Қанипаш Мәдібай: Абай поэтикасы, абайтану, текстология мәселелері

0
702

Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, абайтанушы, ұстаз Қанипаш Мәдібай осы күнге дейін ұлттық ғылымға қалтқысыз қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп, саналы ғұмырын әдебиетке, әдебиеттану іліміне сарп етіп келеді. Бұл ретте, ғалымның абайтануға сіңірген еңбегі де атап өтуге тұрарлық. Ол кісі бұл салаға қалай келгендігі жөнінде «Ілияс Жансүгіровтің «Абай кітабы» мақаласы хақында» деген материалында былай деп жазады: «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында бізге «Абайтану» арнаулы курсын жүргізген Мекемтас Мырзахметов ағайдың қалауымен сол кісінің жетекшілігімен «Абай өлеңдері мен қара сөздерінің арасындағы сабақтас желілер» атты тақырыпта диплом жұмысын жазып қорғайтын болдым. Ұстазым, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі абайтанушы, әуезовтанушы-ғалым Мекемтас аға Мырзахметовтың бағыттауымен сол диплом жұмысымда бірқатар салыстырулар, саралаулар жасауға талпынып едім. Көлемі әжептеуір жұмыс жазылған. Абай мұрасына өзімше ден қойып, «зерттей» бастағаным сол уақыт» [1].

Абайтану ‒ іргелі сала. Бір кісілер бұған үлкен дайындықпен, баппен, жанқалауымен келеді. Ендігі бірі аталмыш тақырыпты ұстазының нұсқауы бойынша таңдайды. Тағы біреуі індете зерттеп, осы жолға түседі. Үшеуінің де жолы өздігінше қызықты. Ал, Қанипаш Мәдібайдың абайтануға барудағы жөні бөлек: «Азды-көпті еңбектеніп жүрген тәжірибемде, әсіресе «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы» пәнінен жоғары мектепте дәріс оқу бағытымда әдебиет тарихын теориялық негізде игерудің Абайдың ақындық айналасы, ақындық мектебі, ақындық дәстүрімен сабақтасып, салаласып, ұштасып отыратын елеулі қисындарды ғылыми негізде тереңдете тану, саралау, айғақтау міндеттері бас көтерген. Ілгергі мұра мен кейінгі көркемдік өрісті жалғап ғаламат поэтикалық айдын түзген Абайдың ақындық шалқарына зерттеушілік ынтамен ден қоя бастадым» [1]. Ғалым абайтанудағы ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ қызу талқыға түскен, Абай мұрасын зерттеу барысында Ілияс Жансүгірұлының 1923 жылы «Тілші» газетінде жарық көрген «Абай кітабы» делінген рецензиясы жөнінде сөз қозғайды. Бұл ретте, Қанипаш Мәдібай ұстазы ‒ профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы құрастырған «Абайды оқы, таңырқа…» жинағын басшылыққа ала отыра, зерделейді, саралайды: «Міне, М. Әуезовтің осы пікірінде айтылған ұлы ақын мұрасын танытқан үлкенді-кішілі айтылып өткен ой-пікірлер мен дерек-мағлұматтарды әдеби-ғылыми еңбектерімізде көре тұра көрмедік, біле тұра айтпадық. Яғни, бұлардың бәрі де жаңа буын жас ұрпақтың назарынан саналы түрде жасырылды. Тануына ерік бермедік. Яғни, шындықтың шымылдығы айқара ашылмай, бүркеулі қалпында қорғаусыз жата берді» [2, 9].

«Қазақ поэзиясының Құлагері» Ілияс Жансүгірұлы ‒ сан-салалы тұлға. Бір басында көсемсөзші, аудармашы, жазушы, драмашы, қайраткер, ұстаз, ақынға тән бастаулар бар. Оның «Кек», «Түрксіб», «Райхан», «Мін де шап», «Колхоз тойы», «Мектеп», «Исатай, Махамбет» атты драмалық шығармалары оқырман олжасына айналғалы қашан. Фельетон ‒ сатиралық сипаттағы, арғы тегін француздардан тартатын публицистиканың бір түрі. Ілиястың «Екпінді бүлдіргіш», «Мынау не дейді?», «Кімді кім?», «Мен қателескен екем», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Жайлаубектің жауыры ‒ аурудың ауыры», «Басқа пәле тілден», «Жалаңаш жиылыс», «Шайтанарба», «Көрген де арманда, көрмеген де арманда», «Тентектің ертегісі», «Солшылбаевтың ауылы», т.б. фельетондары қарақты көздің назарын аударып, жоғары бағасын алған-ды. «Хан адвокат», «Құқ», «Төрешілдіктің түрлері», «Шалқыбай», «Алдандық», «Құйрықты базар», «Сұрпақбай сұғанақ», «Сөз Қамысбаевқа…», «Қыз көзінше неге замечанье жасайсың?», «Ұяның ұясы ‒ Қожаның дорбасы» қатарлы сықақ әңгімелерінде ол өзін шебер жазушы ретінде таныта алды. Мұнда қаламгер қоғамдағы келеңсіздіктермен қоса, ынжық, жағымпаз, көрсеқызар, алдампаз кейіпкерлерді аямай ажуалайды. Сондай-ақ, ол ‒ абайтануға ден қойған қаламгер, таным-түйсігі зор тұлға: «Ілияс Жансүгіров бұл мақалада Абай және қазақтың әдеби тілі; Абайдың шығармаларын жинап, бастыру ісін жандандыру, дамыту; Абайдың өмірбаянын толықтыру; Абай поэзиясының поэтикалық бітім-қуаты; Абай мұрасының текстологиялық мәселелерінің қате бағыт алып бара жатқандығын ескерту; Абай поэзиясының өлең жанрындағы жаңашылдығы, т.б. бірнеше мәнде нақтылы саралаулар жасап, тоқтамдар айтады, болжамдар жасайды. 1922 жылы Абай  шығармаларының  жинағы Ташкент, Қазан қалаларында қатар жарық көреді. 1909 жылғы  Санкт-Петербургтегі  тұңғыш кітап, 1916 жылғы «Абай термесінен» кейінгі бұл үшінші кітаптың  Ташкенттегі шығарылымының  басы-қасында Нәзір Төреқұлов, Халел Досмұхамедұлы сынды  азаматтар  жүрген» [1]. Ілияс Жансүгірұлының «Әдебиет майданы» журналындағы (1934 ж.) «Абайдың сөз өрнегі» делінген талдампаздықпенен өрілген мақаласы – манағы ойдың дәлелі. Автор Абайды «сөз шебері» деп отыр, мұнда құр мақтау емес, дәлелді сөз, құрмет пен тағзым бар. Осы тәріздес ойлы мақалаларда Ілияс өзін сыншы ретінде де көрсеткен-ді. Қазақтың қай ақыны болсын хакім Абайға соқпай кетпейді, бір соққан соң оралып отырады, қайта-қайта оқиды.

Абай – киелі Шыңғыстау-Қарқаралы жерінде, мәдениеттер тоғысында туған тұлға, феномен. Тегінде, Абай деп жазсақ та, айтсақ та: «Бұл қай Абай болды екен?..» – деп сұрамайды, ешкім. Ол – шүбәсіз, күмәнсіз нәрсе. Өйткені, оның асыл образы ұлт жадында ойып тұрып орын алған-ды. Бұл – халық махаббатының нақ көрінісі. Ғалым Қ. Мәдібай Ілиястың Абай поэтикасына, жалпы Абайға деген көзқарасы турасында былай деп ой өрбітеді: «Ілияс Абайды халыққа ұғынықты қарапайым тілмен ой өрнектейтін, кейде қолданыста жүретін қайсыбір сөкеттеу сөзді де халыққа етене тіл фактілері есебінде кәдеге жаратып отыратынына мән берген. Абай халықтың  рухтағы тілмен сөйлеген  ақын деп бағалайды. Мақалада Абай поэзиясының айқын артықшылықтарының қатарында оның өлеңдерінің музыкалылығы, саздылығы тұратындығы туралы да пайымдаулар жасалған. Абай дәстүріне еліктеген жазушылар бірақ Абайдан артық күй тапқан жоқ дейді. Ілиястың Абайды қазаққа тіл жағынан да үлгі, күй жағынан да үлгі деп бағалауына қатысты тарқатып айтатын жайлар бар. Академик Ахмет Жұбановты Абай әндеріндегі орыс романстарының сазы туралы айтқаны, Тәкен Әлімқұловтың осы бағыттағы пайымдары Абайдың ән-өлеңдерін зерттеп, танудың өзекті жайларын құлаққағыс етеді» [1]. Қ. Мәдібай Ілиястың Абай өлеңдеріндегі текстологиялық мәселелеріне ерекше мән бергендігі туралы жан-жақты айтады, орынды тілге тиек етеді. Белгілі бір ұғымның, тіркестің, сөз-сөйлемдердің өзгеріске ұшырауы көбіне-көп механикалық-техникалық қателіктерден басталып, саяси-әлеуметтік, діни, мәдени ерекшеліктерге де байланысты болмақ. Ал, Ілиястың парықтауындағы Абайдың өлеңіндегі елеусіз-ескерусіз қалған қателіктердің жөні тіптен бөлек: «Ілияс Жансүгіров 1933 жылғы Абай шығармаларының толық академиялық жинағының басылымына атсалысқан. Ілияс Жансүгіров текстологиялық жаңсақтықтардың не себептен орын алатындығын сол кезеңде баспа ісінен хабары шамалы жұртшылыққа тәптіштеп түсіндіріп береді. Бір бағытта қате түзетушінің (корректор) шалағайлығынан кететінін айтады. Бірақ ең қауіпті қате – редактор тарапынан болатын жорамалмен кететін түзету екендігін айтады. «Мал мен бастың кеселін ұят бұзар» – 26-бет, 6-жол. Бұл ұят бұзар емес, «ұя бұзар». Ынтымақ, бірлікте іріткі салатын шәргездердің сын аты. «Тиянақсыз, билеусіз байқұс құлың» – 28-бет, 12-жол. Құлың емес, «құлық», құзғындық. «Кірлі болып түскен соң» – 57-бет, 17-жол. Кірлі емес, «кәкірлі», қылмысты, жазықты. Ұлықтан келетін жазаға кәкір дейді. «Кіреден мойын кесілсе» (өзі туралы айтқанда). Кіреден емес, «керден»: кердең қылжақ. «Тәуекелмен батырады» батырады емес, «батыр ой»», т.б. Жансүгіровтің Абай өлеңдерінің текстологиялық мәселелерін көтеріп, нақтылы мысалдармен назарға ұсынуы жалпы негізінде ауызша сақталып хатқа түскен, сонымен қатар араб графикасының ескі жазу үлгісімен түскен аса бай әдеби мұраға тұтас қатысты аса бір өзекті жайды күн тәртібіне қойғандығымен де бағалы» [1]. Поэзия тарихи даму үстіндегі феномен екенін ескерсек, Абайдан бастау алған қазақтың кәсіби өлеңсөзінен тартып, Тәуелсіздікке шейінгі аралықтағы бұл жанр тұрақты белгілерін сақтай отыра, әр кезеңде түрлі трансформацияға ұшырағаны сөзсіз. Осы ретте, Абай текстологиясына ден қойған Қанипаш Мәдібай «Абайтану тарихындағы дерекнамалық негіз: өзекті зерттеу ұстанымдары» мақаласында былай деп жазады: «Абайдың шығармашылық өмірбаянындағы нақтылы даталы уақыт шегі таңбаланған сәттер, оқиғалар, кезеңдерден; тарихи тұлғалар, адам есімдерінен; жеке туындының мәтіннамалық тұғыр, басылым тарихынан; т.б. тұтастанған дерекнамалық талаптарда тұтас қарайлап зерделеу мүмкіндігі шектеліп, шетжағалап қана меңзелген фактілерді; қилы себептерден орнығып қалған жекелеген жаңсақтықтарды, абайтанудың тарихи тәжірибесінде, осызаманғы өзекті бағыттарында арнайы зерделеу қажеттілігі бар» [3]. Абай шығармаларының текстологиясы дегенде, әуелі, ауызға Мүрсейіт қолжазбасы ілігеді. Ол Абайдан алыс емес, бірге туысады: «Мүрсейіт (Нұрсейіт) Бікеұлы (1860-1917) – Абай өлеңдерін қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуге орасан зор еңбек сіңірген кісі. М-тің 7-ші атасы – Әнет баба. Әнет – Абайдың 7-ші атасы Әйтекпен бір туыс. Әнеттің бір ұлы – Байболат, Байболаттан – Бақай, Бақайдан – Тоққожа, Тоққожадан – Көбікен, Көбікеннен – Біке. Бікеден – Мүрсейіт. Орыс мектебінде 4 жыл, содан соң Бұхарда оқып, білім алған» [4, 422]. Мүрсейіттің өзі де ақындыққа жақын болған, білімді, талапты жан-тұғын. Естеліктерде оның еңбекқор, оқуға-білуге құштар адам екендігі баяндалған-ды: «Мүрсейіт Бікі баласының бойына біткен зор қасиет ертек пен қиссаларды айта жүріп оларды көшіріп алуға ерінбеген. Келе-келе ол Абай шығармаларын көшіруге кіріседі. Сөйтіп, оны таратуға көп еңбек жасағандығы тарихтан аян. Күні бүгінге дейін Абай өлеңдерінің баспа жүзін көргендері тегіс Мүрсейіт қолжазбасымен салыстырылып отырылады» [5, 24].

Абай поэзиясында айшықты образдар жетерлік. Құрылымдық (структуралистік) талдау барысындағы соның кейбірін атап өтсек: «Қыран шықса қияға», «жүйрік тіл, терең ой», «жаңбырлы жайдай сырқырап», «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «сіз – жалын шоқ, біз – бір май», «тұмар тағылса да», «күлімсіреп аспан тұр», «қой жайылып жаздыкүн», «аспаннан бүркіт құйқылжып», «қараңғы түнде тау қалғып», «желігін жерге тықпас», «шідерлігі жуандау, бота тірсек», «құс қаңқылдап», «суы ашыған батпақ көл», «толғауы тоқсан қызыл тіл», «қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ», «қарсақ жортпас қара адыр», «жуасты мінде, айран іш», «жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан», «желсіз түнде жарық Ай», «жазғытұрым жасырып жердің бетін», «алпыс екі айлалы түлкі алғанда», «қойдан қоңыр, жылқыдан торы», т.б. Бұл сөздер, бұл ұғымдар, бұл ұлттық образдар  – әр қазаққа ұғынықты, әр қазаққа түсінікті. Ойшыл өлеңдеріндегі бұлт, аспан, Ай, жылқы, жаз, күз, қыс, бүркіт, қыран құс, түлкі, жазғытұры, т.с.с. түсініктер түрленіп, құлпырып, табиғатқа тіл біткендей әсерде боласыз. «Қылышын сүйреткен қыс» я «масатыдай құлпырған жаз» жанданып, адамға тән қасиеттер пайда бола бастайды. Мұны ғылымда персонификация, прозопопея, антропопатизм деп атайды. Абай – сөз-сөйлемді құбылтудың шебері. Қайым Мұхамедханов Мүрсейіт қолжазбасының текстологиялық ерекшелігі жөнінде де сөз қозғайды: «Мүрсейіт Абай шығармаларын ақынның түгел өз қолжазбасынан көшірген емес. Басқа адамдардың да жазбаларын пайдаланған және ақын өлеңдерінің ел аузында сақталғандарын қағаз бетіне түсірген. Абайдың 1909 жылғы жинағымен Мүрсейіт қолжазбаларын салыстырып қарағанда, сөз қайшылықтары кездесіп қалып отыратыны да сондықтан» [6, 316]. Мұнымен қоса, Қайым Абай өлеңдерін есте сақтап, елге таратқан Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Шәкір Әбенов, Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов, Шабдан Әлмағамбетов, Рахымжан Мамырзақов секілді тұлғалардың да зор еңбегін атап өтеді. Ал, Б. Байғалиев пікірі бойынша, «әдетте әдеби-ғылыми ортада бір қалыптасып, орнығып қалған түсінік-ұғымдарды әлсін-әлі түзетіп, дұрыстай беру көп ретте оңайға түспейді. Сол себепті ұлы ақынның ел басқару саласындағы қызметі мен оның мерзімдері ғылыми зерттеу еңбектерінде түрлі-түрлі жазылып келеді» екен [7, 120]. Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Қанипаш Мәдібай жоғарыдағы мәселелерге тереңдей еніп, жан-жақты зерттейді. Сондай-ақ, ол кісінің абайтанудағы текстологиялық, архивтік-деректік, хакімге қатысты естеліктер, шығармаларын таныту, оқыту жөніндегі ойлары да өзекті [8], [9].

Абай поэзиясында өмірдің жүрек қағысы аңғарылады, тынымсыз тіршілік қан тамырдай бүлкілдеп-бүлкілдеп тұрады. Мұндай жағдайда адамгершілік, ар дегеніңіз қараңғылық ішінен экзоғаламшардай аса байқала бермейді, көзге көп ілінбейді де. Өйткені, адамгершіл, иманды жан болғаның үшін ешкім ақы төлемейді, тек Алла мен ар алдында ғана жауап бересің. Жаралғаннан емес, Жаратушыдан қорқу керек. Өйткені, өткен өмір – өртенген қағаз. Бәрінің байыбына бару үшін артыңа бір қарайлайсың, өзіңе-өзің есеп бересің, содан соң ғана алға жылжисың. Қоғамдағы оспадарсыздыққа қарсы тұру, онымен күресу-күреспеу – әр саналы жанның өз еркі. Ақын моралист емес. Оның қызметі – көркемдіктен келісті кесте тігу. Көбіне-көп көркем шығарма қыжылдан туады, қоғамдағы, елдегі, әлемдегі жайттарға көңіл толмаудан туады. Біз кей тұста қоғами құбылыстарға біржақты ғана қараймыз. Анық-қанығына жетпей жатып бірден инициаторды айыптауға бейімбіз. Суреткердің ең басты қорғанышы – қаламы, сонымен ниеті жамандарды жасқаса, шырайлы шығармаларымен жақсыларды жанына магнитше тартып тұрады. Бұл – әдебиетке деген адалдық. Осы тұрғыдан келгенде, білікті абайтанушылар қатарында Қанипаш ұстаздың да тұруы ‒ заңдыдық. Өйткені, еткен еңбек, қылған қызмет еленуге тиіс…

Әлібек БАЙБОЛ,
әдебиеттанушы, PhD

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Мәдібаева Қ. Ілияс Жансүгіровтің «Абай кітабы» мақаласы хақында. 14.07.2025 https://abaiacademy.kz/kz
  2. Абайды оқы, таңырқа… Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазған – М. Мырзахметов. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 б.
  3. Мәдібаева Қ. «Абайтану тарихындағы дерекнамалық негіз: өзекті зерттеу ұстанымдары». 14.07.2025 https://abaiacademy.kz/kz
  4. Абай. Энциклопедия (Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев; ред. алқасы: З. Ахметов, Л.М. Әуезова, Б.Т. Ерзакович, т.б.). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.
  5. «Абай» журналы, 1992, №3.
  6. Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: Алаш, 2005. – 344 б.
  7. Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. – Алматы: Арыс, 2001. – 134 б.
  8. Мәдібаева Қ. Архив және шығармашылық. 14.07.2025 https://abaiacademy.kz/kz
  9. Мәдібаева Қ. Абайтану: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. – 204 б.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here