақты дерекке сену. Шешім қабылдағанда асығыстыққа жол бермеу мен ақпаратты тексеру қаржылық тұзаққа түсуден сақтайды.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here