Тоғызыншы қабаттан секірмек болған жігітті құтқарған полицей

0
1779

Шымкент қаласының Нұрсәт мөлтекауданында орналасқан «Шахан» дүкенінің артындағы №135 А үйдің 9 қабатының балконынан екі кештің апақ-сапағында жиырманың үстіндегі бір жігіт секірейін деп тұр. Нақтысы, бір жауқазын ғұмыр сөнгелі тұр. Пәтердің ішінде әлгі жігіттің әпкесі өз-өзіне қол жұмсамақ болған інісін райынан қайтара алмай әуре. Қыз байғұс «осының бәріне ақша кінәлі, қу жетіспеушілік-ай!» деген оймен дегбірсізденіп, қалш-қалш етеді. Енді осылай тұра берсе, бәрі кеш болуы мүмкін екенін сезген ол дереу 102-ге қоңырау шалады.

«Інім екеуміз ұрсып қалып едік. Енді ол балконнан секірейін деп жатыр. Тез келіңіздерші» деп абыржыған қыз дауысын есіткен бойда Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің Нұрсәт шағынауданы бойынша учаскелік полиция инспекторы Асқар Чуманов қасындағы серігімен бірге жалма-жан оқиға орнына жетеді. Сол күні кезекшілікке түскен олар жолай рациямен барлық әріптестеріне хабарлап келеді. Келсе, расымен, 1992 жылғы азамат балконнан өзін тастауға шақ қалып, бір аяғы балконның сыртында, екінші аяғы ішінде тұр екен. Полиция қызметкерлері сол замат өз өмірін қиғалы тұрған азаматпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын бастап кетеді.

– Жақындамаңдар! Мен ешкімге керек емеспін. Әке-шешем жоқ. Әпшем үйге сыйғызбайды. Маған да ешкім керек емес, – деп жігіт бой берер емес.

– Өмірде бәрі жақсы болады. Бәрі де – сынақ. Бәрі де – өткінші. Болашағың өз қолыңда. Өзіңе қол жұмсама, түбі жақсылыққа апармайды. Біз сенің жағдайыңды жасап береміз. Не керек, айтшы? – деп полицейлер барынша жүйкесі сыр берген жігітті құтқарудың амал-қарекетін жасайды.

Екі тарап жиырма минуттай «алысады». Жақындаған сайын қисайып барады. Ақыры жалынып-жалбарынып жүріп Асқар Шералыұлы мен қасындағы серігі екеуі жігіттің қолынан ұстап, аман алып қалды.

– Оқиға орнына жеткенше жедел-жәрдем, тергеушілер, прокуратура қызметкерлерінің бәріне хабарладық. Сөйтіп олар да бірер минуттардан кейін сол жерге жетті. Жарты топ астында тұр. Жиырма минуттай сөйлесіп, жәйлап қолынан ұстап қалдық. Өзімізді тартып кетейін деп қалған жайы бар, – дейді полиция аға лейтенанты Асқар Чуманов.

Бұл соңы қайғылы боп аяқталайын деп тұрып, бірақ батыл полицейлердің араласуымен бейбіт аяқталған оқиға 2016 жылдың қыркүйек айында орын алған еді. Әлгі жігіт 1992 жылы туылған. Балалар үйінде өсіпті. Ата-анасы жоқ. Кәмелеттік жасқа толған соң жалғыз әпкесі екеуіне аталған үйдің 9 қабатынан пәтер берілген. Түрлі себептермен жігіт жұмыс істемеген де, әлеуметтік жағдайдың ауырлығынан екі бауыр жиі сөзге келіп қалып жүрген. Нәтижесі жаңағыдай аяқталды. Соңында полиция басқармасының психологтары жігітпен психологиялық пікір алмасып, енді бұлай қайталамауын ұғындырды.

Осындай жағдайдың басы-қасында болып, бір азаматтың өмірін сақтап қалған Асқар Чуманов бүгінде Қаратау аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінде тергеу бөлімінің тергеушісі болып істейді. Жалпы 8 жылдан бері ішкі істер органдарында аянбай еңбек етіп келеді. Жасаған ерлігі үшін Жәнібек Өмірбекұлы 2020 жылдың сәуір айында Ішкі істер министрінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Ол азаматтарға көмектесу, қорғау және құтқаруды басты міндеті деп біледі. «Одан кейін мұндай оқиға қайталанған жоқ. Қайталанбай-ақ қойсын! Қоғамның әрбір азаматы өмірге құштар болсын!» – деді ол.

Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here