«Білімді болып өсу үшін қазіргі заманда барлық мүмкіндік бар. Мына жаһандану заманында сен біліміңнен кем түсетін болсаң, онда қатарыңнан қаласың. Ал, сен қатарыңнан қалсаң, ел де көштен қалады», – деген Бейсен Құранбек ағамыздың өз бағдарламасында айтқан сөзін әр оқушы санасына түйіп өссе екен деймін. Себебі, кейбір қатарластарым жақсы оқуға тырысса, болашақта ел дамуына кішкене болсын пайдасы тиетінін білмей жатады.
Расында, қазіргі білім мен ғылымның заманында оқимын деген адамға кітапханада кітаптың түр-түрі бар. Кітапханаға барып әуре болмайын десең, электронды кітапхана тағы бар. Бүкіл ақпаратты әлеуметтік желілерден алуға болады. Тек оқуға ынтаң болса болғаны. Ынта демекші, мен кітап оқығанды ұнатамын, кішкене кезімнен ертегі, шағын әңгімелерді оқысам, қазір көлемді шығармаларға қызығатын болдым. Кітап оқудағы ынтамды арттыруға себеп болған Гүлнар Жанысбекқызы апайым. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады. Ол кісінің шығармашылықпен айналысып, әдебиетке қызығушылығымды арттыруда еңбегі зор.
Гүлнар Құранбекова үнемі біздің рухани дүниемізді байытатын әңгімелер айтатын. Маған ерекше әсер еткені інісі туралы естеліктері еді. Ол – тай құлындай тебісіп, бірге өскен інісі, өз қатарластарынан алға озып, қалың қазаққа танымал болған журналист, қоғам қайраткері, тележүргізуші Бейсен Құранбек еді.
Інісінің еңбекқорлығын, кітапқұмарлығын бізге үлгі ететін. Әсіресе мына бір сөздері есімде ерекше қалыпты: «Ол бала күнінен кітапқұмар болып өсті. Үй шаруасының бәрін жылдам тындырып тастап, отыра қалып кітап оқитын еді. Немесе кітабын қолтығының астына қыстырып алып, шаруасын жасай беретін. Менен екі-үш жас кіші болса да, біз оқитын кітаптарды оқитын. Біз оқып болғанша асыға күтетін. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» 5-сыныпта-ақ оқып тастады. Кітап талғамайтын, әдеби кітап болсын, саяси, ғылыми, тарихи кітаптардың барлығын оқитын. Ауылдағы кітапхана кітаптарының бәрін оқып тастап, аудандық кітапханадан кітаптарды жеңгемізден алдыртып оқитынбыз. Түнде жатар кезде үлкендер жарықты сөндіріп тастағанда, кітапты радиоланың жарығымен оқып жататын. Сабақ оқығанда екеуміз үстелдің екі жағында отыратынбыз, ортамызда кітаптар тұратын. Ол сабақ оқып отыр ма деп қарап қалсаң, үстелдің астына кітабын тығып оқып отырушы еді. Кітапты жақсы көретіні сонша – оқыған кітаптарын құрметтеп ұстайтын. Үйінде кітаптарына арналған арнайы бөлмесі бар, қабырғалары кітапқа толы. Әрқайсысының жеке өз орны бар. Кішкентай балаларды қатты жақсы көретін, үйге келген балаларға «Мына кітапты оқы, өте қызық, мынаны оқысаң болады» деп кеңес беріп отыратын. Иә, кітап оқу тұлға болып қалыптасуына зор көмегін тигізді».
Абай атамыздың «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген даналық сөзі Бейсен ағамыздың ұстанымы болған сияқты.
Уақытымыз мол, оқуға жағдайымыз бар балалық шағымызда, телефонға үңілмей, пайдасыз ақпараттарды көруге арнамай, қайта ойымызды ретке келтіріп, бойымызды жаман әдеттерден аулақ ұстауға тырысуымыз керек. Себебі, адамгершілік, адалдық, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете білу сияқты асыл қасиеттер бойға кітап арқылы сіңеді. Бейсен Құранбек ағамыздың әрбір жүректі жаулаған адамгершілігі, қарапайымдылығы, біріншіден, ана сүтімен, әке қанымен берілген десек, екіншіден, көп оқығанның, ізденгеннің нәтижесі. Сондықтан әрқайсысымыз қолымызға кітап алып, білімді болуға тырысуымыз керек. Білімді болсаң мықты маман боласың. Ал, жақсы мамандар көп болса, еліміз де дамиды, өркендейді.
Алуа Байтілеуова, Күреңбел қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы
Кербұлақ ауданы, Алматы облысы