Ахмад пен Амрулла тәліптерге «өліспей беріспей» ме?

0
2185

Кабулдың ресми билігін «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) жеңгенімен, Ауғанстандағы бірегей саяси күшке айналды деуге әлі ерте. Тәліптер елді толықтай бақылауға алғандарын жарияға жар салса да, құрықтары Панджшер провинциясына әлі жете қоймады. Бүгінде провинция бірден-бір антитәліптік қозғалыстың орталығына айналып отыр. Қарулы күштерді тоқсаныншы жылдары тәліптерге қарсы күрескен «Дала командирі немесе Панджшер арыстаны» атанған Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад басқарады. Қазіргі таңда Ауғанстанның 34 провинциясының 33-і тәліптердің қарауында. Оларға берілмеген жалғыз провинция осы.

Панджшер арыстанының ұлы Ахмад Масуд халықты өзінің әскерінің қатарына қосылуға үндеп жатыр. Панджшер әскери тұтқыннан қашқандар мен «Талибанға» қызмет еткісі келмейтіндерді қабылдауға дайын. Сондай-ақ, провинцияда елдің вице-президенті Амрулла Салех те жүр. Ол Ашраф Ғани елден қашып кеткеннен соң, өзін Мемлекет басшысы деп жариялады.

Панджшердегі халықтың 99 пайызын этникалық тәжіктер құрайды. Тәліптердің радикалды идеологиясына олар әрдайым салқын қабақ танытып келді. Шындығында, қазір бұл аймақ тәліптерге қарсылық көрсететін жалғыз елдімекен болып отыр. Мұнда тәліптерге қарсы күресті қолдау үшін америкалық бронды әскери көлік мінген 10 мың сарбаз Ауғанстанның туын желбіретіп келді. Ал, Панджшер шатқалында Солтүстік альянстың туы желбіреп тұр.

Ахмад Масуд өзінің АҚШ-қа қашып кеткені туралы әлеуметтік желілерде желдей ескен қауесеттерді жоққа шығарды. Ол Панджшерге келіп, елді тәліптерге қарсы күреске шақырды. «Сіздер біздің Панджшерде екенімізді көріп тұрсыздар. Біз осында боламыз. Елді ешқашан тастап кетпейміз. Фейсбуктағы мәліметтер жалған», – деп кесіп айтып, жұрт пен әлемдік қауымдастықты Солтүстік альянсқа қолдау көрсетуге шақырды. Масудтың Батыс елдері мен Ауғанстан халқына жасаған үндеуі франциялық журналдардың бірінде жарияланды. «Бұл соғыс – менің және менің жақтастарымның соғысы. Біз барлық бостандық сүйгіш ауғандар мен құлдыққа қарсы адамдардың қатарымызға қосылуын сұраймыз. Барлық ауған тайпаларына айтарым: бізбен бірге күресіңдер! Шетелде тұрса да, бізді жақтайтын ауғандарға айтарым: Панджшерде тәліптерге бас имеген отандастарыңның барын біліңдер!» – деді өз үндеуінде.

Талибан өкілі Мұхаммед Наим панджшерліктермен бейбіт келіссөз жүргізуге бейіл екендіктерін айтып, «Бұл мәселені бейбіт жолмен шешеміз. Елдегі соғысты тоқтату – халықтың басты арманы», – деп мәлімдеді.

Кабулдағы ресми биліктің шаңырағы ортасына түсіп, шенді-шекпенді атаулы үдере қашып жатқанда, тек бір ғана шенеунік ойын именбей ашық айтты. Тәліптерге бас имейтінін, елде қалатынын мәлімдеді. Ол – Панджшерден шыққан бұрынғы вице-президент Амрулла Салех. 16 тамызда BBC оның Ахмад Масудпен бірге түскен суретін жариялаған болатын. Сол Амрулла Салех Twitter парақшасында өзін Ауғанстан мемлекетінің заңды басшысы деп жариялады. Оның бұлай деуіне негіз де бар. Ауғанстан Конституциясы бойынша, президент болмаған жағдайда, яғни ол отставкаға кеткенде немесе қайтыс болғанда, қашып кеткенде бірінші вице-президент уақытша президент болады. «Дәл қазір мен елде болғандықтан, елдің заңды әрі уақытша президентімін. Ауғанстан еліне көмектесеміз деген әлемдегі барлық басшылармен байланыс орнатудамын» деп жазды Twitter-де.

Осы арада Ахмад Масудтың жақтастары Парван провинциясының  астанасы Чарикар қаласын тәліптерден азат етті. Бұл қалада стратегиялық маңызға ие автожол бар. Саланг жерасты жолы арқылы ол Кабулды Мазари-Шарифпен байланыстырады. Елдің солтүстігіндегі Чарикар қаласы ең ірі Баграм әуе базасына 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Егер Ахмад Масуд оны да басып алса, тәліптерге қарсы күресте үлкен рөл атқарады.

Панджшер тоқсаныншы жылдардың ортасында тәліптерге қарсы күрес орталығы болды. Қазір де солай. 1996 жылы тәліптер Кабулды басып алғанда, тәліптерге қарсы жасаққа қазіргі Ахмад Масудтың әкесі Ахмад Шах Масуд қолбасшылық етті. Дала командирі сексенінші жылдары КСРО-ға да қарсы шыққан. Біздің «қара майор» атанған әйгілі Борис Түкенұлы Керимбаевпен белдесіп, оның басына бір миллион афгани тіккен сабаз да осы Ахмад Шах Масуд екенін айта кеткен жөн.

Ауған жерінен кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін, тоқсаныншы жылдары Ахмад Шах Масуд Солтүстік альянстың қолбасшысы болды. 2001 жылы «Әл-Каида» лаңкестік ұйымының содырлары оны жарып өлтірді. Дәл сол жылы АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери операциясы басталды. Бұл – АҚШ тарихындағы ең ұзақ соғыс.

Айта кетейік, 1996 жылы тәліптерге қарсы 5,5 млн халқы бар Ауғанстанның орталық-солтүстік аймағында Солтүстік альянс құрылды. Оның аумағына Панджшер, Парван, Каписа, Бағлан, Бадахшан, Тахар, Балх, Джаузджан, Фарьяб, Құндыз провинциялары кірді. Мұнда негізінен этникалық тәжіктер, өзбектер, хазарлар мен түркімендер тұрады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ахмад Масуд пен Амрулла Салехтің тәліптер Кабулды басып алғанша қол қусырып қарап отырып, астана қолды болған соң ұйқысынан оянулары көңілге күдік ұялатады. Бәлкім, АҚШ пен Батыс елдері Ауғанстаннан ағылған босқындарды алдарқату үшін  Панджшер арыстанының ұлына дем беруді жөн санаған болар. Осы арқылы тәліптерден түңілген адамдарға «қауіпсіз  аймақ» жасап беріп, күресулеріне мүмкіндік бермек ниетте болуы да ғажап емес.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here