Кейбір жеңістер спорт статистикасында ғана қалса, ал кей жеңістер тұтас бір елдің тарихына айналады. 2024 жылдың 5 қыркүйегінде Ақмарал Науатбек Париждегі Паралимпиада ойындарының финалына 48 келіге дейінгі салмақта татамиге шығып, алтын медальді жеңіп алды. Қазақстан үшін бұл жеңістің айрықша мәні бар еді. Себебі, бұл парадзюдодан Паралимпиада тұғырында тұңғыш рет ел Әнұранын шырқатудың мүмкіндігі болатын. Қайсар қыз Ақмарал бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. J2 санатындағы финалдық белдесуде қазақстандық спортшы франциялық Сандрин Мартинені иппонмен жеңіп, дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды. Оған дейін ширек финалда Үндістан, жартылай финалда Түркия спортшыларын мерзімінен бұрын жеңген еді. Бұл жеңістің ар жағында тынымсыз жаттығу, талай жарыс, жеңілістер, спорттық мансаптағы өзгерістер мен өзін қайта қалыптастыру қажеттілігі тұрды.

ҮЛКЕН СПОРТҚА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ
Ақмарал Науатбек тарихы – бір ғана жеңістің тарихы емес. Бұл – тағдыр тәлкегін жаңа бастауға айналдыра білген адамның хикаясы. Ақмарал үшін дзюдо Париждегі алтыннан әлдеқайда бұрын басталған.
Шексіз мүмкіндіктің иесі дзюдомен бала кезінен, 11 жасынан бастап айналыса бастады. Оның үлкен спорттағы алғашқы қадамдары паралимпиадалық спортпен байланысты болған жоқ. Әуелде ол кәдімгі дзюдода өнер көрсетіп, жасөспірімдер арасындағы жарыстардан біртіндеп шыңдала түсті.
2017-2019 жылдары Ақмарал жастар арасындағы әлем чемпионаттарына қатысты. Бұл оның спортшы ретінде қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Халықаралық жарыстар оған тәжірибе жинауға, дзюдоның түрлі мектептерімен танысуға және әлемдік татамидегі бәсекенің қаншалықты жоғары екенін түсінуге мүмкіндік берді.
Алайда 2021 жылы оның өмірі де, спорттық мансабы да күрт өзгерді. Көру қабілетінің нашарлауына байланысты Ақмарал парадзюдоға ауысты.
Сырт көзге бұл жай ғана спорт санатын ауыстыру сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, спортшы үшін мұндай өзгеріс әлдеқайда күрделі. Жарыстың жаңа талаптарына бейімделу, техниканы қайта қарау, қарсылас пен татами кеңістігін басқаша сезіну керек. Ең бастысы – өз мүмкіндігіңе қайта сену қажет.
Ақмарал жаңа кезеңді бұрынғы мансабының соңы деп қабылдаған жоқ. Керісінше, оның ең үлкен жеңістерінің тарихы дәл осы тұстан басталды.
АЛҒАШҚЫ ӘЛЕМДІК ТИТУЛ
2022 жылы Ақмарал Науатбек Бакуде өткен парадзюдодан әлем чемпионатында өзін әлемдік деңгейдегі спортшы ретінде танытты. Ол 48 келіге дейінгі салмақта, J2 санатында белдесті. Финалда қазақстандық спортшы франциялық Сандрин Мартинені жеңді. Кейіннен бұл екі спортшы ірі жарыстарда талай рет кездесіп, олардың бәсекесі спорт жанкүйерлерінің назарын аударды. Осы жеңіс Ақмаралға әлем чемпионы атағын әкелді. Сонымен бірге бұл қазақстандық әйелдер парадзюдосы үшін тарихи жетістік болды: Ақмарал осы спорт түрінен әлем чемпионатында алтын алған Қазақстанның тұңғыш әйел спортшысы атанды. Бұл жеңістің мәні бір медальмен ғана өлшенбейтін. Бакудегі әлем чемпионатына 41 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 18 парадзюдошы өнер көрсетті. Осындай жоғары бәсекеде жеңіске жету Ақмаралдың әлемдік парадзюдо элитасына нық енгенін көрсетті. Алайда спортшының өзі бұл жетістікті соңғы меже емес, кезекті баспалдақ ретінде қабылдады.
Үлкен спортта чемпиондық атақ спортшыны жаттығудан босатпайды. Керісінше, жеңістен кейін мәртебемен бірге жаңа жауапкершілік пен жаңа үміт пайда болады. Чемпион әр жарыста өзін қайта дәлелдеуге мәжбүр. Ақмарал бұл сынақтан да сүрінбей өтті.


ПАРИЖ-2024: ТАРИХҚА ЕНГЕН ЖЕҢІС
Келесі маңызды белес – Ханчжоуда өткен Азия пара ойындары болды. 48 келіге дейінгі J2 санатында өнер көрсеткен Ақмарал Маратқызы финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде Қытай спортшысы Ли Личинді жеңді. Тағы бір алтын оның құрлықтағы көшбасшылығын айқындай түсті.
Осы кезеңнен кейін қайсар қыз тек бір жарыста ғана жеңіске жететін спортшы емес, ұзаққа созылған жарыс маусымында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсете алатын балуан ретінде танылды. Әлем чемпионаты, Азия пара ойындары – алда кез келген жоғары деңгейлі спортшы армандайтын ең үлкен мақсат тұрды. Ол – Паралимпиада. Париж осы бір жолдың шарықтау шегі болуы тиіс еді.
2024 жылдың 5 қыркүйегі – Ақмарал Науатбек есімін Қазақстан спорты тарихына алтын әріптермен жазған кезең. Париж Паралимпиадасының ширек финалында ол Үндістан өкілі Кокиламен кездесті. Қазақстандық спортшы белдесуді иппонмен аяқтады. Жартылай финалда оның қарсыласы Түркия спортшысы Джахиде Еке болды. Бұл кездесуде де Ақмарал мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Финалда оны бұрыннан өзіне таныс қарсылас – франциялық Сандрин Мартине күтті.
Бұл жай ғана екі мықты спортшының финалы емес еді. Екі балуанның арасында бұрыннан қалыптасқан бәсекелестік бар болатын. Мартине – тәжірибелі дзюдошы, Паралимпиада жүлдегері. Бірақ, сол күні татамиде қазақ қызының бағы жанды. Спортшы иппонмен жеңіске жетті. Алтын медальді қазақтың қайсар қызы Ақмарал иеленді.
Паралимпиадалық қозғалыстың ресми деректерінде Ақмарал Маратқызының әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі J2 санатында жеңімпаз атанғаны көрсетілген. Ол ширек финалдан бастап жартылай финал мен финалға дейінгі үш белдесудің бәрінде де қарсыластарынан басым түсті. Қазақстан үшін бұл медальдің орны бөлек еді: Ақмарал Науатбек парадзюдодан Паралимпиада ойындарында алтын алған ел тарихындағы тұңғыш спортшы атанды.
Мұндай жеңістен кейін әр адам бір сәтке тоқтап, жеткен жетістігін сезінгісі келуі заңды. Бірақ, кәсіби спорттың табиғаты басқа. Ең үлкен жеңістен кейін жаңа тарау басталады.
ЖАҢА СЫН, ЖАҢА ЖАУАПКЕРШІЛІК
Париждегі алтын Ақмаралды Қазақстанның ең танымал спортшыларының біріне айналдырды. Алайда чемпиондық тек медаль алып, суретке түсу, құттықтауларды қабылдау ғана емес. Бұл – жаңа жауапкершілік. Ендігі әр жарысқа жұрт басқа көзбен қарайды: Паралимпиада чемпионынан жеңіс күтеді. Оған қоса, Паралимпиададан кейін Ақмарал жаңа салмақ дәрежесіне ауысуға шешім қабылдады.
Бұған дейін ол 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетсе, енді 52 келіге дейінгі салмаққа ауысты. 2025 жылы спорттық мансабының жаңа кезеңін ол дәл осы салмақта бастады. Сырт көзге төрт келінің айырмашылығы болмашы ғана көрінуі мүмкін. Ал, жекпе-жек спортында бұл – мүлде басқа әлем.
Қарсыластардың дене бітімі, физикалық қуаты, жылдамдығы, арақашықтығы, әдіс пен қарымта шабуыл сипаты өзгереді. Сондықтан, спортшы жаңа салмаққа тек физикалық тұрғыдан емес, техникалық жағынан да бейімделуі керек. Сол себепті Парижден кейінгі алғашқы халықаралық жарыс Ақмарал үшін айрықша маңызды болды.


АЛТЫННАН КЕЙІНГІ ЖАҢА БАСТАУ
2025 жылдың наурызында Ақмарал Тбилисиде өткен парадзюдодан әлем кубогы кезеңінде татамиге қайта шықты. Бұл оның Паралимпиададағы алтын жеңісінен кейінгі алғашқы халықаралық жарысы еді. Алайда бұл турнирдің тағы бір ерекшелігі болды: Ақмарал алғаш рет 52 келіге дейінгі жаңа салмақ дәрежесінде белдесті және арқасына алтын түсті жапсырма тағып, татамиге алғаш рет шықты.
Дзюдода кимононың арқасына тағылатын жапсырма түсінің өзіндік мәні бар. Алтын түсті жапсырма – чемпиондық мәртебенің белгісі. Тбилиси Ақмарал үшін өзіндік сынақ болды: Парижде чемпион атанған қыз жаңа салмақта да өз деңгейін сақтай ала ма? Ақмарал ел үмітін ақтап, турнирде жеңіске жетті. 52 келіге дейінгі J2 санатының финалында ол Германия спортшысы Изобель Тайдан басым түсті. Бұл алтынның маңызы тек медальмен өлшенбейді. Ол Париждегі жеңістің кездейсоқ бір сәттік жарқылы болмағанын көрсетті. 27 жастағы спортшы салмақ дәрежесін өзгерткеннен кейін де әлемнің мықтыларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын дәлелдеді. Чемпион татамиге жеңіспен оралды.
ЖАҢА САЛМАҚ – ЖАҢА МАҚСАТ
52 келіге дейінгі салмаққа ауысу Ақмарал Маратқызы үшін үлкен сынақ болды. Спортшының өзі айтқандай, салмақ қосу аса қиын емес. Ең қиыны – ағзаның физикалық мүмкіндіктерін жаңа салмаққа бейімдеу. Салмағы жоғары спортшылардың дене бітімі де өзгеше, демек күресу мәнері де басқа. Парадзюдода ұсақ детальдардың өзі шешуші рөл атқарады. Ұстау, тепе-теңдік, дене қалпы, реакция жылдамдығы, қарсыластың қозғалысын сезіну – белдесу тағдырын бір сәтте өзгертуі мүмкін.
Кәдімгі дзюдода спортшылар қарсыласын және татами кеңістігін бағдарлау үшін көру қабілетін пайдалана алады. Ал, парадзюдода көп нәрсе денемен сезінуге, жанасуға және техниканың дәлдігіне байланысты. Сондықтан, жаңа салмаққа ауысу тек физикалық бейімделуді ғана емес, күрес тәсілін тұтас қайта құруды талап етеді. Ақмарал үшін бұл тағы бір сынақ еді.
ЧЕМПИОННЫҢ ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІСІ
2025 жылдың мамырында Астана алғаш рет IBSA-ның парадзюдодан әлем чемпионатын қабылдады. Жарысқа әлемнің 40-қа жуық елінен 350-ден астам спортшы қатысты. Бұл жаңа төртжылдық циклдегі басты додалардың біріне айналып, 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу үшін де маңызды кезең болды.
Ақмарал туған қаласында өткен әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі J2 санатында белдесті. Бұл жарыс оның спорттық тарихына тағы бір маңызды тарау қосты. Алайда өз елінде өткен әлем чемпионаты бұл жолы оған жеке алтын әкелген жоқ. Жаңа салмақта Ақмарал жоғары бәсекеге тап болды. Ал, Қазақстан құрамасы командалық есепте жалпы екі алтын, екі күміс және бес қола медаль жеңіп алды.
Спортта әр жарыста жеңіске жету мүмкін емес. Тіпті, жуырда ғана Паралимпиада чемпионы атанған спортшының өзі жеңілуі мүмкін. Кейде жеңілістің пайдасы жеңістен де көп болады. Ол спортшыны өз өнерін талдауға, дайындық тәсілін өзгертуге, жаңа шешімдер іздеуге мәжбүрлейді.
Ақмарал үшін 52 келіге ауысу – бір сәтте қабылданып, бір жарыста аяқталатын шешім емес, бұл – әлі жалғасып жатқан жол болатын.
ЖЕҢІСТІҢ НЕГІЗІ – ТӘРТІП
Ақмарал Науатбектің спорттық жетістіктерінің тарихына үңілгенде оның кезең-кезеңімен жеткен жеңіс жолына куә боламыз. Ол: 2022 жылғы Әлем чемпионы, Азия пара ойындарының чемпионы, 2024 жылғы Паралимпиада чемпионы, 2025 жылы Тбилисиде өткен әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы. Десе де, құрғақ статистика спортшы өміріндегі ең маңызды дүниені айтып бере алмайды. Ол бір белдесудің артында қанша жаттығу тұрғанын көрсете алмайды. Күн сайынғы физикалық дайындықты, техниканың үстінде қанша сағат жұмыс істелгенін көрсетпейді. Күмән туған сәттерді де көрсетпейді. Жеңілістен кейін спортшының залға қайта оралып, жаттығуын жалғастыратынын да байқатпайды. Тіпті, қайта-қайта бастауға тура келетінін де статистика айтып бере алмайды.
Үлкен спорттың ең басты ерекшеліктерінің бірі осында. Көрермен татамиде бірнеше минутты ғана көреді. Ал, спортшы сол бірнеше минутқа жарыс басталмай тұрып-ақ талай рет дайындалады. Ақмарал бір күнде, Парижде ғана чемпион атанған жоқ. Париж – жылдарға созылған еңбектің ең жарқын көрініске айналған сәті ғана.


МІНЕЗБЕН КЕЛГЕН МЕДАЛЬ
Ақмарал Науатбектің спорттық тарихындағы ең маңызды тұстардың бірі – оның парадзюдоға ауысуы. 2021 жылға дейін оның спорттық жолы басқа арнада өрбігенімен, көру қабілетінің нашарлауынан кейін ол өз мансабын қайта құрып, жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Кез келген адам үшін мұндай өзгеріс тоқтауға себеп болуы мүмкін еді. Ал, спортшы үшін бұл – тіпті қиын сынақ. Бірақ, Ақмарал тоқтаған жоқ. Парадзюдоға ауысқаннан кейін араға бір жыл салып ол Әлем чемпионы атанды. Бұл оның өмірбаянындағы ең әсерлі деректердің бірі. Спорттағы үйреншікті өмірі өзгерген сәт пен әлем чемпиондығының арасында небәрі аз ғана уақыт өтті. Сондықтан, Ақмаралдың тарихы тек дене күшінің тарихы емес. Бұл – бұрынғы жол аяқ астынан жабылған кезде де алға қарай жүре білген адам туралы хикая.
ЖЕҢІСТЕН ЖЕҢІСКЕ
Парижден кейін Ақмарал «ең үлкен мақсатқа жеттім» деп айтуына болар еді. Бірақ, оның деңгейіндегі спортшылар бір ғана медальмен шектелмейді. Париж – бір таудың шыңы болса, сонымен бірге келесі биіктің етегі еді. Лос-Анджелес-2028 жаңа спорттық циклдің көкжиегінде тұр. Паралимпиадалық қозғалыстың ресми мәліметі бойынша, келесі жазғы Паралимпиада ойындары 2028 жылдың тамызында өтеді. Ақмарал үшін бұл жаңа міндеттер кезеңі: жаңа салмақ дәрежесі, жаңа қарсыластар, жаңа жарыстар және үздіктер қатарында қалу құқығын қайта-қайта дәлелдеу қажеттілігі. Бәлкім, нағыз чемпионды бір рет жеңіске жеткен спортшыдан ерекшелейтін нәрсе де осы шығар.


ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ
Ақмаралдың анасы – заңгер, әпкесі – мұғалім, ал інісі университетте білім алып, шахматпен әуестенеді. Біздің кейіпкеріміз – отбасындағы ортаншы бала. Оның спорттағы жеңіс жолында отбасы әрдайым жанынан табылып, қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде Ақмарал отбасылы. Оның өмірлік серігі Мәди Амангелдіұлы – жай ғана жолдасы емес, сонымен қатар спорттағы серігі әрі жаттықтырушысы.
«Паралимпиадаға мені жолдасым дайындады. Негізгі дайындығым жарысқа алты-сегіз ай қалғанда басталды. Сол уақыттың бәрінде ол жанымнан табылды: қарсыластарымның белдесулерін талдап, тактикалық жоспарлар құрды. Біз бір-бірімізді толықтырып, нағыз команда болып жұмыс істедік. Жолдасым екеуміз дзюдомен бірге айналыса бастаған кезден-ақ басты назарды спортқа аударамыз деп келістік. Бұл – біздің таңдаған жолымыз. Жолдасым да дзюдошы. Біз бала кезімізден бірге дзюдоға барып, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резервтегі спорт мектебін бірге тәмамдадық. Қазір екеуіміз де кәсіби спортпен айналысып жүрген спортшылармыз. Сондықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз әрі үнемі қолдаймыз. Жолдасым менен үйде тамақ пісіруді немесе үй жинауды талап етпейді. Керісінше, жаттығуыма және спорттағы нәтижеме толық көңіл бөлуіме жағдай жасауға тырысады», – дейді Паралимпиада жеңімпазы.
Жақында Ақмарал Маратқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа туған қызының алғашқы суреттерін жариялады. Спортшының жариялаған фотосуреттерінен оның сәбиін құшағына алып, үйінде отырғанын көруге болады. Бөлме жаңа туған нәрестенің аты – Асылым деп жазылған түрлі-түсті шарлармен безендірілген. Спортшының оқырмандары ақжолтай жаңалыққа қуана қосылып, жас отбасыға зор денсаулық, бақыт пен бақ-береке тіледі.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Бүгінде Ақмарал Науатбек туралы айтқанда, оны «паралимпиада чемпионы» деген бір ғана атаумен шектеу жеткіліксіз. Ол – парадзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш паралимпиада чемпионы; парадзюдодан әлем чемпионатында алтын алған Қазақстанның тұңғыш әйел спортшысы; Азия пара ойындарының чемпионы. Сондай-ақ, ол – спорттық мансабындағы ең үлкен жеңістен кейін жаңа салмақ дәрежесіне ауысудан қорықпаған және бұл жолды Тбилисидегі әлем кубогының жеңісімен бастаған спортшы. Алайда оның ең маңызды сипаттамасы, бәлкім, тағдыр сынағына төтеп бере алған адам екені.
Ақмаралдың спорттық тарихы Парижден әлдеқайда бұрын басталды және ол Парижден кейін де аяқталған жоқ. Бәлкім, оның өмір жолының өзгелерге соншалықты әсер ететіні де осыдан шығар. Өйткені, мойындағы алтын – жеңістің көзге көрінетін ғана бөлігі. Оның ар жағында жылдарға созылған тәртіп, күнделікті еңбек, өзін жеңу, жеңілісті қабылдай білу және қайтадан татамиге шығуға дайын болу қажеттілігі тұр.
Ақмарал Маратқызы татамиге шыққан сайын енді жай ғана чемпион ретінде шықпайды. Ол өзіне әлі де дәлелдейтін дүниесі бар спортшы ретінде шығады. Демек, оның тарихы әлі де жалғасып жатыр.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ











