ҚызПУ ғалымдарының ғылыми жобалары үздік деп танылды

0
3958

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Қажығалиеваның ғылыми жобасы республикалық конкурста үздік деп танылды.

Жоба тақырыбы – «Білім беруді цифрландыру жағдайында филолог-мұғалімдердің көптілділігін қалыптастыру».

Ғылыми жобаны жүзеге асыруға бөлінген грант құны – 5 млн теңге.

Қазіргі жаһандану, тілдердің өзара қарым-қатынасы және өзара әсері дәуірінде көптілділік мәселелері ғалымдардың назарын жиі аударуда.

Қазақстан Республикасы – жүзден астам ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп отырған көпұлтты мемлекет. Демократияландыруға және әлемдік кеңістікке табысты кіруге бағытталған көптілді қазақстандық қоғам, еліміздің этнотілдік ландшафтының қалыптасу тарихы – осының барлығы өзгермелі қоғам жағдайында тілдердің өзара қарым-қатынасы проблематикасын айтарлықтай өзектендіреді, – дейді ғалым.

Осы орайда аталған жоба оқу процесін тиімді ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін айқындауға септігін тигізбек.

Сонымен қатар Жаратылыстану институтының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, PhD Анар Қалиева гранттық қаржыландыруға арналған республикалық конкурстың жеңімпазы атанды.

Атап айтқанда, ғалымның «Қазақстандағы фармакологиялық шикізат ретінде Agrimonia asiatica Juz. өсімдігіндегі флавоноидтар мен илік заттардың тиімділігі» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылған.

Жобаны жүзеге асыруға бөлінген грант құны – 8 млн теңге.

– Жобаның мақсаты – Қазақстанның оңтүстік-шығысында кездесетін азия ошағанын (Agrimonia asiatica Juz.) дәрілік өсімдік шикізаты ретінде өзіндік белсенділігін анықтау және фитохимиялық зерттеулер жүргізу, болашақта пайдалануға ұсыну, – дейді Анар Қалиева.

Оның айтуынша, ошаған құрамында флавоноидтар, илік заттар, фенол қышқылдары, эфир майы, полисахаридтер, аминқышқылдары, сапониндер сияқты ББЗ кешені бар және көптеген емдік қасиеттерге ие.

Жоба көлемінде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелері Scopus базасына енетін журналда және ҚР рецензияланатын ғылыми журналдарында жарияланады.

Зерттеу материалдары бойынша монография дайындалып, ғылыми семинарлар өткізіледі және зерттеу нәтижелері халықаралық конференцияларда апробацияланады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері тиісті пәндердің оқу мазмұнына енгізіледі.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here