Елі үшін еселеп еңбек еткен тұлға

0
3371

Өмірдің өрісі бірде кеңейіп, бірде тарылған мына алмағайып уақытта қазығы берік ойларға көбірек тоқтайды екенсің. Жақсы мен жаманды айыру өз алдына, Мәңгілік дейтін дүниелік құбылыстың жұмбағы мен жаратылысын тану, талдау, бағалау қажеттігін де сезіне түсетінің даусыз. Әсіресе, жақын адамдарың жаныңнан біржола алыстап, «келместің кемесіне» мінгенде… тіптен қиын…

Таяуда қадірі қазаққа артқан, қайсар мінезді Темірхан Досмұхамбетов ағамыз өмірден озды. «Өмірден озды» деп айту ауызекі жеңіл, ал жүрек түкпірінен осы сөзді шығару, сол жүрекке қаншалықты қайғы салмағын сөзбен өру мүмкін емес…

Еліміз үшін еселеп еңбек еткен көрнекті және қоғам қайраткерінің айтуға тұрарлық кісілігі де, кішілігі де, еңбегі де мол.

Темірхан Мыңайдарұлы Қазақ елінің даму жолында барлық сала аясында, әсіресе саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына бар күш-қайратын арнаған бірегей тұлға еді.

Өмір өрнектері өткен ғасырдың еншісінен бастау алған ағамыз Қостанай өңірінде дүниеге келіп, қазақтың қатардағы қара баласы сияқты ауылда өсіп, ауылда ер жетіп, ауылда сауат ашып, қара жұмысқа төселіп, ауылдан жоғары оқу орнына түлеп ұшты.

1972 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген соң Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеді. Одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білімін ұштап, екінші жоғары оқу орнын да үздік аяқтады.

Алғашқы еңбек жолын үлкен білім ордасында дене шынықтыру кафедрасында оқытушы, ассистент, аға оқытушы, техникалық бөлімнің меңгерушісі секілді қызметтермен жалғастырып, педагогика ғылымдарының  кандидаттығынан  профессорлық лауазымына «оқу – инемен құдық қазғандай» деген өзінің берік ұстанымымен жеткенін де айтып өту парызымыз.

Темірхан Мыңайдарұлы тек ғылым саласымен шектеліп қалмады. Ол – «Еңбек резервтері» БЕСҚ Кеңес төрағасының орынбасары, төрағасы; Туризм жөніндегі «Яссауи» Мемлекеттік акционерлік компаниясының президенті; Туризм және спорт жөніндегі Комитетінің төрағасы; ҚР Президентiнің Iс басқарушысы; Астана (Нұр-Сұлтан) қаласының әкімі; ҚР Спорт және туризм министрі; Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Мемлекеттік қызметтен тыс қосымша лауазымды (ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Президенті; Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымының вице-президенті; Азиада комитетінің вице-президенті; ҚР Су спорт түрі федерациясының президенті) қызметтерін үлкен абыроймен атқарды.

Осы орайда айта кетейік, Темірхан ағамыз Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылық қызметінде жүргенде еліміздің спортын дамытуға орасан үлес қосты. Ордалы отыз жасына дейін-ақ бапкерлік мектебін қалыптастырған кәнігі спортшыға бұл лауазымды басқару аса қиындық тудырмағаны рас. Кеңес Одағы құрама командасында мол тәжірибе жинаған спортшының алғашқы асулары университетте бастау алды.

Темірхан Мыңайдарұлы КазГУ-дың спорт кафедрасы мен спорт клубын жандандырып, қаншама спорт ізбасарларын дайындады. Мәселен, өзінің шәкірті, самбошы Айтжан Шаңғараев КСРО, сосын Еуропа чемпионы атанып, әлем кубогын жеңіп алса, Мәден Қалиеков жастар арасында КСРО-ның және әлем чемпионатының алтын медалін иемденді, дзюдошы Бостан Жаңбырбаев КСРО чемпионатының күміс жүлдесін, баскетболшы Надежда Шуваева КСРО құрамасында екі мәрте Олимпиада жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, бокстан, велоспорттан, конькиден, еркін күрестен, көркем гимнастикадан, ауыр атлетикадан және шахматтан әлемдік жарыстардан жүлде алғандар жетерлік. Осы жетістіктің барлығының басы-қасында спорт клубының басшысы Темірхан ағамыз тұрған еді.

Міне, Темірхан Досмұхамбетовтың өмірбаянына көз жүгірткен кез келген ойы сергек адамның аңғарар бірінші ақиқаты – тұғырлы тұлғаның қайнаған өмірдің ханбазар ортасында үздіксіз жүруі.

Мемлекет тарапынан еңбектері жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі «Барыс», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы, «Ресей Федерациясының халықтар достығы» ордендерімен, сондай-ақ КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері атақтарымен марапатталды.

Соңғы жылдары Темірхан ағамыз бар ғұмырында бойына жиған-тергенін, қабілеті мен қарымын ауыл шаруашылығын өрістетіп, ұлт ғылымы мен ауыл өмірі арасына көпір орнатып, өркендетуге бағыттап, «Байсерке-Агро»  агроөнеркәсіптік  холдингін басқарды. Бұл қызметінде де аянбай тер төкті. Елбасының: «Темірхан Досмұхамбетов жетекшілік ететін «Байсерке» қожалығы шағын кәсіпорыннан салмақты компанияға айналды. Онда академиктер жұмыс істейді, олар білімге сүйеніп, өз қолдарымен ғажайып нәтижелерге қол жеткізіп отыр», – деген сөзі осыған дәлел.

Расында да, шағын кәсіпорыннан айтулы компания дәрежесіне дейін жетіп, аяқтанып кетуі оңай шаруа емес. Басшының табанды іскерлігін осындай жетістіктерден-ақ байқауға болады. Алғашында астық тұқымдарына арналған жаңа қоймалар салынды. Сосын Еуропадағы озық елдерден жаңа техникалар жеткізілді. Мәселен, сиырлар Швейцариядан әкелінген сауын роботтарымен сауылады. Негізгі шаруа тетіктері жолға қойылған соң шаруашылық өнімі де күрт өсіп, халықтың сұранысына ие болды. Одан әрі мұндай істің басына білімді, ғылым жолындағы мамандар арнайы шақырылып, олардың ізденістерінің арқасында егін және мал шаруашылығы салалары жоғары деңгейге жетті. Сөйтіп, шағын ғана шаруашылық көпсалалы ірі холдингке айналды.

«Байсерке-Агро» холдингінде тек сүт өнімдері ғана емес, шұжық өнімдері де өндіріледі. Бүгінде шаруашылықта ірі қара мал, жылқы, ұсақ мүйізді мал, түйелер бағылады, көбейтіледі. Сонымен қатар, молекулярлық-генетикалық зертхана бар. Бұл шаруашылықтан асыл тұқымды бұқалар және қошқарлар еліміздің барлық ауыл, аудандарына әкетіліп, асыл тұқымды малдар дамытылуда.

Қысқа қайырғанда, «Байсерке-Агро» холдингінің басында табанды, іскер, халықшыл, тұлға дейтін абыройдың беделіне көтерілген, қайталанбас  кесек бітімді Темірхан-Тұлға тұрғаны анық.

Соңғы жылдары Темірхан Мыңайдарұлымен ағалы-інілі болып сыйластық. «Байсерке-Агродағы» толайым табыстарды да өз көзімізбен көрдік. Ардақты ағамыз үлкен жүректі азамат еді. Бәріне қамқор болып, алдына келген адамға көмегін аямай беретін.

Иә, өмірі де, өзі де өзгеше жан өмірден өтті дегенге көңіл сенер емес…

Темірхан ағамыздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде сақталады. Асыл ағамыз көзден кетсе де, көңілден кетпейді.

Рухыңыз пейіш төрінде шалқысын!

Қош, бақұл болыңыз, АҒА!

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының Төрағасы,
«Марсель групп» компаниясының президенті, меценат

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here