«e-Qurylys» жүйесі: жалған лицензиялардың дәурені өтті ме?

0
196
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Қазақстан Үкіметі құрылыс саласын бұрынғыдай «қолмен басқарудан» ресми түрде бас тартып, оның орнына тұтас цифрлық бақылау жүйесін енгізуге көшті. Үкімет басшысы Олжас Бектенов көлеңкелі құрылыс компанияларын нарықтан ығыстыруға бағытталған жаңа жоспарды таныстырды. Енді бұл саладағы басты құралдар ­­– жасанды интеллект, автоматтандырылған реестрлер және «таңбаланған» қаржы болмақ.

ТӘУЕКЕЛГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЦИФРЛЫҚ ТАЛДАУ ТӘСІЛІ

2026 жылдың ақпанында Бас прокуратура құрылыс лицензияларын беру кезінде орын алған ірі заңбұзушылықтарды әшкерелегеннен кейін, Үкімет жаппай тексеру жүргізудің орнына тәуекелге негізделген цифрлық талдау тәсілін таңдады. Жаңа №191 бұйрыққа сәйкес, 2026 жылдың сәуірінен бастап автоматтандырылған реестр іске қосылды. Енді жүйе ешқандай ресми араласусыз әзірлеушінің деректерін басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен салыстырып, автоматты түрде тексереді. Яғни, компания құрамында көрсетілген инженерлер шынымен бар ма; арнайы техникалар расында тіркелген бе, әлде тек қағаз жүзінде ме; компания айналымына сай көлемде салық төлей ме – мұның бәрі жүйеде тексерілетін болады.

Егер жүйе қандай да бір сәйкессіздік анықтаса, лицензия автоматты түрде тоқтатылады. Ал, лицензияны тек тендерге қатысудың «рұқсат қағазы» ретінде пайдалануға бұдан былай мемлекеттік сатып алу талаптарының өзі тосқауыл қояды.

«ЦИФРЛЫҚ САҚТАНДЫРҒЫШ» НЕМЕСЕ ҚАРАЖАТ АРНАЙЫ «ТАҢБАЛАНАДЫ»

Ең батыл қадамдардың бірі – «e-Qurylys» жүйесін цифрлық теңгемен ықпалдастыру. «Цифрлық валютаны кеңейту жөніндегі жол картасы» аясында енді бюджеттен бөлінетін қаражат арнайы «таңбаланатын» болады. Бұл дегеніміз – мектеп не жол құрылысына бөлінген қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға немесе бір күндік жалған компаниялардың есепшотына аударуға мүмкіндік берілмейді. Егер қаражат алушы мониторинг жүйесінде нақты қызмет көрсетуші ретінде расталмаса, жүйе мұндай операцияны автоматты түрде бұғаттайды.

Парламенттегі қарсылықтарға қарамастан, сәулет-құрылыс бақылауының өкілеттігі әкімдіктердің құзырында қалды. Алайда, Олжас Бектенов бұл жүйеге «цифрлық сақтандырғыш» енгізіп отыр: енді нысандарды қабылдау актілері тек «e-Qurylys» платформасы арқылы электронды форматта рәсімделеді. Бұл құжаттарды кейіннен «артқы күнмен» толтыруға немесе нысанға шын мәнінде бармай-ақ қол қоюға жол бермейді.

ИКЕМСІЗ КОМПАНИЯЛАР БІРІНШІ БОЛЫП ҚҰЛАЙДЫ

Бүгінгі әлем күтпеген жаңалықтарға толы. Бұл – кәсіпкерлерді не қимылсыз күтуге, не бағытты шұғыл өзгертуге мәжбүрлейтін тосын оқиғалар. Алайда, мұндай тұрақсыздықты тек қауіп деп қабылдау – үлкен қателік. Себебі, дәл осындай кезеңде бизнесті ауқымдау стратегиясы жай ғана амбиция емес, өмір сүрудің әрі болашақтың іргесін қалаудың жалғыз жолына айналады.

Тарих көрсеткендей, қатып қалған, икемсіз компаниялар бірінші болып құлайды. Ал, икемділік бұрын мүмкін емес көрінген шешімдерді табуға жол ашады. Ескі ережелер күшін жоғалтқанда, кәсіпкерлерге тұрақты нарық жағдайында жүзеге аспайтын жобаларды іске асыру мүмкіндігі туады. Көп жағдайда тұтас саланы өзгертетін батыл идеялар дәл осындай белгісіздік кезеңінде дүниеге келеді.

Жаңа нарықтарды игеру үшін бизнес бар мүмкіндігін сарқа жұмыс істеуге мәжбүр. Әр қадамды саралап, тәуекелді таразылау қажет. Мұндай жарыс тек қаржы мен ресурс емес, ел мен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті де талап етеді.

Бүгінгі кәсіпкерлер өз миссиясын тек табыс табумен шектемейді. Олар тұтыну мәдениетін қалыптастырып, сапаның биік стандартын енгізуді көздейді. Осындай жағдайда бизнесті ауқымдау – патриотизмнің бір көрінісіне, экономикалық тұрақтылыққа қосылған үлеске айналады.

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

ChatGPT ықпалы туралы айтқанда, цифрландырудың енді сәнді сөз емес, өндірістік қажеттілікке айналғанын атап өткен жөн. Сарапшылардың болжамынша, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу еңбек нарығына үлкен өзгеріс әкеледі.

Бизнес қазірдің өзінде «цифрлық агенттерді» пайдаланып жатыр. Мысалы, ритейл саласында ЖИ қызмет көрсету сапасын бақылап, көптеген процесті автоматтандырады. Соның арқасында компаниялар штат санын көбейтпей-ақ екі есе жылдам өседі.

«Біздің бөлшек саудадағы сапа бақылау бөлімінде бес адам қызметкерлердің жұмысын тыңдап тексеретін. Жасанды интеллект енгізілген соң бұл процесті автоматтандырдық. Босап қалған мамандарды жаңа бағыттарға ауыстырдық. Технологиялық артықшылық дегеніміз осы», – деді танымал кәсіпкер Абиль Авиль.

Көптеген «ескі мектеп» кәсіпкерлері бастапқыда нейрожелілерге күмәнмен қарады. Бірақ, оны нақты жұмысқа қолданып көргенде, мүмкіндігіне таңғала бастады.

«Соңғы айда нейрожелілерді шығармашылықта пайдаланып жүрмін. Шынымды айтсам, мүмкіндігіне қатты таңғалдым. Ғажап құрал! Әрине, жасанды интеллект адамды толық алмастыра алмайды. Бірақ, болашақта адамдар бірнеше рет мамандық ауыстыруы мүмкін. Сондықтан, икемді болу керек. ЖИ қолданып көрмесеңіз – бастап көріңіздер. Бұл шынымен жұмыс істейді», – деді Alina Group негізін қалаушы Ерлік Балфанбаев.

НАРЫҚТЫ ТАЗАРТУ

Үкімет қолға алған шараларды саралай отырып, алдағы кезеңге тән үш негізгі үрдісті аңғаруға болады. Автоматтандырылған реестрдің іске қосылуы субмердігерлікпен айналысып, лицензия «саудалауды» кәсіпке айналдырған шағын және орта құрылыс компанияларының 30-40 пайызына дейін жыл соңына қарай лицензиясынан айырылуына әкелуі мүмкін. Сотқа жүгіну көбейгенімен, цифрлық із – базаларда нақты маман мен техниканың болмауы – мұндай талаптардың болашағын бұлыңғыр етеді.

«Жүктеме көрсеткішінің» енгізілуі және бақылаусыз субмердігерлікке тосқауыл қойылуы нәтижесінде нарық өз өндірістік базасы бар ірі холдингтердің айналасына шоғырлана бастайды. Ал, шағын компаниялар техникаға шынайы инвестиция құюға немесе мемлекеттік тапсырыс нарығынан кетіп, жекеменшік секторға бет бұруға мәжбүр болады.

Цифрлық теңгенің енгізілуі және «e-Qurylys» жүйесінің мемлекеттік сатып алу порталдарымен ықпалдасуы арқасында, 2027 жылдың ортасына қарай құрылыс саласындағы жемқорлық схемалардың табыстылығы төмендеуі ықтимал. Алайда, жаңа сипаттағы киберқылмыстардың – реестрлер мен мониторинг жүйелерінің базасын бұзып, біліктілік деректерін қолдан өзгерту әрекеттерінің көбею қаупі де жоқ емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН 

Мемлекет енді жемқорлардың өзімен емес, жемқорлыққа жол ашатын мүмкіндіктермен күресуге көшіп отыр. Егер Олжас Бектенов уәде еткен алгоритмдер толыққанды жұмыс істесе, 2026 жыл Қазақстандағы «қағаз жүзіндегі құрылысшылар» дәуірінің аяқталған кезеңі ретінде тарихта қалуы бек мүмкін.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here