Мамандық таңдау – маңызды қадам

1
9879

Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Халқымызда «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі жар таңдағанда, екіншісі –  мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек. Мамандық таңдау – маңызды қадам, ұлы Абайша тәмсілдегенде өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ал бұл тұрғыда маман даярлайтын ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жүгі ауқымы өте зор.

Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді, жетекші оқу орындарының тәжірибелеріне сүйенер болсақ, біз, педагогтар, маман дайындаумен шектелмей, соның ішінде қоғамға қажетті кадр даярлауға жете мән беруіміз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыру болып табылады.

Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда ұстаздар ұстаханасы атанған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде уақыт көшіне ілесу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Қазіргі қоғамда білім берудегі әлеуметтік және экономикалық прогрестің басты факторлары түбегейлі өзгеруде. Жаңа білімді іздеу мен игеруге, стандартты емес шешімдер қабылдауға қабілетті тұлға мәдениеттің басым құндылығы болып табылады. Елімізде білім берудің маңызды белгісі –білім алушыларды одан әрі өмір сүруге дайындауға бағытталу болып табылады. Жаңартылған білім беру тұжырымдамасында «білім алушыларды еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескере отырып, оқушыларды ерте бейіндеуге және мектепте бастауыш, орта және жоғары кәсіптік білім беру мекемелерімен кооперациясын пысықтауға бағдарланған» делінген.  Яғни, жалпы білім беретін мектепттерде оқушыларды 5-сыныптан бастап бейіндік оқытуға бағыттаған жөн.

Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі өте маңызды кезең. Ол болашақ өмірге бағыттау, мамандық таңдауға неғұрлым сәтті қадам жасалған сайын, өмірлік жол соғұрлым қызықты және табысты болады. Бастауыш сынып жасынан оқушыларды мамандық таңдау – табысты мансап, биік бедел, жоғары жалақы, сұраныска қажеттілік екендігін жете түсіндірген абзал. Мамандықтар негізінен сыртқы тиімділігі бойынша таңдалады. Осы кезеңде мінездің психологиялық ерекшеліктері, физикалық мүмкіндіктері ескерілмейді. Бұл көптеген қателіктерге ұрындырады. Өйткені адам санасындағы мамандық тағдырмен, өмірлік мақсаттармен байланысты. Мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысының басты көздеген мақсаты – оқушыларға, олардың ата-аналарына сұранысқа ие мамандықтарды дұрыс және уақтылы бағдарлау және болашақты таңдауда қателеспеуге көмектесу бағытында жүргізу. Оқушыларға болашақ мамандықтарын таңдау барысында, кәсіптік өзін-өзі анықтау мәселесінде білім берудің жаңа мазмұнына сәйкес бағыт-бағдар жұмыстарын ұйымдастырған жөн. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының көпшілігі қазіргі білім алу саласындағы барлық мамандықтар жайлы толық ақпараттарды біле бермейді.  Осы орайда еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын бірден-бір іргелі жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Кәсіптік білім кафедрасы дайындайтын мамандықтар турасында тоқталып өткім келеді.

Кәсіптік білім кафедрасы «Кәсіптік оқыту», «Бейнелеу өнері және сызу» мамандықтары бойынша мамандықтар дайындайды. 6В01404 – «Кәсіптік оқыту» (сала бойынша) мамандығы мамандығын бітірушілерге екі бағыт бойынша бакалавр академиялық дәрежесі беріледі. Оның бірінші   –  «Тігін бұйымдарын құрастыру және модельдеу кәсіптік білім мұғалімі», екіншісі – «Кәсіптік білім мұғалімі». 7М01402 – «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша магистратураны бітірушіге «Кәсіптік оқу магистрі» деген  академиялық дәрежесі беріледі. Осы аталған мамандықтар тек мектеп мұғалімдері ғана емес, кәсіби колледж оқытушылары, оқу шебері, тігін, қолөнер шеберлері, шығармашылық орталықтар, жеке кәсіпкер және т.б. мекемелерде қызымет атқара алады. Магистратура түлектерінің кәсіби қызмет обьектілері болып: жалпы білім беру кәсіптік мектептері; мамандарды оқытуға, дайындауға және қайта дайындауға қатысты кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелер, педагогикалық кәсіптік ғылыми-зерттеу мекемелері; жалпы білім беру кәсіптік және мемлекеттік емес мектептері жатады. Бұл мамандықтарға оқуға түсудің тиімділігі талапкерлердің ұлттық тестілеу нәтижесінен алған екі пәнінің (Қазақстан тарихы, Сауат ашу) балдары есептеліп, екі шығармашылық (Сурет, Кескіндеме) емтихан тапсырады. Аталған мамандықтың көптеген ұтымды мүмкіндіктері бар, көптеген пәндер шығармашылық бағытта өтетін болғандықтан ағымдағы емтихандарды көрме ретінде қабылданады.

Кафедрада ғылым докторлары, кандидаттар, профессорлар, доценттер мен тәжірибелі оқытушылар, Қазақстан Республикасының Суретшілер және Еуразия дизайнерлер одағының мүшелері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері қызмет атқарады.

Кәсіби бағыттағы мамандық еліміздің экономикасын əлемдік нарыққа көтеруге əсерін тигізеді.

Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, оқытушылар, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті істер жүзеге асырылуда. Міне, осындай қоғамға үлес қосатын болашақ педагог даярлайтын сексен жылға жуық тарихы бар Қазақ ұлттық педагогикалық университеті колледж, мектеп, гимназия, балабақша және тағы басқа да қосымша салалар бойынша кәсіби маман даярлауда көш басында келе жатқаны көпшілікке белгілі. Заманауи үлгідегі оқу ғимараттары мен жатақханалар, спорт нысандары мен «Аққу» бассейні, галереялар мен ғылыми зертханалар ордалы оқу орнының сауатты да білікті кадрлар дайындауына мол мүмкіндік береді.

Бүгінде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары бірнешеу ғана екенін жоғарыда атап кеттік. Осы орайда бірегей білім ордасы ретінде еліміз бен әлемге кеңінен танымал болған оқу орны – «Қыздар университеті» деген өзіндік брендін қалыптастырды. Біздің басты мақсатымыз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазыналы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу.

Нұрзия РАХМЕТОВА,

Кәсіптік білім кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының кандидаты

1 пікір

  1. Мамандық таңдау – маңызды қадам, өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, солмен қатар қоғам талаптарын қанағаттандыру, осы мақаланы оқып түлектерге ақ жол тілеп, болашақа нық қадам басып, біздің мамандықты танданыз. Нұрзия Рахметованың мақаласы осы мамандықты таңдауға дұрыс жол көрсетуде

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here