Балалар үні немесе Қазақстан демографиясының бүгінгі келбеті

0
3102

Бір кезде қазақтың кең даласында бесіктің тербелісі – ұлттың тынысы, шаңырақтың шаттығы – елдің ертеңіне деген сенім еді. Әр үйден бала күлкісі естіліп, әр әулеттің амандығы халықтың байлығы саналды. Себебі, қазақ үшін отбасы – тек бір үйдің ғана емес, бүтін бір ұлттың іргетасы, ұрпақ жалғастығының алтын арқауы. Ал бүгін ше? Қоғам жаңарды, тұрмыс өзгерді, құндылықтар ауысты. Қалалық өмір салты, әлеуметтік қысым, баспана мәселесі, жастардың кеш үйленуі, ажырасу көрсеткішінің артуы – мұның бәрі отбасы институтына әсер етпей қоймады. Сәби санының өсуі мен сапалы ұрпақ тәрбиесі енді тек бір әулеттің емес, тұтас мемлекеттің стратегиялық мәселесіне айналды. Сондықтан, демографиялық саясат – құрғақ статистика мен ресми есептің ғана тақырыбы емес. Бұл – ананың әлдиі, әкенің жауапкершілігі, жастың ертеңге сенімі, мемлекеттің ұлт болашағына деген ұстанымы. Қазақстандағы отбасылық демографиялық саясаттың салмағы да, маңызы да дәл осы тұстан айқындалады. Бүгінгі таңда елдегі әрбір қабылданған әлеуметтік шешім, отбасыға бағытталған әрбір бағдарлама, ана мен балаға жасалған әрбір қолдау – ертеңгі Қазақстанның келбетін айқындайтын қадам. Өйткені, ұлттың саны да, сапасы да ең алдымен отбасыдан басталады.

Елімізде отбасылық саясат соңғы жылдары мемлекеттік басқарудың маңызды бағытына айналды. Ел билігі отбасы институтын нығайтуды, туу көрсеткішін арттыруды және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуды басты мақсаттардың бірі ретінде айқындап отыр. Бұл бағытта түрлі заңдар, әлеуметтік бағдарламалар мен қаржылай қолдау тетіктері енгізілген. Алайда, ресми статистика мен нақты өмір жағдайын салыстырғанда, бұл саясаттың тиімділігі біркелкі емес екені байқалады. Сараптамалық мақаламызда Қазақстандағы отбасылық саясаттың мазмұны, оның нақты нәтижелері және 2024-2026 жылдар аралығындағы демографиялық көрсеткіштер жан-жақты талданды.

БЕСІКТЕН БАСТАЛАТЫН БОЛАШАҚ

Отбасы – мемлекеттің ең кіші бөлшегі болғанымен, ұлт тағдырын айқындайтын ең ірі құндылықтардың бірі. Ал, демография – елдің ертеңін өлшейтін үнсіз көрсеткіш. Осы екі ұғым тоғысқанда, Қазақстандағы отбасылық демографиялық саясаттың маңызы айқындала түседі. Себебі, бұл мәселе тек халық санына емес, ұлт сапасына, әлеуметтік тұрақтылыққа және болашақ буынның тағдырына тікелей әсер етеді.

Еске сала кетейік, 18 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

– Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғауды күшейту, отбасы институтын нығайту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын (бұдан әрі – Уәкіл) құруды қаулы етемін, ол өз қызметін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамында төрағаның орынбасары ретінде қоғамдық негізде жүзеге асырады. Уәкілдің негізгі мақсаттары отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік отбасылық және демографиялық саясатты жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына жәрдемдесу болып белгіленсін, – делінген құжатта.

Соңғы үш жылдағы демографиялық көрсеткіштер еліміздегі жағдайдың күрделі әрі көпқырлы екенін көрсетеді. Мәселен, 2024 жылы ел халқының саны 20,2 миллион адамға жетіп, бір жыл ішінде шамамен 210 мың адамға артқан. Бір қарағанда бұл оң динамика сияқты көрінеді. Алайда, осы өсімнің құрылымына назар аударсақ, оның негізгі бөлігі оңтүстік өңірлерге тиесілі екені анықталады, ал солтүстік аймақтар керісінше халық санын жоғалтып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында туу көрсеткіші 9,7 (1/1000) промиллені (қандай да бір шаманың мыңнан бір бөлігі) ғана құраса, Қостанай облысында бұл көрсеткіш 11 промилле деңгейінде қалған. Бұл республика бойынша орташа 18,1 промилле көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Сонымен қатар, осы өңірлерде өлім деңгейі жоғары болып отыр: Солтүстік Қазақстан облысында ол 11,5 промиллеге жетсе, Қостанай облысында 10 промиллені құрайды. Ал, ел бойынша орташа өлім көрсеткіші 6,6 промилле екенін ескерсек, айырмашылықтың айқын екенін көруге болады.

Мұндай теңсіздік тек табиғи өсіммен ғана байланысты емес. Сарапшылардың айтуынша, ішкі көші-қон да маңызды рөл атқарады. Жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындар ірі қалаларға қоныс аударып, ауылда және солтүстік өңірлерде халық саны азайып келеді. Соның салдарынан бұл аймақтарда егде жастағы адамдардың үлесі артып, өлім көрсеткіші жоғарылайды. 2025 жылғы деректер бұл үрдістің жалғасып жатқанын көрсетеді. Өткен жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келсе, 134,7 мың адам қайтыс болған. Осылайша, табиғи өсім 200,3 мың адамды құраған. Бұл сан 2024 жылмен шамалас болғанымен, оның сапалық құрылымы өзгеріссіз қалған.

2025 жылы тіркелген 115,9 мың некенің 45,7 мыңы ажырасумен аяқталған. Бұл шамамен әрбір екі жарым некенің біреуі бұзылатынын білдіреді. Мұндай көрсеткіш отбасылық саясаттың тек қаржылай қолдаумен шектелмеуі керектігін аңғартады, өйткені отбасының тұрақтылығы тек материалдық жағдайға ғана байланысты емес.

БАЛА ҮНІ БӘСЕҢДЕМЕСЕ ЕКЕН

Туу көрсеткішіне қарасақ, балалардың басым бөлігі 25-29 жастағы әйелдерге тиесілі, олардың үлесі 27 пайызды құрайды. Ал, 30-34 жас аралығындағы әйелдер 26,1 пайыз үлеспен екінші орында тұр. Бұл қазіргі қоғамда бала туу жасының біртіндеп ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Яғни, жастар алдымен білім алып, жұмысқа орналасуды, материалдық жағдайын түзеп алуды жөн көреді екен.

Аймақтық айырмашылық 2025 жылы да сақталды. Түркістан облысындағы туу көрсеткіші 22,22 промиллеге жетсе, Шымкент қаласында 21,76, ал Маңғыстау облысында 21,40 промилле деңгейінде болды. Ал, өлім көрсеткіші ең жоғары аймақтар қатарында Солтүстік Қазақстан (11,69), Шығыс Қазақстан (11,42) және Қостанай облыстары (10,03) қалды.

Өлім себептеріне келсек, олардың ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орында тұр – 22,5 пайыз. Бұдан кейін жүйке жүйесі аурулары 17,8 пайызды, қатерлі ісіктер 10,4 пайызды, тыныс алу жүйесі аурулары 10,2 пайызды құрайды. Бұл цифрлар ел тұрғындары арасындағы созылмалы аурулардың кең таралғанын көрсетеді және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің жоғары екенін аңғартады.

Балалар өлімі де маңызды индикаторлардың бірі болып қала береді. 2025 жылы бес жасқа дейінгі 2 715 бала қайтыс болған, оның ішінде 1 992-сі бір жасқа толмаған нәрестелер. Нәресте өлімінің коэффициенті 5,85 промилле деңгейінде тіркелген. Бұл көрсеткіш халықаралық стандарттармен салыстырғанда орташа деңгейде болғанымен, оны төмендету әлі де маңызды міндет болып отыр.

2026 жылдың алғашқы айлары демографиялық жағдайдың біршама жақсарғанын көрсетті. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туу көрсеткіші 1,8 пайызға артқан. Сонымен қатар, жалпы өлім деңгейі 8,4 пайызға төмендесе, нәресте өлімі 28,5 пайызға азайған. Бұл айтарлықтай оң өзгеріс. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – ана өлімінің күрт төмендеуі. Яғни, бір жыл ішінде ана өлімі шамамен 49,4 пайызға азайған. Бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалардың нақты нәтиже бере бастағанын көрсетеді.

Сондай-ақ, негізгі аурулар бойынша да оң динамика байқалады. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім 13,9 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім 7,4 пайызға, тыныс алу ауруларынан болатын өлім 18,7 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштер профилактикалық бағдарламалардың, ерте диагностика мен емдеу сапасының жақсарғанын білдіреді.

Осы өзгерістердің барлығы отбасылық саясаттың тек әлеуметтік төлемдермен шектелмейтінін көрсетеді. Мемлекет соңғы жылдары денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларын кешенді түрде дамытуға күш салып келеді. Мысалы, балабақшалар санын арттыру, перинаталдық орталықтарды жаңғырту, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету сияқты шаралар халықтың өмір сапасына тікелей әсер етуде. Дегенмен, негізгі мәселе – осы саясаттың барлық өңірде бірдей тиімді жұмыс істемеуі. Оңтүстік өңірлерде туу көрсеткішінің жоғары болуы көбіне дәстүрлі құндылықтар мен демографиялық құрылымға байланысты болса, солтүстік аймақтарда керісінше халықтың қартаюы мен көші-қон процестері басым.

Сонымен қатар, қазіргі қоғамда отбасы институтының өзгеруі байқалады. Ажырасу санының көп болуы, жастардың кеш үйленуі және бала санын шектеуі – бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік және мәдени факторлардың да әсері бар екенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, еліміздегі отбасылық саясат белгілі бір нәтижелер беріп отыр. Халық саны өсуде, өлім-жітім төмендеуде, медициналық көрсеткіштер жақсаруда. Алайда, бұл жетістіктерді тұрақты әрі теңгерімді ету үшін саясатты өңірлік ерекшеліктерге бейімдеу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және отбасы институтын жан-жақты қолдау қажет. Тек осындай кешенді тәсіл арқылы ғана Қазақстан ұзақ мерзімді демографиялық тұрақтылыққа қол жеткізе алады.

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында демографиялық деректерді жүйелі түрде жинау мен талдаудың жеткіліксіздігі еңбек нарығын болжауды, инфрақұрылымды жоспарлауды және әлеуметтік саладағы ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауды қиындататынын атап өтті. Соның салдарынан халық санына қатысты ұлттық және өңірлік болжамдар мен бюджеттік жоспарлау арасында сәйкессіздіктер туындайды.

Осы мәселені шешу үшін Демографиялық талдау және болжау орталығын құру туралы шешім қабылданды. Бұл орталық жақын арада алғашқы ұлттық демографиялық болжамдарды әзірлеуге және болашақтағы демографиялық өзгерістерге тиімді дайындалуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы отбасылық саясат соңғы жылдары әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Мемлекет отбасы институтын қоғамның іргетасы ретінде қарастырып, оны нығайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл саясат тек әлеуметтік төлемдермен шектелмейді, сонымен қатар демографиялық өсімді қамтамасыз ету, бала құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін дамыту, сондай-ақ мәдени-идеологиялық құндылықтарды қалыптастыруды қамтиды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қай мемлекеттің де шынайы байлығы – оның жер асты қазынасында емес, ел ішінде өсіп келе жатқан ұрпағында. Ал, сол ұрпақтың тағдыры ең алдымен отбасының тағдырымен тікелей байланысты. Егер шаңырақ әлсіресе, қоғамның да іргесі босайды. Егер бесік тербелмесе, болашақтың үні де бәсеңдейді. Сондықтан, Қазақстандағы отбасылық демографиялық саясат – бүгінді ғана емес, ертеңді ойлайтын елдің ең маңызды ұстанымдарының бірі болуы тиіс. Бұл – статистикаға сүйеніп есеп беретін сала ғана емес, бұл – ананың алақаны, әкенің жауапкершілігі, баланың болашағы, ұлттың аманаты. Әр дүниеге келген сәби – мемлекеттің ертеңге жазған үміті. Ал, әр сақталған отбасы – қоғамның беріктігін айқындайтын үнсіз жеңіс. Біз кейде демографияны сандармен өлшейміз. Бірақ, оның ар жағында ананың көз жасы да, жастың қорқынышы да, отбасының тұрмыстық тауқыметі де, қоғамның рухани ахуалы да тұрады. Сондықтан, бұл мәселеге тек әлеуметтік көмек немесе мемлекеттік бағдарлама ретінде қарау аздық етеді. Оған ұлттық сана, қоғамдық жауапкершілік, терең мемлекеттік көзқарас қажет. Елдің ертеңі еңселі болсын десек, ең алдымен отбасының еңсесін тіктеуіміз керек. Себебі, ұлттың ұлы болашағы – биік мінберлерде емес, қарапайым ғана бір шаңырақтың астында, ананың әлдиінде, баланың күлкісінде, отбасының амандығында қалыптасады. Егер біз отбасыны қорғай алсақ – болашақты қорғаймыз. Егер біз ананы қолдай алсақ – ұлтты қолдаймыз. Егер біз баланы аман өсіре алсақ – мемлекетті аман сақтаймыз. Өйткені, бесігі берік елдің ғана келешегі кемел.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here