Отандық ғалымдарға жағдай жасалады

0
2121

Абай атамыз өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп бар жұрттың білім мен ғылымға ден қоюын қалады. «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қадап айтты. Иә, тәуелсіздігі тұғырлы елдің білімді азаматына ғылым деп аталатын құндылықтың дамуына теңізге тамған тамшыдай үлес қосу парыз. Дамыған елдер ғылымға орта есеппен ішкі жалпы өнімнің 2-3 пайызын жұмсайды екен. Біздің елімізде де ғалымдарға жақсы қолдау көрсетілуде. Мемлекеттен берілетін грант пен халықаралық жобалардың арқасында жастардың ғылымға деген құлшынысы жылдан-жылға артып келеді.

БАТЫСТАҒЫ БІЛГІРЛЕР

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары мен студенттерінің жетістіктері жетерлік. Университетке қарасты ғылым департаментінің директоры Людмила Мясникованың айтуынша, былтырғы жылы 10 жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Министрліктен 7 грантты өткен жылы жеңіп алған. 14 жоба бюджеттен тыс ЖОО ішіндегі қаражат есебінен жүзеге асырылған. Сонымен қатар,  Scopus және Web of Science базаларында 97 жарияланым бар.

Қуанышбек Шүңкеевтің басшылығымен өткен ғылыми мектептің үш жобасы ҚР БҒМ грантына және біреуі ЖОО грантына ие болған. Олардың арасында Шүңкеевтің шәкірттері де жоба жетекшілері болып танылған.

Мұғалжар ауданындағы «Жалпақ» кен орнынан алынған диатомит негізінде әзірленген дүниелердің алар орны ерекше. Диатомит – кремнийлі шөгінді тау жынысы. Диатомитті қолдану аясы өте кең: косметологияда скрабтар өндіру үшін, ауыл шаруашылығында жәндік жоюшы ретінде, металлургияда жылуоқшаулағыш, өндірісте отқа төзімді кірпіш, мал шаруашылығында тағамдық қоспа және адсорбент ретінде пайдаланылады.

ҚР БҒМ грантын Абайдың барлық шығармаларымен веб-сайт құраған АӨУ ректоры Бауыржан Ердембековтің жобасы да алды.  Бұл –  филология мен информатика тоғысқан жоба.

«Дифференциалдық теңдеулердің болжанбайтын ауытқуы» жобасы көптеген салаларға жол ашады. Математик, PhD докторы Ақылжан Жаманшиннің зерттеу нәтижелерін медицина, биология, әлеуметтану, статистика, физика салаларында қолдануға болады.

«Гидрофильді полимерлер негізінде жаңа көз дәрісінің түрін жасау технологиясын әзірлеу» жобасы. Ноу-хауды көз тамшыларын арттыратын  офтальмологиялық қабықша деп атауға болады.

«Жұқа пленка полимерден жасалады. Денсаулыққа ешқандай зиянды әсері болмайды. Керісінше, оған кез келген тамшы, май секілді дәріні белгіленген нақты көлемде салуға болады. Кейін бәрі еріп, ем тиімді жүрмек», – дейді жоба жетекшісі Гүзел Әбілова. Ол бірегей медициналық өнім жасауды Ұлыбританияда тағылымдамадан өту кезінде үйренген.

Әлихан Жақсылық ЖОО-ның колледжінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол өзін сценарист ретінде де сынап көріп жүр. Оның сценарийлері бойынша «Балапан» арнасында «Рысты ыдыстар» мультсериал дайындалды, онда ойын түрінде дәстүрлі қазақ ыдыстары туралы айтылады. Әлихан «Аңыз фильм» киностудиясында қойылған «Үкілі әуен» фильмінің сценарийін жазған.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Боранбай Моменовтың жетекшілігімен «Жастар» аллеясын шағын сәулеттік формалармен көркем безендіру» жобасы ЖОО грантына ие болды. Шындап келгенде, бұл арт-стрит жобасы Ә.Молдағұлова даңғылында жүзеге асатын болады.

– Біздің мұнай қалдықтарын кәдеге жарату жөніндегі жобамыз – облыстың табиғатын қорғау жөніндегі маңызды экологиялық шешім, – деді техника ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Балғынова. – Қалдықтарды жою үшін өңдеу қондырғысы қажет (ол стационарлық және мобильді болуы мүмкін). Бүгінде технологиялық тізбек  құрылды, бірақ пандемияға байланысты біз теориялық зерттеулерді аяқтау үшін кен орнына бара алмаймыз. Бұл жобада төрт ғалым бар.

Аймақтың климатына барынша бейімделген қиярдың бірегей сортын шығарумен доцент Әлия Базарғалиеваның жетекшілігімен университеттің биологтар тобы айналысады.

– Бұл – біздің университеттегі ғалымдардың «Ашық және қорғалған топырақта отандық селекциялық қияр сорттарын өсірудің технологиясы» ғылыми-инновациялық жобасы аясында жасаған еңбектерінің бірі. 2021 жылдың соңына қарай біз мемлекеттік сұрып сынақтарына өтінім береміз, содан кейін патентке құжаттар дайындаймыз, – деді ғылыми жоба мүшелерінің бірі Нұрлыгүл Отарбаева.

ЖАҢА ҚҰРЫЛҒЫ ОЙЛАП ТАПҚАН ЖАСӨСПІРІМДЕР

Білім мен ғылымды ұштастырған тағы бір үлкен мекеме – Назарбаев университеті. Мұнда әлемдік стандартқа сай 3 деңгейлік ғылыми орталық жұмыс істейді. Олар тек зерттеу жұмыстарын ғана жүргізбейді, білім беру саласында ғылымды оңтайлы түрде қолдануды, коммерциялық инновация өндірісіндегі негізгі бағыттарды айқындайды.

Кезекті ноу-хауды жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әзірледі.

«AquaPAC» құрылғысы ауылдардағы тұщы су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.  Мектеп оқушылары – Арман Жалғасбаев, Төлеген Айтени және Ернұр Жанғалиев бірлесе ойлап тапқан жоба идеясы бірнеше жылға созылған. Ақырында оқушылар физика пәнінің оқытушысы Жәнібек Жанқұловтың жетекшілігімен өз ойларын жүзеге асырады. Құрылғы қолайлы құралдардан жасалған.

– Таза судың жоқтығына байланысты адамдар тұзды немесе ластанған су ішуге мәжбүр. Бұл мәселе біздің өңір үшін де өзекті. Ал, біздің құрылғымыздың арқасында суды тікелей ауадан алуға болады: конденсация әдісімен бу сұйықтыққа айналады, содан кейін сүзіледі және ультракүлгін сәулелермен өңделеді, – деп түсіндіреді Арман Жалғасбаев.

«AquaPAC» қондырғысы жеңіл және өте жинақы. Су құрылғының ішінде орналасқан арнайы бөтелкеде жиналады. Жиналған сұйықтық бір күнге жетеді. Құрылғы бірнеше тәжірибелерден өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Айта кету керек, жыл сайын Ақтөбенің NIS оқушылары 100-ге жуық инновациялық жобаны таныстырады, олардың көпшілігі республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетеді. Балалардың идеялары адамдарға пайда әкеліп қана қоймай, жас өнертапқыштарға мотивация береді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Еліміздің батыс өңіріндегі білім мен ғылымға ден қойған жандар мына қарқынмен биік белестерді бағындырып, ғылым саласының дамуына зор үлес қосатындары анық. Дегенмен, ғалымдарға, соның ішінде жас ғалымдарға мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Өйткені, ғылым дамымай – технология дамымайды, технология дамымай – өндіріс өркендемейді, өндіріс өркендемей – экономика алдыға жылжымайды. Осыны түсінген өркениетті елдер алдымен ғылымға көңіл бөледі. Мысалы, Израиль ғылымға ішкі жалпы өнімнің 4,25 пайызын береді. Бұл көрсеткіш Оңтүстік Кореяда – 4,24%, Швейцарияда – 3,37%, Швецияда – 3,25%, Тайваньда – 3,16%-ды құрайды. Ғылым қаржыландыруға тікелей тәуелді екенін басшылыққа алған Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында ғылым саласындағы мәселелерге кеңінен тоқталып, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізуге 1 мың грант бөлінетінін айтты. «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Енді Президент тапсырмасының аяқсыз қалмағаны керек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here