Соңғы жылдары Алматы облысының денсаулық сақтау саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған көптеген маңызды жобалар қолға алынды. Ауылдық медицина жүйесі жаңартылып, жаңа медициналық нысандар бой көтерді. Заманауи технологиялар енгізіліп, жоғары деңгейдегі күрделі операцияларды өңірдің өзінде жасау мүмкіндігі кеңейе түсті.
Ана мен бала денсаулығын қорғау, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету, аурудың алдын алу және оны ерте анықтау бағыттарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде өңір медицинасының алдында тұрған басты міндет – халыққа уақытылы, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар, жетістіктер мен алдағы міндеттер туралы Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымұлы Сүлейменов әңгімелейді.

Халық денсаулығы – басты құндылық
– Ержан Әбілқасымұлы, соңғы жылдары Алматы облысының денсаулық сақтау саласында қандай маңызды өзгерістер мен нақты нәтижелер болды?
– Соңғы бес жыл Алматы облысының денсаулық сақтау саласы үшін жаңару мен жүйелі өзгерістер кезеңі болды. Бұл уақыт аралығында біз жекелеген мәселелерді шешумен ғана шектелмей, өңір медицинасының болашағына негіз болатын ауқымды жобаларды жүзеге асырдық.
Ең алдымен, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 38 жаңа медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Бұл – шалғай ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік жоба. Себебі, бұрын аудан орталығына немесе облысқа қатынауға мәжбүр болған тұрғындар бүгінде заманауи медициналық көмекті өз елді мекенінде алу мүмкіндігіне ие болды.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Соның айқын дәлелі – Есік қаласында III деңгейдегі перинаталдық орталықтың пайдалануға берілуі. Бұл орталық жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйелдер мен шала туған нәрестелерге халықаралық талаптарға сай жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ана мен сәби өмірін сақтау – біздің қызметіміздің ең басты басым бағыттарының бірі.
Бүгінде медицина тек дәрігердің тәжірибесі мен біліміне ғана емес, заманауи технологиялардың мүмкіндігіне де сүйенеді. Осы бағытта облыстың медициналық ұйымдарына роботтандырылған хирургия, телемедицина жүйесі және жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.
Бұл технологиялар дәрігерлердің диагноз қою дәлдігін арттырып қана қоймай, күрделі операцияларды өңірде жасауға және тұрғындардың жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беруде.
Жүргізілген жүйелі жұмыстар нақты көрсеткіштерден де көрініс тауып отыр. Соңғы бес жылда облыста жалпы өлім-жітім деңгейі төмендеп, нәресте өлімі азайды. Сонымен қатар, қанайналым жүйесі ауруларынан және жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім көрсеткіштерінде де оң өзгерістер байқалды.
Скринингтік бағдарламалардың ауқымы кеңейіп, ауруларды ерте анықтау деңгейі артты. Соның нәтижесінде көптеген дерттің асқынуына жол берілмей, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы мен өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік жасалды.
Алдағы уақытта да денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру, медициналық кадрлардың әлеуетін арттыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Ең бастысы – әрбір тұрғын өз денсаулығына қатысты сенімді, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке ие болуы керек. Бұл – біздің басты міндетіміз әрі халық алдындағы үлкен жауапкершілігіміз.
– Ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен толық қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету – өңірлік денсаулық сақтау саясатының басты бағыттарының бірі. Себебі, адамның қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы медициналық қызмет алуға тең мүмкіндігі болуы керек. Сондықтан, соңғы жылдары біздің негізгі күш-жігеріміз ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде бұған дейін медициналық мекемесі болмаған немесе талапқа сай келмейтін жалға алынған ғимараттарда жұмыс істеген елді мекендерде жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер пайдалануға берілді. Бүгінде бұл нысандардың басым бөлігі лицензия алып, халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.
Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда Нарынқол ауылында жаңа емхананың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, бірқатар аудандық ауруханаларға күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының аудан орталығына немесе облыс орталығына сабылмай-ақ, өз өңірінде сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Біз медициналық көмектің қолжетімділігін тек жаңа ғимараттармен өлшемейміз. Сондықтан, телемедицина, мобильді медициналық кешендер және «Үздік тәжірибе орталықтары» арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Цифрлық технологиялардың арқасында шалғай ауыл тұрғындары облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардың кеңесін қашықтан алу мүмкіндігіне ие болды.
Жедел медициналық көмектің тиімділігін арттыру үшін санитарлық автопарк кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Биыл лизинг тетігі арқылы 90 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынды. Оның ішінде 30-ы – «С» класты реанимобиль, 40-ы – «В» класты жедел жәрдем көлігі және 20-сы – JAC JS4 үлгісіндегі автокөлік.
Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарының иелігінде жалпы саны 557 санитарлық автокөлік бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.


Профилактика – ұлт саулығының кепілі
– Ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуда профилактика мен ауруларды ерте анықтаудың маңызы зор. Осы бағытта Алматы облысында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр және олардың нақты нәтижелері қандай?
– Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтаудағы маңызды бағыттардың бірі – профилактика және ауруларды ерте анықтау. Осы мақсатта скринингтік бағдарламалардың ауқымы жыл сайын кеңейтіліп келеді. 2026 жылы жоспарланған 766 335 тұрғынның 310 609-ы, яғни 39,5 пайызы, скринингтік тексеруден өтті. Нәтижесінде 9 327 адамнан түрлі ауру анықталды. Оның ішінде қанайналым жүйесі ауруларының 2 791 жағдайы, қант диабетінің 870 жағдайы, глаукоманың 185 жағдайы, жатыр мойны обырының 47 және сүт безі обырының 28 жағдайы, сондай-ақ колоректалды обырдың 2 жағдайы ерте кезеңде анықталды. Денсаулығында өзгеріс анықталған 3 059 адам диспансерлік бақылауға алынды.
Шалғай ауылдарға медициналық көмекті жақындатуда жылжымалы медициналық кешендердің рөлі ерекше. Қазіргі уақытта облыста 9 жылжымалы медициналық кешен тұрақты қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері олар 113 елді мекенді аралап, 64 815 тұрғынды профилактикалық тексеруден өткізді. Оның ішінде 8 273-і – балалар.
Осы кезеңде 21 821 диагностикалық және 7 535 зертханалық зерттеу жүргізіліп, 52 127 бейінді маманның кеңесі берілді. Тексеру барысында 2 150 тұрғыннан түрлі ауру анықталып, оның 442-сі, соның ішінде 5 бала диспансерлік есепке алынды. Ауылдық жерлерде онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2023 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Алматы өңірлік көпбейінді клиникасына компьютерлік томограф, цифрлық маммограф және ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен жабдықталған заманауи жылжымалы медициналық кешен берілді. Бұл кешен ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерумен қамтуды айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Тек 2026 жылдың басынан бері аталған кешен облыстың 26 елді мекеніне барып, 5 752 тұрғынды тексерді. Оның ішінде 2 582 әйел маммографиялық тексеруден, 1 743 адам ультрадыбыстық зерттеуден, ал 1 427 тұрғын компьютерлік томографиядан өтті. Соның нәтижесінде 10 адамнан қатерлі ісік ерте сатысында анықталып, тағы 273 тұрғыннан обырға дейінгі өзгерістер диагностикаланды.
Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарын қалаға жеткізу емес, сапалы медицинаны ауылдың өзіне жеткізу. Сондықтан, алдағы уақытта да инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, жылжымалы медициналық қызметті кеңейту және профилактикалық жұмыстарды күшейту арқылы әрбір ауыл тұрғынына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз.
Кадр, технология, нәтиже – денсаулық сақтау саласының үш тірегі
– Өңірдегі дәрігер тапшылығын азайту үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатыр?
– Дәрігер тапшылығы бүгінгі таңда тек Алматы облысына ғана емес, жалпы денсаулық сақтау саласына тән өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан, біз бұл бағытта уақытша шешімдерге емес, ұзақ мерзімді нәтиже беретін жүйелі жұмыстарға басымдық беріп отырмыз.
Негізгі мақсатымыз – медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен толық қамтамасыз ету ғана емес, олардың өңірде тұрақтап еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау.
Қазіргі таңда облыста дәрігер тапшылығы 135 маманды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Ең алдымен, кадр даярлау жүйесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде 172 дәрігер резидентурада білім алуда. Олардың 85 пайызы осы жылы оқуын аяқтап, Алматы облысының медициналық ұйымдарына жұмысқа орналасады деп жоспарланып отыр. Бұл кадр тапшылығын азайтуға елеулі мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен өңірге аса қажет мамандықтар бойынша білім беру гранттары бөлініп келеді. Бұл – болашақ дәрігерлерді өңірдің нақты сұранысына сай даярлаудың тиімді жолы.
Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және олардың тұрақтап жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта шалғай елді мекендерге жұмысқа орналасқан 40 жас дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бұл бастама мамандардың ауылда тұрақтап еңбек етуіне және тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға оң ықпал етеді.
Біз үшін дәрігер санын көбейту ғана емес, олардың кәсіби деңгейін үздіксіз жетілдіру де аса маңызды. Осыған байланысты биыл 36 дәрігер Ресей мен Беларусьтің жетекші медициналық орталықтарында біліктілігін арттырып, заманауи диагностика мен емдеудің озық әдістерін меңгеріп қайтты.
Ендігі міндет – сол тәжірибені өңірдегі басқа да әріптестеріне тарату. Осы мақсатта мобильді сарапшылар тобы құрылып, жаңа білім мен заманауи технологияларды облыстың барлық медициналық ұйымдарына енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласының басты күші – білікті маман. Сондықтан, біз кадр мәселесін тек бүгінгі күннің қажеттілігі деп емес, өңір медицинасының болашағына салынған стратегиялық маңызды бағыт деп қарастырамыз.
Алдағы уақытта да дәрігерлерді даярлау, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз.
– Облыстағы ауруханалардың материалдық-техникалық базасы халық сұранысын толық қамтамасыз ете ала ма?
– Денсаулық сақтау саласының сапасы тек дәрігердің кәсіби біліміне ғана емес, медициналық ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне де тікелей байланысты. Сондықтан, соңғы жылдары Алматы облысында ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады.
Бүгінде өңірдің медициналық ұйымдары кезең-кезеңімен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, емдеу мекемелерінің мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Жаңа медициналық нысандар пайдалануға беріліп, аудандық ауруханалар жаңғыртылып, халықаралық талаптарға сай жоғары технологиялық медициналық жабдықтар орнатылуда.
Облыс медицинасы үшін маңызды жетістіктердің бірі – алғаш рет роботтандырылған MAKO Stryker жүйесі арқылы күрделі ортопедиялық операциялардың жасала бастауы. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде қолданылатын MitraClip инновациялық технологиясының енгізілуі тұрғындардың жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде алуына мүмкіндік берді. Бұл – бұрын тек ірі республикалық орталықтарда көрсетілетін медициналық қызметтердің бүгінде облыс деңгейінде де қолжетімді бола бастағанының айқын көрінісі.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында да жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Қонаев қаласында SOS шұғыл байланыс жүйесімен және телемедицина технологияларымен жабдықталған алғашқы модульдік медициналық пункт іске қосылды.
Мұндай шешімдер жедел көмек көрсету уақытын қысқартып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдің медициналық инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Қазіргі таңда Қарасай және Ұйғыр аудандық ауруханаларына күрделі жөндеу жүргізілуде, ал Нарынқол ауылында жаңа емхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Бұл жобалар аяқталғаннан кейін тұрғындарға қолайлы жағдайда, заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі арта түседі. Әрине, денсаулық сақтау саласы үнемі дамуды қажет ететін жүйе. Сондықтан, материалдық-техникалық базаны нығайту – бір реттік жұмыс емес, ұдайы жалғасатын маңызды міндет.
– Тұрғындардан түсетін шағымдар қалай қаралады? Денсаулық сақтау саласының алдағы негізгі жоспарлары қандай?
– Денсаулық сақтау саласының басты өлшемі – халықтың сенімі. Сондықтан, біз үшін тұрғындардың әрбір өтініші мен шағымы жұмысты жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды кері байланыс болып саналады. Әрбір мәселе мұқият зерделеніп, нақты шешім қабылданады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының Call-орталығына 578 өтініш келіп түсті. Сонымен қатар, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 2 702 өтініш тіркелді, оның 173-і шағым сипатында болды.
Талдау нәтижесінде тұрғындарды негізінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптамаға қажетті құжаттарды рәсімдеу мәселелері алаңдататыны анықталды.
Әрбір шағым бойынша қызметтік зерделеу жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бағытында жұмыстар атқарылды. Жауапты мамандарға қосымша оқыту ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданды. Өйткені, әрбір өтініштің артында адамның денсаулығы, тағдыры және медициналық жүйеге деген сенімі тұрғанын жақсы түсінеміз.
Жалпы, Алматы облысының денсаулық сақтау саласының алдағы даму бағыты айқын.
Біз медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастырып, жаңа емдеу технологияларын енгізуге, ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет сапасындағы айырмашылықты азайтуға, білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және профилактикалық медицинаны дамытуға басымдық береміз.
Ең басты мақсатымыз – әрбір тұрғынға уақытылы, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Себебі, халық денсаулығы – өңірдің ғана емес, мемлекеттің ең қымбат капиталы.
Осы сенімді ақтау – біздің ортақ жауапкершілігіміз әрі күнделікті жұмысымыздың басты қағидаты.
– Ержан Әбілқасымұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.
Әңгімелескен:
Индира БІРЖАНСАЛ












