«Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей, қазақтың қарапайым отбасынан шығып, Ресей шоу-бизнесінің шыңын бағындырған «МУЗ-ТВ» телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров «Жәшіктегі жұлдыздың» алғашқы кейіпкері.
БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЛ ШАҒЫ
1970 жылдың тамылжыған тамызында Орынбор облысына қарасты Тамар-Өткел ауылындағы қазақ отбасында алтын асықтай ұл дүниеге келеді. Ата-анасы көз қуаныштарына арманы асқақ болсын деген ниетпен Арман есімін береді. Кішкентай інілерін қолдарынан тастамай қараған аға-әпкесінің қамқорлығын Арман 1-сыныпқа барғанша сезініп өседі.
«Ауылдағы шағын ғана үйде бәріміз тату-тәтті тұрдық. Қыс қатты, қар қалың түскен кезде үйіміздің терезесі көрінбей қалатын. Кешкісін әкеміз үйге маған лайықты күрек кіргізіп қояды. Ағам екеуміз жататын бөлменің терезесіне мен ғана сиятын болғандықтан, ертемен форточкадан шығып, қарды күреп, сырттан есік ашатынмын. Анам отты жағып, таңғы асты дайындап, жұмысқа кетеді. Әкемнің ертеңмен қоюлап ішкен шайының иісі төсекте жылынып жатқан менің мұрныма келетін. Содан тұратынмын. Осы картина әлі күнге есімде. Үйге барған сайын өмірден ерте өткен әкемнің сол бір бейнесі көз алдыма келеді», – деген кейіпкеріміз бала кезіндегі қызықты шағын сағынышпен еске алады.
Арман Дәулетияров алғаш мектеп табалдырығын аттаған жылы аға-әпкесі қалаға оқуға кетеді. Білімге құштар оқушы Арманның болашағынан мұғалімдер де үлкен үміт күтеді. Арман он үш жасқа толғанда әкесі Елубай дүниеден өтеді. Бар салмақ үйдің кенжесі Арман мен анасына түседі. Өйткені, үлкен аға-әпкесі бұл кезде сыртта оқуда болатын. Анасы таң арайлап атысымен жұмысқа асығады. Ал Арман сабағына дейін үй жануарларының жем-шөбін беріп, бар жұмысты жайғастырып кететін болған. Осылайша анасына жәрдем бере жүре, сегізінші сыныпты аяқтайды. Сол жылы бәрі ақылдаса келе, Арманды Мәскеуге оқуға апаратын болып бірауыздан шешім қабылдайды. Тәңірге тәуекел етіп жолға шыққан ағасы бір құрсақтан өрбіген бауырының болашағы жарқын болатынын сол кезде-ақ сезгендей…
МҮМКІНДІГІ МОЛ МӘСКЕУ
Арман Дәулетияров Ресей Федерациясының астанасын алғаш көріп, сән-салтанаты жарасқан Мәскеуді армансыз аралап, Қызыл алаңның қақ ортасында тұрып осы қалада қалу жөнінде бір шешімге келеді. Бірақ, Мәскеуде тұрғылықты тіркелмегендіктен, өзі қалаған заң оқуына түсе алмайды. Сонда да бағын сынап көргісі келіп кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, бұл оқу орнын үздік аяқтайды. Содан кейін Мәскеу инженерлік құрылыс институтына құжат тапсырады. Арада екі жыл өткен соң әскерге шақыртылып, азаматтық борышын алдымен Венгрияда, кейін Бакуде өтейді. Әскерден келген бойда оқуын Мәскеу заң университетінде жалғастырады. Бертін келе бұл саланың да өзіндік қиындығы барын түсініп, ағасының ақылын тыңдап, сырттай бөлімге ауысады. Сол уақытта қайта айналып өзі бұрын оқыған оқу орнына барып, заң және арнайы технологиялар бағыты бойынша сабақ береді.
«Сол кезде менде бір ғана қара костюм, шалбарым болды. Соны тастамай күнде киетінмін. Күн сайын студенттерге бес-алты дәріс оқимын, кешке оқуыма барамын. Оған қосымша бір компанияда жұмыс істедім. Мұның бәрі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әртүрлі адамдармен жұмыс істеуді үйрендім», – дейді Арман Елубайұлы.
ҚҰТТЫ ҚАДАМҒА БАСТАҒАН ҚОЛТАҢБА
Жігерлі жас жігіттің шоу-бизнестегі жолын «А-Студио» тобы ашты. Сол кезде бұл топқа атақты Алла Пугачева қамқорлық танытатын. Продюсер, әнші Батырхан Шүкеновтен қолтаңба алмақ болған Арман Дәулетияров бұл таныстықтарының соңы үлкен достыққа ұласатынын ойламаған-ды.
«Бала кезде тек теледидардан көретін атақты Алла Пугачевамен жақыннан араласып, дастархандас болам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті», – деп таңданады ол.
Аз уақыттың ішінде Арман Елубайұлы қызығы мен шыжығы мол шоу-бизнес әлемінен бір-ақ шықты. 1995 жылы «Медиастар-концерт» деп аталатын продюсерлік компанияға орналасқан ол көп ұзамай-ақ сол компанияның бас директоры болып тағайындалады. Осылайша талантты да тәжірибелі Арман Елубайұлының іскерлік қыры көрші елдерге кеңінен жайылды.
Ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған Арман Дәулетияров 2000 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік академиясын аяқтап, басқару психологиясы мамандығын алып шығады. Бұдан кейін «Единая Россия» партиясының жастар қанатын басқарып, 2007 жылы «Музыкальная единство» продюсерлік комитетінің президенті болды. Ал, 2013 жылдан бері 22 жылдық тарихы бар ресейлік «Муз-ТВ» арнасының бас директоры.
ОТБАСЫ – ОТАННЫҢ ОШАҒЫ
Отанның отбасынан басталатынын бала кезден бойына сіңіріп өскен Арман Дәулетияров өзі шаңырақ көтерерде де анасының ақылына құлақ асады. Қазақы дәстүр бойынша анасы баласына жарды өзі таңдайды. Текті жердің қызына құда түсіп, ибалы да инабатты қазақ қызын келін қылады. Төре әулетінің түтінін түзу шығарам деп түскен жас келін де жібектей мінезімен айналасын баурап алады. Ақыл-парасатымен азаматына қолдау білдіріп, арыстай үш ұлды дүниеге әкеледі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ұстаныммен жүретін Арман Елубайұлы алғаш шаңырақ көтерген күні-ақ жұбайына «бір-бірімізге «сіз» дейміз» деген талап қояды. Сол күннен бастап ерлі-зайыптылар сыйластыққа сызат түсірмей, махаббаттың туын желбіретіп келеді.
«Алып – анадан туады» демекші, Арман Дәулетияровтың анасына деген құрметі ерекше. Ол шалғайда жүрсе де туған жеріндегі қарашаңыраққа асығып тұрады. Тар құрсағын кеңітіп, түн ұйқысын төрт бөлген анасының екі көзі төрт болып ұлының жолын тосып отыратынын айтқызбай сезеді. Сезеді де қолы қалт етсе болды анасының жаққан ошағына жылынуға алып ұшады. Туып-өскен ауылына келіп, аунап-қунап, сексеннің сеңгіріне шыққан абзал анасының ақ батасын алып, Мәскеуге кері аттанады.
ЕКІ ЕЛДІҢ «ЕЛШІСІ»
Бүгінде Арман Дәулетияров – Ресейдегі танымал медиа-директорлардың бірі. Оның тікелей қатысуымен «Мәскеудегі Астана күндері», «Ресейдегі Қазақстан жылы», Астанада «Алтын диск» фестивалі секілді басқосулар ұйымдастырылды. Осылайша талантты азамат екі ел арасындағы мәдени байланыстың үзілмей жалғануына күш салуда.
Туған жерден жырақта жүрсе де Отаным деп бүйрегі бұрып тұратын Арман Дәулетияровтың бойындағы адами қасиеттерін аңғарған Ресей Федерациясының Халық әртісі Филипп Киркоров: «Арман, сіздің «минусыңыз» – сіз бәрін жақсы көресіз және кешіресіз», – деген екен. Кісілік келбетіне кір жұқтырмаған іскер азамат әншінің бұл сөзіне: «Шоу-бизнес әлемінде жүргендіктен, ең алдымен әртістің шығармашылығын жақсы көру керек. Онсыз болмайды», – деп жауап берсе керек. Қазақы тәрбиемен сусындап өскен тұлғаның адамгершілігімен, іскерлігімен, кішіпейілділігімен, бауырмалдылығымен Ресей жұлдыздарының арасында беделі жоғары.
Бүгінде «Муз-ТВ» телеарнасының бас дирек-торы ретінде қазақстандық өнерпаздарға қолдау көрсетіп келеді. Бұл да азаматтың туған еліне деген құрметі болса керек.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі