Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа конституциялық органның алдындағы міндеттерге тоқталды.
Қазақстан Халық Кеңесі қандай орган?
Биыл Қазақстанда Халық Кеңесі құрылды. Бұл – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган.
Қазақстан Халық Кеңесі ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеп, Құрылтайға заң жобаларын енгізеді және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Ол мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы диалог үшін қоғамдық талқылаулар ұйымдастырып, ел бірлігін нығайтуға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысады. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етіп, өз міндеттеріне қатысты мәселелер бойынша заңға сәйкес қоғамдық бақылау жүргізеді.
Президент жарлығымен Кеңестің 126 мүшесі бекітілді. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енді. 23 қыркүйекте өткен алғашқы сессияда Мемлекет басшысы ұсынған Ерлан Қошанов Кеңес төрағасы болып сайланды.
Бірліктің берік негізі
Президент ел бірлігін нығайтуды Халық Кеңесінің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындады. Жаңа құрылым бұл жұмысты Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай жинақтаған тәжірибеге сүйене отырып жалғастырып, қоғамдық келісім жолындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі Халық Кеңесінің құрамына кірді. Достық үйлерінің жанындағы «Қоғамдық келісім» желісі өңірлерде жұмысын жалғастырады. Президент су тасқыны кезінде этномәдени бірлестіктердің зардап шеккен өңірлерге көрсеткен көмегін ерекше атап өтті. Қиын шақта жұртты жұмылдырған осы жанашырлық ел бірлігінің нақты көрінісіне айналды.
Президент қоғамдағы кикілжіңдердің алдын алу үшін медиация институтын қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл тетік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қызмет етеді. Сонымен қатар, жастар мен спорт ұйымдарының, еріктілер мен қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңестерінің қызметіне тың серпін беру міндетін қойды.
Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайтуда мемлекеттік тілдің орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілі кең қолданылып, әсіресе жастар арасында өрісін кеңейтті. Сонымен бірге өзге тілдерді шеттетуге, адамдарды тілі мен ұлтына қарай кемсітуге жол берілмейтінін ескертті. Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүрген түрлі этнос жастарын ел достығын нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтар ретінде бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір жазушылардың қалада тұратын жастарды «асфальт қазағы» не «шала қазақ» деп, оларды «нағыз ауыл қазақтарынан» бөліп қарауын сынға алды. Қала жастарының қазақ мектептерінде ана тілінде сапалы білім алып жүргенін еске салып, біртұтас халықты бұлай жіктеуге болмайтынын тілге тиек етті. Осыған байланысты Президент Мәдениет және ақпарат министрлігіне жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби байқаулар өткізу жөнінде тапсырма бергенін, мұндай шығармашылық сайыстар халыққа, әсіресе жастарға қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ ел бірлігі туралы ойын Ұлы даланың тарихымен сабақтастырды. Қазақ жері ежелден түрлі мәдениеттер тоғысқан, өзге халықтардың салт-дәстүрі мен сеніміне құрметпен қараған мекен болғанын атап өтті. Этномәдени бірлестіктерді «достық керуеніне» теңеп, ынтымақ пен өзара құрметті кейінгі ұрпаққа аманаттау қажеттігін айтты.
Өңірдің дамуы – басты назарда
Қазақстан Халық Кеңесінің маңызды міндеттерінің бірі өңірлермен тығыз байланыс орнатып, жергілікті мәселелерді республикалық деңгейде көтеру болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес құрамының үштен бірін аймақ өкілдері құрайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қалмайды. Аймақтардың үні Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетеді. Кеңес жергілікті жерде нақты ісімен танылған азаматтардың тәжірибесін ел игілігіне жұмсауға да мүмкіндік береді.
Президент мәслихаттардың Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істеп, өңірлердегі мәселелерді орталыққа жеткізетінін және заңдарды жетілдіруге тұрақты түрде ұсыныс беретінін атап өтті. Ал, қоғамдық кеңестерде мұндай байланыс пен тәжірибе әзірге болмаған. Сондықтан, бұл жұмысты Халық Кеңесі арқылы алғаш рет жолға қою көзделіп отыр. Мемлекет басшысы қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіруді, олармен тұрақты байланыс орнатуды және кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар, Халық Кеңесі қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай тәртібі мен оны бағалаудың ортақ өлшемдерін қалыптастыруға атсалысуы керек.
Құрылыс сапасы қоғам бақылауында болуы тиіс. Мемлекет басшысы өңірлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысан мен жол құрылысы қарқын алғанымен, жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейтінін айтты. Мысал ретінде жуырда ашылған «Талдықорған – Өскемен» жолының тоза бастағанын келтірді. Президент жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарап, құрылысты басынан аяғына дейін қадағалауды және қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Инфрақұрылымды жаңғырту жаңа жұмыс орындарын ашады. Болжам бойынша, 2035 жылға дейін елге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет болады. Осы орайда Президент Астанадағы «Joltap» жобасының тәжірибесін атап өтті. Үш жылда жоба аясында 22 мыңнан астам адам оқып, олардың 60 пайызы жұмысқа орналасқан. Мемлекет басшысы қысқа мерзімді оқытудың бұл үлгісін өңірлерге таратуды ұсынды.
Президент қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты. Халық Кеңесі олармен тұрақты байланыс орнатып, қолдау шараларын қарастыруы керек. Ал, Үкіметке Халық Кеңесімен бірлесіп, қоғамдық кеңестердің кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтау тапсырылды. Кеңес қоғамдық бақылауды жүргізу тәртібі мен оны бағалау өлшемдерін жүйелеуге де атсалысуы тиіс.
Жауапкершілік әр азаматтан басталады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың ел ісіне тікелей араласуына жол ашуды маңызды міндет деп атады. Сондықтан, Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталған. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам дамуының жаңа кезеңінде атқарылған жұмысты саралап, алдағы сын-қатерлерге тың шешімдер табу қажет екенін айтты. Бұл іске кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар, өз саласының білікті мамандары мен елге жанашыр азаматтар қажет.
Мемлекет басшысы елімізде «үшінші сектор» тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасқанын және азаматтармен кері байланыс жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен бірге тек қағаз жүзінде тіркелген бірлестіктер мен мемлекеттік тапсырысты игеру үшін құрылған ұйымдардың жұмысына тосқауыл қою қажеттігін айтты. Халық Кеңесі консультативтік-кеңесші органдардың қызметін үйлестіріп, олардың сараптамалық әлеуетін біріктіріп, түскен ұсыныстарды жүйелеуі тиіс.
Азаматтық қоғамның маңызды міндеттерінің бірі – заң мен тәртіпті сақтау, тазалық пен табиғатты аялауды күнделікті дағдыға айналдыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындар мен табиғатты қасақана ластағаны үшін жазаны күшейту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастырады. Еліміздегі тазалығы мен тәртібі үлгі болар қалалар мен ауылдардың тәжірибесін кеңінен таратып, тазалықты ұлттық брендке айналдыру қажет.
Халық Кеңесі өскелең ұрпаққа да назар аударуға тиіс. Оқушылар мен студенттердің спортпен шұғылданып, кітап оқып, жаңа білім алуына кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері мен саябақтардың мүмкіндігін пайдалану қажет. Жаңа қоғамдық кеңістіктерді үлкен қалалармен қатар шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда да дамыту көзделіп отыр. Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Сессия соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің жұмысы қағазбастылыққа айналмауы керектігін атап өтті. Кеңес мүшелерін халықпен тікелей байланыс орнатып, жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеуге және оларды шешу жолдарын ұсынуға шақырды.
Тобықтай түйін
Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа органның алдында тұрған міндеттер айқындалды. Енді Кеңес ел бірлігін нығайтуға атсалысып, өңірлердегі мәселелерді республикалық деңгейде көтеріп, азаматтық қоғамның ұсыныстарын саралауы қажет. Жұрт көтерген мәселелер тиісті орындарға жетіп, шешімін таба бастаса, Кеңеске артылған сенім де беки түспек.
Жансая Шыңғысханқызы,
ҚР Президенттік орталығы Креативтік жобалар қызметінің аға сарапшысы









