Дипломатия тілі: Құбылған әлемде құбыламыздан жаңылмайық

0
1990
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Халқымыздың ұлы перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлының «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» деген сөзі бар. Ойшыл ақынның ұлағатқа айналған осы бір пайымы ғасыр өтсе де өзінің маңызы мен мәнін жойған жоқ. Қазіргі күнде адамзат алаңдаулы, дөңгеленген дүние дүрбелеңге толы. Аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстанның басты бағдары – бейбітшілік, көпвекторлы саясат, өзара ынтымақтастыққа негізделген дипломатия. Еліміздің жаһандық бастамалары мен бітімгерлік қадамдары әлемдік қауымдастық тарапынан зор қолдауға ие болып келеді. Соңғы жылдары жұртшылықты сәулетімен сүйсіндірген Астана қаласы жаһандық диалог алаңына айналып келеді. Өзара ымыраға келе алмай, текетірескен тараптар Елорда төрінде қол алысып, төс қағысуда. Бұл – бейбітсүйгіш Қазақстанның беделі мен абыройының айқын нәтижесі, бұл – құбылған әлемде құбыламыздан жаңылмауды мақсат тұтқан халқымыздың кең пейілінің көрінісі.

БЕЙБІТ БАСТАМАЛАР ЕЛІ

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық аренада өзін тек экономикалық даму бағытымен емес, сонымен қатар бітімгерлік және жаһандық бастамаларды іске асыруда белсенді мемлекет ретінде көрсетіп келеді. Еліміздің сыртқы саясаты ұлттық мүдде мен қауіпсіздікке ғана бағытталмаған. Сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен халықаралық ынтымақастық та басты басымдыққа ие. Қазақстанның миссиясы – бейбітшілікке үлес қосу және жаһандық диалогты дамыту. Осы ретте еліміздің бірқатар бейбітшілік бастамаларына тоқталып өтсек. 2022-2026 жылдары Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік миссияларына белсенді түрде қатысып, «ыстық нүктелердегі» дағдарыстарды шешуге белсенді атсалысты. Бұдан бөлек, соғыс пен текетірестен тұралаған Таяу Шығыс пен Африка елдеріне гуманитарлық қолдау көрсетті. Атап айтқанда, сириялық босқындарға қолұшын созып, Орталық Африка Республикасындағы бейбітшілік процесіне қатысу үшін арнайы дипломатиялық миссиялар жіберді. Сондай-ақ 2023 жылы Орта Азия мемлекеттері арасындағы су ресурстарын пайдалану және шекаралық мәселелер бойынша келіссөздерге араағайындық танытып, делдал болды. Бұл қадамдар Қазақстанның «бейбітшілік және тұрақтылық» бағытындағы халықаралық беделін нығайтуға мүмкіндік берді.

Қазақстан осы кезеңде жаһандық бастамаларға белсенді қатысып, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге де үлес қосты. Мәселен, Қазақстан халықаралық климаттық келісімдерге қосылып, көміртегі шығарындыларын азайту бағдарламаларын іске қосты. 2024 жылы Астана қаласында өткен «Жасыл энергия саммитінде» Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша халықаралық жобаларды таныстырды. Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және G20 сияқты платформаларда аймақтық сауданы дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды қолдау бойынша бастамалар көтерді. Аталған іс-шаралар елдің жаһандық экономикадағы рөлін арттырып, стратегиялық серіктестіктерді нығайтты.

Қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мақсатында да бірқатар маңызды жұмыстар еңсерілді. Атап айтқанда, Қазақстан дипломаттары Әзірбайжан мен Армения арасындағы келіссөздерде делдал ретінде жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдардағы белсенділік те жоғары деңгейде сақталып отыр. Еліміздің БҰҰ, ИЫҰ және Орталық Азия ынтымақтастық ұйымдарында бейбітшілікті қолдау бастамаларының көтеруі – бұл сөзімізге айқын дәлел бола алады. Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы бағдарламаларға үлес қосып, аймақтағы тұрақтылықты басты назарда ұстап келуі де қазіргі геосаяси ахуал күрделенген кезеңде үлкен маңызға ие. Бұл қадамдар Қазақстанның тек экономикалық емес, саяси және гуманитарлық миссияларын да айқындап отыр.

ГЕОСАЯСАТТАҒЫ БАС ТЕТІК – ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Қазақстанның басты миссиясы – жаһандық қақтығыстардың алдын алу және бейбіт шешімдерге қол жеткізу. Мысалы, Қазақстан Ұлыбритания, Ресей және Қытай сияқты елдермен бірлесіп кейбір өңірлік қақтығыстарды реттеу бағытында дипломатиялық кездесулер өткізді.

Қазақстанның бітімгерлік миссиясының маңызды бағыты – ядролық қауіпсіздік пен қарусыздану. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бері әлемдегі төртінші ядролық державаның активтерін қауіпсіз түрде шығарып, ұлан-байтақ даламызды адамзатқа орасан зардабын тигізетін қарудан арылттық.

БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасы (СПЕКА) да Қазақстанның ынта танытуымен дүниеге келген жобаның бірі. Аталған бағдарламаның нәтижесінде оған мүше мемлекеттердің экономикасы бірнеше есеге өсіп, даму көрсеткіштері қарышты қарқындаған. Ресми деректерге сенер болсақ, экономикалық өсім көлемі жүздеген миллиард долларды құрайды.

Бұдан бөлек, еліміз БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының ашылуына ықпал етті. Штаб-пәтері Түркіменстан астанасы Ашхабадта орналасқан ұйым өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және ықтимал қатерлерді анықтау мақсатында қызмет етеді.

Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартының қабылдануына да бастамашылық танытты. Ал, 2015 жылы еліміздің ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясы қабылданды. Әлемде бейбітшілікті сақтап, тажал қарумен күресуді көздейтін маңызды құжатқа 35 мемлекет теңавтор болды. Өзге де өзекті бастамалар қатарында жаһандық экологияны жақсарту, жасыл экономикаға көшу, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жобалар бар.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 75-сессиясында биологиялық қаруға бақылау жасайтын жүйе даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түскен. Сондықтан да, улы қарудың мол қорын дайындауға және өндіруге тыйым салуды күшейткен абзал. Жаһан елдерінің жетекшілері бас қосқан сессия барысында Ел Президенті БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтарды құру идеясын зерттеуді ұсынып, осы тақілеттес орталықтардың бірін Қазақстан аумағында орналастыруға дайын екендігін мәлімдеді.

Әлемдік қауымдастық Қазақстанның жаһандық ұйымдағы баянды бастамалары мен өміршең идеялары өзге мемлекеттер үшін үлгі, шабыттың қайнар көзі деп баға берді. Отыз жылдан астам уақыттағы Қазақстан мен БҰҰ-ның ырысты ынтымағы – адамзат игілігі үшін маңызды істердің еңсерілуіне, әлемде бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына түрткі болды. Мәселен, осы жылдар аралығында 400-ден астам түрлі бағытта жобалар жүзеге асып, 27 әлемдік және өңірлік деңгейдегі ұйымдар құрылған.

Жаһандық бітімгерлік тек қақтығыстармен шектелмейді. Қазақстан 2022-2026 жылдары климаттық қауіпсіздікке де үлес қосу үшін бірқатар бастамаларды іске қосты. Еліміз жасыл энергия саласында инвестициялық жобаларды қолдады, парниктік газдардың азаюына бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды енгізді және халықаралық климаттық саммиттерге белсенді қатысты. Экологтар атап өткендей, бұл қадам Қазақстанның тек ұлттық емес, жаһандық тұрақтылыққа үлес қосатын ел ретінде танылуына мүмкіндік берді.

Қазақстанның халықаралық миссиясы тек дипломатиялық немесе экологиялық бастамалармен шектелмейді. Еліміз адам капиталын дамытуға да ерекше мән берді. Халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, білім беру бағдарламаларын интеграциялау және студенттердің халықаралық тәжірибесін арттыру бағытында бірқатар реформалардың жүргізілуі – бұл сөзімізге айқын дәлел болмақ. Білім мен ғылымдағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстанның жаһандық қоғамдастықтағы беделін арттырып, адам капиталының бітімгерлік миссиядағы стратегиялық рөлін күшейтті.

Қазақстанның соңғы жылдардағы әлемдік деңгейдегі миссиялары халықаралық сарапшылар мен ұйымдар тарапынан оң бағаланды. Атап айтқанда, Қазақстанның бейбітшілікке қосқан үлесі Global Peace Index, UN Peacekeeping Contributions сынды халықаралық рейтингтерде жоғары нәтиже көрсетті. Ал, еліміздің дипломатиялық белсенділігі, келіссөздердегі делдалдық миссиялары және халықаралық форумдарға қатысуы дипломатиялық ортада да мойындалып, жоғары бағасын алды. Босқындарға көмек, білім беру және денсаулық сақтау жобалар да халықаралық қоғамдастықта оң қабылданды.

БЕЙБІТШІЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, БІТІМГЕРЛІК

Бейбітшілік, тұрақтылық, бітімгерлік. Осы үштаған ұғымды басты ұстаным ретінде ұстанған Қазақстан әлемдегі шиеленісті оқиғалар мен түйіні тарқатылмаған түйіткілді мәселелердің оң шешім табуына әрдайым мүдделі. Соның нақты айғақтарының бірі – еліміздің бітімгершілік миссияны іске асырудағы белсенділігі.

Еліміз 1992 жылдан бері ірілі-ұсақты бітімгерлік операцияларға қатысып келеді. Атап айтқанда, 2001 жылға дейін 9 мыңнан астам әскери қызметші тәжік-ауған шекарасындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тапсырмаларды орындады. 2003-2008 жылдары аралығында «Қазбат» бітімгерлік батальонының инженерлік-саперлік отрядының 300 мүшесі Ирактағы әскери іс-қимылдарға қатысты. Ал, 2007 жылдан бері Қазақстанның Қарулы Күштерінің 500-ден астам қызметшісі Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Ливандағы БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларын орындап, әскери дағдыларын арттыруға мүмкіндік алды. Бүгіндері сарбаздарымыз Орталық Африка Республикасы, Конго, Сирия, Мали, Ирак, Ауғанстан сынды тынышы кетіп тұрған елдерде өздеріне жүктелген міндеттерді қалтқысыз жүзеге асыруда.

Еліміз бітімгерлік миссияларға қатысу арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтады. Құбылмалы геосаяси жағдай мен халықаралық тұрақсыздық, мемлекетаралық жанжалдар көбейіп тұрған уақытта бітімгерлік күштер БҰҰ-ның миссияларында айрықша рөл атқарып келеді.

Қазіргі күнде де Қазақстанның бітімгерлік миссиясы халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі елдің нақты үлесін көрсетіп келеді. Атап айтқанда,  Голан жоталарындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аймақты бақылау жөніндегі миссиясының негізгі міндеттері – мобильді патрульдеу жүргізу,  жедел әрекет ету топтарының тұрақты дайындығын қамтамасыз ету,  медициналық эвакуациялау, инженер-саперлік ілесіп жүру және бақылау бекеттерінде қызмет атқару. Яғни, қазақстандық әскери қызметшілер тек бақылаушы ғана емес, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің белсенді қатысушысы.

Миссияға қатыса бастағаннан бері қазақстандық контингент барлығы 675 тапсырма орындаған. Оның ішінде 500-ден астам патрульдеу, оқу-жаттығу іс-шаралары, жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру, колонналарды алып жүру және уақытша бақылау бекеттерін орналастыру бар. Бұл – қауіпті аймақта тәулік бойы атқарылған нақты жұмыс. Әрбір патруль мен әрбір саперлік операция жоғары жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап етеді.

Бүгіндері Голан жоталарында 139 қазақстандық бітімгер қызмет атқарып жүр. Олар үйден жырақта, күрделі климаттық және қауіпсіздік жағдайында халықаралық бейбітшілікті сақтауға үлес қосуда. Қазақстан үшін мұндай миссияларға қатысу – тек сыртқы саясаттағы имидж емес. Бұл Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын арттыру, халықаралық стандарттар бойынша тәжірибе жинақтау және елдің жауапты серіктес ретіндегі беделін нығайту.

Қазақстанда бітімгершілік қызметті қолдау, жанжалды реттеу әлемдік қоғамдастықтың әрдайым басты назарында. Контингентті миссияға жіберу – халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін арттыруға ықпал етпек. Осы орайда айта кетейік, отандастарымыздың БҰҰ аясындағы жұмысына халықаралық мамандар жоғары баға беріп отыр. Бұл Қазақстан қарулы күштерінің әлемдік рейтингтерде беделінің артуына, жоғары көтерілуіне оң әсер етті.

ТҮЙІН СӨЗ

Соңғы жылдар белесінде Қазақстан халықаралық аренада өзін тек экономикалық даму бағытымен емес, бітімгерлік миссиялар мен жаһандық бастамалар арқылы да көрсетіп келеді. Бұл кезең Қазақстанның дипломатиялық әлеуетін нығайтып, бейбітшілік пен серіктестікті алға қойған ел ретінде танылуына мүмкіндік берді. Саясаттың «жілігін шағып, майын ішкен» сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның халықаралық миссиялары үш негізгі бағытта жүзеге асырылуда. Оның біріншісі аймақтық бейбітшілік және келіссөздер, екіншісі жаһандық бастамалар мен интеграция, үшіншісі гуманитарлық және экологиялық жауапкершілік.

Осы ретте америкалық дарынды дипломат Генри Киссинджердің Қазақстан туралы пайымды пікірін алға тартқымыз келеді. Салиқалы саясаткер елімізді адамзат өркениетінің тал бесігі деп атады. Әлемдік деңгейдегі қайраткердің Қазақстанға бұлай деп ат қойып, айдар тағуының да өзіндік сыры бар. Мыңжылдықтар тоғысында Еуразия төсінде түрлі өркениеттердің өрістеуіне үлес қосқан байтағымыз бүгінде де жер-жаһандағы баянды бастамаларға дәнекер болып келеді. Еңселі еліміз егемендігін алған ширек ғасырдан астам уақыттан бері бейбітшіліктің бесігін тербетіп, тұрақтылықтың айқын үлгісіне айналды. Әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдер мен келелі келіссөздер де бізде өткізіліп, жағымды жалғасын тауып келеді.

Жандар АСАН,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here